Accessibility links

"Қызметі өскен, түк болмағандай жүр". Қаңтарда азапталғандардың ісін тергеу неге баяу?


Қаңтар оқиғасы кезінде полицияда азапталғанын мәлімдеген Жақсылық Советбеков (сол жақта), Азамат Батырбаев (оң жақтан екінші) пен Асхат Ақашев (оң жақта) баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Сол жақтан екінші – заңгер Жалғас Сапарханова. Алматы, 14 наурыз, 2023 жыл
Қаңтар оқиғасы кезінде полицияда азапталғанын мәлімдеген Жақсылық Советбеков (сол жақта), Азамат Батырбаев (оң жақтан екінші) пен Асхат Ақашев (оң жақта) баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Сол жақтан екінші – заңгер Жалғас Сапарханова. Алматы, 14 наурыз, 2023 жыл

Прокуратура елде азаптау қылмысы бойынша 220 іс тергеліп жатқанын айтты. Құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасынан соң адам азаптаған күш құрылымдары қызметкерлеріне қарсы ашылған істердің көбі жабылғанын сынайды. Күш құрылымдарының азаптауынан өткендер кінәлілер жазадан сытылып кете ме деп қауіптенеді.

– Жыл басынан бері прокурорлар өндірісінде азаптау бойынша 220 қылмыстық іс тіркелген. Биылдың өзінде бес істі сотқа жібердік. 21 қызметкер іске тартылды, арасында ІІМ қызметкері, ҰҚК-інің сегіз қызметкері бар, – деді Берік Асылов 20 сәуірде Алматыда Еуропа кеңесінің және Қазақстан Бас прокуратурасының өкілдері қатысқан конференцияда.

Ол биылдан бастап елде азаптау істерін тек прокурорлар қарап жатқанын айтты. Құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасы кезінде күш құрылымдарының ұсталған адамдарды азаптау фактілері бойынша қозғалған істердің басым бөлігі жабылып қалды деп сынап жүр. Асылов бейсенбідегі конференция кезінде бұл жөнінде ештеңе айтпады.

Қаңтар оқиғасынан кейін Талдықорғанда азапталғанын мәлімдеген азаматтар қылмысқа күдікті құқық қорғау органдарының өкілдері жауапкершіліктен сытылып кетуі мүмкін деп есептейді. Олар тергеу ісі сиырқұйымшақтанып кеткеніне наразылығын айтып, биліктен адам азаптағандарды жазалауды талап етіп отыр. Азаптау қылмысына күдікті полицейлердің кейбірі бостандықта жүр, кейбірінің тіпті қызметі өскен дейді жәбірленушілер.

АСХАТ АҚАШЕВ: ЖАБЫЛЫП ҰРЫП, ҚАБЫРҒАМДЫ СЫНДЫРДЫ

Талдықорған қаласында тұратын Асхат Ақашев былтыр Қаңтар оқиғасынан кейін өзін азаптаған кісіні әлі таба алмай жүр. Асхат аты-жөнін білмегенімен, түр-түсі есінде қалған ол адамды "полиция қызметкерлері таниды, бірақ айтпай отыр" дейді.

2022 жылдың басында сұйылтылған газ бағасының өсуіне наразылық білдірген Жаңаөзен халқын қолдап шеруге шыққан көпшілікпен бірге 47 жастағы Асхат та Талдықорған қаласындағы орталық алаңға барған. Митинг кезінде ол бақылау камерасына түсіп қалыпты.

– 15 қаңтарда бейтаныс нөмірден біреу хабарласты. Өзін полицияның жедел уәкілі Е.Ш. деп таныстырып, қай жерде тұрсыз, сізді алып кетеміз, бір қағаздарға қол қоюыңыз керек деді. Сол күні Алматы облыстық полиция департаментіне өзім бардым, – дейді Ақашев.

Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу акциясында елде азаптауды тоқтатуды талап еткен жазуы бар плакат ұстап тұрған адам. Алматы, 13 ақпан, 2022 жыл
Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу акциясында елде азаптауды тоқтатуды талап еткен жазуы бар плакат ұстап тұрған адам. Алматы, 13 ақпан, 2022 жыл

Айтуынша, оны департамент алдынан тосып алған Е.Ш. ғимараттың төртінші қабатына, тергеуші Ілияс Ибрагимовтің кабинетіне бастап барған. "Неге митингіге шықтың? Кім шақырды? Қалай бардыңдар?" деп сұраған тергеуші біраздан соң Асхатқа "осында күт" деп, кабинеттен шығып кеткен.

– Е.Ш. мені қайтадан дәлізге алып шығып, шеттегі бір кабинетке кіргізді де, "міне, осы – Ақашев" деді. Іште бес-алты адам бар екен, көбі бетіне маска тағып алыпты. Сол жерде барлығы мені тепкінің астына алды, резеңке таяқпен басымнан да ұрды. Е.Ш. тепкісінен қабырғам сынды, құлап жатқанымда да, "тұр" деп тепті, – дейді Асхат.

Ұрып-соққаннан кейін оны қайтадан тергеушінің кабинетіне апарып,жауап алған.

– Қару-жарақ алғаныңды мойында деп қыстады. "Ол қаруда саусақ ізім болмаса, не істейсіңдер?" деген сұрағыма Е.Ш. мен қасындағы басқа қызметкер "саспа, оны жасай саламыз" деп жауап қатты, – дейді Ақашев.

"АРЫЗЫМДЫ КІМ ҚАРАП ЖАТҚАНЫН ДА БІЛМЕЙМІН"

– Тергеушінің кабинетінде отырған кезімде бейтаныс адам кірді. Түрі есімде, бірақ аты-жөнін әлі күнге білмеймін. Бір кезде ол мені кабинетте тұрған темір қалқанмен ұрып, көзімнің тұсын, шекемді жарып, қан-жоса қылды. Сосын тергеуші Ибрагимовке "мен келгенше мынаны жіберме, қару алғанын мойындатам" деді де, шығып кетті. Полиция департаментіне түскі 3-те барғам, сағат 20.30-да уақытша ұстау изоляторына апарып қамады. Онда бес күн жатып, аяғында тергеу изоляторынан бір-ақ шықтым, – деді Асхат.

Бір жарым ай абақтыда қамауда болған Асхат Ақашев денсаулығы нашарлағанын, дәрігер көмегіне мұқтаж екенін айтып шағымданған.

– Төрт қабырғам сынып, басым жарылып, миым шайқалды. Мүлде мазам кетті. Изоляторда отырғанымда дәрігерлер "денсаулығың жақсы" деді, бірақ олай болмады. Кейін зайыбым жан-жаққа арызданып жүріп, мені емханаға апарып қаратты. Анализ тапсырып, рентгенге түстім. Мамандар денсаулығыма зақым келгенін анықтады, сөйтіп, 2022 жылғы ақпан айының аяғында үйқамаққа шықтым, – дейді Ақашев. Қатты соққыдан денсаулығына зақым келгенін, қазір алты ай сайын дәрігерге қаралып тұратынын айтты.

Тергеу абақтысында жатқан кезде Ақашев өзін азаптағандарды жауапқа тартуды сұрап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне арыз жазған. Оны тергеуші Ибрагимовпен беттестіріп, екеуінен бір мезгілде жауап алыпты.

– Бізді "антикорға" алып барды, сонда азаптау туралы арыз жаздым. Маған полиция қызметкерлерінің суретін көрсетті. Мені сабағандардан бір адамды – Е.Ш.-ны танығанымды жаздым. Ал қалқанмен ұрған адамды таба алмадым, тергеуші Ибрагимов "оны танымаймын" деп жауап берді. Былтыр ақпанда жазған сол арызымды әлі қарап жатыр, кім қарап жатқанын да білмеймін, – деді Асхат.

Азапталған Талдықорған. Арнайы репортаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:16:31 0:00

ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНДЕГІ ВИДЕОЖАЗБА

Асхат Ақашев өзін қалқанмен ұрған адамды полиция департаментінің дәлізіндегі бейнекамералар жазбасы арқылы тапқысы келеді. Азаттық тергеуші Ілияс Ибрагимовке хабарласты. "Ақашевтің шағымы бойынша менен жауап алып, онымен беттестіргенде, әлгі ұрып-соқты деген кісіні көрмегенімді айтқанмын" деді ол. Тергеу мекемесіндегі бейнекамера жазбасынан анықтауға болмай ма деген сұрағымызға Ибрагимов әуелі "камера істеген я істемегенін білмеймін" деп, кейін "жазбаша ресми сауал жолдаңыздар" деген уәж айтып, жауап беруден бас тартты.

Жетісу облыстық полиция департаменті тергеу кезіндегі бейнебақылау камераларының жазбасы туралы Азаттықтың ресми сауалына "оны облыстық прокуратурадан сұраңыздар" деп жауап берді.

– 15 қаңтар күнгі видео жоқ, ол кезде камераның бәрі жабық болды ғой. Бірақ 7 қаңтар күнгі бір видео бар екен, қазір ол "антикор" мен прокуратураның қолында. "Антикор" маған видеоны көрсетем деп еді, бірақ ол уәдесін әлі орындаған жоқ. Өзім іздеп жүрген адамды, бәлкім, сол видеодан тауып қалармын деп үміттенемін, – дейді Асхат.

Жақында Асхат тағы хабарласқан "антикор" қызметкерлері "бір жетіде іспен таныстырамыз, видеоны көрсетеміз" деген. Бірақ содан кейін тым-тырыс қалды деді азаптау туралы арыздың иесі.

АЙЫПТАУ ЖӘНЕ СОТТАУ

Асхат Ақашев Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғандағы орталық алаңда жүрген кезде қолына резеңке таяқ түскенін растайды.

– Наразылық кезінде полицияның қолындағы темір қалқанды резеңке таяқпен бір-екі рет салып жіберіп, "Неге халыққа қарсы шықтыңдар?" деп айтқанымды мойындаймын. Бірақ полиция қызметкерлерін ұрып-соққан жоқпын, – дейді ол.

Тергеу орындары "жаппай тәртіпсіздікке қатысып, билік өкілінің өміріне қауіп төндірді" деген айыппен Асхат Ақашевтің үстінен іс қозғаған.

– "Жәбірленуші" деп төрт полиция қызметкерін алып келді. Олар маған ешқандай кінә артпайтынын, материалдық я моральдық зиян шекпегенін айтты, жазып та берді. Бірақ тергеушілер маған таққан айыпты мойындату үшін мені мәжбүрлеп, процестік келісімге қол қойғызды, – дейді Асхат.

Былтыр 5 шілдеде Талдықорған қаласының соты Асхат Ақашевті "жаппай тәртіпсіздікке қатысу", "құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қол сұғу" баптары бойынша айыпты деп танып, төрт жыл шартты жаза кескен. Ақашевті рұқсат етілмеген митингіге шыққаны үшін 61 мың теңге айыппұл және "жәбірленуші" деп әкелген полиция қызметкерлерінің медициналық сараптамасына жұмсалған шығын үшін 2500 теңге төлеуге міндеттеген.

ЖАҚСЫЛЫҚ СОВЕТБЕКОВ: "ТЕРГЕУДЕ" ТӨСІ МЕН ТОҒЫЗ ҚАБЫРҒАСЫ СЫНҒАН

Асхат Ақашевті былтыр полиция департаментіне шақырған полиция қызметкері Е.Ш. қазір Талдықорғандағы тергеу абақтысында қамауда отыр. Ол Ақсу ауданы Қызылағаш ауылының тұрғыны Жақсылық Советбековті азаптау ісі бойынша күдікті деп танылған. Азаттық күдіктінің мүддесін қорғайтын адамдардан пікір алуға талпынып көрді. Бірақ не адвокатынан, не туыстарынан комментарий алудың сәті түспеді.

Советбеков былтыр қаңтардағы наразылық шеруіне қатыспаған, оның үстінен ешқандай іс те қозғалмаған. Қаңтар оқиғасынан кейін Ақашев сияқты оны да "бірер қағазға қол қойып кетіңіз" деп, полицияға шақыртып алған. Сондағы тергеу кезінде Жақсылық Советбековтің төсі мен тоғыз қабырғасы сынып, азапталғанын Азаттық былтыр жазған.

"Мясорубкаға апарыңдар" деді. Жақсылықтың полицияда көрген азабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:37 0:00

"Полицияда мені аямай, жөн-жосықсыз тепкіледі. Басымды каскамен ұрып, үстіме секіріп, суға тұншықтырды. Солар сындырған қабырғам өкпеме кіріп, қан толған. Электрошокер екі иығымды күйдіріп, тесіп тастаған. Желкемнен резеңке таяпен ұрып, қарайтып жіберді" деді жәбірленуші.

Әлгіндей "тергеуден" кейін, 2022 жылғы 14 қаңтарда ауруханаға түскен Жақсылықтан Алматы облыстық прокуратурасының қызметкері 21 қаңтарда келіп, түсінік алған. Жақсылық 25 қаңтар күні ауруханадан шыққан бетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне арыз өткізген. Советбеков полицияда өзін азаптаған бес адамның екеуін білетінін айтып, оларды жауапқа тартуды сұраған. Тағы екі адам бетперде тағып алып азаптағандықтан, жәбірленуші арызында оларды "аты-жөні белгісіз" деп көрсеткен. Оның арызы бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында Ақсу ауданы полиция бөлімшесінің жедел іздестіру тобының қызметкері Е.Ш. араға бір жыл салып барып күдікті ретінде қамауға алынған. Советбековтің сөзіне қарағанда, оның ісі полиция департаментінің бұрынғы бастығына қарсы тергеу басталған соң ғана жылжыпты.

– Генерал Серік Күдебаевтың үстінен іс қозғалған бойда Е.Ш. да қамауға алынды. Себебі ол – Күдебаевтың туысы, – дейді Советбеков.

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы облыстық полициясын басқарған Серік Күдебаев былтыр ақпанда қызметінен босатылды. Кейін "қызметтегі әрекетсіздігі ауыр зардаптарға әкеп соқтырған" деген айып тағылған Күдебаев ісі сотта қаралып жатқан шақта ол шетелге қашып кетті деген ақпарат тарады. Халықаралық іздеу жарияланған генерал қазір қайда жүргені белгісіз.

Жақсылық Советбеков өзін азаптауға қатысқандардың арасында Жетісу облысы Ақсу аудандық полиция бөлімі бастығының бұрынғы орынбасары Нұржан Кеңесханұлы да болғанын көрсетіп, былтыр жазда арыз беріпті.

– 24 маусымда арыз жаздым, содан кейін басшылығы оны бірден резервке қойған. Резервте жүргенде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына ауысып кетіпті деп естідім. Мен сияқты "азапталдық" деп мәлімдеген тағы үш адам оған қарсы арыз берді. Бірақ ол түк болмағандай жүр, тіпті қызметі өскен, – дейді Жақсылық Советбеков.

Ол өзі жазған арыз бойынша қозғалған істі тергеп жатқан тергеушілер ауысып кеткеніне де қынжылыс білдірді.

Полиция капитаны Нұржан Кеңесханұлы биылғы ақпан айынан бастап криминалдық полиция басқармасында бөлім бастығы болып қызмет істеп жатқанын Алматы облыстық полиция департаменті Азаттыққа растады.

Біз Нұржан Кеңесханұлының өзімен де сөйлестік.

– Полицияда азапталдық деген төрт адам сізді көрсетіп арыз бергені, бірақ іс дұрыс қаралмай жатқаны туралы шағым айтып отыр.

– Тергеу жүріп жатыр әлі күнге дейін. Тергеуші шақырған кезде барып тұрамын, маған ешкім айып таққан жоқ, бірақ сұрағалы жатыр.

– Арыз иелерінің айыптауына келіспейсіз бе?

– Жоқ, ол жерде ешқандай кінәм жоқ. Алматы облыстық полиция департаментіне хабарласып, барлық мағлұматты ала аласыз. Немесе Жетісу облысында арнайы құрылған топ бар, бізді тергеп жатқан сол жерден жауабын алуыңызға болады. Сізге басқа ешқандай жауап бере алмаймын. Сау болыңыз!

Жақсылық Советбеков былтыр қаңтарда өзін азаптауға қатысқан бесінші адамның бет-әлпетін, дене тұрқын арызында суреттеп жазғанымен, жылдан астам уақыт таба алмаған. Тергеуде басына целлофан пакет кигізіп тұншықтырған адамды жақында кездейсоқ көріп қалып, жазбай танығанын айтты.

– Полиция бөлімшесінде инспектор болып жұмыс істейді екен, ал маған тергеушілер жедел іздестіру тобы қызметкерлерінің фотоларын көрсеткен еді, сондықтан олардың арасынан таба алмағам, – деді ол Азаттыққа.

Жақсылық Советбеков өзін азаптағандардың арасында бар деп күдік келтірген үшінші адамның үстінен жазған арызды 12 сәуірде Egov порталы арқылы Жетісу облыстық прокуратурасына жолдады.

Қаңтар оқиғасы кезінде "ұсталғандарды азаптады" деп айыпталған полицейлер соты. Талдықорған, 10 ақпан, 2023 жыл
Қаңтар оқиғасы кезінде "ұсталғандарды азаптады" деп айыпталған полицейлер соты. Талдықорған, 10 ақпан, 2023 жыл

Биыл ақпанда Талдықорған соты адам азаптағаны үшін айыпты деп таныған бес полиция қызметкерін 3 жылдан 4 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырды. Бірақ сотталғандардың арасында Асхат Ақашев пен Жақсылық Советбековті азаптаған полиция қызметкерлері жоқ.

– Мені азаптаған адамдар таныс кісі арқылы маған көлік ұсынды. Әлгі танысымнан "Кімнен келдің?" деп сұрадым, айтпады. Маған көлігі қажет емес, жұмысыма орналастырып, денсаулығымды түзеп берсін, басқа ештеңе керегі жоқ. Төрт балам бар, қазір жұмыссыз қалдым, – деді Жақсылық Советбеков 14 наурызда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.

Ол Қаңтар оқиғасына дейін спорт мектебінде жаттықтырушы болғанын, кейін өрт сөндіру бекетінде кезекші болып жұмыс істегенін, арасында шаруашылықпен айналысқанын айтады. "Қамалып шыққаннан кейін "бұлар қылмыскерлер, бұзақылар" деп мені жұмыстан шығарып тастады" деді Советбеков.

Жақсылық қамаудан денсаулығы нашарлап шыққанын, ауруханаға емделуге жатуына азаматтық белсенділер көмектесіп, ақысын төлеп бергенін айтты. "Мемлекеттен ештеңе алмадым" деді ол.

АЗАМАТ БАТЫРБАЕВТЫҢ ІСІ СОТҚА ЖЕТЕ АЛМАЙ ЖҮР

Қаңтар оқиғасынан кейін Талдықорғанда тергеушілер денесіне ыстық үтік басып, азаптап-қинаған Азамат Батырбаевтың суреттері әлеуметтік желіде тарап, қоғамда резонанс тудырған еді. Азамат құқық қорғау қызметкерлерінің үстінен бірнеше рет шағым түсіргенімен, бір жылдан артық уақыт өтсе де, оны азаптау бойынша қозғалған іс сотқа жетпеген. Осы уақыт ішінде билік Азамат Батырбаевқа Қаңтарда "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айып тағып, жауапқа тартқан. Батырбаев "кінәсін мойындап", тергеумен процестік келісімге келген соң, Талдықорған қаласының соты оған 4,5 жыл шартты жаза кесіп, қамаудан босатқан.

Абақтыда азап көрді деген Азамат Батырбаев
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:06 0:00

– Батырбаев арқасына кім үтік басқанын көрмеген. Бірақ бір қызметкер "Айдын, үтікті әкел!" деп айтқанын естіпті. Азаматтың арқасы мен аяғына екі реттен ыстық үтік басқан, – дейді Батырбаевтың мүддесін қорғайтын адвокат Жалғас Сапарханова.

– Батырбаевты азаптауға қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінген полиция өкілін жауапқа тартуға не кедергі?

– Прокуратура күдіктіні жауапқа тарту үшін жалғыз адамның арызы аздық етеді, тағы екі адам арыз түсіруі керек дейді. Кейін өзіміз тауып, прокуратураға ұсынған дәлелдемелер бойынша кемінде бір полиция қызметкерін күдікті деп тануға толық негіз бар, – дейді Сапарханова.

Адвокат сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінен, Бас прокуратурадан тергеу жүргізіліп жатқан істерді объектив түрде жан-жақты тексеріп, сотқа жіберуге ықпал етуді сұрайды.

"Күдіктіні жауапқа тартуға бір адамның арызы неге жеткіліксіз, ал төрт адамның арызы неге қаралмай жатыр?" деп сұраған Азаттықтың сауалына Алматы облыстық прокуратурасы әзірше жауап бермеді.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис тергеу орындарының азаптау туралы арыз бір-ақ адамнан түскен деген сылтаумен тексеру жұмысын бастаудан бас тартуы дұрыс емес дейді. Оның сөзінше, полиция жәбірленушіге видеожазбаны көрсетуге міндетті. Видеоны бермей қою қылмысты жасыру әрекетіне жатады дейді құқық қорғаушы.

– Әдетте азаптау көпшілік алдында емес, жабық мекемелерде жасалады. Онда тергеуге қатысқандардан басқа куә болмайды, ал бөтен адамның қатысуы өте сирек. Сол себепті айғақ-дәлел мен фактілер жоқ деген сылтау жиі айтылады. Егер тікелей куә, бейнежазба болмаса, жанама дәлелдерді қарастыру керек. Көбіне тергеу органдары "істе жеткілікті дәлел жоқ, адамның азапталғаны туралы сот-медициналық сараптама қорытындысы мен қандай да бір дене жарақаты жоқ" дегенді алға тартады. Ондайда денедегі жарақат жазылып кеткенше дәрігерге жолықтырмайды немесе жарақат түспейтіндей етіп ұрып-соғады. Сөйтіп, ондай істер жиі тоқтап қалады. Керісінше, ондайда тергеуді тоқтатпай, одан ары қарай, тереңірек жүргізу керек, – дейді құқық қорғаушы.

31 наурызда Бас прокуратура Қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптаулар туралы 11 қылмыстық іс тергелгенін айтқан. "84 адамды азаптағаны үшін күш құрылымдарының 35 қызметкері қылмыстық жауапқа тартылды. Тоғыз адамға бостандығынан айыру жазасы кесілді" деп хабарлады прокуратура.

Былтыр 2 қаңтарда Жаңаөзен халқы сұйылтылған газдың қымбаттауына қарсылық білдіріп алаңға жиналғаннан кейін Қазақстанның көп аймағында оларды қолдаған көпшілік наразылық шеруіне шыққан. 5 қаңтарда Талдықорғанда наразы жұрт экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатты.

Наразы халық бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін автөкөлікке тіркеп, тұғырынан жұлып тастады. Талдықорған, Алматы облысы, 5 қаңтар, 2022 жыл. Фото авторы – журналист Сандуғаш Дүйсенова.
Наразы халық бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін автөкөлікке тіркеп, тұғырынан жұлып тастады. Талдықорған, Алматы облысы, 5 қаңтар, 2022 жыл. Фото авторы – журналист Сандуғаш Дүйсенова.

Қаңтар оқиғасына байланысты елде мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру", "қару-жарақ сақтау" сынды айыптар тағылды. Оқиға кезінде қаза тапқандардың да үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған адамдар тергеу кезінде полициядан таяқ жеп, қорлық көргенін мәлімдеген. Олар құқық қорғау органдарының үстінен шағым түсірген. Бірақ азаптау туралы істердің көбі аяғына жетпей жабылып қалды, тергеуі жылжымай қалғандар да бар.

Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы салдарынан елде 238 азамат (оның 19-ы күш құрылымдарынан) қаза тапқан. Кемінде алты адам полиция мен тергеу изоляторындағы азаптаудан қайтыс болған. Құқық қорғаушылар мен белсенділер Қаңтар оқиғасы жан-жақты, әділ тергелмеді деп есептейді. Халықаралық ұйымдар Қаңтар оқиғасын халықаралық сарапшылардың көмегімен зерттеуге үндегенімен, Ақорда ол ұсынысты қабылдамады. Халықаралық Human Rights Watch ұйымы Қазақстан үкіметінің Қаңтар оқиғасынан кейін жариялаған шаралары "тәуелсіз зерттеуден тым алыс" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG