Accessibility links

Қазақстан интернеті неге төтенше жағдайға дайын болмады?


Коронавирус елдімекендерді интернетпен қамту мен жылдамдығын күшейту мәселесі әлі күнге шешілмегенін көрсетті. Білім министрлігі жоспарлаған онлайн сабақ өтпей қалды. Әлеуметтік көмекке керек құжаттарды қабылдайтын ресми сайттар қимылсыз қалды. Сарапшылар «билік интернет туралы ертерек ойлануы керек еді» дейді.

«ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДА ОТЫРМЫЗ»

Ресми мәліметке қарағанда Қазақстан халқының 70 пайызы интернетпен қамтылған және Қазақстан әлемдегі интернет бағасы арзан елдер қатарына кіреді. Монополист-компания саналатын «Қазақтелеком» кең жолақты байланыс нарығының 85 пайызына иелік етеді.

«Қазақтелеком» компаниясының инновациялар жөніндегі директоры Нұрлан Мейірманов жақында profit.kz басылымына берген сұхбатында коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген карантинді меңзеп, «әлемдегі бірде-бір оператор мұндай жағдайға кезікпеген» деді. Оның айтуынша, желінің өткізу қабілеті бір мезетте желіні абонеттердің тек бір бөлігі пайдаланады деген есепке сүйенеді.

Қазір үйде карантинде отырып, интернет-трафикті бір мезетте қолданатын адамдар еселеп көбейген. Қазір интернет-провайдерлер қолданушылар интернет жұмысындағы ақауларды байқамауы үшін сыртқы каналдар көлемін кеңейтуге күш салып жатыр.

— Адамдар «ауыр» видеоконтент көруге үйренген. Бәрі онлайн-кинотеатрлардан фильмдер, YouTube, Одноклассники, VK желілерінен видеолар көреді. Стрим (видео немесе аудио-контентті жүктемей пайдалану әдісі – Ред.) мен видео-мәліметтер ұсынатын желілерде жүктеме жоғары. Бұл мәліметтің бәрін желі арқылы өткізу керек. Сондықтан қазір төтенше жағдайда отырмыз, — деді ол.

Елдің сыртқы және ішкі трафигі де интернет жылдамдығы мен сапасына әсер етеді. Сервері басқа мемлекетте орналасқан шетелдік сайттар мен қосымшалар сыртқы трафикке жатады.

Қазақстан ішіндегі интернет желілер сыртқы трафиктерге қосылғанда, олардың өткізу қабілеті шектеулі болады. Шетелдік трафик көлемі артса, мәліметтер пакетін жіберу мен қабылдауға көп уақыт кетеді.

Бірқатар сарапшы бұл мәселе мектеп оқушыларының Zoom видео-конференциясы арқылы онлайн оқуға дайындығы кезінде туған деп есептейді. 2011 жылы құрылған компанияның штаб-пәтері Калифорния штатындағы Сан-Хосе қаласында орналасқан.

«35 МИЛЛИАРД ЖҰМСАЛҒАН ЖОБА»

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, сәуірдің 1-і күні Zoom платформасы арқылы өткізбек болған онлайн сабақ тәжірибесі көп қиындыққа ұшыраған.

— Бүкіл ел аумағында онлайн-стриминг арқылы қосылу мүмкін емес. Қазіргі мәселелер шешілмей тұрып, бұл тиімсіз болады. Көп ата-ана, көп мектеп видео-конференцияға қосыла алмағанын, қосылса да, байланыс үзіліп кеткенін көрдік. Елдегі интернет 2,5 миллион баланың тікелей эфирге шығып, онлайн жүйе арқылы оқуына жарамайтынын түсіндік, — деді министр.

Аймағамбетов оқушыларды оқытуға басқа механизмдер қолданылатынын айтты. Министр мектептерге оқушылармен байланыс орнату үшін электронды пошта, мессенджерлер мен «Күнделік» ұлттық жүйесін қолданып, теледидар мен радио арқылы сабақ өтуді ұсынды.

Цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев те «қазір Zoom сияқты стриминг жүйелерімен оқу мүмкін еместігін» растады.

Цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев
Цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев

Қазақстандық оқыту жүйелері тек ішкі трафик желісін пайдаланып, сыртқы каналға түсетін жүктемені азайтуға көмектеседі.

Құқық қорғаушы және Қазақстандағы интернет ресурстарға қолжетімділікті шектеу туралы зерттеудің авторы Елжан Қабышев «Осыған ұқсас оқыту жүйесі бұрын да ұсынылған, бірақ нәтиже бермеген», - деді. Ол 2011-2015 жылдары білім және ғылым министрлігі енгізген E-learning жүйесін меңзеді.

— 2017 жылдың қорытындысы бойынша есеп комитеті 35 миллиард теңге жұмсалған жоба білім және ғылым министрлігі мен жергілікті атқару органдарының оқу процесін ұйымдастыруға қажетті кең жолақты интернет қосып бере алмағаны үшін сәтсіз аяқталды деген байламға келді, — дейді Қабышев.

ОТАНДЫҚ БАЙЛАНЫС ЖҮЙЕСІ ҚАЙДА?

Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығының директоры Арман Абдрасиловтің пікірінше, «қазақстандықтардың көп бөлігі шетелдік сервистерді қолданғаннан» карантин кезінде интернет жылдамдығы мен сапасы нашарлаған.

— Мемлекет әлдеқашан видеоконференцияға арналған отандық байланыс жүйесін жасап шығарып, осындай жағдайларға дайын болса, қазір соны пайдаланар еді. Сонда мәселе тумас еді. Билік шетелдік жүйелерді қолданып, тығырықтан шығамыз деп үміттенген. Бірақ олар да мұндай жүктемеге дайын болмай шықты, — дейді Zoom видеоконференцияға арналған байланыс жүйесін меңзеген Абдрасилов.

Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығының директоры Арман Абдрасилов
Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығының директоры Арман Абдрасилов

Абдрасилов мұндай жүйелерді қолдану қаупі туралы айтқанда, «шетелдік сервистің бәрі бірінші кезекте коммерциялық» деп, ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне назар аударды.

— Олар жеке деректер мен ақпараттардың ұрланбауы үшін қажет қауіпсіздікті қамтамасыз етуі мүмкін. Қазір карантинге байланысты мемлекеттік органдар, депутаттар, үкімет осы жүйені пайдаланып отыр. Олар кейде жабық жиындар өткізеді. Мұндайда қауіпсіздік мәселесі ерекше маңызға ие бола бастайды, — дейді ол.

Сәуір айының басында Zoom басшысы Эрик Юань жүйедегі ақаулар үшін көпшілік алдында кешірім сұрады. Оған дейін Zoom желісіндегі видеоконференцияларға белгісіз адамдар қосылғаны байқалған. Кейбір адамдар конференцияларды бұзып, экранда порно-видео көрсеткен. Сондай-ақ Zoom қолданушылар туралы деректі Facebook компаниясына берген болуы мүмкін деген дерек шыққан.

Юань бұл мәселелерге қолданушылар санының күрт өсуі себеп болуы мүмкін екенін айтты. Мәселен, желтоқсан айында Zoom қосымшасын 10 миллиондай адам қолданса, сәуір айында қолданушылар саны 200 миллионға жеткен. Қауіпсіздік мәселесі мен жүйедегі ақауларға байланысты, АҚШ-тың бірнеше штатындағы мектептер Zoom жүйесін білім беру мақсатында қолданудан бас тартты.

Ұлыбритания министрлер кабинетінің Zoom видео-конференциясы арқылы өткен жиыны.
Ұлыбритания министрлер кабинетінің Zoom видео-конференциясы арқылы өткен жиыны.

«Еркін интернет үшін!» қозғалысының негізін салушылардың бірі, интернетті реттеу мәселесін көтеріп жүрген белсенді Дмитрий Щелоков билік интернет бәріне бірдей керек болатын уақыт келеді деп ойламағанын айтады.

— Билік қолданушы аз болған сайын, мемлекеттегі тұрақтылық жоғары болады деген ұстанымға сүйенген. Енді көп ұжым қашықтан жұмыс істеуге, оқушылар мен студенттер онлайн оқуға көшкенде бұл мәселе айқын көріне бастады,— дейді Щелоков.

«БӘРІ БІР МЕЗГІЛДЕ ЖЕЛІДЕ»

Қазақстандық интернет-провайдерлер интернет сапасы мәселесіне байланысты пікір білдірді.

Қазақстандағы ірі байланыс операторларының бірі «Beeline Қазақстан» компаниясының баспасөз қызметі желінің өткізу қабілетін арттыру үшін бірқатар шаралар қолға алынғанын мәлімдеді. «Beeline Казахстан» компаниясының Азаттыққа жіберген жауабында:

«Қала аралық каналдарды кеңейту бойынша жұмыс жүргізіліп, интернетке қосылуға арналған сыртқы каналдар кеңейтілді. Мобильдік желі мен үйдегі интернетке арналған IP желі ядроларын модернизациялау аяқталды. Азаматтарды трафик қолданысына жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Қазір желі жүктемеге шыдас беріп тұр, біз оның қызметін білім ресурстарына толықтай шектеусіз трафик болған кезде де қамтамасыз етеміз», — делінген.

«Қазақтелекомның» баспасөз хабарламасында компания желісіндегі деректерді жіберу трафигі 20 пайызға өскені жазылған.

— Трафиктің артуына әсер еткен себеп ретінде белсенді қолданушылар сессиясы мен желіге жаңадан қосылғандар саны артқанын білдіретін «бәрі бір уақытта желіде» деген феноменді атай аламыз, — дейді «Қазақтелеком» компаниясының инновациялар жөніндегі директоры Нұрлан Мейірманов.

Сәуірдің 7-сі күні елдегі интернет сапасы мен жылдамдығының нашарлауына байланысты пікір білдірген цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дарын Тұяқов Қазақстан пандемиядан интернет-желісінің жаңартылған инфрақұрылымымен шығатынын айтты.

— Қазақстанда интернет жүктемесі жаңа жылдағы көрсеткіштен екі есе артты. Қазір қолда бар резервтің 25 пайызы іске қосылған. Алдағы уақытта бұл жағдайдан жаңа инфрақұрылым және жаңа шешімдермен шығамыз. Нұр-Сұлтан әкімдігі мен байланыс операторлары базалық станцияларын салып жатыр. Алматыда да осындай жұмыс басталған. Сигнал сапасы біршама артады,— деді брифингте сөйлеген вице-министр.

Төтенше жағдай жарияланып, көп ұзамай бірнеше қала мен елдімекендерде карантин жарияланған соң интернет жылдамдығының жеткіліксіз екені айқалды. Халыққа қызмет көрсету орталықтары жабылған соң, мемлекеттік қызмет түрлерін онлайн алуға тырысқан миллиондаған адам Еgov.kz сайтына ағылып, нәтижесінде электронды үкімет порталы жұмысында ақаулар көбейді.

Артынша төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған адамдарға берілетін 42500 теңге көлеміндегі жәрдемақы бойынша жаппай өтініш қабылдайтын Еnbek.kz электронды еңбек биржасы істемей қалды. Халық шағымынан соң, аталған екі сайт та бірнеше күннен кейін қайта іске қосылды.

Сәуірдің 1-і күні білім және ғылым министрлігі мектеп оқушыларымен онлайн-сабақ өткізбек болды. Бірақ мұғалімдер мен оқушылар желіге дұрыс қосыла алмаған соң онлайн-сабақтан бас тартып, оның орнына тікелей видео-байланысты қажет етпейтін қашықтан оқытуға кірісті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG