Accessibility links

Үш рет жабылып, қайта ашылған іс. Журналистің күресі


Журналист Олеся Вертинская Қаңтарда өзін азаптау бойынша істің жабылуына қарсылық білдіріп, ІІМ ғимараты алдында пикет өткізіп тұр. Астана, 29 қараша, 2023 жыл
Журналист Олеся Вертинская Қаңтарда өзін азаптау бойынша істің жабылуына қарсылық білдіріп, ІІМ ғимараты алдында пикет өткізіп тұр. Астана, 29 қараша, 2023 жыл

Атыраулық журналист әрі блогер Олеся Вертинская – "Қаңтарда құқық қорғау органдарынан азап көрдім" деп арызданғандардың бірі. Ол екі жыл бойы істі әділ тергеуді талап етіп келеді. Іс бойынша тергеу үш рет тоқтатылған. Вертинская тергеу шала жүргізілді деп, оның қайта ашылуын талап етіп, жан-жаққа арызданды, наразылық білдіріп, Астанаға барып, пикетке де шықты. Қазір тергеу жүріп жатыр. Бірақ Вертинская іс қайта жабылып қала ма деп қорқады.

СПОРТЗАЛДАҒЫ АЗАПТАУ

Олеся Вертинская атыраулықтарға журналист-блогер ретінде жақсы таныс. Ол – бас кеңсесі Түркістан қаласында тіркелген "Дорожный контроль" қоғамдық бірлестігіне тиесілі осы аттас ақпарат порталының тілшісі. 2022 жылғы 5 қаңтарда Қаңтар дүрбелеңі басталғанда Вертинская үстіне "Дорожный контроль" деген жазуы бар сары кеудеше киіп, Атырауда болып жатқан оқиғаларды, соның ішінде Исатай мен Махамбет алаңын, облыс әкімдігінің айналасын видеоға түсірген.

Атыраулық журналист Олеся Вертинская (жеке мұрағаттағы сурет)
Атыраулық журналист Олеся Вертинская (жеке мұрағаттағы сурет)

Өз айтуынша, 7 қаңтарда полицейлер оны үйінен алып кетіп, қалалық полиция басқармасына апарған, психологиялық қысым көрсетіп, қорқытқан. 9 қаңтарда полицейлер тағы үйінен әкетіп, Атырау қалалық ішкі істер басқармасының ауласындағы "Динамо" спортзалында алты сағаттай ұстайды. "Динамо" спортзалы Қаңтар митингісіне қатысты деп ұсталғандарды азаптаған орын ретінде жұртқа атышулы болды. Сол кезде бірқатар жергілікті тұрғын, блогерлер мен белсенділер өздерін күш құрылымдары қызметкерлері сонда азаптағанын айтып шағымданған. Спортзалда зәбір көргендер әділдікке жете алмады – азаптауға қатысты істер жабылып қалды.

Вертинскаяға осы спортзалда тінту жүргізіп, ұялы телефонын тартып алған және ондағы "Дорожный контроль" редакциясы үшін дайындаған бүкіл видеоны жойып тастаған.

Журналистің сөзінше, полицияға шақырылған екі күнде де Қаңтардағы митингіге қатысқанын мойындатқызу үшін оған моральдық-психологиялық қысым көрсетіліп, физикалық күш қолданылған. Кейін оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 488-бабы ("Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу") бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотта қаралды. Бірақ ол сотта митингіге қатысушы емес, тілші ретінде кәсіби міндетін атқарып жүргенін дәлелдей алды. Ал сот қылмыс құрамы жоқтығына байланысты істі қысқартты.

2022 жылғы 19 қаңтарда Олеся Вертинская Атырау облыстық полиция департаментіне, облыстық және қалалық прокуратураға өзін азаптау бойынша арыз жазған. Ол құқық қорғау органдары қызметкерлерінің үстінен жазған арызында кінәлілерді жазаға тартуды талап еткен.

Қаңтар дүрбелеңі күндері көрген азабын еске алғанда Олеся қатты толқып кетеді:

– 2022 жылғы 7 қаңтарда құқық қорғау органы қызметкерлері үйіме келгенде кәмелетке толмаған балаларым да жанымда болатын. Олар автоматты балаларыма қарата кезеп тұрды. Балаларым шошып қалды. Үлкен ұлым "мама, киін де бұларға ерші" деп айқайлады. Содан соң амалсыз, олардың соңынан еріп, қалалық полиция басқармасына бардым. Олар бағынбасам күшпен алып кететінін ескертті. Мені қылмыскер сияқты балаларымның көзінше автомат кезеп, алып кетті. Көршілерім көрді, – дейді ол. Сол күні журналисті ұзақ тергеп, жібере салған полицейлер оның үйіне ертесінде тағы келген.

– 9 қаңтарда тағы үйден алып кетіп, "Динамо" спортзалына апарып, қабырғаға теріс қаратып қойып, басымнан, аяғымнан ұрды. Желкемнен түйіп қалғанда қабырғаға соғылдым. Бұл физикалық күш қолдану емей немене? Сол кезде спортзалда соққыдан ауырсынып, қиналған, жанұшырған дауыстар шығып жатты. Жерде қан болды, – деп еске алады Вертинская.

– "Сені атып тастау керек, басыңды кесіп алу керек!" деп біреу ту сыртымнан түрлі сөзбен балағаттады. Бір қызметкер "аяғыңды кең ашып тұр" деп, аяғымен тепкілей бастады, желкемнен ұрып жіберді. Сол кезде басым қабырғаға соғылды. Осыдан кейін бір адам араша түсіп, заңсыз әрекеттерді тоқтатуды талап етті. Ол өзін "Арлан" я "Арыстан" қызметкерімін деді (нақты есімде жоқ). Содан кейін мені босатып, үйіме жіберді, – дейді журналист.

Өз айтуынша, ол сол күні сот-медициналық сараптамадан өте алмапты, өйткені "сараптама жасауға мүмкіндік жоқ" деген жауап алған.

ІС НЕГЕ ҚАЙТА-ҚАЙТА ЖАБЫЛА БЕРДІ?

Олеся Вертинскаяның арызы бойынша басында арнайы прокуратурада "азаптау" бабымен іс қозғалған. Кейін іс "азаптау" бабы бойынша "қылмыстық құрам жоқ" деп қысқартылып, "қызмет өкілетін асыра пайдалану" бабымен қайта сараланды. Бұл бап бойынша 2022 жылғы 12 наурызда тіркелген қылмыстық іс Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне тергеуге жолданды. Тергеу кезінде іс үш рет "дәлел жеткіліксіз" деп тоқтатылды.

Прокуратура видеожазба секілді айғақтар жоқ деген желеумен Вертинскаяның ісінен "азаптау" нұсқасын алып тастаған. Ал кейін "қызмет өкілетін асыра пайдалану" бабымен қайта сараланған істің өзі 2022 жылғы 30 маусымда "қылмыс құрамы жоқ болғандықтан" тоқтатылып, 9 шілдеде қайта ашылды. Одан соң іс 2022 жылғы 31 желтоқсанда жабылды.

Осыдан кейін Вертинская қолында полицейлер қоқан-лоқы көрсеткенін дәлелдейтін видеожазбасы барын айтып, облыс прокуроры Бауыржан Жұмақановтың қабылдауында болды. Жұмақанов оған бұл видеоны көрмегенін және істі қайта қарауға тапсырма бергенін айтқан. Вертинская Қаңтарда үйіне келген құқық қорғау органдары қызметкерлерінің видеосын YouTube желісіне жариялаған.

2023 жылғы 1 ақпанда Атырау облыстық прокурорының орынбасары Абзал Ғилымның қолы қойылған жауапта "қызмет өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша істің негізсіз жабылғаны жазылған. Прокурор іс материалдарын зерттеу кезінде осындай тұжырымға келген және істі жабу туралы қаулының жойылғанын хабарлаған. Сөйтіп, прокурордың істі тоқтату туралы шешімінің күшін жою туралы қаулы шығып, іс қайта ашылды.

Жеті айдан астам уақыт өткен соң – 2023 жылғы 2 қарашада Атырау облыстық құқық қорғау органының лауазымды тұлғаларына қатысты іс үшінші рет қайта тоқтатылды. Вертинскаяны іс материалдарымен ешкім таныстырмаған, оған істің жабылғанын хабарламаған.

– "Антикор" істі мұрағатқа жібергендіктен мені онымен таныстыра алмайтынын айтты. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің талаптарына сәйкес олар мені іспен таныстыруы керек еді. Іс неге созылып кеткенін сұрау үшін облыс прокурорының қабылдауына барғанда ғана [жабылғанын] білдім, – дейді Вертинская.

Олеся Вертинская Атырау облыстық сотының алдында "Конституциялық құқым бұзылды" деп пикетке шығып тұр. Атырау қаласы, 7 маусым, 2023 жыл
Олеся Вертинская Атырау облыстық сотының алдында "Конституциялық құқым бұзылды" деп пикетке шығып тұр. Атырау қаласы, 7 маусым, 2023 жыл

Вертинская күресті тоқтатпады, ол әрі қарай астанадан әділдік іздеді. Былтыр 30 қарашада істің тоқтатылуына қарсылық танытып, Астанаға барып, ішкі істер министрлігі ғимаратының алдында жалғыз өзі пикетке шықты. Одан кейін бас прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық қудалау заңдылығын қадағалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжановпен кездесті.

Қаңтарда кәсіби қызметін орындау үшін жүргенін және оның сотта дәлелденгенін айтқан Вертинскаяның уәжін тыңдаған Қилымжанов былтыр 4 желтоқсанда қылмыстық істі тоқтату туралы шешімнің күшін жоятын қаулы шығарды. Сонымен қатар, қаулыда 362-баптың 1-бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық құрамын 146-баптың 1-бөлігімен ("Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар") қайта саралау мәселесін шешу қажет деп ұйғарды.

Бір қызығы, өзі азапталғанын дәлелдеуге тырысып жүрсе де, Олеся Вертинская бұл істе жәбірленуші мәртебесінен айырылғанын кейін кездейсоқ білген. Ол мұнымен келіспейтінін және іс материалдарымен өзін таныстырып, тергеуді әділ жүргізу талабымен былтыр 25 желтоқсанда Атыраудағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің алдына пикетке шықпақ болды. Бірақ, қала әкімдігі оған сол жерде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатқанын хабарлап, пикет өткізуге рұқсат етпеді.

"АНТИКОР" ПРОКУРАТУРАДАН БІРДЕҢЕ ЖАСЫРДЫ МА?

Журналистің Астанадағы күресі нәтиже бергендей болды: ұзақ үнсіздіктен соң былтыр желтоқсанның аяғына таман Олеся Вертинская бас прокуратура істі қайта ашу туралы шешім шығарғанын анықтады. 2023 жылғы 4 желтоқсанда істі қайта ашып, азаптау бабымен қайта саралау және оған жәбірленуші мәртебесін қайтару туралы қаулы шықты.

Содан кейін ғана ол өзінен "жәбірленуші" мәртебесін алып тастаған қаулының мазмұнымен танысуға мүмкіндік алды. 2023 жылғы 2 қарашада Атыраудағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аға тергеушісі Н.Бақтыгереевтің қолы қойылған қаулыда "Тергеу кезінде іске қатысы бар деген адамдар Вертинскаямен беттестіру кезінде берген жауаптарында зорлық-зомбылық көрсету дерегін мойындамаған" деп жазылған.

Және ең қызығы журналистің 2022 жылғы қаңтарда физикалық, психикалық "қысым көрмегенін" оқиғадан айлар өткеннен кейін жасалған сараптамаға сүйеніп дәлелдеген. Құжатта 2023 жылғы 9 сәуірде Вертинскаяға сот-медициналық сараптама тағайындалып, оның денесінде қандай да бір жарақат табылмағаны айтылған. Одан бөлек, 2022 жылғы 13 қыркүйектегі сот психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша, Вертинскаядан қандай да бір психикалық ауытқу нышаны анықталмаған.

"Атып тастау керек сені". Атыраулық журналист өзіне тапсырыс берушіні іздейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:40 0:00

Істе тағы бір күмәнді жайт бар. Журналистен жәбірленуші мәртебесін алып тастау туралы шешім шыққанынан прокуратура мүлде бейхабар болған. Мұны бас прокуратура Вертинская арызданып барғанда оның өзінен естіген. Вертинскаяның айтуынша, облыс прокуроры Бауыржан Жұмақанов бұл жайт бойынша "тексеріс бастайтынын" айтқан.

– Кейін тексеріс басталғаны жөнінде хабар алдым. Қазір істі азаптау дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 146-бабымен антикор тергеп жатыр. Бірақ мен облыс прокурорынан 146-баптың 2-бөлігіне сәйкес қайта саралап, істі арнайы прокуратураға жолдауды талап етемін. 146-баптың 2-бөлігінде азаптаудан бөлек қорлау туралы айтылған. Баптың осы тармағымен істі қарау керек деп есептеймін. Сонда ғана әділ тергеу болады, – дейді Вертинская.

Олеся Вертинская істің материалдарымен жақында ғана прокуратурада болғанда танысуға мүмкіндік алғанын айтады. Үш томды іспен танысып, тергеу құпиясын жарияламау туралы қолхат берген. Бірақ ол іс соңына жетпей қала ма, оны тоқтатуға тағы да сылтау табылып қала ма қорқады. Оның мақсаты – әділдікке қол жеткізу, адамды, соның ішінде кәсіби қызметін атқарып жүрген журналисті азаптағандар жазасыз кете ме деп уайымдайды.

– Арыз жазғаныма 2024 жылдың 19 қаңтарында екі жыл болды. Екі жыл бойы кінәлілерді тауып, жауапқа тартуды талап етіп келемін. Олардың кім екенін білемін. Бүгінде менің ақпаратым бойынша олардың бірі қызметте жүр, бірі зейнетке шығып кетті. Олар тек тәртіптік жазаға тартылған деп естідім. Бірақ, кінәлілер әділ жазасын алуы керек, – дейді Вертинская.

КІСІ ӨЛТІРУ, АЗАПТАУ БОЙЫНША ЕШКІМ ЖАЗАЛАНБАДЫ, АЛ АЛАҢҒА ШЫҚҚАНДАР КІНӘЛІ ДЕП ТАНЫЛДЫ

Азаттық комментарий алу үшін хабарласқан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметі Вертинская ісінің үш рет тоқтатылып, қайта ашылғанын растады. Бірақ, іспен неге таныстырылмағанына қатысты сауалға жауап бермеді, тек ресми хат жолдау керегін ескертті. Ал облыстық прокуратураның баспасөз қызметі бүгінде "облыстық прокурутурада азаптау бабы бойынша бірде-бір іс жоқ" деп жауап берді.

Былтыр Қаңтар оқиғасына бір жыл толғанда Атырау облыстық прокуратурасы Азаттықтың ресми сауалына "Азаптау" дерегі бойынша 18 күдікті арызданғанын, 19 қаңтар 2022 жылы бұл арыздардың негізінде "азаптау" бабымен (Қылмыстық кодекстің 146-бабымен) тергеу басталып, 2022 жылғы 19 маусымда күдіктілер анықталмауына байланысты істің мерзімі өтіп кеткен" деп жауап берді.

Сонымен қатар, облыстық прокуратура дерегінше, Қаңтар оқиғасы кезінде Атырауда 8 адам оқтан жарақат алып, бір адам қаза болған. Марқұм 35 жастағы Алмас Берекенов 2022 жылдың 5 қаңтары күні облыс әкімдігі маңында басынан оқ тиіп, көз жұмған.

Тергеу органы "қылмыс құрамы жоқ" және "полицей оқ атып қорғанған" деген уәжбен 35 жастағы Алмаз Берекеновтің қазасынан соң қозғалған істі 2022 жылы тоқтатқан.

Облыс прокуратурасы жауабында полиция қызметкерінің салғырттығынан бір адамға оқ тигені айтылады: "2022 жылдың 7 қаңтарында Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігімен (салғырттық) сотқа дейінгі тергеу басталып, сол жылдың 15 наурызында Атырау қалалық №2 сотының қаулысымен Қылмыстық кодекстің 68-бабына сәйкес, яғни тараптар татуласуына байланысты іс тоқтатылған".

Басқа адамдардың жарақат алу фактісі бойынша да картина осыған ұқсас. "Жәбірленушілердің арыз-талабы жоқ болғандықтан" және "полиция қызметкерлері жаппай тәртіпсіздік кезінде қаруды Қазақстан Республикасының "Құқық қорғау қызметі туралы" заңына сәйкес қолданғандықтан" 2022 жылғы 8 шілдеде іс тоқтатылған.

Есесіне, Қаңтар дүрбелеңінде "жаппай тәртіпсіздікке қатысты", "билік өкіліне күш қолданды", "заңсыз қару иемденді" деп айыпталған 27 адам 9 айдан 3 жылға дейін жаза тағайындалды, бірақ процессуалдық келісім, рақымшылық және процесс кезінде қамауда я үйқамақта отырған бір күнін екі күн деп есептеп, жазадан босатылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG