Accessibility links

Тоқаев қатысқан құрылтайдан хабар таратуға барған Азаттық тілшісі тосқауылға тап болды


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) Ұлттық құрылтайда отыр. Атырау, 15 наурыз, 2024 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) Ұлттық құрылтайда отыр. Атырау, 15 наурыз, 2024 жыл.

Атырауда Азаттық тілшісін әкімдік шенеунігі Ұлттық құрылтай өтіп жатқан жерге кіргізбей қойды. Ал жай киім киген белгісіз біреулер журналистен видеоға түсірмеуді талап етті. Тілшіміз редакцияның тапсырмасы бойынша репортаж жасауға барған еді.

ТІЛШІНІ ТОРУЫЛДАҒАНДАР

15 наурызда Атырауда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтай отырысы басталатын көрме павильоны ғимаратына барған Азаттықтың осы облыстағы тілшісі Айнұр Сапарованы жай киім киген екі адам тоқтатып, жиын өтетін орынға өткізбей қойды.

Құрылтай қай жерде болатыны туралы ақпарат ең соңғы сәтке дейін еш жерде жарияланбады. Республикалық және аймақтық БАҚ журналистері жиынды құрылтай өтіп жатқан жерден басқа екі ғимараттан – Атыраудағы Абай орталығы мен Салтанат сарайындағы телеэкраннан көріп, тыңдады.

Құрылтай өтетін көрме павильонына Азаттық тілшісінің баруы жергілікті билік өкілдеріне күтпеген жайт болған сияқты. Жай киім киген белгісіз екі адам павильонды сыртынан видеоға түсіріп тұрған журналистің жұмысына килігіп, бөгет жасады.

Азаттық тілшісі Айнұр Сапарова өз аты-жөнін, қай басылымнан келгенін айтып, журналист ретінде кәсіби міндетін атқарып жүргендіктен жұмысына бөгет жасамауды өтінді. Сіздер кім боласыздар деген сұраққа әлгі адамдардың бірі "әкімдіктенбіз" деп шолақ жауап берді. Біреуі тілшімізден "құрылтай осы жерде өтетінін қайдан естідіңіз" деп, журналистен сыр суыртпақтауға тырысты.

Жай киім киген әлгі адамдар ғимараттың ішіне арнайы тізім бойынша кіргізіп жатқанын айтып, "бұл жерде видеоға түсіруге тыйым салынған" деп тұрып алды. Олар журналиске "егер видеоң желіге жарияланса, жауапқа тартыласың" деп мәлімдеді.

Олар бұл жерде видео түсіруге тыйым салатын қандай нормативтік-құқықтық акт барын айта алмады. Конституцияға сәйкес, кез келген адам заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген жолмен ақпарат алуға және таратуға құқылы. Қоғамдық орында адамдардың келісімін алмай-ақ видео мен фотоға түсіруге болатыны заңда жазылған.

Көп ұзамай ғимараттың ішінен Атырау облыстық әкімдігі өкілі Руслан Жұмағалиев шығып, тілшімізге сұрақ қойды. "Мұнда не істеп жүргеніңізді сұрау үшін шықтым", – деді ол.

Бір кезде журналистің жанына Атырау әкімі аппаратының жетекшісі Самат Емберген де келді, қасына қалалық ішкі саясат басқармасы жетекшісін ертіп алыпты. Емберген тілшімізден бұл жерге неге келгенін сұрап, "маған ілесіңіз" деп ишара қылды. Шенеуніктер журналисті күш қолданбай-ақ біртіндеп ығыстырып, жиын өтіп жатқан ғимарат аумағынан шығарып жіберді.

Азаттық тілшісі павильон территориясына қайта оралып, репортаж жазбақ болған еді, қасына әріптесін ерткен әкім аппаратының жетекшісі оған мүмкіндік бермеді. Емберген "барлық сұраққа жауап беретінін" айтып, Әбілқайыр хан көшесінің жаяулар өтетін бөлігіне тұрып алып, тілшінің талабын елемей, жолын кес-кестеді. Сапарова әкім аппараты жетекшісіне бұл іс-әрекеті журналистің кәсіби міндетін атқару құқығын бұзуға қоса оның еркін жүріп-тұру құқығын да шектеу екенін айтты. Емберген "бөгет жасап тұрған жоқпын" деп жауап қатты.

Ақыр соңында Сапароваға құрылтай өтіп жатқан ғимаратқа ондаған метр алысырақ жерде тұруға рұқсат етті.

Атырауда президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган – Ұлттық құрылтай жиыны өткен күні қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қаланың орталық көшелерінде полиция әдеттегіден көп екені байқалды.

БАҚ өкілдерінің көпшілігін жиын өтіп жатқан ғимаратқа кіргізбегенге ұқсайды. Аккредитациясы бар журналистер құрылтай жиынын көрме павильонынан бөлек екі ғимаратта отырып, телеэкраннан көріп, тыңдады. Әкімдік шенеунігінің сөзінше, аймақтақ БАҚ өкілдерін құрылтай өтіп жатқан жерден алыстағы Абай орталығы ғимаратына кіргізіп, олар жиынды сол жерден бақылаған.

АТЫРАУДАҒЫ ҚҰРЫЛТАЙДА ТОҚАЕВ НЕ АЙТТЫ

Ресми БАҚ пен жергілікті агенттіктер президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрылтайда сөйлеген сөзінен үзінділер жариялады. Мысалы, ол "Батыстың және басқа да ағымдардың ықпалымен мәдениетімізге жат құндылықтардың жетегінде кетпеуге тиіспіз" деді. Бұл сөзінде нақты нені меңзегенін тарқатып айтпады.

Бұған қоса Тоқаев "халқымыздың рухани негізін құрметтей отырып, мемлекетіміздің зайырлы ел ретіндегі мәртебесін күшейте түсуіміз керек" деді. Қазақстан өзінің мемлекеттілігіне және қоғамдық моралына қайшы келмейтін діни наным-сенімдердің, түрлі танымдар мен ілімдердің бәріне түсіністікпен қарайды деген президенттің сөзін келтіреді Ақорданың баспасөз қызметі.

"Бірақ біз Батыстың, я болмаса басқа да көзқарас иелерінің ықпалымен төл мәдениетімізге жат әрі әлемнің дуалистік негізіне кереғар құндылықтарды насихаттаушылардың жетегіне еріп кете алмаймыз, кетпейміз де! Деструктивті насихаттарға біздің еліміздегі балалар да ілесіп кетіп жүр. Сондықтан мұның зардап-залалы өте зор болуы мүмкін. Таразы басында өскелең ұрпақтың рухани жағынан сау-саламатты болу мәселесі тұр. Біздің осыған қатысты ұстанымымызға саяси ахуал да, жер жүзінде сәнге айналған жаңа үрдістер де әсер ете алмайды. Біз дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыра беруіміз қажет", – деп мәлімдеді Тоқаев.

Өз сөзінде президент "ислам қағидаларын өрескел бұрмалап, сірескен догма ретінде қабылдайтын отбасылардағы әйелді кемсіту, тіпті қорлау фактілеріне ерекше назар аударуға" шақырды.

"Ондай отбасылардың тұрмыс-тіршілігі ғылым мен техниканың жетістігіне толы XXI ғасырдың өмір салтына мүлде үйлеспейтін сорақы тыйымдар мен тәртіптерге негізделген. Кейбіреулер ортағасырлық ескі таным-түсінік пен іс-әрекетке әдейі кері тартатындай болып көрінеді", – деді Тоқаев.

Қазақстан президенті биылғы құрылтай жиыны Жошы ұлысының (Алтын Орда) негізі қаланғанына 800 жыл толған жылы өтіп отырғанын айтты. Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болғаны маңызды деді Тоқаев. Бұл орайда ол қазіргі уақытта шетелдің танымал мамандарын тарта отырып, Алтын Орданың тарихы мен әйгілі тұлғалары туралы көп сериялы деректі фильм түсіру үшін тиісті жұмыстар қолға алынғанын хабарлады.

Құрылтайға БАҚ өкілдерін кіргізбей, бөлек залда өткізу биыл ғана болып жатқан нәрсе емес. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті қызметіне келгелі бері өткен бес жылда ол қатысатын кездесулерге журналистердің кіруіне рұқсат етілген кездер некен-саяқ. Тоқаев ел аралағанда немесе астанада жиын-кеңестер өткізгенде әдетте БАҚ өкілдерін көзге түспейді. Кейінірек Ақорданың баспасөз қызметі әлгіндей шаралардан президент телерадиокешені қызметкерлері түсірген, бейнесі өңделіп, монтаждалған фотолар мен видеожазбаларды редакцияларға таратады. Тоқаевтың парламентте және басқа ірі шараларда сөйлеген сөзін журналистер әдетте басқа бөлмелерге қойылған телеэкраннан көріп, тыңдайды.

  • Тоқаев 2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік лауазымын өзіне табыстап кеткен соң елде болған наразылықтардан кейін "билік пен қоғам арасындағы диалогты дамыту" мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрған. Құрамына саяси партиялар мен азаматтық қоғам өкілдері кірген кеңес заң дайындап, саяси реформаларды жүргізуге атсалысады делінген. Бірақ көп ұзамай Бақытжан Бұқарбай, Мұхтар Тайжан, Арман Шораев сынды азаматтар кеңестің тиімсіздігін, саяси шешімдерге ықпал ете алмайтынын айтып, оның құрамынан шығып кеткен.
  • 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін осы кеңестің орнын Ұлттық құрылтай басып, құрамы бұрынғыдан да кеңейді. Тәуелсіз сарапшылар мен саясаткерлер оны "авторитаризм құралы", "шайқалған билікті нығайту әрекеті" деп сынға алды.
  • Алғашқы құрылтай 2022 жылы Ұлытауда, екіншісі 2023 жылы Түркістанда өткен. Екеуінде де журналистерді құрылтай өтіп жатқан залға кіргізген жоқ. Баспасөз өкілдері жиынды басқа бөлмедегі экраннан бақылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG