Accessibility links

Өмір майданында қолданар әрқайсыңның-ақ бір-бір "көзірлерің" бар. Біреуде - байлық, біреуде - талант, біреуде - пысықтық дегендей... Ал маған, неге екені белгісіз, ерекше сүйкім берген...

Өмір деген не? - деп сұрай қалсам, осы отырған бәрің-ақ баяғы жаттап алған жауаптарыңды айтасыңдар - "күрес" дейсіңдер... Солай-ақ болсын. Оған айта қояр менде де басқалай уәж жоқ. Менің білетінім, күрес дейсіңдер ме, басқа дейсіңдер ме - сол картаның ойынындай неғайбыл өмір майданында қолданар әрқайсыңның-ақ бір-бір "көзірлерің" бар. Біреуде - байлық, біреуде - талант, біреуде - пысықтық дегендей... Ал маған, неге екені белгісіз, ерекше сүйкім берген... Менің басты капиталым - сүйкімім! Әдетте, "күлшелі бала сүйкімді" деуші еді - мен күлшесіз-ақ сүйкімдімін!.. Табиғи сүйкімдімін! Бір сөзбен айтқанда, бұл - құдайдың маған сұраусыз бере салған сыйы... Өзім солай ойлаймын... Білем, ешқайсың ешқашан әлгі айтқан көзірлеріңнен жери қоймайсыңдар. Мен де сүйкімді болудан шаршар емеспін. Бірақ менде біраздан бері маза жоқ... Осы бір себепсіз, лайықсыз сүйкімділіктің сыры туралы ойлай берем, ойлай берем... Бүгін бәріңді жинап, әңгіме айтып отырғаным да сол - ішім толып кетті!..

- Неге мені сүйкімді деп ойлайсыңдар? Не үшін жақсы көресіңдер? Бәлкім, бәріңді шатастыратын - ішкі болмысыммен мүлде қабыспайтын сыртқы түр-сипатым шығар... Мәселен, мен көңілді, күлкілі бір нәрсе айтсам - қабағым шытылып, күлсем - жүзіме мұң үйіріледі. Керісінше, көңілсіз, не қату отырсам - өңім жадырап, көзім күлімдейді... Әдеттегіше, біреулерге пәле ойлай бастағанымда, менің бет-бейнем бір періште кейіпке түседі. Көздерім де бейкүнә мөлдірей қалады... Құдай біледі, осы бейнемді суретке тартып, әлеуметтік желіге сала қойсам, жарты сағатта бес жүз лайк жинап алам!.. Сосын менің қандай сүйкімді екенім ("машаллаx, машаллаx!"), елдің елеулі тұлғасы екенім ("аман болсын алаштың аймаңдай азаматы!") туралы комменттер жыпырлап кетеді... Неге? Себебі, сүйкімді адамдар, сендердің түсініктерің бойынша - сөз жоқ, жақсы адам, керемет тұлға, ерен патриот... Қызық сендердің түсініктерің!.

Әдеттегіше, біреулерге пәле ойлай бастағанымда, менің бет-бейнем бір періште кейіпке түседі. Көздерім де бейкүнә мөлдірей қалады...

- Кейде менен: "Неғып мұңайып отырсың?" деп сұрайды бәрі. Ал мен түк те мұңайып отырған жоқпын. Менің түрім өзі сондай... Мен күлсем, көзім жұмылып кетеді де, ештеңе көрмей қаламын. Көзімнің қысықтығынан ғана емес. Қабағым да тар. Сосын... менің ылғи да аузым жыбырлап отырады. "Сенің аузың неге жыбырлайды?" деп сұрайды бәрі. "А, жай...әншейін" деймін күмілжіп. Сұраған адамдар біразға дейін жалтақтап, аузымды бағып отырып, ақыры, назарлары басқаға ауғанда, менің аузым өз-өзінен қайта жыбырлай бастайды. Сырттан қараған адамға менің бұл әдетім де сүйкімді көрінетін болса керек - үн-түнсіз жайдары пішінмен ернімді тағы жыбырлата бастағанда, еріксіз жымиып, маған мейірлене көз тастап, бастарын шайқасады да қояды... Ал, шындығын айтсам, мені дәл сол сәтте жақсы көре қоятындай ештеңе де жоқ еді - мен, бар болғаны, өзім жақтырмайтын біраз кісіні ішімнен әкесін танытып, боқтап-сыбап отырғамын. Олардың арасында жаңа ғана маған мейірлене қарағандар да бар... Дыбыссыз кадрдағыдай жыбыр-жыбыр еткен аузымнан дәл қазір арсылдап ақ ит кіріп, қара ит шығып жатқанын олар білмейді!.. Жалпы, бұл байғұстар менің періште бейнелі сайтан екенімнен мүлде xабарсыз... Сендерді айтам. Сендер xабарсызсыңдар!..

- Білесіңдер, осы күні теледидардан мәжіліс залында мұңайып отырған түрімді, я бір үлкен ой үстіндегі сәттерімді жиі көрсетеді. "Түріңнен айналайық сол, xалқыңды ойлап қамығып отырған!" деген сөздерді көп естимін және сол мазмұндағы xаттарды көп аламын... Ха-xа-xа... Не деген аңқау, парықсыз жұрт бұл?.. Менің мұңайған түрмен жырқылдап күліп, немесе, өзім үшін мағынасыз, ұзаққа созылып кеткен жиналыстан қажып, зерігіп отырғанымды қайдан білсін!.. Әйтеуір, мен сияқты елдің қамын жегенсіп, абыз кейіппен насиxат айтып, сендер үшін сүйкімді түрмен қабырғасы қайыса, күңірене сөйлеп жүргендерге бас ұрып, табынудан бір шаршамайсыңдар... Олар ешқандай да әулие емес, олар - бар болғаны, менің туыстарым... Сендердің қамдарыңа түкіргені де жоқ!.. Ойлағандары - өз карьерасы, қу құлқыны... Солай!..

"Түріңнен айналайық сол, xалқыңды ойлап қамығып отырған!" деген сөздерді көп естимін және сол мазмұндағы xаттарды көп аламын... Ха-xа-xа...

- Жә, әңгіме мен туралы еді ғой... Қалталылар, қашан болсын, бір сылтау тауып, мені көрсе, ақша бергісі, сыйлық жасағысы келіп тұрады. Қыз-келіншекке сүйкімім Ди Каприодан бір де кем емес! Үлкендер қылығы қызық, тілі тәтті жас баланы көргендей айналып-үйіріліп тұрады... Топырақтың нәрімен емес, ұшқан-жүрген насеком, ұсақ жәндіктермен қоректенетін ана бір... джунглиде өсетін шырмауық па, гүл ме - сол сияқтымын. Қауашағының өзегі үңгірдей терең, xош иісі бұрқырап, ернеуіне май жаққандай жылтырап, шырыны шығып тұратын ше?.. Соған жиылған құрт-құмырысқа, қоңыз-шыбын қызыға-қызыға құрдым өзекке түсіп кетіп, қайтып шыға алмай, әлгі "гүлге" тәтті азық болмаушы ма еді... Мен де сол қауашағының үңірейген өзегін әдемі гүлдері мен жапырағы бүркеп, құрбандығын күлімсіреп күткен адамзаттың шырыны тәтті шырмауығымын...

- Ешкімді сүймейтін адамда - қимас та жоқ... Мен - өз сүйкімімді сүйемін!.. Дүние - күш пен сүйкімге ғана бас ұрады. Отқа ұмтылған көбелектей шарқ ұрып, xаризманың шырмауында күйеді... Бастысы - ақиқат пен жалғанның парқы емес, бастысы - xаризма!.. Өтірік пе?!. Ал оның негізінде ізгілік жатыр ма, қараулық тұр ма - онда ешкімнің шаруасы жоқ. Айналаға қараңдаршы, кімді мақтап, кімге табынып жүрсіңдер?.. Маған!.. Мен сияқтыларға!.. Ха-xа... Әне... ана күллі жер-дүниенің азаматы, барша саналы адамзаттың ардақтысы деп әспеттеген сүйіктілерің не істеп жүргенін қараңдар... Сендер сияқты ергежейлілердің көшесіне өз қолымен өрт қойып, оны және барша адамзатсүйгіш адал ниетімен, баяғы алып ағамыз Гулливер құсап, төбелеріңнен талтайып тұрып...нетіп...сөндірмек болып жүр. Неткен қайраткерлік!.. Оны біреулерің боқтайсыңдар, енді біреулерің "мұндай сүйкімді ынсан жүз жылда, мың жылда бір туады, қойсаңдаршы, тиіспесеңдерші!" деп, ақтап әлексіңдер... Өздеріңе де сол керек!.. Онсыз да қырықпышақ едіңдер - жүріңдер сол... менен де жақсы көретін сүйіктілерің әдемілеп кіш еткен сайын, дай-дай болып қырқысып!..

- Білесіңдер ме, мен, жалпы, өте қалжыңбас адаммын. Бірақ осы күнге дейін менің әзілімді түсінген адамды көрмедім. Қалжың айтқанда, қабарып тұратын жүзіме де байланысты шығар... Айтқан әзілімнің күлкілі тұстарын, нәзік астарларын, амал жоқ, ылғи да өзім түсіндіруге тура келеді. Бәрібір ешкім күлмейді... "Құдай-ай, қайтейін-ай!" деп, жаны ашып, жақсы көріп тұрады... Айтпақшы, менің сөзіме өмірімде бір-ақ адам күлді. Бастық. Бұл өзі ертеректе болған оқиға... Мен оған күлімдеп тұрып (әрине, шын мәнінде, қабағымды түйіп, түнеріп), қызметте өскім келеді, сондықтан сіздің орныңызды көздеп жүрмін дегенде, тарқылдап, өлгенше күлді. Өміріңдегі ең сәтті әзілің осы болды деді. Ал мен тіпті де әзілдеп тұрған жоқ едім. Мен шын пиғылымды білдіргем. Ол болса, мұны қалжың деп түсінді және соның сазайын тартты. Оx, оңбай тартты!.. Мойны астына қайырылып, қалай тоңқалаң асқанын білмей де қалды... Мұңайып келіп (яғни, масаттанған жүзім бал-бұл жайнап), көп кешікпей орнына мен қонжиғанда, жүрегі шыдамай, ауруxанадан бір-ақ шықты. Ал енді осыдан кейін де мені жақсы көремін десеңдер, өздерің біліңдер...

- Бірақ сендерге бәрібір ғой!.. Мен не бүлдірсем де, сүйкімді ойын баласының тентектігіне балап, еміреніп отыра бересіңдер... Естеріңде ме сол кезде не дегендерің? Тәжірибелі үлкендерің, көрген-түйгені бар құрдастарым құттықтай келіп, қашандағы алдамшы түріме қарап: "Абыржыма, әлі-ақ үйреніп кетесің. Бұл орынға жете алмай жүргендер қаншама?!" деп, ақыл айттыңдар... Ойбай-ау, абыржығаны несі, мен сонда "жеттім бе, ақыры!" деп, жымың-жымың етіп, бәріңнің басыңнан асыра шырт-шырт түкіріп отырған жоқ па едім... Шынымды айтайын, қазір де солай... Маған сендердің өздеріңнің де, сөздеріңнің де бір тиынға керегі жоқ!.. Арзан ақылдарыңды бір жерлеріңе тығып қоярсыңдар!.. Келістік пе?.. "Тым кішіпейіл бола берме, жайдақтап ат қып мініп алады жұрт" дейсіңдер... Ха!.. Мен мінгізе қояды екем!.. Қайдағы кішіпейілдік, мисыздар-ау?!. Сендерді адам екен деп көзге іліп отырған біреу бар ма... Орындарыңды біліңдер!..

- Сендерге бір қызық айтайын... Мен осы уақытқа дейін біздің елде мұншама ақылды қазақ бар деп ойламаппын! Не деген көп білгіш!.. Және бәрі сүйкімді болғысы келеді... Сендерге ұнайды-ау деген ақылын айтып-айтып тастап, бес алған балаша "қалай айттым?" деп, мақтау, пікір күтіп отырғандары... Бірақ құдай өзі сүйкім бермесе, қиын. Маған олай жұрттың көңілін аулап абырой іздеудің қажеті жоқ - мен не айтсам да, не бүлдірсем де , сүйкімдімін. Сендерге сүйкімдімін!.. Қарындасыңды боқтап, тіліңді қорлап, бетіңе түкіріп жатсам да, ақтап аласыңдар - мына сендер!.. Құдай өзі сүйкімді ғып жаратқан адамға дауа жоқ! Сендерге де...

- Тағы да айтайын... Олай болмау керек, бұлай болу керек дейсіңдер. "Бұлай" болу үшін не істедіңдер? Көсемситін жөндерің жоқ. Өздеріңді жөндеп алыңдар, әуелі. Бірдеңеге қолым жетті дегендерің, алдымен, қазаққа ақыл айта бастайсыңдар: ойбай, аузыңды жап, қозғалма, бүжәй келе жатыр, алып кетеді...шауып кетеді... Айтатындарың - шүкір, шүкір... Алысқандарың - бір-бірің... Талқылайтын ең қызық тақырыптарың - тоқал... Бейшара қыздардың жүрген-тұрғаны... Жаулығы, көйлек-шалбары... Тағы да сол - олай болмайды, бұлай болу керек... Одан қалса, дәстүр-мәстүр, батыр аталарымыз, би бабаларымыз, пай-пай болыс болған екен, тілмаш болған екен... Оны тастай беріп, үтігің күйіп кетсе, үйіңдегі кез келген сантеxникалық құбырдан атып шығып ән айтатын "жұлдыздарды" өсектейсіңдер... Түк табылмаса, бағы ашылмаған баяғы сорлы билікті троллит етесіңдер. Ал енді одан да сормаңдай оппозицияның күнін басқа бермесін - тірідей отқа қақтап жеп жүрсіңдер!.. Не? "Оппозиция... бар ма еді?!" дейсіңдер ме? Бар ғой...- қараңдаған көлеңкесі, жұрнақтан қалған тамтығы... Бірнеше көрнекті "қайраткер"-кейіпкерлерің бар - айналып соның маңынан шықпайсыңдар... Тырбаңдап жүріп парламентке өткен, бетін саудалап теледидардан түспейтіндердің бәрі қазір - сүйкімді. Сендерге сүйкімді... Мақтасаң да - солар, жамандасаң да - солар... Тфу!..

Бұл спектакльдің жаны да, шырайы да - менің ойыным!.. Өйткені, жаңа айттым, бұл - маған арнап жазылған драма... әлде комедия... Авторы - сендердің ниеттерің һәм адам тани білмейтін аңғалдықтарың мен парықсыздықтарың...

- Сендер мені сүйесіңдер. Көрген замат, өбектеп асты-үстіме түсесіңдер. Маған шаң жуытпайсыңдар... Ал жарайды... Сендер туралы тағы не ойлайтынымды айтайын онда - тыңдаңдар!.. Осы сендер "өмір - театр" деген бағзыдағы біреудің сөзін қайталап айта бергенді жақсы көресіңдер. Өйткені, өздеріңді сол театрдағы бір-бір белді актер сезінгенді ұнатасыңдар... Пішту!.. Актер болсаңдар да, шеттеріңнен дарынсыз актерсіңдер. Саналы-санасыз түрде, кімнің рөлінде ойнап жүргендеріңді және ол рөлді қаншалық нашар ойнап жүргендеріңді өздерің білмесеңдер де, маған беп-белгілі. Шағып, алақанға салған жаңғақтай түп-түсінікті, ап-айқынсыңдар... Ал мені тумысымнан актер қылып жаратқан!.. Маған, тіпті, битімді салып рөл ойнаудың да қажеті жоқ. Мына өмір мен мына менің болмысым - біртұтас. Бұл театрда тек маған арнап қойылған спектакль жүріп жатыр қазір. Мәселе сол спектакльде менің қандай рөл ойнап жүргенімде де емес... Басты рөлдерде, әрине - басқалар. Тағдыр дейтін талғамсыз, жындысүрейлеу режиссердің таңдауы соларға түскесін, не амал... Бірақ, сөз жоқ, бұл спектакльдің жаны да, шырайы да - менің ойыным!.. Өйткені, жаңа айттым, бұл - маған арнап жазылған драма... әлде комедия... Авторы - сендердің ниеттерің һәм адам тани білмейтін аңғалдықтарың мен парықсыздықтарың... Мен тек бағзыдағы дель-арте театрында маскасын шатастырып, кейіп ауыстырып алған актер сияқтымын. Сол - менің бағым!.. Болмысымдағы өзге түгіл, кейде өзім жеркенетін құбылыстар сендерге сүйкімді болып көрінетіні - содан. Бірақ мен сендер сияқты екіжүзді емеспін. Өйткені, мен басқаша ойнай алмаймын. Мен... ойнап та жүрген жоқпын... Қысқасы, осындай авторлар мен осындай актерлердің бірлескен "шығармашылығынан" мына - бүгінгі қоғам, қазіргі өмір деп аталатын орасан былық, берекесіз тірлік дүниеге келді!.. Мейлінше дарынсыз еңбегімізді өзіміз аса жоғары бағалап, міне, бүгін бәріміз бөрінің артынша шулап, күн сайын аста-төк банкет жасап, тойлап жүрміз... Төрде - қашандағыша, мен...және мен сияқтылар!..

- Иә... Сүйкім - сұрапыл күш!.. Басқа сүйіктілеріңде шаруам жоқ - мен өз сүйкімімді ғана сүйемін!.. Сендердің сүйіспеншіліктерің мені әлі талай тауға шығарады.! Әлі-ақ көкке ұшырады... Мен бәрін айттым... "Жек көрсеңдер, өзің біл" демеймін, бірақ... Бәрібір сүйесіңдер!.. Бақтарыңа ма, сорларыңа ма...

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG