Accessibility links

Таяуда Қытай астанасы Бейжіңде болып өткен ХХІХ жазғы олимпиадада қазақтар Қазақстан атынан сайысқан үміткерлермен қоса, Қытай елінің намысын жыртқан Қанат Сіләмұлына да жанашырлық танытты.

Қанат Сіләмұлы бокста 69 келі салмақта өнер көрсетті. Дәл осы салмақта Қазақстанның намысын Бақыт Сәрсекбаев қорғаған еді. Олимпиада аяқталуға санаулы күндер қалғанда, Қазақстан интернетінде Қанат Сіләмұлы мен Бақыт Сәрсекбаевтың қолғап түйістіруі мүмкін екендігі жазылыпты. Әркім әртүрлі болжам айтты. Сонда өз пікірін қалдырған бір адам:
- Қанат пен Бақыт бетпе-бет келетін болса, жеңісті Бақыттың қанжығасына байлауына көмектесуі керек. Өйткені, егер Қанат жеңетін болса, ол Қытай қоржынына көп алтынның бірін салар еді, ал Бақыт жеңсе бұл біз үшін қаншалықты маңызды екенін Қанат түйсінер, - деп жазыпты.
Бірақ бірі Қазақстанның, екіншісі Қытайдың намысын қорғаған қазақтың екі боксшысы соңғы сайысқа дейін бір-бірімен бетпе-бет келмеді. Жартылай финалда Қанат кубалык боксшыдан ұтылып қалды, ал Бақыт финалда оны жеңді. Жеңіс тұғырына көтерілген қазақтың қос ұлына бүкіл әлемдегі қазақтар қол соқты. Ал екі батыр өзгелерден ала бөтен қимастық сезіммен құшақ айқастырды. Осы бір сәт бүкіл қазақтың көңілінде қалды.

Азаттық радиосына арнайы сұхбат берген Қанат Сіләмұлына біз "Егер Бақытпен қолғап түйістірер болсаң не істер едің?" деген сауал қойдық.
Ол бұл жайында:
- Егер, Құдай солай бұйыртқан болса, бір бокс үшін бел шешу жігіттікке жараспас деп ойлаймын. Меніңше, шамамның жеткенінше, ақырына дейін алысар едім, - дейді.
Қанат Сіләмұлы жайында Бейжің олимпиадасының алтын жүлдегері Бақыт Сәрсекбаев былай дейді:

- Біз бұған дейін 3 рет қолғап түйістірдік. Екеуінде – ол, бірінде – мен жеңдім.

Ал Қанат Бақыттың жеңіс тұғырын бағындыратынына сенімді болыпты:
- Өйткені, әлемде дәл осы салмақта екеумізден мықты ешкім жоқ, - деген екен бір сұхбатында ол. Ал біздің "Бақытпен арадағы байланысыңыз қандай?" деген сауалымызға, ол:

- Бақытпен кәсіптеспіз, әрі ағайынбыз. Үлкен-үлкен жарыстарда кездесіп тұрамыз. Жаттығуларда бірге боламыз. Аман-сәлеміміз дұрыс, - деп жауап қатты.
Қанат өз бапкері Нұрғали Сафиуллин жайында былай дейді:
- Менің Үрімжідегі жаттықтырушым ұйғыр адам. Сол кісімен Нұрғали Сафиуллин жақсы араласады. Сол кісінің шақыртуымен ол кісі Үрімжіге келіп, менің ұстазым болды. Мықты кісі, сол кісінің арқасында мен бүгінгі нәтижеге қол жеткіздім.
Қанат 6 жасынан бокспен айналысқан екен. Шыңжаң өлкесінің Алтай аймағында дүниеге келген. Ата-анасы қарапайым қазақ шаруасы. Бес баланың кенжесі. Қазақ тілінде білім алған.
Ширек финалда Багамалық қарсыласын жеңген Қанат жанкүйерлеріне иіліп, алғысын білдіруде. Бейжің, 17 тамыз, 2008
Қанат әр жарыста артында қара орман қазағы тұрғанын сезінетіндігін, олардың қазақтың қара домалақ баласы үшін тақымын қысатындығын түйсінетіндігін айтады. Айтады да, солардың сенімін ақтауға тырысамын дейді.
Қазақстанға Қанаттың бұған дейін 7 рет жолы түскен екен. Алда 8-рет жол тартуды жоспарлап отыр:
- Болашақта бар күш-қайратымды атамекенге арнау басты мақсатым. Әзірге ондағы елдің артқан сенімін ақтап алайын. Бұл жердегі қазақ халқының тұрмысы да, Қазақстандағы халықтың тірлігі де жақсы. Құдайға шүкір, екі ел арасындағы қарым-қатынас жаман емес. Сол себепті мен Қазақстанға барамын деп кесіп айта алмаймын. Әлі де тыңғылықты жұмыс істеуім керек. Бұнда да көп ел менің басқа да биіктерімді армандап тілеп отыр. Мен әлі жаспын. Ұлтым үшін, елім үшін қызмет етемін деп ойлаймын. Бокспен айналыспасам да, басқа да еңбек етіп, күш-қайратымды жұмсай аламын деген сенімім бар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG