Accessibility links

"Жеңіс емес, Аза күні". Тұтқынға түсіп, Түркістан легионында болған ақын Мәжит Аятбек кім?


Неміс әскерінің қолына тұтқынға түскен қазақ жауынгерлері. Сурет Казбек Бейсебаевтың Facebook-парақшасынан алынды.
Неміс әскерінің қолына тұтқынға түскен қазақ жауынгерлері. Сурет Казбек Бейсебаевтың Facebook-парақшасынан алынды.

Азаттық радиосы совет идеологиясының құралына айналған негізгі оқиға – "Ұлы Отан соғысына" да, оның басты мерекесі – Жеңіс күніне де өзгеше баға берді, соғыс жылнамасындағы ақтаңдақтарды іздеді, 9 мамырдың атауы мен мазмұнын өзгертуге шақырды. Пропаганданың шеңберіне сыймаған ақындардың өмірі мен шығармашылығына да ықылас қойды.

"АТАЛАРЫМЫЗ ШЫНДЫҚТЫ АЙТТЫ ДЕП РЕНЖІМЕСІН..."

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Азаттық радиосы совет идеологиясы жазған тарихнаманы қайта қарап, жаңаша баға беруге көп ден қойды. Сондай тақырыптардың бірі – Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс мерекесі. Мәселен, 1994 жылы 8 мамыр күні эфирге шыққан хабар "Жеңіс емес, Аза күні" деп аталады. Оны әзірлеген – Азаттық журналисі, кейін Азаттықтың Қазақ қызметін басқарған Едіге Мағауин.

Онда автор Қазақстан бұл датаға басқаша баға беріп, оны азалы күн деп атап өтуі керек деген тұжырым жасайды.

"Тірі қалған адамдардың елге аман оралуына жол ашты демесек, қуанатын не бар?! Тәуба айтайық, бірақ төрттің үші сүйегі саудырап, жат жерде қалды. Жақыны өлмеген отбасы жоқ. Қуаныш емес, аза күні. Өткен аруақтарға ас беретін, Құран аударып, дұға оқитын күн. Сол соғыстың бел ортасында болған, тым құрыса, шет пұшпағын көрген, қазір қадау-қадау қалған ағарымыз бен аталарымыз шындықты айтты деп ренжімесін. От-жалыннан аман өтіп, туған топырағына оралған осы ардагерлер арқасында қазақ халқы қайтадан өсіп-өнді. Қайтадан ортамыз толды. Құрметтейміз, қадір тұтамыз. Ерлік қай заманда да бағалы" делінеді осы хабарда.

Азаттық радиосының 9 мамыр туралы мақаласы. "Жұлдыз" журналы. N3. 1997 жыл.
Азаттық радиосының 9 мамыр туралы мақаласы. "Жұлдыз" журналы. N3. 1997 жыл.

СССР – ТҮРІ ӨЗГЕРГЕН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫ

Хабар авторы советтік идеологияға қарсы шығып, соғыста миллиондаған азаматтың қаза табуына "сол кезде табынған үкімет басшысы" және "қазір де мақталып жүрген генералдар" кінәлі дейді. Бұған қоса, ол мереке "Ұлы Отан соғысы" деп аталуы да жаңсақ деп есептейді әрі СССР-ді "түрі өзгерген Ресей империясы" деп сипаттайды:

"... Қазақ кімді қорғады? Советтік отанды, социалистік құрылысты, отымыздың басын, болашақ ұрпақты қорғады дедік. Советтік Отан біздікі болмай шықты. СССР түрі өзгерген Ресей империясы еді. Оны қазір бала-шағаға дейін біліп отыр" деді автор Едіге Мағауин.

Оның айтуынша, совет өкіметі халықты түрмеге тоғытып, қан төгу жағынан фашистік Германиядан қалысқан жоқ.

"... большевиктер қарауындағы жұрттың саналы бөлігіне түгелімен түрме кесті. Миллиондаған адам азап шеккен және жаппай қырылған, кейінгі тарихта "ГУЛАГ архипелагы" аталған қанды базарлар ашты. Бұл арада қызыл фашизм мен қоңыр фашизмнің қайсысы озғанын нақты есептеп шығарудың өзі қиын..." деді автор.

Сталиннің тұсында "отанын сатқан азаматтардың" әйелдеріне арналған Ақмола лагері. 2011 жыл.
Сталиннің тұсында "отанын сатқан азаматтардың" әйелдеріне арналған Ақмола лагері. 2011 жыл.

Автор сол себепті бұл күнді Аза тұту күні деп атап өтуді ұсынады.

"[Майдангерлерге] туған жерден топырақ бұйырмады. Көбі көктей қиылды. Тұяқсыз кетті. Артына белгі тастағандардың өзі ұрпағын өсіріп, өмірдің қызығын көре алмады... Боздақтарды еске алайық. Жеті шелпек пісіріп, аруақтарға бағыштап, Құран оқиық. Бүгін – қазақ халқы қысымшылық заманда қаншама мың арысын оққа берген аза күні" деп аяқталады Азаттық радиосының 1994 жылғы Жеңіс күні қарсаңындағы хабары.

ТҮРКІСТАН ЛЕГИОНЫНДА БОЛҒАН АҚЫННЫҢ АЗАТТЫҚҚА ЖЕТКЕН ҚОЛЖАЗБАСЫ

Екінші дүниежүзілік соғыста нацистік Германия қолына түскен совет тұтқындары туралы совет елінде біржақты түсінік қалыптасты. Үнемі Сталинді дәріптейтін қоғамда олардың бәрі "Отанын сатқан опасыздар" атанды. Шын мәнінде, солардың көбі саясатпен де, соғыспен де ісі жоқ, режимнің құрбандары еді. Кейін соғыс аяқталғанда, елге оралғандарды совет мемлекеті қайта тұтқындап, ұзақ мерзімге соттаумен болды. Ал елінен дәм бұйырмай, Батыс елдерінде қалғандар қарапайым тіршілік кешті.

Неміс әскерінің қолына тұтқынға түскен қазақ жауынгерлері. Сурет Казбек Бейсебаевтың Facebook-тегі парақшасынан алынды.
Неміс әскерінің қолына тұтқынға түскен қазақ жауынгерлері. Сурет Казбек Бейсебаевтың Facebook-тегі парақшасынан алынды.

Солардың бірі – ақын Мәжит Аятбек. Нацистік Германия тұтқынында болған, Түркістан легионына тартылып аман қалған оның бүркеншік аты "Дара" болған. Мәжит Дара деп те айтады.

Совет Одағы атынан соғысқа қатысып, соңынан тұтқынға түсіп, Батыста қалған қазақ ақыны жалғыз Мәжит емес еді.

1995 жылы қазан айында эфирге шыққан хабарында Азаттық осы Мәжит Дараның өмірі туралы айтады. Оны соғыста тұтқында болған тағы бір ақын, Түркістан легионында "Сайран" атымен белгілі болған Хамза Абдуллин баяндайды. Ол Мәжит Аятбектің осы легионның саяси қанаты "Түркістан мелли бірлік" ұйымына қалай жұмысқа тұрғанынан бастап, одан көз жазып қалғанына дейін баяндайды.

Аудиожазба Хасен Оралтайдың Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы жеке қорында сақталған. Автор Батырхан Дәрімбет журналист Хасен Оралтайдың өзіне Мәжит Дараның қолжазбасын беріп жібергенін айтады. Ал бұл өлеңдер жинағын Оралтайдың қолына 1973 жылы Мәжит Дараның өзі табыс етсе керек.

"КАПИТАН ӨЛДІ – БІЗ ҚАЛДЫҚ..."

Фашистер тұтқынында болған Хамза Абдуллин 1945 жылы 3 ақпанда Мәжит Дарадан көз жазып қалады. 23 сәуірге дейін Берлин түрмесінде қамауда болған ол соғыс біткенде елге оралып, енді совет түрмесінде жатады. Ал Мәжит Дара тағдырдың айдауымен Германияға табан тіреп, кейін Түркияға көшеді.

Хамза Абдуллин Мәжит Дараның өлеңдері Мағжан поэзиясымен үндес екенін айтып тамсанады. Бір өлеңінде ол әлдебір "капитан" туралы астарлап жазады.

Біздер онда көп едік,

Талабы таудай, күші мол.

Капитан біздің деп едік,

Түнде түнек табар жол...

Капитан өлді – біз қалдық,

Дауыл соқты қаттырақ.

Патша болды бір тантық,

Басында тәж, асты – тақ...

Хамза Абдуллин ақынның "капитан" деп эмиграциядағы көрнекті қайраткер Мұстафа Шоқайды астарлап отырғанын айтады.

Азаттық радиосының эфирінен эмиграциядағы қазақ әдебиетінің кейбір үлгілері 70 жыл бойы беріліп тұрған. Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түсіп, соңынан Түркістан легионында болған ақындар мен олардың шығармалары туралы әлі де айтылатыны анық. Бұл істе Азаттық радиосының архивіндегі деректер өте құнды жәдігер бола алады.

Бұл радиохабарлардың үзінділерін, "Дара" атанған Мәжит Аятбектің бірнеше өлеңін "Азаттық радиосы – 70 жыл" аудиоподкасының бүгінгі эпизодынан тыңдай аласыздар.

"Жеңіс емес, Аза күні". Мерекенің мәні және эфирде оқылған Шоқай туралы өлең
please wait

No media source currently available

0:00 0:25:40 0:00

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG