Accessibility links

Студенттер шабуыл қорқыта алмағанын айтады


Шабуылдан жараланған адамдарға көмек көрсетіп жатыр. Кабул, 24 тамыз 2016 жыл.

Шабуылдан жараланған адамдарға көмек көрсетіп жатыр. Кабул, 24 тамыз 2016 жыл.

Тамыздың 24-інде Кабулдегі Ауғанстанның Америка университетіне террорлық шабуыл жасалып, кемінде жеті адам қаза тапты.

Университет ғимаратының кіреберісінде бомба қойылған автокөлік жарылып, іле-шала қарулы адамдар оқу орнына басып кірген. Зәрелері ұшқан жүздеген студент жан-жаққа қашқан.

Ауғанстанның элиталық қауіпсіздік күштері дереу жетіп, шабуылды ұйымдастырған екі қарулы адамды атып өлтіреді. Бірақ олар тек келесі күні таңертең ғана ғимараттың шабуылдаушылардан толық тазаланғанын хабарлайды. Ондаған студент жараланған бұл шабуылдың жауапкершілігін әлі ешқандай ұйым мойнына алған жоқ.

«АМАН ШЫҒАМЫН ДЕП ОЙЛАМАДЫМ»

Оқиға орнында болғандардың айтуынша, атыс болып жатқанда студенттер мен оқытушылардың кейбірі аудиторияларға бекініп алса, басқалары қоршауда қалған университет аумағынан қашу үшін қоршаудан секіріп, түрлі жарақаттар алған.

19 жастағы студент Роман Дехсабзи шабуыл басталған сәтте екінші қабаттағы аудиторияда отырған. Азаттық тілшісімен сұхбатында ол алдымен күшті жарылыс болып, терезелердің сынғанын, артынша атыс басталғанын айтты. Ол 25 шақты студентпен бірге қарулы адамдар ішке кірмес үшін есікті парталармен тіреп, «бекініс» жасаған.

Шабуылдан жараланған адам. Кабул, 24 тамыз 2016 жыл.

Шабуылдан жараланған адам. Кабул, 24 тамыз 2016 жыл.

– Біреуі есікті сындырардай қатты ұрды, бірақ аша алмады. Содан соң олар ішке кіру үшін есіктің сыртынан граната жарды. Есік күл-талқан болған соң біз жан сауғалап екінші қабаттағы терезеден секіріп кеттік, – дейді Дехсабзи.

Қашамын деп секіргендердің біразы жарақат алды дейді ол. Ал шабуылшылар оларға оқ жаудырған.

– Біткен жерім осы деп ойладым. Университеттен аман-сау шығамын деп мүлде ойламадым. Бірақ әйтеуір қашып құтылдым. Секіріп бара жатқанда артымда бір досым тұрған. Кейіннен арқама қан жағылып қалғанын байқадым. Досым жарақат алды ма, әлде басқа жағдайға ұшырады ма, ол жағын білмедім, – дейді Дехсабзи.

Шабуыл кезінде оның бір досы қаза тапқан. Ол досын терезеден секіріп бара жатқан кезде көріпті. Одан соң қарбалас басталып, кімнің қайда кеткенін байқамай қалыпты.

Қауіпті оқиға болғанына қарамастан, Дехсабзи университетте қалып, әрі қарай оқуын жалғастырғысы келеді.

– Ауғанстандағы Америка университеті – елдегі ең озық университеттердің бірі. Сондықтан Ауғанстанның жаулары оны қиратқысы келеді. Бірақ біз сабақты тастамаймыз, тіпті тағы жарылыс болса да дәрісті жалғастыра береміз, – деді ол Азаттыққа берген сұхбатында.

Шабуыл болған маңнан кетіп жатқан студенттер. Кабул, 24 тамыз 2016 жыл.

Шабуыл болған маңнан кетіп жатқан студенттер. Кабул, 24 тамыз 2016 жыл.

«ҮШІНШІ ҚАБАТТАН СЕКІРІП КЕТТІМ»

Сол түні жан түршіктірерлік оқиғаларды бастан кешкен басқа студенттер де сабақты әрі қарай жалғастыруға ынталы. Солардың бірі – Мұхаммед Дауд қарулы шабуыл басталған кезде үшінші қабаттағы аудиторияда болған. Ол алдымен жарылысты, сосын атысты естіген. Қару үні барған сайын жақындай түскен.

