Accessibility links

Путиннің кезекті алты жылдық президенттігінен не күтуге болады?


Владимир Путин 2018 жылғы инаугурация кезінде.
Владимир Путин 2018 жылғы инаугурация кезінде.

7 мамырда Кремльде Ресей президенті Владимир Путиннің инаугурация рәсімі өтіп, оның алты жылдық жаңа президенттік мерзімі басталды. Ол наурызда өткен президент сайлауында бәрі күткендей жеңіске жеткен еді.

Әрине, алда не болатыны нақты емес, бірақ Путиннің алтыншы мерзіміне қатысты бірнеше болжам бар: билік Украинадағы соғысқа қосымша әскер жинап, соғыс шығындарын жабу үшін жаңа салық енгізіп, Кремльде жаңа ауыс-түйіс жасап, НАТО-ға жаңа қауіп төндіріп, диссиденттерді қудалауды жалғастыруы мүмкін.

Путиннің ақпанда халыққа арнаған үндеуінен алдағы күндердің нобайы көрінгендей болды. Ресей саясаты бойынша ардагер сарапшы Татьяна Становая үндеуден Путин мен Кремльдің Ресей геосаяси позициясына сенімді екенін байқауға болатынын айтады.

— Бұл — бос пропаганда емес, ықтимал “достармен" белсенді жұмыс істеу, батыс елдеріне “путинизмді" тарату, идеологиялық экспансия жасау жоспарының көрінісі. Басқаша айтқанда, геосаяси құндылықтар майданы батыс елдерінің аумағына көшіп жатыр. Бұл Путинге бұрынғыдан да үлкен сенім сыйлап отыр. “Қасиетті соғыс" көкжиегі кеңейді, — дейді сарапшы Бейбітшілік үшін Карнеги қорына жазған талдауында.

СОҒЫС АЯҚТАЛ(МА)ДЫ

Ресей Украинаға басып кіргелі екі жыл өтті. Ресей әскері ақпанда өндірістік қала — Авдеевканы басып алып, символикалық жеңіске жетті. Олар осы жетістігіне арқа сүйеп, Украина күштерін белсенді шабуылдап жатыр.

Батыс есебінше, Ресей Украинаға қарсы соғыста Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен шығынға батқан: 320 мың жауынгер жараланып немесе қаза тапқан, мыңдаған қару-жарақ, танк, әскери көлік жойылған.

Елдің өнеркәсібі қару-жарақ пен әскери техника өндірісіне жұмылдырылды.

Бәрінен де, соғысқа адам тарту қиынға соқты. Украинаға басып кіргеннен кейін жеті айдан соң Путин елде ішінара мобилизация жариялап, 300 мың азаматты әскерге шақырды. Бұл Мәскеудің соғыс өзі ойлағандай оңай болмайтынын мойындауы еді. Ресейліктер соғысқа барудан қашып, жаппай шет мемлекеттерге қоныс аудара бастады.

Украинадағы соғыста қираған Ресейдің танкілері. 2024 жылдың ақпаны.
Украинадағы соғыста қираған Ресейдің танкілері. 2024 жылдың ақпаны.

Әскери басшылар мыңдаған жауынгерді келісімшартқа қол қойып, ерікті түрде соғысқа баруға көндірді. Мемлекет жауынгерлерді ынталандыру үшін жоғары жалақы мен соғыста қаза тапқан жағдайда отбасына төленетін өтемақыны пайдаланды.

Финляндия банкінің дамушы экономикалар институты жүргізген зерттеуге сәйкес, келісімшартқа қол қойғаны үшін берілетін сыйақы 700 мың рубльге (7600 доллар) дейін жетеді. Бұл 2022 жылғы орташа жылдық жалақыдан да жоғары. Ресейдің жалақысы төмен кедей аудандарындағы халық үшін мұндай сома — соғысқа баруға үлкен мотивация.

Әскери басшылар соғысқа әскер күші жетпегенде, түрмеде отырғандарды да пайдаланды. Билік Украинаға қарсы соғысуға келіскен сотталушылардың қылмысын кешіріп, амнистия жариялауға уәде берді. Кей есеп бойынша, соғысқа 100 мыңға жуық сотталған адам қатысқан. Басқа әскери бөлімдермен салыстырғанда, сотталғандар отрядында адам шығыны көп.

Әскери командирлер жауынгерлерді соғысқа тартып, келісімшарт жасап алғаннан кейін бастапқы сөзінен айни бастаған. Көп жауынгерді уәде етілген демалысына жібермей, соғыс аяқталғанша майданда қалатындарын айтқан. Командирлер кей бөлімдердің демалыс уақытын қысқартты. Бұған наразы жауынгерлердің туыстары “Үйге апарар жол" деген қозғалыс құрып, азаматтарын майданнан қайтаруды талап ете бастады.

Сарапшылар пікірінше, Ресейде тағы бір мобилизация болуы мүмкін. 2022 жылдың ақпанынан бері Ресей Совет Одағының Ауғанстандағы 10 жыл соғыста қаза тапқан әскерінен де көп жауынгерінен айырылды. Командирлер әрі қарай да әскери дайындығы жоқ адамдарды жинап, соғысқа жіберуді жалғастыратын сияқты.

— 2024 жылы адам шығыны дәл осылай жоғары деңгейде қала берсе, Кремльге жауынгерлер қатарын толықтыруға тура келеді, – дейді Тафтс университеті Флетчер атындағы құқық және дипломатия мектебінің зерттеушісі Павел Лузин.

14 наурызда Еуропа саясатын талдау орталығы ұйымдастырған форумда сөйлеген сөзінде Лузин “Ресейге не тағы бір мәжбүрлі мобилизация жүргізу керек, не әскери борышын өтеп жүрген жауынгерлерді соғысқа жіберу қажет. Екі жол да халыққа ұнай қоймайды" деді.

Ресейде 18-30 жас аралығындағы ерлер бір жыл әскери борышын өтеуге міндеттелген. Бірақ заң бойынша, оларды соғысқа не шетелге жіберуге болмайды.

САЛЫҚТЫ КӨТЕРУ

Ресей экономикасы соғыс жағдайына көшті. Өнеркәсіптің негізгі дені қырып-жоятын қару-жарақ өндіруге жұмылдырылды. Соғыстың алғашқы екі жылында Кремль соғысқа 30 триллион рубль (325 миллиард доллар) бөлген. Сарапшылар есебінше, биыл қорғаныс пен қауіпсіздікке бөлінген қаржы жалпы ішкі өнімнің 8 пайызын құрайды.

Мемлекет қаржысының көмегімен, Ресей экономикасы батыс санкцияларына төтеп беріп, биылғы болжам бойынша, 2,6 пайызға өсуі мүмкін.

Әскери шығындар мемлекеттік қазына есебінен өтеледі. Қазына мұнайдан түскен табыспен толығады. Қаржы министрлігінің қаңтардағы дерегі бойынша, биыл мұнай-газ саудасынан 11,5 триллион рубль (125 миллиард доллар) табыс түседі, негізгі импортерлар — Қытай мен Үндістан.

2023 жылдың соңына қарай Ресей қиын-қыстау кезеңге жинаған ұлттық қордың жартысын тауысып үлгерген.

Путин ақпанда сөйлеген сөзінде салық кодексі өзгеретінін, табысы жоғары азаматтарға көбірек салық салынатынын айтты.

Ресейлік “Важные истории" сайты мен Bloomberg ақпараттық агентігінің дерегінше, мемлекет айына 5 миллион рубльден көп ақша табатын адамдарға табыс салығын 15 пайыздан 20 пайызға, корпоративті салықты 20 пайыздан 25 пайызға көтеруді жоспарлап отыр. Бұл 2024 жылы болуы мүмкін 1,6 триллион бюджет тапшылығын жабуға көмектеседі.

ӘСКЕРИЛЕРГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРУ

Путин ақпандағы жолдауында соғысқа қатысқан не Ресейдің әскери қимылын қолдаған адамдар қатарынан жаңа ұлттық элита құрылатынын айтты. Президенттің пікірінше, оларға қоғамда және үкіметте басымдық берілуі тиіс.

Қазіргі Ресей элитасы Путинге жақын адамдар, президент әкімшілігі мен кеңесшілері, премьер-министр Михаил Мишустин бастаған үкімет мүшелерінен тұрады. Кейінгі жылдары үкімет құрамы аса өзгерген жоқ.

Путин сенетін тұлғалардың көбі қартайып қалды. Генерал Валерий Герасимов сондай адамдардың бірі еді. 68 жастағы генерал, Ресей бас штабының қолбасшысы әскери қызметтен зейнетке шығатын жасқа жеткен. Федералды қауіпсіздік қызметінің басшысы Александр Бортников — 72 жаста. Ол Путиннен бір жас ғана үлкен. Кей сыбыстар бойынша, Бортников қазір сырқаттанып жатыр.

— Ресей саясатында әскерилер көбірек көзге түсе бастайды. Әр соғыстан кейін Ресейде саясатта маңызды рөл атқаратын танымал генералдар пайда болады, — деді 14 наурызда өткен форумда сөйлеген жазушы, Ресей қауіпсіздік қызметі бойынша сарапшы Андрей Солдатов.

Путин әлеуметтік саясатқа негізделген бес жаңа ұлттық жоба құруды ұсынды. Бұл үшін қомақты қаржы және премьер-министрге жаңа орынбасар тағайындау қажет болуы мүмкін.

— Путин көп жылдан бері Ресейдегі жоғары лауазымды шенеуніктерді орнынан ауыстырған жоқ. Ол билік ауысу және мұрагерлерге қатысты спекуляциядан қорқады. Бірақ енді жаңа ірі саяси ойыншыға құзырет беруден басқа амалы жоқ, — дейді саяси шолушы Андрей Перцев.

Ресей саясатында салмақты ауыс-түйістер болса, сахна сыртында жүретін, президент әкімшілігіндегі ықпалды ойыншы Сергей Кириенкоға назар аудару керек. Президент сайлауына бастан-аяқ президент әкімшілігі жауапты. Кириенко сондай-ақ Мәскеу заңсыз түрде өз жері деп жариялаған, Украинаның оккупацияланған территорияларындағы Кремльдің сенімді өкілі болған.

Бұрынғы шенеуніктердің бірі “Медуза" сайтына Кириенко Донбасстың басшысы болғанын, карьерасында жоғары көтерілуге мүмкіндігі көп екенін айтқан.

Тағы бір назар аударатын тұлға — Путиннің бұрынғы оққағары, қазір Тульский облысын басқаратын Алексей Дюмин.

"ӨРКЕНИЕТТІ ЖОЮ"

Путиннің ел ішіндегі танымалдығын орта таптың 2000-жылдардан бастап жақсы өмір сүріп, тасы өрге домалауымен және одан бұрынғы басшы Борис Ельцинмен салыстырғанда Путиннің салмақты президент болуымен түсіндіруге болады.

Көбі Путинді Ресейге Совет Одағы кезіндегі ғаламдық ықпалын қайтаруға ұмтылған мықты тұлға санайды. Ал Путин Батыс елдері, НАТО мен АҚШ-ты елге шынайы қауіп көріп, жылдар бойы текетіресіп келеді.

Путиннің соғыс риторикасы 2007 жылы АҚШ-ты нацистік Германиямен салыстыруынан басталған. 2018 жылғы соңғы сайлаудан кейін және 2022 жылы ақпанда Мәскеу Украинаға қарсы соғыс бастағалы бұл риторика тіпті күшейе түсті.

Путин парламентте сөйлеген сөзінде Ресейдің ядролық арсеналымен мақтанып, батыс елдері Украинадағы соғысқа араласса, оларға қарсы ядролық қару қолданамын деп қорқытты.

“Бұл ядролық қару қолданысына, сәйкесінше, өркениеттің жойылуына әкеледі. Батыс елдері бізде де олардың аумағындағы нысандарға тиетін қару-жарақ барын ескеруі керек" деді ол.

Путин инаугурациясы алдында қорғаныс министрлігі тактикалық ядролық қару қолдану имитациясынан тұратын оқу-жаттығу жоспарын жариялады. Олар жаттығуды батыс шенеуніктерінің “арандату мәлімдемелері мен қоқан-лоқысына жауап" деп атайды.

Сарапшылар пікірінше, Путин мұрасы Украинадағы соғыс нәтижесіне байланысты: ол толық жеңіске жетпеген күннің өзінде жеңіс деп атауға тұрарлық басқа нәтиже болғанын қалайды. Батыстың Ресейдің Украинаны жаулап алуына жол бермеуге тырысуы соғыс риторикасы жалғасатынын білдіреді.

Басқа сарапшылар Кремль мен Ресейдің әскери басшылығы соғыс барысына, батыс елдерінің Украинаны қолдауына қарай НАТО мен АҚШ-қа қарсы іс-қимыл жасауы мүмкін деп топшылайды.

Еуропаның кейбір басшылары Кремль НАТО-ның Ресей агрессиясына жауабын тексеріп көретін деңгейде өзіне сенімді болуы мүмкін деп есептейді.

ОППОЗИЦИЯҒА ОРЫН ЖОҚ

Путин төрт жыл премьер-министр болып, президенттікке оралған 2012 жылдан бері үкімет азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар, құқық қорғау топтары мен тәуелсіз ақпарат құралдарына қысым көрсетіп келеді. Ондаған азамат пен ұйым қара тізімге ілініп, қылмыстық қудалауға ұшырап, банкрот болып, елден қуылды.

Украинаға қарсы соғыстың басталуымен полиция мемлекеті саясатына көшу жеделдеді, депутаттар соғысты немесе билікті сынағандардың бәрін жауапқа тартатын нормалар қабылдады.

Соғысқа қарсы бұрынғы депутат Борис Надеждин президенттікке түсем дегенде, Путин мен Украинадағы басқыншылықты сынайтын мыңдаған адам қолдаған. Бірақ билік оны президент сайлауына қатыстырмай қойды.

Ақпанда оппозиция тағы бір соққы алды. Жылдар бойы жемқорлықпен күресіп келген, оппозиция басшысы аталған Алексей Навальный түрмеде көз жұмды. Навальныйды жерлеу рәсіміне келгендердің кейбірін полиция қудалады.

Алексей Навальныйдың зиратына қойылған гүл шоқтары. Мәскеу, 1 наурыз 2024 жыл.
Алексей Навальныйдың зиратына қойылған гүл шоқтары. Мәскеу, 1 наурыз 2024 жыл.

Сарапшылар пікірінше, Путиннің бесінші президенттік мерзімі кезінде билік сыншыларына қарсы қуғын-сүргін күшейеді. Кремль қоғамды биліктің бар дегеніне көніп немесе ештеңе бас қатырмайтын апатия деңгейіне дейін қорқытып тастағысы келеді.

— Кремльге жаппай қоғамдық тәртіпсіздік ұнамайды. Олар режимнің тұрақтылығына алаңдайды. Бұдан тіпті, әсіре қорқады. Өйткені қоғамдық наразылықтың тұрақтылықты бұзу аспектісін әсіре бағалайтын сияқты. Бірақ билік ондаған жыл бойы осыған алаңдап, қорқып келді. Олар халық арасынан бас көтерген кез келген адамды қауіп көреді. Халықтың саясатқа мүлде араласпағанын, саяси апатияда жүргенін қалайды. Жүйенің тұрақтылығы апатияға негізделген, — дейді Грэм.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG