Accessibility links

Моңғолия әуе күштеріндегі он қазақтың төртеуі бір әулеттен


Отставкадағы подполковник, Моңғолияның еңбек сіңірген ұшқышы Таштуан Төтейұлы
Отставкадағы подполковник, Моңғолияның еңбек сіңірген ұшқышы Таштуан Төтейұлы

Моңғолия қазақтарының арасынан шыққан тұңғыш генерал Зайсанов Мүдәрісұлын білетіндердің айтуы бойынша, ол иісі қазақтан шыққан тұңғыш авиация генералы көрінеді. Зайсанов Мүдәрісұлының немере інісі, отставкадағы подполковник, Моңғолияның еңбек сіңірген ұшқышы Таштуан Төтейұлы «Азаттық» радиосына арнайы сұхбат берген еді.

СТАЛИННІҢ ҚОЛЫНАН «ҚЫЗЫЛ ЖҰЛДЫЗ» ОРДЕНІН АЛҒАН

1944 жылы Моңғолияда тұңғыш рет 11 адамға генерал атағын береді. Соның ішінде Зайсанов (құжат бойынша есімі) Мүдәрісұлы да болған екен. Ол Моңғолиядағы қазақтардың арасынан шыққан тұңғыш ұшқыш. Ол кісінің ұшқыш болуы да кездейсоқ жағдай болса керек деп бастады әңгімесін Таштуан Төтейұлы.

- Зайсанов Моңғолияға Шығыс Қазақстан облысының Зайсан өңірінен 10 жас шамасында ауып барған дейді. Алтайдың арғы бетіне келген жетімекті Райысхан деген кісі бауырына басып, адам еткен екен. Бұл кезде Моңғолияда да жаңа мизам орнап, халықты жаңаша сауаттандыру ісі жаппай қолға алынып жатқан. Зайсановты Қобда қаласына мал дәрігерінің мамандығы бойынша оқуға аттандырады.

Сосын Ресейдің Мәскеу қаласында бір жыл оқып, Тамбов қаласына атты әскерлер даярлайтын оқуға түседі. Бұл оқуын аяқтағаннан кейін, оны орыс тілін жақсы меңгергендігі үшін Оренбург қаласындағы ұшқыштар даярлайтын училищеде оқитын моңғол студенттеріне тілмаш ретінде жібереді. Ол осында тілмаш бола жүріп, ұшудың қыр-сырын үйреніп, ұшқыштар мектебіне түскен екен. Жалпы он жыл орыстар арасында оқып-тоқып, 1939 жылы еліне оралады. Халхин Гол соғысында Моңғолияның Әуе қарулы күштеріне қолбасшылық етеді.

Ал, 1948 жылы Мәскеу түбіндегі Гагарин академиясында (Ол кезде «Монин академиясы») 3 жыл оқыған, - дейді Тәштуан Төтей ұлы ағасы жайында.

Тәштуан аға өзі де осы Академияда білім алған екен:

- Қазір бұл жер «Звездный городок» аталады. Мәскеуден 45 шақырым қашықтықта, ол жерде «Можайский» және «Циалковский» атты екі аэродром бар. Соның бас жағында біздің академия болды. Ол кезде истребитель-ұшқыштарды оқыту оңай. Советтер одағына Қытайдың қауіп төндіріп тұрған кезі.1969 жылы Моңғолиядан 3 адам оқуға аттандық. Осында оқып жүргенімде, математикадан сабақ беретін бір ағай менен Зайсанов туралы сұрады. Ол кезде Зайсанов ағамыз о дүниелік сапарға аттанып та кеткен еді.

Зайсанов Мүдәрісұлы Халхин Голдағы Жапонияға қарсы Советтер одағы мен Моңғолия ұйымдастырған соғыста истребитель-ұшқыш ретінде қатысып, жанқиярлық ерлік көрсетеді. Оның бұл ерлігіне сүйсінген Сталин өз қолымен төсіне «Қызыл жұлдыз» орденін қадаған.

ҰШҚЫШ БОЛУЫМА ЗАЙСАНОВТЫҢ ШАПАҒАТЫ ТИДІ

- Мектепті 1957 жылы бітірдім. Баян-Өлгий аймағында 9-шы класты бітіргеннен кейін, мектептен 6 баланы Ұланбатырға аттандырды. Бұнда арнайы дайындық факультеті бар екен. Бізге стипендия төлеп, шетелде, соның ішінде Советтер одағында оқуға арнайы дайындады. Мектеп бітіргеннен кейін, емтихан тапсырдық. Қолымызға бірнеше оқу орнының атын беріп, таңдау жасауымызға ерік берді. Ол кезде Зайсанов отставкада еді.

Мен ағама барып, әлгі оқулардың қайсысын таңдауым қажеттігін сұрап едім, ол ағамның қолайына жақпады-ау деймін, менің қолыма тілдей қағаз жазып берді де, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жіберіп, Цэрэндорж атты полковникке жолық деді. Бұл жерге келмек түгілі, маңайына жолаудан да қорқатын едік.

Содан әлгі адамға барып, генерал Зайсанов жібергенін айтып, қағазды ұсындым.

- Зайсановтың ізбасарымын де. Ұшқыштардың қай оқуына барғың келеді? - дегені. Сасып қалдым. Бұған дейін ұшқыш болу ойыма да кірмеген.

Сөйтіп, Мәскеуден 360 шақырым қашықтықта орналасқан Рязань облысының Сасово қаласындағы Азаматтық авиация училищесінде 3 жыл оқыдым.

Қызығы, осы училищені Моңғолиядан алғашқылардың бірі болып мен оқысам, балам Есболат соңғысы болып бітірді. Менің балам бітірген жылы бұл оқу орны да жабылды, - дейді Тәштуан Төтейұлы.

АН-2 ҰШАҒЫН ТАУҒА ҚОНДЫРДЫМ

Бұдан кейін 9 жыл бойына Моңғолияның батыс аймақтары – Баян-Өлгий, УВС, Қобда қалаларына 12 кісілік АН-2 ұшағымен қатынап жүреді. Ал, 1968 жылы Ұланбатырға келіп, АН-24, АН-26, АН-30 самолеттерімен ішкі рейстерде ұша бастайды. 1969 жылы Мәскеудегі Гагарин академиясына жолы түскен ол кезінде жасаған бір ерлігінің арқасында Моңғолияның Әуе күштеріне қызмет атқаруға мүмкіндік алғандығын айтады:

- 1957 жылы 31 желтоқсан еді. Ан-2 ұшағымен күніне бірнеше елдімекенге ұшуға тура келді. Қобда аймағының Бұлғын атты ауылына бұл ұшақпен 2 сағаттай ұшамыз. Мөнххайрхан атты қарлы таудың төбесін айналып ұшып келе жатқанымызда, аяқасты ұшағымыз көк түтінге оранып кетті. АН-2 ұшағының терезесі ашылатын еді. Оны ашайын десем ыстық май ұрып, жолатар емес, ақыры осы жердегі бір жыраға қонуға тура келді. Сыртқа шықсақ, мотор майы сорғалап ағып кетіпті. Ұшақты тегістеу жерге шығару керек болды. Бар-жоғы бір ғана жолаушымыз бар еді. Үшеуміз итеріп жүріп жазыққа алып шықтық. Күн суық, ызғырық ұрып тұр.

Ертеңінде сағат 11-лер кезінде көмекке бір самолет келді. Бірақ, біздің бұдан ұшып шыға алатынымызға сене алмай тұр. Мен ұшақтың бөлшектері келгеннен кейін, оны салып алып, ұшып шығамын дедім сеніммен. Астымыз құз. Тәуекелмен күшке салып шығып кеттік. Оған дейін менің Ұланбатырға баруыма рұқсат бермей жүрген еді, бұл жолы «Алтын медальмен» марапатталып, Ұланбатырға жұмыс істеуге жолдама алдым, - дейді ол.

Тәштуан Төтейұлы Моңғолияның Әуе күштерінде онға жуық қазақтың қызмет ететінін айта отырып, оның 4-еуі бір әулеттің адамдары екендігіне тоқталды:

- Үлкен ұлым Әуез бен кенжем Есболат менің жолымды қуып, ұшқыш болды. Бүгінде Әуез Моңғолияның Әуе күштерінде еңбек етеді, ал Есболат Англия мен Жапонияның бірлескен «Изнесс» фирмасында бас менеджер және экипаж командирі. Ал, інім Әсет те заманауи технологияларды меңгерген, «Аэробуспен» ұшады. Немерем де бұл мамандықтың алғашқы баспалдағынан өтті. Бұрын ұшқыштарды Ресейде оқытатын еді. Енді ұшқыш болу үшін Америкаға оқуға аттанбақ, - дейді отставкадағы подполковник, «ұшқыштар отбасының» бас бапкері, Монғолияның еңбек сіңірген ұшқышы Тәштуан ақсақал.
XS
SM
MD
LG