Accessibility links

"Талибанмен" бейбіт келісім: үміт пен күдік


Ауғанстанның Нангархар ауданындағы "Талибан" өкілдері
Ауғанстанның Нангархар ауданындағы "Талибан" өкілдері

АҚШ пен радикалды “Талибан” қозғалысы арасында Катарда өткен алты күнге созылған келіссөзден кейін АҚШ-тың Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Залмай Халилзад келіссөздің "сәтті" өткенін хабарлады. Тараптар маңызды мәселелер бойынша ортақ мәмілеге келе алған. Азаттыққа сұхбат берген сарапшы Ауғанстандағы жағдайды бейбіт реттеу бойынша келісімнің дамуы мен болашағы туралы пікірлерімен бөлісті.

Алдын ала мәлімет бойынша, келісімде "Талибан" қозғалысының "Әл-Каида", "Ислам мемлекеті" сияқты террористік топтарға Ауғанстан территориясында шоғырлануына мүмкіндік бермеу сияқты шарт бар. Онда сонымен бірге тараптардың бітімге келуі, 18 айдың ішінде Ауғанстаннан шетел әскерін алып кету сияқты мәселелер қарастырылған.

Осы орайда Азаттық тілшісі халықаралық дағдарыс тобының Ауғанстан бойынша сарапшысы Грэм Смитпен келіссөздің дамуы мен болашағы жайлы сөйлесті.

Азаттық: - Болашақ бейбіт келісімнің негізгі шарттары бойынша тараптар келісті деп хабарланғанына қарамастан "Талибан" АҚШ-тың қойып отырған ең негізгі шарттарына әзірге келісім берген жоқ: атысты тоқтату және Ауғанстандағы жағдайды бейбіт реттеу келісімі аясында ауған үкіметімен тікелей әріптестік орнату. Бұл негізгі мәселелер шешілуі мүмкін бе?

Грэм Смит
Грэм Смит

Грэм Смит: - "Талибан" қазіргі кезде мұндай келісім жасауға дайын ба, жоқ па, соны қарастырып жатқан сияқты. Мұндағы басты сұрақ: Ауғанстанның өз ішінде диалогты ұйымдастыру мәселесі қалай болмақ? "Талибан" оның уақыты мен кезегіне қатысты мәселелерге келісе ме, жоқ па, ол да белгісіз. Олар Кабул үкіметімен диалогты шетел әскері кетпей жатып бастай ма? Немесе елден АҚШ әскері шығарылған соң - ауған үкіметі мен АҚШ арасындағы байланыс әлсіреген кезде бастай ма?

Бейбітшілік процесі төңірегінде толғандыратын сұрақтар өте көп. Бұл жағы мүлде түсініксіз. Көп нәрсе болып жатыр. Көп нәрсе ойдағыдай шықпай қалуы мүмкін. Бірақ бұл белгілі бір жағдайда үміт те береді. Бұл әлемдегі ең ірі қақтығыстардың бірін тоқтатып, Американың ең ұзақ соғысқа нүкте қоюына мүмкіндік береді.

Азаттық: - АҚШ өкілі Халилзадтың айтуынша, "Талибан" Ауғанстанды халықаралық террористік топтардың ордасына айналдырмау үшін күш салуға келіскен. "Талибанның" мұны жасауға мүмкіндігі бар ма?

Грэм Смит: - Егер "Талибан" мен ауған үкіметі арасындағы бейбітшілік туралы келісім жасалса, мұндай жаңалық өзге террористік топтарға ауыр тиер еді. "Талибан" мен "Ислам мемлекеті" тобы арасында жыл сайын жүздеген соғыстар болып жатады. "Ислам мемлекеті" "Талибанның" ауған немесе АҚШ әскерімен соғыспай, тек "Ислам мемлекетін" жоюға бар күшін салуынан қатты қорқады.

Азаттық: - Катардағы "Талибанның" саяси кеңсесінің Ауғанстандағы "Талибанның" жергілікті командирлеріне ықпал ету мүмкіндігі бар ма?

Грэм Смит: - 2018 жылы маусым айында үш күнге атыс тоқтаған кезде "Талибанның" жұмыс істеу "ерекшеліктерін" жақсы байқадық. "Талибанның" сол кезде жылдам мәлімдеме таратқаны қызық болды. Ол хабарлама қосымшалары мен өзге де коммуникация арналары арқылы тарады. Олардың [жергілікті] командирлері олай болатынын білген жоқ. Кенет олар басшылықтан атысты үш күнге тоқтату туралы нұсқаулық алды. Сосын бүкіл елде тыныштық орнады. Бұл сондай керемет нәрсе болды. Жүздеген шақырымға қарамастан тәліптер басшылықты құрметтеп, соғысты тоқтатты. Үш күннен соң "Талибан" басшылығы соғысты қайта бастау керектігін мәлімдеген соң бәрі қайта басталды.

Тәліптердің бірлігі жайлы тоқтаусыз айта беруге болады. Олардың өнімді басқару-бақылау жүйесі бар. Катардағы "Талибанның" саяси комиссиясы соның бір бөлігі. Сол себепті адамдарды атысты тоқтату туралы бұйрыққа бағындыруға мүмкіндік бар.

Ауғанстанның Логар провинциясындағы "Талибандар" шабуылынан сегіз ауған сарбазы қаза тапқан
Ауғанстанның Логар провинциясындағы "Талибандар" шабуылынан сегіз ауған сарбазы қаза тапқан

Азаттық: - "Талибанның" аса қатты радикалданбаған бағыты өкілдерінің "Әл-Каида" және "Ислам мемлекеті" сияқты террористік топтармен соғысты жалғастыруы, тіпті оларға қосылуы мүмкін бе?

Грэм Смит: - Ауғанстанда "Ислам мемлекетінің" содырлары аса көп емес. Ауғанстанда болған жарылыс-шабуылдардың аз бөлігіне (2-5 пайыз аралығында) ғана олар жауапты. Басқаша айтсақ, егер сіз Ауғанстандағы зорлық-зомбылыққа алаңдасаңыз, онда "Ислам мемлекетіне" алаңдамасаңыз да болады. Мұндағы шабуылдардың 90 пайызын "Талибан" ұйымдастырған. "Ислам мемлекетін" елдің шығысындағы бірнеше аудан - негізінен Нангархар және Кунар провинциясында көбірек қолдайды. Өзге де топтардың жағдайды осыған ұқсас. Оларды не үшін талқылап отырғанымызды түсінбеймін де.

Азаттық: - "Талибан" 1989 жылғы елден совет әскерінің шығарылуын жуырдағы АҚШ коалициясын "саяси және әскери" тұрғыда жеңумен салыстырды. Мұндай салыстырулардан пайдалы сабақ алуға бола ма?

Грэм Смит: - Өкінішке қарай мұнда сабақ алатын тұстар аз. Қазір көп нәрсе өзгерген. Совет әскерінің шығарылуынан бір нәрсе үйренуге болады - бұл бейбіт келісімнің қажеттігі. Әйтпесе 1992 жылғы совет әскерінің шығарылуынан кейінгі жағдайға куә боламыз - ауған үкіметі Мәскеу субсидиясынан бас тартқан соң үкімет құлады, түрлі азамат соғысының кесірінен елдің тоз-тозы шықты. Ешкім де мұның қайталанғанын қаламайды.

Азаттық: - Катардағы "Талибанның" саяси комиссиясы жетекшісіне Абдул Ғани Барадардың тағайындалуы қаншалықты маңызды жаңалық?

Грэм Смит: - Абдул Ғани Барадар "Талибанның" негізін қалаушылардың бірі. Ол Ауғанстанның оңтүстігінде туылған және 1990-жылдардың басында тұтас қозғалыстың таралуына мұрындық болған кандагарлық топтың мүшесі. [Бұрынғы Ауғанстан президенті Хамид Карзай сияқты]. ол да Поползай тайпасының өкілі. Сондықтан оның келіссөз тобында саяси ықпалы бар, бұған қоса әскери тактикасы да жақсы.

Барадар өткен аптада Катардағы саяси кеңседе "Талибан" жетекшісінің үшінші орынбасары болып тағайындалды. Бұл оны іс жүзінде "Талибанның" мүддесін қорғайтын келіссөз тобының жетекшісіне айналдырады. Келіссөз тобына жоғары қызметтегі адамдардың қосылуы келіссөздің келесі деңгейге жеткенінен хабар береді.

(Рон Синовицтің мақаласы ағылшын тілінен ықшамдалып аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG