Accessibility links

"420 мың еді, 580 мың болды". Тұрғын үй бағасы Тоқаевтың "тапсырмасына" бағынбай тұр


Нұр-Сұлтан қаласында жаңадан салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйлердің бірі. 9 ақпан 2021 жыл.
Нұр-Сұлтан қаласында жаңадан салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйлердің бірі. 9 ақпан 2021 жыл.

Қазақстан билігі азаматтарға зейнетақы қорындағы жинақ қаржысын мерзімінен бұрын алуға рұқсат бергесін, сатып алатын пәтер іздеген мыңдаған адам құрылыс компанияларын жағалай бастады. Тұрғын үй бағасы да лезде шарықтап кетті. Салымшылар шағымы ел президентіне жетті. Қасым-Жомарт Тоқаев "үй бағасын ұстап тұру үшін қажет шаралар қабылдауды" тапсырды. Бірақ әзірге одан қайыр жоқ: баға күн сайын өсіп, зейнетақы қорындағы қаржы құнсызданып барады.

2021 жылғы 23 қаңтарынан бастап Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бастамасымен азаматтар зейнетақы қорындағы қаржысын мерзімінен бұрын алуға өтініш бере бастады. Бірінші күннің өзінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) 10 мыңнан астам өтініш түскен. Өтініш беретіндер күн сайын көбейіп келеді. Бағдарлама операторы ретінде "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" таңдалған. Банк ақшаны онлайн алуға мүмкіндік беретін, өтініш тіркеуге арналған арнайы портал ашқан. Порталға кіретін адамның көптігінен платформа жұмысында ақаулар байқалғанымен, салымшылар жинақ ақшасын алып жатыр.

5 ақпандағы мәлімет бойынша, БЖЗҚ 57 322 өтінішті мақұлдаған. Олар бойынша жалпы көлемі 314 млрд теңге берілмек.

Өтініш берген кезде жаңа тұрғын үй кешеніндегі пәтердің шаршы метрі 420-450 мың теңге еді, қазір 580 мың теңгеге жетті. Мұндай бағамен бізге ипотека беретініне күмәнім бар.

– Күйеуім екеуміз 10 млн теңгеге жуық қаржы жинаппыз. Жиналған ақшаны қордан алып, ипотека аламыз деп шештік. БЖЗҚ қосымшасы арқылы ақшаның бір бөлігін шешіп алуға болатынын көріп, enpf-otbasy.kz. сайтына кіріп, өтініш толтырдық. Ешқайда барудың қажеті жоқ, электронды сандық қолтаңбаның көмегімен бәрін онлайн жасауға болатыны қуантты. Өтініш беруге он минут уақыт кетті. Бірақ содан кейін ұзақ күтуге тура келді. БЖЗҚ-ның теп жауап беруге шамасы келмей жатқан сияқты. Бірақ бәрінен де ақша түскенге дейін бағаның өсіп жатқаны алаңдатады. Өтініш берген кезде Бостандық ауданындағы жаңа тұрғын үй кешеніндегі пәтердің бір шаршы метрі 420-450 мың теңге болған. Қазір ол 580 мың теңгеге жетті. Мұндай бағамен бізге ипотека беретініне күмәнім бар, – дейді Алматы тұрғыны Марфуға (өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді).

Қазір Қазақстанда осындай жағдайға тап болғандар аз емес. Жақында олардың арыз-шағымы Қазақстан президентіне жеткен.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

– Жылжымайтын мүлік нарығында бағаны ұстап тұру үшін қажет шаралар қабылдау керек. Жылжымайтын мүлік бағасы өсіп жатқаны туралы барлық жерде жазып жатыр. Мемлекеттік органдар халық пен құрылыс компанияларына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нарықтағы алыпсатар операцияларды тоқтатуы керек. – деді 26 қаңтарда өткен үкімет отырысында президент Тоқаев.

Ол министрлер кабинетіне екі апта ішінде тұрғын үй саясатын жетілдіру бойынша жаңа ұсыныстар пакетін әзірлеуді тапсырды.

Бірақ бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев орнына қалдырған Тоқаевтың президент қызметінде болған бір жарым жылында қазақстандықтар президенттің уәдесі мен елдегі шынайы жағдайдың арасында алшақтық көп екені бірнеше рет байқалған. Мысалы, Тоқаев "еститін мемлекет" концепциясын жариялап, "саяси бәсеке" қалыптастыруға уәде берген еді. Бірақ елде билікке қарсы пікір айтқан азаматтар әлі де қудалауға ұшырайды. Ал жақында өткен парламент сайлауында мәжіліске биліктегі "Нұр Отан" партиясы мен жұрт арасында "Нұр Отанның филиалдары" аталып кеткен билікті жақтайтын екі партияның өкілдері ғана өтті.

"НАРЫҚҚА ҚАЙШЫ" ТАПСЫРМА

Қазақстан риелторлары бірлескен қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко түсіндіру жұмыстарын халықтың барлық тобына және келісімшартқа отырушы барлық тарапқа, яғни үй сатып алушылар мен сатушыларға бірдей жүргізу керек деп есептейді. Ол тұрғын үй бағасының өсуіне ақпарат құралдарындағы материалдар себеп болып отыр деген пікірде.

Нина Лукьяненко.
Нина Лукьяненко.
Адамға пәтеріңді қымбатқа сатпа деп қалай шарт қоясыз? Бұл оның конституциялық құқығы

– Үкіметтің жоғарыдан келген тапсырмасын бір әдіспен – нарыққа жұрттың шамасы жететін бағадағы баспана ұсынумен ғана жүзеге асыруға болады. Үкімет мұндай қадамға бара алмаса, мүлік иесін сұранысқа ие пәтеріне бағаны көтермей ұстауға қалай көндіруге болады? Адамға пәтеріңді қымбатқа сатпа деп қалай шарт қоясыз? Бұл оның конституциялық құқығы ғой, – дейді Нина Лукьяненко.

Оның айтуынша, мемлекет халыққа жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржысын алуға мүмкіндік беріп, жылжымайтын мүлік нарығына ақша құю арқылы неге бұлай жасап отырғанын және оның қандай салдары болуы мүмкін екенін түсінуі керек.

– Мүмкін құрылыс компанияларының бағаны көтеру мүмкіндігін шектейтін шаралар бар шығар. Бағаны ұстап тұратын негізгі фактор – нарыққа жұрттың сатып алуға шамасы жететін бағадағы пәтер ұсыну. Бірақ бұл әзірге мүмкін емес. Нарықта ондай баспана өте сирек кездеседі және көбіне белгілі бір топ өкілдеріне ғана беріледі, – дейді Нина Лукьяненко.

"5-10-20" мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысының баяу жүріп жатқанын Тоқаевтың өзі де айтқан. Жоғарыда аталған үкімет отырысында президент "Бұл бағдарлама аясында өңірлерде несиеге берілетін қолжетімді тұрғын үйлер салынып жатыр. Бірақ бағдарламаны жүзеге асыру қарқыны төмен. 9,5 мың пәтер ғана пайдалануға берілген немесе жоспардың 56 пайызы ғана орындалған" деді.

Қаржыгер әрі экономист Мұрат Темірханов мемлекет басшысының тапсырмасы "нарыққа қайшы екенін" айтады.

– Осындай бір тапсырманың өзі нарыққа қысым жасалатынын білдіреді. Шенеуніктер тағы да әкімшілік-басқару жолымен, нарыққа жат әдістермен бағаны ұстап тұруға тырысады. Мүмкін оларға қоқан-лоқы көрсетіп не субсидия тарататын шығар, – дейді Мұрат Темірханов.

Бізде жаңа тұрғын үйлер нарығы толықтай мемлекеттің иелігіне айналды. Жаңа ипотеканың бәрі бюджеттен субсидия бөлу арқылы іске асырылады.

Сарапшының пікірінше, қазір экономиканың бұл секторын "мемлекеттің иелігіне" айналдыруға тырысып жатыр.

– Бізде жаңа тұрғын үйлер нарығы толықтай мемлекеттің иелігіне айналды. Жаңа ипотеканың бәрі бюджеттен субсидия бөлу арқылы іске асырылады. Дамыған батыс елдерінің тәжірибесіне қарасақ, ол жақта мұның бәрі таза нарық қатынасына жатады. Мемлекет бұл нарықтан шығуы керек. Ол құрылыс компаниялары мен ипотека бағдарламаларына үздіксіз субсидия бөле алмайды. Мені мемлекеттің нақты бағдарламасы мен бұл мәселеде ұзақмерзімді бағдарының жоғы алаңдатады, – дейді сарапшы.

"ДЕМЕК НАРЫҚТАН ТЫС ӘДІСТЕРДІ ДЕ ҚОЛДАНУ КЕРЕК"

Қазақстандық жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсірепов қазір қолда бар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары мен ипотека алушыларға субсидия бөлу арқылы бағаны ұстап қалуға болады деп есептейді.

Ермек Мүсірепов.
Ермек Мүсірепов.

– Жақсы, әрине, тұрғын үй нарығына зейнетақы қаржысы құйылды. Бірақ тұрғын үй алуға арналған мемлекеттік бағдарламаларды енгізерде оларды жіті тексеріп, салдарын болжау керек. Азаматтар көбіне несиеге немесе зейнетақы қаржысына сатып алатын жылжымайтын мүліктің төртінші санаты бойынша (эконом-класс) шаршы метр бағасының шекті мөлшерін бекітіп, жағдайды реттеуге болады. Бірақ бұл шарт тұтынушының ғана емес, құрылыс компаниясының да көңілінен шығуы керек. Сонымен қатар көші-қон статистикасын азайту үшін өңірлерде көбірек тұрғын үй салу қажет, – дейді Ермек Мүсірепов.

3 ақпанда мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов премьер-министр Асқар Маминге барлық мемлекеттік ипотека бағдарламалары бойынша шаршы метрдің шекті бағасын бекітуді ұсынды.

Бірақ федерация басшысы Мүсіреповтың айтуынша, қайта сатылатын жылжымайтын мүлік нарығын "бақылауда ұстау қиын".

Қайта сатылатын үйді алушылар мен сатушылар дабыра туғызып, соның салдарынан баға өсіп жатыр.

– Азаматтарға айтудан пайда жоқ. Мемлекет тарапынан баға индексін реттеуге болады. Сонда нарықта шаршы метрдің объективті бағасы шығады. Қайта сатылатын үйді алушылар мен сатушылар дабыра туғызып, соның салдарынан баға өсіп жатыр. Бағаны ұстауға тырысқан дұрыс, өйткені бізде жаңа үйдің де, қайта сатылатын жылжымайтын мүліктің де бағасы жоғары. Бұл баға мүліктің шынайы бағасына сай емес, – дейді ол.

Мүсіреповтің сөзінше, 2020 жылдың желтоқсаны мен 2021 жылдың қаңтары аралығында бір шаршы метрдің бағасы орташа есеппен алғанда 10 пайызға өскен.

Қазақстандағы ресми статистика бұдан өзгеше деректер ұсынады. Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің ұлттық статистика бюросының дерегінше, қаңтарда желтоқсан айымен салыстырғанда қайта сатылатын үйлер нарығындағы баспана бағасы бес пайызға, жаңа үйлердегі пәтер бағасы үш пайызға өскен.

Krisha.kz сайтының сарапшылары 2020 жылы тұрғын үй нарығындағы орташа баға 17,2 пайызға өскенін айтады.

Қаржыгер Расул Рысмамбетов президент тұрғын үй бағасын ұстап тұруға тапсырма берсе, мұны жүзеге асыру "қиын емес" деп санайды. Сарапшының пікірінше, ол үшін тұрғын үйдің өз бағасын, оның ішінде шеттен әкелінетін материалдарға кеткен шығынды есептеу керек.

Расул Рысмамбетов.
Расул Рысмамбетов.

– Тұрғын үйді зейнетақы қаржысына ипотекаға сататын құрылыс компаниялары өзінің қаржы есебін, оның ішінде мемлекеттен алатын қаржысы мен қарызы туралы деректерді жариялауы керек. Сол кезде нарықта бірден ақылға қонымды баға пайда болады. Жақсы бәсеке туады. Сұраныс пен ұсыныс заңы бар. Құрылыс кезінде белгілі бір құрылыс материалының бағасы өсуі мүмкін. Бұл жерде ешкім ештеңе істей алмайды. Бұл – нарық заңы, – дейді Рысмамбетов.

Қаржыгер мемлекет тарапынан "нарықтан тыс шаралар" болуын қолдайды, бірақ күш қолдану әдісіне жол беруге болмайтынын айтады.

"МҰНДАЙ МӘЛІМДЕМЕЛЕРДІҢ АРТЫНДА ШЫНАЙЫ ӘРЕКЕТ ТҰРҒАНЫН КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ"

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов президенттің кезекті тапсырмасына күмәнмен қарайды. Ол тәуелсіздік жылдары елде еркін нарық экономикасы құрылмағанын, биліктің "қолмен басқару" режимінде жұмыс істеуінен мемлекет басшысына барлық салаға араласуға тура келетінін айтады.

