Accessibility links

"Домалақ арыз". Ресейде сахалар туралы "Айта" фильмі билікке жақпай қалды


Режиссер Степан Бурнашевтің "Айта" фильміне "ұлтшылдық" айдарын тағып, көрсетуге тыйым салды
Режиссер Степан Бурнашевтің "Айта" фильміне "ұлтшылдық" айдарын тағып, көрсетуге тыйым салды

22 қыркүйекте Ресей құрамындағы Саха республикасындағы негізгі басылымдарының бірі – "Якутск Вечерний" газеті басты бетте "Роскомпозор" деген ("Роскомнадзор" мен "масқара" деген екі сөзден құрастырылған – ред.) тақырыппен мақала жариялады. Оның авторы Ресейде киномен күрес басталғанына қарағанда экстремистер біткен-ау деп жазыпты. Соның алдында "Роскомнадзор" мекемесі ресейлік стриминг сервистерінің барлығынан саха режиссері Степан Бурнашевтің "Айта" фильмін бұғаттап тастауды талап еткен. Мекемеге осы фильмде "Ресей халықтарының бірлігі принципіне қайшы деструктивті ақпарат" бар болып көрінген.

Фильм өмірде болған оқиғаны сюжетіне арқау еткен. Режиссер ол оқиғаны көп жыл бұрын тергеуші болып істейтін туысынан естіпті. Жоғары сыныпта оқитын Айта есімді қыз зорлыққа ұшыраған соң өзіне қол салуға әрекет жасағаннан кейін ауруханада көз жұмады. Оның киімінің қалтасынан "Афоня, сені жек көремін" деген хат табылады.

Қыз тұрған ауылда Афоня есімді жалғыз адам бар – ұлты орыс полиция қызметкері. Оның үстіне қызды ең соңғы тірі көрген адам да сол екен – көлігімен Айтаны үйіне жеткізіп салған. Ашу-ызаға мінген қыздың әкесі мен достары оны жазалауды ұйғарады. Бірақ аяғында Айта мүлде басқа адамды, көрші ауылда тұратын Афоня есімді оқушыны меңзегені анықталады. Сөйтіп, жанжал басылып, әлгі полицей өзін жазаламақ болған Айтаның әкесін кешіреді.

– Роскомнадзордың "Айтаны" ресейлік видео сервистерінен алып тастауды талап етуіне не себеп болғанын білмеймін. Жақында дистрибьюторлар Роскомнадзор бастығының орынбасарымен кездеспек. Түсініспеушілікке не себеп болғанын сол кездесуден кейін білетін болармыз деп үміттенем, – деді "Айта" фильмінің режиссері Степан Бурнашев. – Мәскеуге Саха делегациясы келді, олар Ресей президентіне саха киносының жетістіктері, соның ішінде "Айта" туралы да айтты. Фильмді киносыншылар да, көрермен қауым да жылы қабылдады: "Айта" 10 апта бойы федерациялық прокаттың үздік ондығында болды және ең көп ақша тапқан саха фильміне айналды. Ал былтыр желтоқсанда "Айта" фильмі "Зимний" деп аталатын авторлық фильм байқауында бірден екі жүлде иеленді. Сондықтан әлі күнге не болғанын түсінген жоқпын.

Роскомнадзор хабарламасында, "Айта" фильмі "Ресей халықтарының бірлігі принципіне кереғар" екені, онда" адамдарды ұлтына қарай алалау: бір ұлттың өкілдері жағымды кейіпкерлер ретінде бейнеленіп, жағымсыз қасиеттердің барлығы өзге бір ұлтқа тән етіп көрсетілгені" айтылған".

Саха режиссёрі Степан Бурнашев "Айта" фильмінің премьерасында сөйлеп тұр, 30 наурыз, 2023 жыл.
Саха режиссёрі Степан Бурнашев "Айта" фильмінің премьерасында сөйлеп тұр, 30 наурыз, 2023 жыл.

– Біздің фильмде бір ұлттың екінші бір ұлттан артықшылығы көрсетілді деп есептемеймін, – деп қарсы уәж айтты режиссер Степан Бурнашев. – Меніңше, "Айтадағы" кейіпкерлердің барлығы жағымды жағынан бейнеленген, фильмде ол айқын аңғарылады. Ал фильмнің аяғында түрлі ұлт өкілдерінің қарым-қатынасында кейде болып қалатын проблемаларды әрқашан шешуге болатыны көрсетілген, ол үшін тек болған істің байыбына жету жеткілікті. Фильм кейіпкерлері ақыр соңында тіпті қателік жібергенін мойындайды. Сондықтан "Айта" фильмінде Роскомнадзордың долбарындағыдай "ұлттық белгісіне бола алалау көрсетілген" деп кесіп айту қиын. Біздің фильм мүлде керісінше – халықтар бірлігі туралы, адамдарды "өзіміздікі" және "бөтен" деп бөлуге болмайтыны туралы, өйткені кез-келген сегрегация түбінде бәлеге ұрындырады. Әрқашан өзара сөйлесіп, сөзге тартып, бір бірін құрметтеп, ортақ тіл табысу керек. Қазіргі әлемде шовнизимге орын жоқ, ал ондайға апарып соғатын барлық проблемалар туралы адал әрі ашық әңгіме болуы керек. Біз "Айна" фильмінде сөйттік.

"Кинопоиск", Okko, Wink, Premier сияқты видеосервистерден қазір "Айта" фильмін көре алмайсыз, жабылған.

– Қалай болғанда да, көп ұзамай фильмнің пайдасына шешілетін түсініспеушілік болды деп есептеймін, – дейді Саха республикасының өнер сіңірген қайраткері, режиссер Дмитрий Давыдов. – Роскомнадзордағылар тіпті фильмді көрмеген де сияқты. Олар әлдебір домалақ арыз алып, соған автоматты түрде өздерінше жауап әрекет жасап, әсіресақтық танытқан.

Роскомнадзор тыйым салуды ұйғарған фильмге Ресей мәдениет министрлігі берген прокат куәлігі әлі күшінде: министрлік реестрінде куәлік қайтарып алынатыны туралы ешқандай жазба жоқ.

Бюджеті 4 млн рубль болатын "Айта" фильмі 2023 жылы наурызда прокатқа шыққалы бері 26,4 млн рубль жинап, саха киносы тарихында ең көп табыс тапқан туындыға айналды. Салыстырар болсақ, Мәдениет министрлігі субсидия бөлген, Украинадағы соғыс туралы түсірілген, бюджеті 200 млн рубльге тең "Куәгер" атты пропагандалық драма кинотеатрларда көрсетілген бес аптаның ішінде небары 14,4 млн рубль түскен.

2023 жылғы 22 қыркүйекте "Якутск Вечерний" газетінің басты бетінде осындай тақырыппен мақала шықты.
2023 жылғы 22 қыркүйекте "Якутск Вечерний" газетінің басты бетінде осындай тақырыппен мақала шықты.

2022 жылы желтоқсанда "Айта" фильмі "Зимний" атты авторлық фильм байқауында бірден екі жүлде иеленді. Фильмді түсірген Степан Бурнашев үздік режиссерлік жұмысы үшін марапатталды. Ол осы фильмнің сценарийін жазған авторлардың бірі. Басты рөлді сомдаған Иннокентий Локовцевті "Зимний" байқауының қазылар алқасы ең үздік актер деп таныды.

Режиссёр Александр Сокуров Роскомнадзордың "Айта" фильміне таққан айыбы ұлттық және жанрлық киноның дамуына қатер төндіреді деп есептейді.

"Жақында фильмді көріп шықтық. Және Роскомнадзор айтып отырған нәрсені бұл фильмнен көрмедім. Бұл адамдардың өмірінде не болып жатқанына үңіліп, ой толғауға, шекара сызығымен жүруге хақы бар көркем шығарма. Және де мынаны айтуға тиіспін, мен <…> ұлтшылдықты қоздыратын фильмдерді ешқашан көрген жоқпын", – деді Сокуров.

Саха республикасының мәдениет және рухани даму министрі Юрий Куприянов та "Айта" фильміне тыйым салуға еш негіз жоқ деп есептейді.

"Фильмді көрдім. Ол өзге жақтан келген адамдарға қатысты ұлттық мәселе қозғалатын нақты жағдайға негізделген. Бірақ бұл дұрыс фильм. Және бұл ешқандай да әсіреұлтшыл емес! Мұны сіздерге мәдениет министрі емес, адам, тұлға, қарапайым көрермен ретінде айтып тұрмын. Фильмдегі кейіпкерлердің барлығы, соның ішінде Кеша Луковцев сомдаған полицей де ақыр соңында өз тұжырымын жасайды. Ең бастысы сол! Және, түптеп келгенде, барлық кейіпкерлер жалған айып тағылған орыс жігіті жаман адам емес екенін біледі. Фильм ұлттық мәселемен байланысты жанжалға негізделген. Онымен келісемін. Бірақ! Фильм немен аяқталғанын көрдіңіздер ғой? Тұрғындардың бәрі өзін ұятты сезінеді! Жазықсыз адамға күдік келтіргені үшін. Бұл өз қателігін түсініп, содан қорытынды шығара білуі. Міне, фильм осы туралы!" Бірақ шенеунік болғандықтан, министр Куприянов "қадағалаушы органның шешімін орындау керек" дейді.

"Айта" фильмінің жарнамасы
"Айта" фильмінің жарнамасы

"Айта" ұлтшылдық пен русофобия айыбы тағылған алғашқы саха фильмі емес. Үш жыл бұрын режиссёр Владимир Мункуевтің 2021 жылы Карловы Вары халықаралық кинобайқауының "Шығыс-Батыс" секциясында Гран-при жеңіп алған "Нуучча" фильміне де осындай айдар тағылған. Фильмде ХІХ ғасырдың аяғында саха отбасында болған хикая баяндалады. Шалғайда тұратын Хабджий мен әйелі Керемес жақында ғана екінші баласын жерлеген. Жергілікті манап олардың үйіне жаралы орыс каторжнигі Костяны жайғастырады. Ерлі-зайыпты оған қарап, бағып-қағады. Бірақ каторжник үйдің жаңа қожайыны болуды ұйғарады. Прокат куәлігін алған "Нуучча" фильмі 2022 жылы көктемде Ресейде прокатқа шығуы тиіс еді. Бірақ Ресей Украинаға соғыс бастағаннан кейін Мункуев фильм көрсетілмейтін болды деп хабарлады. "Неге екенін түсіндірудің қажеті болмас деп ойлаймын" деп жазды режиссёр Instagram-парағына.

"Якутск Вечерний" газетінде "Роскомпозор" деген тақырыппен мақала шыққан күні тағы бір саха туындысы – режиссер Дмитрий Щадриннің "Кандидат" фильмі прокат куәлігінен қағылғаны мәлім болды. Себеп – "ЛГБТ пропаганда". Мәдениет министрлігіне фильмдегі кейіпкер ер адамның әйелдің киімін киіп, парик тағып, опа-далап жағатыны ұнамай қалған. Кейіпкердің сыртқы бейнесі – бар болғаны комедиялық тәсіл деп қабылдауды министрлік жөн деп санамаған.

— "Айтаны" көрдім. Бұл шовинизмге қарсы фильм екені айдан анық, – деді "Сибирь.Реалии" сайтына берген сұхбатында режиссёр, продюсер әрі медиаменеджер Александр Роднянский. — Роскомнадозордың қисынына салсақ, онда өте көп фильмді не националистік, не шовинистік деп тануға болады. Ал "Айта" – толығымен түсінікті, тіпті біршама тура айтылған адами хикая. Бұл айқын проблемаларды қарастырған, жақсы мағынадағы гуманистік фильм, және автордың айтуынша, ал оған сенбеуге еш негіз жоқ, өмірде болған оқиға. Фильм Роскомнадзордың ұстанымына қарама қайшы, өте тура тұжырым жасауға мүмкіндік береді.

"Айта" фильмінің түсірілім тобы
"Айта" фильмінің түсірілім тобы

– Ендеше қадағалаушы орган "Айтаны" ресейлік көрерменге көрсетуге болмайды деген шешімді неліктен қабылдады, қалай ойлайсыз?

– Кез келген фильмге тыйым салу – сұмдық қателік деп ойлаймын. Одан да пікірталас, талқы ұйымдастырып, пікір бөліскен дұрыс болар еді. Тыйым салу – ойлауға түрткі салатын [осындай] фильмдердің өзінен анағұрлым қауіптірек. Ал тыйымның себебі әркезде біреу – ақымақ әрі мүлде жабайы бюрократиялық үрей, ал Украинаға басқыншылық басталған дейінгі кезбен салыстырғанда қазір ондай үрей ондаған есе күшейген. Қазір шенеуніктердің бәрінің бойында бюрократиялық үрей жоғары деңгейде, содан барып ең ақымақ, тиімсіз шешімдер қабылданады.

– Роскомнадзор әсіресе саха фильмдеріне ерекше шұқшиятын сияқты…

– меніңше бұл Ресей киносындағы тіршіліктің соңғы ошағын өшіру. Саха киносы – айрықша феномен. Ол мемлекеттің я әлдебір мемлекеттік органның әрекетінің емес, өзінің ерекше бейнесінің арқасында қалыптасты. Ресейдің өңірлерінің бірінде бірнеше дарынды адам кино өнерін дамыта бастады. Ірі, т.т. өңір, әрине, бірақ өзгелердің бірі. Сөйтіп кенет өз көшбасшылары, өз тілі бар, өз аудториясының қолдауына ие, танымал, мүлде дербес кинематограф пайда болды. Және де ол әлдебір шенеунікке емес, осы аудиториясы мен оның мүдделеріне тәуелді. Әрине, қазіргідей жағдайда оны басып-жаншуға тырысады. Міне, сауалыңа жауабым осындай.

XS
SM
MD
LG