– Ақыры [қарулы адамдар] біздің аудиторияға да жетті. Алдымен шабуылшы аудиторияға кіріп келді. Аудиторияда студент көп болатын. Шабуылшыны көре салдым да, еденге жата қалдым. Ол ата бастады, – дейді Дауд.

Арада біраз уақыт өткенде ол шабуылшылар кетті деп ойлаған. Алайда курстасы қарулылардың дәліздің арғы басындағы студенттерді атып жатқанын айтқан.

– Сол сәтте «ол бері қарай келсе, бізді де өлтіреді» деп ойладым. [Тірі қалатын] жалғыз жол қашу болды. Ғимараттың үшінші қабатынан секіріп түсіп, қолымды сындырып алдым, – деді Мұхаммед Дауд.

Қауіпсіздік күштері оның қоршаудан секіріп түсуіне жәрдемдескен.

Шабуыл болған маңға келген полицейлер. Кабул, 24 тамыз 2016 жыл.

Шабуыл болған маңға келген полицейлер. Кабул, 24 тамыз 2016 жыл.

«ТРЕНИНГ КЕЗІНДЕГІ НҰСҚАУЛАРДЫ ОРЫНДАДЫМ»

Бизнесті басқару мамандығын оқып жүрген 23 жастағы студенті Хода кампусте демалып жатқанда жарылыстың дауысын естіген.

– Қатты жарылыс болып, артынша атыс басталды. Олар ішке кірмек болып, оңды-солды ата берді, – дейді Хода.

Студенттердің кейбірі қашса, кейбірі жасырынып жан сауғалаған. Хода бірнеше минуттың ішінде ғимараттан шығып үлгерген. Ол мұны «студенттерге қауіпсіздік ережелерін үнемі үйретіп отыратын университет басшылығының арқасы» дейді.

– Университет бізге қауіпсіздік тренингтерін өткізіп, шабуыл немесе басқа проблемалар кезінде қай жолмен жүру керегін үйреткен. Мен сол тренинг кезіндегі нұсқауларды орындап, сыртқа қашып шықтым. Іште қалып қойғандар болды, – деді Хода.

Ол университет білім алатын жер екенін, онда ешкім [шабуыл болады деп] күтпегенін айтады.

– Бәрі жылдам болғаны сондай, қалай орнымнан тұрып, қашып шыққанымды білмеймін, – дейді студент.

Полиция студентті шабуыл болған маңнан әкетіп барады. Кабул, 24 тамыз 2016 жыл.

Полиция студентті шабуыл болған маңнан әкетіп барады. Кабул, 24 тамыз 2016 жыл.

«ШАБУЫЛ ЖАСАҒАНДАР БІЛІМ МЕН ПРОГРЕСКЕ ҚАРСЫ»

Ал Фатих Ахмад халықаралық қатынастар пәнінен лекция тыңдап отырғанда жарылыс болып, оның аудиториясының терезесі сынған.

– Терезенің жанында отырған студенттер жарақаттанды. Содан соң үлкен от шықты, – дейді Фатих Ахмад.

Біраздан соң есін жиған студенттер университетке шабуыл жасалғанын түсінген. Біреулер аттанға басса, екіншілері дәлізге жүгіріп шыққан. Көмекке шақырып, айқайлап жатқандар болған.

– Біз жарақаттанғандарға көмектесіп, төтенше жағдайдағы шығу есігіне қарай жүгірдік, – дейді ол.

Сол кезде арт жақтарынан оқ атыла бастаған. Ахмад университеттен аман-сау қашып шыққан. Ол қорқынышты сәтте басқалардың батылдығына қарап, сабырға түскенін айтады.

– Бұл шабуылды ұйымдастырғандар – білім мен прогреске қарсы адамдар. Олар жарқын болашаққа ұмтылып, елге қызмет етеміз деп жүрген студенттерді өлтірді, – дейді студент.

Гүлназ Есфандияридің материалы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG