Accessibility links

Шанхай ынтымақтастық ұйымы Ресей мен Грузия арасындағы жанжалды келіссөз арқылы шешуді ұсынды.

Ресей басшылығының Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындау туралы шешімі Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) тарапынан қолдау таппады. Ресей басшылығы Душанбе саммитінде өз ұстанымын осы ұйымға мүше елдерге таңу мақсатында барын салуға тырысады деген болатын «Күретамыр» қоғамдық қорының вице-президенті Жасарал Қуанышәлі:
- Шын мәнісінде Ресей оқшауланып қалды ғой. Бүкіл әлем оның Грузияға қатысты агрессиясын айыптап жатыр. Ресей қайткен күнде де саммиттен қолдау табудан дәмелі болғаны сөзсіз. Себебі, Ресей ондай қолдауды ШЫҰ-нан күткен еді.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің басшылары Душанбедегі саммитте, 28 тамыз, 2008.
Бейсенбіде қабылданған ШЫҰ-ның қорытынды декларациясында «аймақтағы бейбітшілік пен әріптестікке көмектесудегі Ресейдің белсенді рөлін» қолдайтындығы айтылған. Алайда құжатта жиынға қатысушылардың мемлекеттердің территориялық тұтастығын құрметтеу принципіне беріктігі атап көрсетілген.
Дегенмен, ресейлік "РИА-Новости" ақпарат агенттігі Қазақстан президентінің Ресейдің Оңтүстік Осетияда жүргізген әскери іс-қимылына қолдау білдіргені туралы ақпарат таратты:

- Грузия қарулы күштерінің Цхинвалиге шабуылына Батыс назар аудармады. Оқиға осыдан өрбіді. Бәріміз одан кейінгі Ресейдің әрекеттері көп азап көрген қаланы қорғауға бағытталған деп есептейміз. Ресей оған көз жұмып қарауына немесе осы тауқыметі көп елді қорғауына мүмкіндігі болды, - деген Нұрсұлтан Назарбаев.
Ресей Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындаған шешіміне қолдау таппады.

Назарбаев Грузия мен Ресей арасындағы жанжалды реттеу үшін алты баптан тұратын «Медведев-Саркози» жоспарына қолдау танытып, бейбіт келісім болатындығына сенім білдірді.
Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдерге «Оңтүстік Осетиядағы грузин агрессиясына қарсы бітімгершілік әрекеттерін түсініп, объективті баға бергені үшін ризашылығын білдіретіндігін» хабарлады«Интерфакс» агенттігі.

Әйткенмен Ресей Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін тануда ШЫҰ-на мүше бұрынғы совет елдері мен Қытай сияқты ірі мемлекеттен қолдау күткендігін айтады Қазақстандық «Еуропа клубының» үйлестірушісі Айдос Сарымов:
Құрманбек Бакиев, Дмитрий Медведев, Нұрсұлтан Назарабев, Ислам Кәрімов, 28 тамыз, 2008, Душанбе.
- Жақында Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров: «ТМД елдері бізбен бірге ме, әлде қарсы шыға ма?» деген сияқты мәлімдеме жасады. Осындай ультиматумды түрде саясат жүргізуге тырысып жатқандары әшкере болды. Дегенмен, ТМД елдері де, әсіресе ШЫҰ құрамындағы ең ірі елі – Қытайдың мұндай мәселеде аса сақтық танытатыны белгілі болатын. Мысалы, сәрсенбі күні Қытай мен Ресей басшысының кездесуінен кейін Қытай сыртқы істер министрлігінің мәлімедемесі шықты. Онда олар бұл мәселе бойынша алаңдаушылық танытып, көп жылдар бойғы позцияларын тағы қайталады. Онда әр елдің тұтастығы мәселесі басты назарда деп көрсетілген.
Жабық жағдайда өткен Душанбе саммитіне ұйымға мүше Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан басшыларымен қатар бақылаушы елдер - Ауғанстан, Иран, Пәкістан мен Үндістан мемлекеттерінің өкілдері де қатысты.
ШЫҰ-на мүше елдердің басшылары қауіпсіздік саясаты мен халықаралық терроризмге қарсы күресу, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы өзара әріптестіктің нәтижелі өрбіп жатқандығын атап өтті. Ауғанстандағы тұрақсыздық пен есірткі тасымалының ұлғаюы қауіпсіздікке төніп тұрған басты қатер ретінде аталды.
Сондай-ақ, «тарихи және мәдени дәстүрлерді» құрметтеу қажеттілігі туралы да әңгіме болды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG