Accessibility links

Қазақтардың батылдығы Астананы "дипломатиялық тығырыққа" тіреді


Қытайдың аз ұлттарға жасап отырған қысымына қарсы Нью-Йоркте өткен этникалық қазақтар акциясы. Олар Сайрагүл Сауытбайды Қытайға қайтармауға шақырған. АҚШ, 5 ақпан 2019 жыл.
Қытайдың аз ұлттарға жасап отырған қысымына қарсы Нью-Йоркте өткен этникалық қазақтар акциясы. Олар Сайрагүл Сауытбайды Қытайға қайтармауға шақырған. АҚШ, 5 ақпан 2019 жыл.

Осы аптада әлемдік деңгейдегі бірнеше басылым Шыңжаңдағы адам құқықтарының бұзылуы және ондағы "саяси үйрету лагерлері" туралы айтуға батылы барған этникалық қазақтар туралы жазды. Ақпарат құралдарының жазуынша, Астана стратегиялық әріптесі – Пекиннің экономикалық мүдделері мен ел ішіндегі Қытайдың саясатына қарсы наразылық арасында тепе-теңдік сақтай алмай, қиналып отыр.

АСТАНАНЫҢ БАСЫНА ТҮСКЕН АУЫРТПАЛЫҚ

Америкалық Foreign Policy журналы "Қытайдағы қамау лагерлері туралы айтқан қазақтардың аузын жаба алмайды" деген тақырыппен көлемді мақала жариялады. Онда Шыңжаңда болып жатқан оқиғалардың кесірінен Астананың екі оттың ортасында қалғаны туралы айтылады.

"Қытайдағы басшыларға бұл ұнамаса да", сол елдің солтүстік-батысындағы аймақта саяси қайта тәрбиелеу лагерлерінде қамауда жатқан туыстары туралы айтуға батылы барған қазақтар саны артып келеді.

Этникалық қазақтардың мәлімдемелерінен кейін Қазақстан басшылығы “қыл арқанның үстінде тұрғандай” тепе-теңдікті сақтауға мәжбүр. Олар “бір жағынан өзінің стратегиялық, экономикалық және саяси әріптесі – Пекиннің көңілін табуға тырысса, екінші жағынан көршілес Қытайдағы туыстары мен жақындары үшін күресіп жатқан халықтың ашуын басуға тиіс” деп жазды Foreign Policy.

Қытайда ата-анасы қалған балалар. (2 қараша 2018 жыл):

Журналдың жазуынша, Қазақстан үкіметі Қытайды сынап, Шыңжаңдағы "қайта тәрбиелеу лагерлері" туралы ашық мәлімдеме жасаудан тайсақтап отыр. Дегенмен "сахна сыртында қазақ дипломаттары өз азаматтары мен Қазақстанмен байланысы бар этникалық қазақтарды босату бойынша барған сайын белсенді жұмыс істеп жатыр".

Foreign Policy тілшісі "лагерде" болғандар мен туыстары Шыңжаңда қамауда жатыр деген Қазақстандағы 60 адамнан сұхбат алған. Олардың айтқандарынан "лагерлердің жойқын әсері мен халықтың қатты наразылығы" байқалады.

Қытайдың Шыңжаң аймағынан көшіп келген қазақ отбасылары "саяси үйрену орталығында" қамауда отырған туыстарын босатуға араша сұрап, Германия консулдығына барған сәт. Алматы, 4 қазан 2018 жыл.
Қытайдың Шыңжаң аймағынан көшіп келген қазақ отбасылары "саяси үйрену орталығында" қамауда отырған туыстарын босатуға араша сұрап, Германия консулдығына барған сәт. Алматы, 4 қазан 2018 жыл.

Журналға берген сұхбатында Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро сарапшысы Андрей Гришин "Біздің үкімет Қытайға тәуелді, бірақ олар қоғамдық пікірмен де санасады. Енді ол екі [фактор] арасында тепе-теңдік таба алуы керек" деген.

Шыңжаңда қамауға алынған этникалық қазақтар саны артты деген ақпарат тараған сайын “Астана тағы бір жаппай наразылыққа ұласып кетеді-ау деген кез келген “өртті” болдырмауға тырысып отыр” деп жазды Foreign Policy.

Қытайдағы туыстарын іздегендер тағы жиын өткізді (22 қараша 2018 жыл):

Foreign Policy журналына сұхбат берген Орталық Азия бойынша сарапшы, Гарвард университетінің аға ғылыми қызметкері Наргис Касенова "Қазақстанға Қытай инвестициясы қажет, сондықтан үкімет бұл мәселені сыртқа ысырып қояр еді, бірақ ол үлкен мәселеге айналып барады. Қоғамдық пікір шынымен нашарлап, Қытайға қарсы наразылық күшейіп келеді" деген.

Foreign Policy осы күрделі баланстың ең шешуші тұсы ретінде "Сайрагүл Сауытбайдың ісін" мысалға келтіреді. Азаттық бұл іс туралы жан-жақты жазған.

Қытайдан қашқан Сайрагүл Сауытбай Шыңжаңдағы өзі жұмыс істеген “қайта тәрбиелеу лагерлері” туралы айтып берді. Оның айтуынша, бұл лагерьлерде екі мыңға жуық адам отыр. "Шекараны заңсыз кесіп өту" ісін қараған сот 2018 жылғы тамызда Сайрагүлді Қытайға депортацияламау туралы шешім шығарған.

“Алайда содан бері оның босқын мәртебесін беру туралы өтініші екі рет кейін қайтарылып, оның Қазақстандағы мәртебесі белгісіз болып қалды. Сауытбайды елде қалдырса, Қазақстан Пекинмен арасын нашарлатып алуы мүмкін, бірақ "Сауытбайдың ісін" қоғам бақылап отырғандықтан депортация наразылықты қайта өршітуі мүмкін” деп жазды Foreign Policy.

КҮШТЕП ЖҰМЫС ІСТЕТУ

Сингапурдың Channel News Asia ақпарат агенттігінің сайтында жарық көрген “Лагерьден фабрикаға: қамаудағы мұсылмандар Қытай өздерін күштеп жұмысқа жегіп отыр дейді” атты мақаласында Қытайда “лагерьге” қамалып, онда күштеп еңбекке жегілген бірнеше этникалық қазақтың басынан өткен оқиғасы берілген.

AFP тілшісі Шыңжаңда жоғалып кеткен қазақтардың туыстарымен жұмыс істейтін "Атажұрт" құқық қорғау тобының Алматыдағы кеңсесіне барған. Онда ол "қайта тәрбиелеу лагерьлерінен" босай сала басқа жабық мекемеге жіберілген адамдардың туыстарымен сөйлескен.

39 жастағы ұлты қазақ Қытай азаматы Гүлзира Әуелхан "кәсіби оқу орталығында" болған кезі туралы айтып берген. Ол жерден оны ең төменгі жалақыдан да аз ақша төлейтін фабрикаға жұмысқа жіберген.

Қытай "кәсіби үйрету орталықтарын" - негізінен ислам дінін ұстанатын аз ұлт өкілдері қоныстанған Шыңжаң аймағында терроризммен және сепаратизммен күресті күшейту саясатының бір бөлігі дейді және мәжбүрлеп жұмыс істету фактісін жоққа шығарады. Алайда адам құқықтарын қорғау ұйымдары және Гүлзира Әуелхан сияқты жұмысқа жегілгендер мұнда азшылық өкілдерін қуғындау – жиі қолданылатын әдіс дейді.

Қытай консулдығы наразылық хатын қабылдамады. (24 желтоқсан 2018 жыл):

Екі бірдей “қайта тәрбиелеу” лагерінде 15 ай уақыт қамауда болған Гүлзираны кейін Инин қаласындағы өндірістік аймақта орналасқан қолғап тігу фабрикасына жіберген. Фабрикада біршама еркіндік болғанымен, онда да жұмысшылардың жүріп-тұруына мүмкіндік берілмеген.

“Күн сайын бізді үш километр жердегі жатақханаға автобуспен апарып, әкеліп жүрді” деді Гүлзира Әуелхан AFP-ға берген сұхбатында. Алматыға оралған ол сұхбат кезінде екі жылға жуық уақыт көрмеген бес жасар қызын құшақтап отырған.

"ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ДИЛЕММА"

Британдық Telegraph басылымында "Мұсылмандарды қудалау шарасы шекарадан асып кетті, ал қазақтарды Қытайға арбап шақырып, түрмеге қамап жатыр" деген мақалада қудалаудың бірнеше жаңа фактісін сипаттап, Астана қолға алып жатқан дипломатиялық шаралар туралы айтып береді.

Төрт баланың анасы, этникалық қазақ Гуляны Шыңжаңдағы "қайта тәрбиелеу лагерінде" бір жыл бойы ұрып-соғып, темір шынжырмен байлап, Қытайдың коммунистік саясаты туралы үгіт-насихатты мұқият тыңдауға мәжбүрлеген. Оның темір шынжырдан қатты ісінген аяқтары үнемі қанталап тұрған. Бұл - қазақстандық “Атажұрт” құқық қорғау ұйымы жинаған мыңдаған оқиғалардың бірі ғана.

“Ұзақ уақыт лагерьлердің барын жоққа шығарып келген Қытай былтыр қазан айында оларды заңдастырып, содан бері оларды террориске айналуы мүмкін мұсылмандарды “кәсіпке баулып, қайта тәрбиелеп шығаратын лагерь” ретінде көрсете бастады, осылайша жаппай үгіт-насихат науқанын бастады” деп жазды Telegraph.

"Лагерьдегі бақытты өмір және халал тамақ". Қытайдың шетелдік журналистерін шақырып, лагерьлерді көрсетуі (қаңтар айы 2019 жыл).

Дегенмен Гуля және газет тілшісі сөйлескен қамауда болған өзге адамдардың оқиғалары "жағдайдың мүлде басқа екенін көрсетеді" деп жазды басылым. Қамаудағылардың айтуынша, олар белсенді саяси үгіт-насихатқа тап болып, үлкен психологиялық қысымға ұшыраған.

45 жастағы Дүйсенбек Нұрсыдық екі жылдан бері әйелі Бахаргүл Мұқтардан хабар ала амай отыр. Үш балалы отбасы Қазақстанға 2013 жылы көшіп келген. Дүйсенбек пен балалары азаматтық алса, Бахаргүл ықтиярхатпен тұрып жатқан. 2017 жылы мамырда туыстарына барған Бахаргүлдің биометрикалық мәліметтерін алған Қытай басшылығы оның Қытайдағы тіркеуден шығару туралы өтінішін орындауды кідіртіп қояды. Содан соң қауіпсіздік қызметінің екі өкілі себебін түсіндірместен, Бахаргүл Мұқтарды тергеу қажеттігін айтады. Артынша Қытай билігінің өкілдері оның тергеліп жатқанын айтып, түрмеге жабады. Туысқандары оның неге қамауға алынғанын білмейді.

"Осындай істер Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасын орындаудағы ең басты ел – Қазақстанды дипломатиялық дилеммаға тірейді" дейді Telegraph.

"Ресми тұлғалар бұл туралы халық алдында аз айтқанымен, олар Қазақстан өз азаматтығын беруге уәде еткен екі мыңға жуық этникалық қазақты босату туралы Пекинмен жасырын уағда жасасқанға ұқсайды" деп жазды Telegraph. Басылымның жазуынша, Қазақстан сыртқы істер министрлігі тілшінің түсініктеме беру туралы өтінішіне жауап қатпаған.

Туыстары Қытайда қамалған азаматтар биліктен жақындарына көмектесуін сұрады. Алматы, 12 қыркүйек 2018 жыл.
Туыстары Қытайда қамалған азаматтар биліктен жақындарына көмектесуін сұрады. Алматы, 12 қыркүйек 2018 жыл.

Қазақстандағы халықаралық Қытайды зерттеу институтының директоры Қыдырәлі Оразұлының айтуынша, ұйғырлардан айырмашығы – “қазақтарды қорғайтын мемлекеті бар, ал [Қытай] осыншама көп белсенді мен қарапайым адам бас біріктіріп, бұл жағдайлар туралы айта бастайды деп күтпесе керек”.

Дегенмен "лагерьден" босап шыққан адамдардың өздері бостандыққа әлі қол жеткізе алмай отыр. Қамауда болғандардың кейбірі "фабрикаларда азын-аулақ ақшаға немесе тіпті тегін жұмыс істеуге мәжбүр, олар үйқамақта отыр, оларды үнемі физикалық және цифрлық түрде бақылайды, әрі олар жеке басын куәландыратын төлқұжаттарын ала алмай отыр".

Telegraph сөйлескен адамдардың көбі туыстары мен достарын қамап қояды деп қорқытқандықтан, "лагерьлер" туралы мүлде айтпау туралы құжаттарға қол қойған.

"Түсік тастауға мәжбүр болдым". Шыңжаңнан оралған этникалық қазақтың басынан өткен оқиғасы. (3 қазан 2018 жыл):

ШЫҢЖАҢҒА АШЫЛҒАН "ТЕРЕЗЕ"

Вашингтонда шығатын Diplomat журналы "Шыңжаң дағдарысына ашылған қазақ терезесі" атты мақалада "қазақтар қанша уақыт Шыңжаңдағы оқиғалар туралы әлемге ақпарат беріп отыратын терезе болмақ?" деген сұрақ қояды.

"Шыңжаңға ашылған қазақ терезесі қашан жабылады? Шыңжаңға қатысты өршіп бара жатқан наразылыққа Астананың қалай әрекет ететіні, Пекиннің жағдай туралы айтып жатқан қазақтарға қаншалық шыдайтыны (не шыдамайтыны), бұл айқайды тоқтату үшін Пекин Астанаға қандай қысым жасайтыны, бұл қысымға мемлекеттің және халықтың реакциясы қандай болатыны – біз назар аударуға тиіс маңызды факторлар. Қазақстан басшылығы ашық наразылықты онша жақтыра бермейді, ал Қазақстан азаматтарының биліктің әрекеттеріне ықпал ету мүмкіндіктері аз" деп жазды Diplomat.

Шыңжаңда болып жатқан жағдайды түсінуде әлемдік ақпарат құралдарында жарық көрген мақалалар, зерттеулер ерекше рөл атқарады. Мұндай мақалалар "пікір айтқысы келетін батыл қазақтардың" арқасында шығып жатыр" деп жазды Diplomat.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG