Accessibility links

Заңгер: "Сайрагүлге босқын мәртебесін бермеуі – заңсыз"


Полицияның Сайрагүл Сауытбайды сотқа әкелу сәті. Алматы облысы, 9 шілде 2018 жыл
Полицияның Сайрагүл Сауытбайды сотқа әкелу сәті. Алматы облысы, 9 шілде 2018 жыл

Жергілікті комиссия Қытайда “қысым көрдім” деп мәлімдеген, шекараны заңсыз кесіп өткені үшін сотқа тартылған этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайға босқын мәртебесін бермеді. Комиссия Сайрагүлдің “қуғынға ұшырағаны дәлелденбеді” дейді. Ал заңгерлер оның себебін түрліше болжайды.

Қазанның 4-і күні Талдықорған қаласындағы көші-қон комитетінің жанынан құрылған комиссия Қытайдан Қазақстанға заңсыз өткен Сайрагүл Сауытбайдың босқын мәртебесін беру туралы өтінішін қанағаттандырмады.

"САЙРАГҮЛДІҢ ҚУҒЫНҒА ҰШЫРАУЫ ДӘЛЕЛДЕНБЕДІ"

Комиссия хаттамасында "Сайрагүл Сауытбайдың Қытай халық республикасында саяси, діни, ұлттық және өзге себептермен қуғынға түскені дәлелденбеді" деп жазылған. Хаттаманың мазмұнын Азаттық тілшісіне Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспан айтып берді.

Шешіммен келіспейтінін жеткізген адвокат Абзал Құспан комиссияның "сот үкімінде анықталған, дәлелденген фактілер мен мән-жайларды" ескермегенін айтады. Бұған қоса, сот отырысының асығыс түрде өтуі түсініксіз болды дейді.

Адвокат Абзал Құспан
Адвокат Абзал Құспан

- Дәл осы отырыстың жұма күні болатындығы туралы маған жарты күн бұрын ғана хабарланды. Ол кезде мен Атырау қаласында басқа бір сот процесімен жүргенмін. Оған дейін қанша мәрте хабарластық - қашан болатыны туралы қанша мәрте сұрадық. Телефон арқылы байланыста жүрдік. Аяқ астынан, түс кезінде "ертең таңғы сағат онда Талдықорған қаласында осындай отырыс болғалы жатыр" деп хабарлады. Менің бір емес, үш-төрт облысты кесіп өтіп отырысқа қатысуға ешқандай мүмкіндігім жоқ еді, - дейді Абзал Құспан.

Адвокат "өзінің отырысқа қатыса алмау себебі мен комиссия мүшелерінің Талдықорғанға асығыс жиналуы" арасында қандай да бір себеп болуы мүмкін деп те болжайды. "Өзімнің жорамалым - Сайрагүл Қытай мен Қазақстанның арасындағы кезекті жағдайдың құрбаны болып кетті ме деген ойым бар" деді ол.

Алматы облыстық ішкі істер департаменті Сайрагүл Сауытбайға босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы комиссия шешімі "Босқындар туралы" заңның 12-БАП, 1 тармағына негізделгенін айтты. Бірақ департамент өкілдері тармаққа нақты қандай дәлелдермен сүйенгені туралы айтудан бас тартты.

Ал адвокат Абзал Құспан Талдықорғанда шығарылған комиссия шешіміне қатысты алдағы уақытта шағым түсіретінін айтады.

"ТЕК ҚАЗАҚСТАН ЕМЕС, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНВЕНЦИЯҒА ҚАЙШЫ"

Адам құқығын қорғау бюросының заңгері Гүлмира Қуатбекованың айтуынша, Сайрагүл Сауытбайдың жағдайы 2009 жылы 4 желтоқсанда шыққан ҚР "Босқындар туралы" заңның 1-БАП, 1-ші тармағында сипатталған босқын сипаттамасына сәйкес келеді.

Заңгер Қазақстан 1998 жылы "Босқын мәртебесі" туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының конвенциясына қол қойғанынын, Сайрагүлге босқын мәртебесін бермеу арқылы тек Қазақстан заңын ғана емес, халықаралық конвенцияны да бұзып отырғанын айтты.

Заңгер Гүлмира Қуатбекова
Заңгер Гүлмира Қуатбекова

- Практика бойынша бүгінгі күнге дейін осы пана іздеушілерге босқын мәртебесін бермеу туралы қандай да бір шешім шыққаннан кейін ары қарай оны дәлелдеу қиын. Яғни, алғашқы шешімді кейінгі инстанциялар өзгертпейді. Бұл жерде комиссия отырысының "дәлел келтірмеді" деуі абсурд. Өйткені Қытайдың Ішкі істер органынан болсын, басқа бір елдің құқық қорғау мекемелерінен болсын, "біздің қудалап жатқанымыз рас" деген анықтаманы қалай алады? Пәлен елге баратын едім, ол жерге босқын екенімді дәлелдеуім керек деу абсурд емес пе! - дейді заңгер.

КОМИССИЯ ТӘУЕЛСІЗДІГІ

Ал халықаралық құқық қорғау саласының маманы Есбол Өміржанов "мәселе комиссия мүшелерінің дербес шешім шығару мүмкіндігінің шектеулі болуында" дейді.

- Елімізде орнықтырылған мемлекетті басқару жүйесі жекелеген лауазымды тұлғалардың дербес саяси шешім қабылдауына мүмкіндік бермейтінін ескерсек, Сайрагүл Сауытбайға қатысты шешімнің оларға (жоғары билік - ред.) берілген нұсқаулықты орындау сипатында болғанын мойындамасқа болмайды. Екінші бір назар аударатын мәселе - елімізде ұлттық мүдде, мемлекеттік мүдде және билік басындағы адамдардың жеке мүдделері бір-бірінен дербес, жеке сипатқа енуі, - дейді сарапшы.

Есбол Өміржанов
Есбол Өміржанов

Сарапшының пікірінше, Сайрагүлге саяси баспана немесе босқын мәртебесін беру жағдайы Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық әріптестікке кері әсер етуі неғайбыл. Өйткені Қытайдың амбициялық "Бір белбеу, бір жол" жобасының жүзеге асырылуы Қазақстанмен тікелей байланысты.

- Сайрагүл Сауытбайға қатысты шешім осы уақытқа дейін кейбір шешімдерді қабылдарда Ресей доминионы сипатында көрініп жүрген еліміздің ендігі жерде Қытай ықпалы аясында да қалғанын айқындап берді. Осы шешім арқылы Қытайда қалған бір жарым миллион қазақтың, өзге елдердегі қазақтардың елімізге деген сеніміне селкеу түсті деуге болады, - деді Есбол Өміржанов Азаттыққа.

Биыл тамыз айында Алматы облысының Панфилов аудандық соты "шекараны заңсыз кесіп өтті" деп айыпталған Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайды алты ай бас бостандығынан айыруға, бірақ оны "жазасын жеңілдететін ерекше жағдайына" байланысты шартты жазаға алмастыруға үкім еткен. Осылайша сот Сайрагүл Сауытбайды Қытайға депортацияламай, Қазақстанда қалдырған.

Сайрагүл Сауытбай сотта өзіне Қытайда "саяси қысым жасалғандықтан шекарадан заңсыз өтуден өзге жол қалмағанын" мәлімдеген. Сауытбайдың сөзінше, ол Қытайда құпия саналатын "саяси үйрену орталықтарында" жұмыс істеген, "мемлекет құпиясын әшкерелемеу" туралы қолхат берген. Сайрагүл Сауытбай Қытайға қайтарылса, ол елде өзіне өлім жазасы кесілуі мүмкін екенін, Қазақстанда қандай жазаға да келісетінін мәлімдеген.

Тамыз айында БҰҰ-ның нәсілдік кемсітушілікті жою жөніндегі Комитеті Қытайда миллионға жуық этникалық ұйғыр "экстремизмге қарсы орталықтарда" және тағы миллионға жуығы "саяси тәрбие лагерлерінде" отырғанын, ал елдің солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағы "тұтқындарға арналған үлкен лагерь тәрізді іспеттес нәрсеге" айналған деп мәлімдеген.

Қарай отырыңыз: Қытайда қысыммен түсік жасатқан әйел

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG