Accessibility links

Қазақстандағы су тасқыны: Бес мың үй жарықсыз отыр


Су алған Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдардың бірі. Сәуір 2024 жыл.
Су алған Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдардың бірі. Сәуір 2024 жыл.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жұма, 10 мамырда үкімет отырысында су тасқынына байланысты кейбір аймақ тұрғындары жарықсыз отырғанын айтты. Бұл жөнінде энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Қостанай облысында жарығы өшірілген абоненттер саны 5 мыңнан 700-ге дейін азайтылды. Ақтөбе облысында 5,2 мыңнан 13 абонентке дейін қысқартылды. Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында шектеу қойылған абоненттер саны төрт есе қысқартылды, Атырау облысында үш есе азайтылды" деді Сәтқалиев.

Солтүстік Қазақстан облысында қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Министрдің сөзінше, су деңгейі түскеннен кейін қалған бес мың абонентті электр энергиясына қосу жұмысы жүргізілмек.

Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, қазіргі кезде 54 мыңнан астам адам үйлеріне оралған, бұл эвакуацияланған тұрғындардың жартысына жуығы. 5300 адам уақытша орналасу пунктерінде тұрып жатыр.

Су тасқынына байланысты Қазақстанның солтүстік және батыс облыстарында шамамен 120 мың адам эвакуацияланған. Мыңдаған үйді су басқан, мыңдаған жануар өлген.

Өткен тәулікте Петропавл қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында 451 үй және 43 ауладан су сорылған, жүздеген үйде әлі де осындай жұмыс жүргізіліп жатыр.

Су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысының Құлсары қаласында бір тәулікте алты үйден су сорылған, 14 үйде жұмыс жалғасып жатыр. Жайық деңгейіне бақылау жүргізіліп жатыр. Бес гидробекеттегі деңгейге қарағанда соңғы 24 сағатта су тағы жоғарылаған. Екі гидробекетте су деңгейі қауіпті межеден асқан.

Жедел штаб мәліметінше, 10 мамырдағы жағдай бойынша Жайық деңгейі төмендегідей:

  • Индербор ауылы + 22 см, су деңгейі - 1014 см, қауіпті меже - 845 см;
  • Махамбет ауылы + 16 см, су деңгейі - 924 см, қауіпті меже - 850 см;
  • Атырау қаласы + 6 см, су деңгейі - 528 см, қауіпті меже - 550 см;
  • Жаңаталап ауылы + 4 см, су деңгейі - 379 см, қауіпті меже - 500 см;
  • Еркінқала + 4 см, су деңгейі - 339 см, қауіпті меже - 450 см.
XS
SM
MD
LG