Accessibility links

Халық Атырау қалалық әкімшілігінің шешіміне наразы


Жилгородок арқылы көпір салғанда билік тұрғындардың пікірін ескермеді. Атырау, қыркүйек 2008 ж.

Жилгородок арқылы көпір салғанда билік тұрғындардың пікірін ескермеді. Атырау, қыркүйек 2008 ж.

Жаңа жылдың қарсаңында қалалық әкімшілік Жилгородок жасыл қалашығындағы салынып жатқан көпірге байланысты қоғамдық тыңдау өткізді. Бірақ оған қатысуға тиісті аудан тұрғындарының барлығы кіре алмады.

2008 жылдың қыркүйек айында Атыраудағы бес қоғамдық бірлестік қалалық әкімшіліктің үстінен сотқа арыз берген еді. Олар республикалық деңгейдегі тарихи ескерткіш саналатын Жилгородок ықшам ауданының сәулет ансамбілін бұзып, Жайық өзені арқылы салынып жатқан, қоршаған ортаға залалын тигізетін автокөлік көпірі құрылысын тоқтатуды талап еткен-тұғын. Өз тараптарынан аталған құрылыстың заңсыздығын айғақтайтын бірқатар дәйектер де келтірген.
Осы мақсатта Астанадан келген арнайы комиссия да атыраулық билік өкілдеріне көпір құрылсын тоқтатуды және оны басқа жерден салуды ұсынған-ды. Оның үстіне жергілікті әкімшіліктің құрылысқа рұқсат беруі «Архитектура, қалақұрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңға қайшы екенін кезінде қалалық прокуратура да растаған.
Ең бастысы, Жилгородок аумағындағы көпір құрылысы жобасының Атыраудағы құрылыстардың бекітілген бас жобасына енгізілмегені нақтыланған еді. Осы мәселелерге орай өткен экономикалық соттың екінші мәжілісінде қалалық әкімшілік райынан қайтқандай болып, тұрғындарды бейбіт келісімге келуге шақырған болатын.
"Мирас" қоғамдық ұйымының төрағасы В.Афанасьев. Атырау, 30 желтоқсан 2008 ж.
Әкімшілік қоғамдық тыңдау өткізіп, онда салынып жатқан көпірге қарай кететін автокөлік жолдары құрылысының тұрғын үйлерге, басқа да ғимарттарға тиіспей өтетін басқа бағытын қарастыруға уәде берген еді. Әрі Жилгородоктағы тарихи архитектуралық ансамблдерді, қоғамдық ғимараттар мен мекемелерді өңдеп-жөндеуден өткізуді, ағаштардың суарылуын басшылыққа алатын болған.
Қалалық әкімшіліктің осы уәдесіне сенген Жилгородок тұрғындары арыздарынан бас тартқан еді. Бірақ, сол келісімге сай қала әкімдігі өткізген қоғамдық тыңдауда жұрт биліктің берген сөзінде тұрмайтындығына көз жеткізгендей болды.
Қаланың бас сәулетшісі Талғат Қасенов көпір құрылысы үшін 10 үйдің бұзылатыны жоспарланып отырғанын айтты. Ал бұл үйлердегі 53 пәтер иелеріне осы аймақтан жаңа пәтер берілетін көрінеді. Алайда бұл Жилгородок тұрғындарын қуантпады.
Жиылыста сөйлеген Жилгородок тұрғыны Тамара Александровна мұны «қоғамдық тыңдау емес, фарс» деп атады. Ол өзінің жергілікті басшылардың қылығы үшін қатты ұялатынын айтты.
- Біз, тұрғындар, қаншама хат жаздық, ауызша да айттық. Ал, билік басындағылар бізді тыңдамады және тыңдағылары да келмеді. Жилгородок жері бөліске түсіп, жасыл аллеялар жеке меншік кіру жолдарына айналғанда билік үндемеген. Енді көпір салғанда да кіру жолдары ескеріліп отырған жоқ. Одан да біз сендерді алдадық деп бетімізге айтпай ма? Мен бұл көпірдің Жилгородоктан салынуына қарсымын,-деді ол.
Оның сөзіне басқа тұрғындар да қосылды.
- Қазір Жилгородок тұрғындарының басым көбі ондағы бүлінген сәулет сұлулығы мен құртылып кеткен жасыл ағаштар үшін жандары ауырғанымен, оны ашық айтуға биліктен қорқып отыр. Ал Жилгородокқа жергілікті билік тарапынан қастандық әрекеттер 2002 жылдан бер жалғасып келеді. Олардың көздегендері көпір емес, Жилгородоктың жерін тездетіп иеленіп, оны өздеріне ыңғайлы құрылыс компаниялары арасында бөліске салу, - деп мәлімдеді қалашық тұрғыны Юрий Блюденов.
Ортаға шыққан зейнеткер Николай Пиццин «әкімшіліктің кезінде ұсынғаны бейбіт келісім емес, қайта бізді - Жилгородок тұрғындарын «бейбіт түрде өлтіру» болып шықты» деді.
«Қаланың бұрынғы әкімі М.Тасыбаев Жилгородок жерлерінің 2003 жылы-ақ сатылып кеткенін айтқан еді. Енді міне қазіргі әкімдік 10 үйді ғана бұзамыз дейді. Бұл оған қоса тағы 10 үй істен шығады деген сөз. Егер елдің сөзінің құны болатын болса, мен Жилгородоктың бұзылуына қарсымын», - деп мәлімдеді 80 жастағы қарт зейнеткер.
"Азат" партиясы филиалының жетекшісі Жалғас Тікенбаев. Атырау, 30 желтоқсан 2008 ж.
- Бұл қоғамдық тыңдау әбден көпірі салынып біткенде неге өткізіледі? - деді сөз алған «Азат» партиясы филиалының жетекшісі Жалғас Тікенбаев. - Әу баста ел көпір салуға қарсы болғанда биліктің әртүрлі деңгейі ешқандай көпір салынбайды деп жалтарумен болды. Оны қаладағы бас сәулетші де, прокурор да айтты. Енді бүгін қоғамдық тыңдау өткіземіз. Кім бұл жобаны жоспарлаған? Неге ол нақ Жилгородоктың сәулет ескертіштері ортасынан салынуы тиіс? Оған ақша қайдан алынып отыр? Облыс бюджетінде көпір құрылысына қаржы бөлінбегенін білеміз. Елдің, Жилгородок тұрғындарының тұрмыстық жағдайы осы көпір салынса жақсарады дегенді айтады билік. Сонда көпірсіз халықтың тұрмысы жақсармай ма? Қаланың іргесіндегі Қарабатандағы зауытты да халықтың игілігі үшін салынып жатыр деп түсіндіреді шенеуніктер. Онсыз да желектен жұрдай Атыраудағы жалғыз жасыл аймақ Жилгородокты бүлдіріп көпір салынуда, ертең зауыт құрылысы бітеді. Сонда халық қалай күн көрмек? Осы ма елдің тұрмыстық ауқатының жақсарғаны?»
«Азат» белсендісінің бұл сауалдарын көпшілік құптап, жауап күткенмен билік басындағылар тез бөліп жіберді. Іле-шала сөз алған бір топ мұғалімдер мен зейнеткерлер көпір салынсын дегенді айтты. Алайда, Жилгородок тұрғындарының айтуынша, бұл әкімшіліктің арнайы ауыздарына сөз салып, дайындап әкелген адамдары көрінеді.
Қоғамдық тыңдауда сөйлеген қаланың бас сәулетшісі Талғат Қасенов пен Атырау қаласының бас жобасының ауторы Әсем Әбдірашитова елге бұл көпірдің ауадай қажеттігін айтып түсіндірумен болды. Олардың пікірінше, көпірдің салынуының басты себебінің бірі - Жилгородок тұрғындарына Жайықтың арғы бетіндегі жедел жәрдемнің уақытында жетпейтіндігінде көрінеді. Ал бұған дейін болған сотта Талғат Қасенов көпірді қала көшелерін автокөліктерден жеңілдетудің жолы ретінде көрсеткен болатын.
Сөйтсе де, қос сәулетшінің сөзі де, тапсырыс беруші ретінде көпір керектігін растаумен болған облыстық автокөлік жолдары басқармасының бастығы Сапаргелді Өтепбаевтың уәжі де жиналған жұртшылықты райынан қайтара алмады.
«Біздің бас сәулетшіміз әкімшіліктің қолбала даяшысына айналды, - деді Жалғас Тікенбаев. - Осы жерде тағы да анықталғаны: әлі күнге дейін қаланың бас жоспарының қолда жоқтығы. Бұл - салынып жатқан көпірдің заңсыздығын дәлелдейді».
Алайда мұны теріске шығарған Талғат Қасеновтың айтуынша, бас жоба қазір 16 министрлік пен ведомствоның мақұлдауынан өтіп, бекітілуде жатқан көрінеді.
Қоғамдық тыңдауға қатысушылардың «неге Атырауда басқа қалалардағы сияқты сәулет ескерткіштері сақталып, қайта өңдеуден өткізілмейді?» деген сауалына билік жауап бере алған жоқ. Олардың айтуынша, Жилгородок ауданындағы үйлердің «ешқандай тарихи сәулеттік құндылығы жоқ» көрінеді.
"Жилгородоктағы" құрылыс жайында өтлен қоғамдық жиынға тұрғындардың кейбірін қатыстырмай қойды. Атырау, 30 желтоқсан 2008 ж.
«Мен сәулет ескерткіштерін сақтау қажеттілігін жақсы түсінемін. Бірақ, оның жолы қандай екенін білмеймін. Ол - мемлекеттің міндеті. Жилгородокқа 60 жыл бойына жөндеу жүргізілмеген. Оған бөлер мемлекетте ақша жоқ. Сондықтан осы көпірдің арқасында бұл жерге жөндеу жасалады, жаңарады, саябақ салынады, жаңа тұрғын үйлер бой көтереді», - деді тәуелсіз сәулетші Әсем Әбдірашитова.
«Мирас» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі В.Афанасьев болса Жилгородокты қалпына келтіріп, саябағын сақтап қалуға мемлекетте ақша жоқ дегенге өзінің сенбейтінін білдірді.
«Біздің әрқайсысымыз 10 % салық төлеп келеміз. Сол ақша қайда кетіп жатыр? Ал бүгін біз қанша таласқанымызбен, көпір салынып бітуге жақын. Енді оған кірер жол ретінде орталық жолдың берілмеуіне қол жеткізуіміз керек» - деді ол.
Сонымен, қоғамдық тыңдау биліктің ол араласқан қай салада болмасын темірдей өзгермейтін аргументі бар екенін және оны жүзеге асыру жолында ешкімнің де, ештеңенің де бөгет бола алмайтыны көрсетті. «Қоғамдық тыңдау» деп аталған бұл жиынды оған қатысқан тұрғындар «жергілікті биліктің ел алдындағы театрландырылған көрінісі» деп бағалады. Оған келген он шақты Жилгородок тұрғындары кіргізілмей үйлеріне қайтарылды. Оның себебін атқарушы билік мәжіліс басталып кетті, бос орын жоқ деп түсіндірген көрінеді.
Жиында жұртшылық тарапынан қаншама қарсы пікірлердің айтылғанына қарамастан, оны қортындылаған қала әкімінің орынбасары Бақыт Иманғалиев бас сәулетші ұсынған варианттың бірауыздан қабылданатын жариялады. Жиылыстан соң өзара кеңескен Жилгородок тұрғындары мұны қоғамдық тыңдау ретінде қабылдамайтындарын мәлімдеді. Енді олар өз қоғамдық тыңдауларын өткізіп, арыз-шағымдарын Астанаға қайта жолдамақ.
Ал көпір құрылысының, С.Өтепбаев мәлімдегендей, 50 пайызы дайын. Жаңа жылдың бірінші жартысында толықтай салынып бітпек. Бұл - Атырау облысы басшылығының амбициялық көп жобаларының бірі болып табылатын оның құны – 6 миллиард теңге.
XS
SM
MD
LG