Шалқар Нұрсейітов.
Шалқар Нұрсейітов.

– Тоқаев Назарбаевтың президентті елдегі барлық салаға араластыратын авторитарлы басқару стилін жалғастырып келе жатыр. Тәуелсіздік жылдары билік советтің жоспарлы экономикасынан еркін капиталистік экономикаға өткенімізді қайталаумен болды. Қазір тұрғын үй бағасын реттеуге тырысу бізде нарық жоғын және экономикамыздың қолмен басқарылатынын білдіреді, – дейді Шалқар Нұрсейітов.

Саясаттанушы бағаны ұстап тұру туралы тапсырма "халықтың құлағына жеткізу үшін ғана берілген" деп санайды.

– Яғни, Тоқаев мұны құр айту үшін ғана айтқан. Осыған дейін мұндай мәлімдемелердің артында шынайы әрекет тұрғанын көрген жоқпыз. Ал кері әсерді көрген кезде билік жауапкершілікті қол астындағыларға ысыруға тырысты. Бұл бізде саяси жауапкершілік жоғын көрсетеді. Жетістіктің бәрі мемлекет басшысына, ал қателіктер билік иерархиясында төменгі орындарда тұрған адамдарға бұйырады, – дейді ол.

Нұрсейітов мұндай басқару саясаты "патша жақсы, оның қол астындағылар жаман" дейтін Қытай немесе Ресей сияқты авторитар елдерге тән деп есептейді.

Әдетте мұндай мәлімдемелер жұрттың назарын уақытша басқа нәрсеге бұрып, наразы көңіл-күйді басып, тыныштандыру үшін ғана жасалады

– Өкінішке қарай, Қазақстанда саяси жүйе өзгермейінше мұндай тәжірибе жалғаса береді. Қарапайым халықтың өзі президент айтса, оны орындау керегін түсінеді. Бірақ қалыпты өркениетті қоғамда президент мұндай мәлімдеме жасамас бұрын оның командасы мен сала мамандары бәрін екшеп-есептеп, шешімнің әлеуметтік-экономикалық салдарына болжам жасауы керек. Бізде алдын-ала зерттеулер жүргізілмейді. Әдетте мұндай мәлімдемелер жұрттың назарын уақытша басқа нәрсеге бұрып, наразы көңіл-күйді басып, тыныштандыру үшін ғана жасалады, – дейді саясаттанушы.

Президентке тікелей бағынатын, монополиялық қызметті бақылап, бәсекені қорғау және дамыту жөніндегі агенттік Азаттыққа индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне хабарласуға кеңес берді. Бірақ осы министрліктің баспасөз қызметі президент тапсырмасын орындайтын салалық ведомствоны премьер-министрдің кеңсесі әлі бекітпегенін хабарлады.

Азаттық астанадағы алты ірі құрылыс компаниясына хат жазып, президент Тоқаевтың мәлімдемесіне байланысты пікір сұрады. Редакцияның хатына тек BI Group компаниясы ғана жауап берді.

Нұр-Сұлтанда жаңадан салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үй. 9 ақпан 2021 жыл.
Нұр-Сұлтанда жаңадан салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үй. 9 ақпан 2021 жыл.

Компания жауабында "Жылжымайтын мүлік бағасын есептеп шығару девальвация сияқты экономикалық жағдайды қосқанда, көп факторға байланысты. Бұл өз кезегінде құрылыс және әрлеу жұмыстарына пайдаланылатын материалдардың қымбаттауына әсер етеді. Жобаның өзіндік құнының негізгі бөлігін құрылыс материалдарына кететін шығын құрайды" делінген.

BI Group дерегінше, "бес жылда құрылыс компаниясының тұрғын үй салуға кететін шығыны 83 пайызға, ал дайын үйдің бағасы небәрі 22 пайызға ғана өскен".

– 2016-2020 жылдар аралығында бетон (М350) мен жылуды ұстап тұруға арналған материалдың (П50) бағасы 57 пайызға өсіп, газоблок 52 пайызға, цемент 72 пайызға, арматура (АЗ д.14-32) 150 пайызға қымбаттады, – деп хабарлады құрылыс компаниясының баспасөз қызметі.

"Түсіндіру жұмыстары жүрді ме, онда не айтылды?" деген сұраққа компания жауап берген жоқ.

Елде пәтер тағы қымбаттады. Не себеп?

Елде пәтер тағы қымбаттады. Не себеп?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:51 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG