Accessibility links

Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия экономика одағының Жоғары экономикалық кеңесіне қатысып отыр. Мәскеу, 8 мамыр, 2024 жыл
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия экономика одағының Жоғары экономикалық кеңесіне қатысып отыр. Мәскеу, 8 мамыр, 2024 жыл

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықты Жеңіс күнімен құттықтады.

"Қазақстан адамзаттың ортақ жеңісіне, жер бетінде әділдік пен бостандықтың салтанат құруына өлшеусіз үлес қосты. Аға буынның екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерлігі мен еңбегі өскелең ұрпақ үшін қайсарлықтың, жанқиярлықтың және отаншылдықтың озық үлгісі болып қалатыны сөзсіз" делінген Ақорданың телеграм-арнасы таратқан Тоқаев құттықтауында.

Қазақстан президенті бұрынғы совет елдерінде айтылатын "Ұлы Отан соғысы" тіркесін қолданбаған. Тоқаев соңғы рет бұл тіркесті 2021 жылғы құттықтауында пайдаланған. Бірақ президент баспасөз қызметінің Жеңіс мерекесіне қатысты шаралардан таратқан хабарында "Ұлы Отан соғысы" деген тіркес кездеседі. Бұл сөздерді қолдануға қатысты тарихшылар арасында дау бар.

"Бейбітшіліктің қадірін түсініп, оны сақтай білейік!" деді Қазақстан басшысы. Биыл Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанына 79 жыл болады.

Осы уақытта Мәскеуде жүрген Тоқаев кеше құрамына Армения, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей кіретін Еуразия экономикалық одағының Жоғары экономикалық кеңесі отырысына қатысқан.

Тоқаев бүгін, 9 мамырда, Мәскеуде Жеңіс күні құрметіне өтетін әскери парадқа қатысады. Соғыс бастағаны үшін халықаралық деңгейде оқшауланған Ресей президенті Владимир Путинмен бірге Қызыл алаңда өтетін шарада Орталық Азия елдері мен Беларусьтің, Куба мен Гвинея-Бисаудың басшылары болмақ.

Қазақстан Ресейдің Украинаға шабуылын қолдамағанымен, қарсы шыққан да жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басып алған аймақтарда құрылып, Мәскеу құрамына кіргенін жариялаған "республикаларды" "квазимемлекеттік аймақтар" деп атап, оларды мойындамайтынын, бұл мәселе бойынша БҰҰ жарғысына бағынатынын бірнеше рет мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG