Accessibility links

Университеттегі дау министрлікке жетті


Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар мен инжиниринг университеті ғимаратының сыртқы көрінісі. Актау, 18 ақпан 2017 жыл.
Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар мен инжиниринг университеті ғимаратының сыртқы көрінісі. Актау, 18 ақпан 2017 жыл.

Есенов университетінің ұстаздары ректордан қысым көргендерін айтып шағымданды. Ал ректор мұны «жұмыс барысына қатаң талап қоюым ұжымға ұнамады» деп түсіндіреді.

Ақтаудағы Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің педагогтық-профессорлық құрамы «ректордың тарапынан қудалауға ұшырап, қысым көрдік» деп шағынады.

Мәселелерін облыс басшылығы деңгейінде шеше алмаған ұстаздар шағымдарын ақпанның 2-cінде Қазақстан премьер министріне, президент әкімшілігіне, бас прокуратураға, білім және ғылым министрлігіне жолдаған. Университет ректорының көмекшісі Эльмира Байарыстанованың Азаттыққа айтуынша, осы шағымнан соң оқу орнына білім және ғылым министрлігінен комиссия келіп, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

ҰСТАЗДАРДЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг мемлекеттік университетінің наразы ұстаздарының бірі – профессор-филолог Бибайша Нұрдәулетова. Бұл университетте 1993 жылдан бастап еңбек ететінін айтқан оқытушының сөзінше, қазір оқу орнындағы мұғалімдердің сағаттары қысқарған.

Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг мемлекеттік университетінің профессоры Бибайша Нұрдәулетова. Ақтау, 15 ақпан 2017 жыл.
Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг мемлекеттік университетінің профессоры Бибайша Нұрдәулетова. Ақтау, 15 ақпан 2017 жыл.

– Оқытушылармен сағаттық келісім жасау арқылы оларға жылдық еңбек демалысын бермеуге көшті. Ал қысқарған сағаттар оқу жылының ортасында қайта пайда болып, оны алатын мұғалім ізделе бастады, – дейді Бибайша Нұрдәулетова.

Техника ғылымдарының кандидаты Шара Жұмағазиева «оқу сағаттарының шамадан тыс көп қысқаруы оқу процессіне, білім сапасына үлкен әсер етіп отыр» деп санайды. Ол әсіресе практикалық сабақтардың қысқаруына қарсы.

– Диплом алдындағы практика үшін арнайы сағаттар бар еді. Сол мүлде қысқарып қалды. Бұл – машина құрау факультеті студенттері үшін аса маңызды. Себебі олар тек сызбалар жасап, жұмыстарын практика түрінде жасайтын. Бұл сағаттар қандай мақсатпен қысқарды? Ол балалар қандай маман болады ертең? Теория бөлек, практика мүлде бөлек емес пе? – дейді Шара Жұмағазиева.

Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің оқытушысы Шара Жұмағазиева. Ақтау, 15 ақпан 2017 жыл.
Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің оқытушысы Шара Жұмағазиева. Ақтау, 15 ақпан 2017 жыл.

Машина құрау кафедрасының доценті Сәтжан Айсаев «ректор оқу сағаттарын, ақшаларын қысқартса, оған негіз болуы керек» дейді.

– Біз «көрсетілім лекциясы» дегенді жүргізе бастадық. Бірақ бізді кім және қандай критериймен бағалайды? Ол комиссия құрамында менің өз шәкірттерім де жүр. Олар мені қалай бағалайды? – дейді ол.

Университеттегі наразы ұстаздар бұдан басқа жайтттарды да сөз етті. Мәселен, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Жылқыбаева «конкурсқа қатыса алмай орнынан айрылғанын», профессор Алмажай Егемесова «бес кітап шығарса да, тиісті әлеуметтік қолдауға ие бола алмай келе жатқанын», профессор Зейни Көкшиева «ректордың талабына бағынбаған соң қуғынға ұшырағанын» айтты.

Оқытушылар мен ректордың дауы ушықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:41 0:00

СТУДЕНТТЕРДІҢ ШАҒЫМЫ

Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг мемлекеттік университеті басшылығына наразылардың арасында студенттер де бар.

Олар Азаттық тілшісіне WhatsApp хат-хабар алмасу желісі арқылы жолдаған видеода оқу ақысына байланысты шағымданаған.

Педагогика факультетінің 3-курс студенттері Ақнұр Тұралина мен Ақнұр Құлмұханова өткен жылдың соңында оқу ақысын дер кезінде бермегендері үшін ол ақшаның өсімін төлеуге мәжбүр болғандарын, оның әркімге әртүрлі есептелгенін айтады.

– Апайымыздың қолында үлкен тізім болды. Ішінде «Бәленшеева – 10 мың, 30 мың, 40 мың теңге» деп жазулы тұрды. Маған 35 мың теңге шықты. Біз шошып кеттік. Ата-анамызға айттық. Осы аудиторияда үлкен айқай-шу болды. «Бұл қайдан шыққан пеня?» деп сұрадық. Мен 45-50 мың теңгені текке пеня үшін төледім, – дейді Ақнұр Тұралина.

Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің студенттері.
Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің студенттері.

Ал Ақнұр Құлмұханова оқу ақысының өсімі жабылғанымен қудалауға түскендерін айтады.

– Енді бізге психологиялық шабуыл жасап, деканатқа шақырып, құқық қорғау органдарын араластырып жатыр. Біз психологяилық жағынан өзімізді жайсыз сезініп отырмыз. Бізді аңдып жүр, – дейді ол.

РЕКТОРДЫҢ УӘЖІ

Университет ректоры Әділбек Ботабеков қарамағындағы кей ұстаздар мен студенттердің өзін айыптаған пікірлерімен келіспейді. Оның сөзінше, ректор болған уақыттан бері университеттің қаржы мәселесіне сараптама жасап, оқытушылардың керексіз артық жүктеме сағаттарымен жүргенін анықтаған.

– Мен олардың сағаттарын азайттым. Бірақ одан жалақылары кеміген жоқ, керісінше 66 пайызға артты. Ал бос уақыттарын ғылыммен айналысуға, оқулық жазуға жұмсауларын ұсындым. Олар келіспеді. Мен келгенен бастап оларға сыйақы бере бастадым. Олар бұрын 5-10 мың теңге сыйақы алып жүрсе, енді 50-70 мыңнан сыйақы ала бастады, – дейді Әділбек Ботабеков.

Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг мемлекеттік университетінің ректоры Әділбек Ботабеков.
Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг мемлекеттік университетінің ректоры Әділбек Ботабеков.

Ол оқытушылардың көрсетілім лекциясы жайлы наразылықтары да негізсіз деп біледі. Ректордың пікірінше, «көрсетілім сабақтарын өткізу мұғалімдердің өздеріне пайдалы, ондай лекцияларды өткізіп беру тәжірибелі ұстаз үшін ештеңе емес».

– Мұғалімді ашық сабақпен немесе сабағына қатысу арқылы қинаудың орнына оны аяқ асты шақырып, қазір өткізген лекциясын комиссияға қайталауды сұраймыз. Ол тәжірибелі адам үшін көп жұмыс емес. Оларды бақылайтын комиссия тақырыпты студентке қалай түсіндіретініне мән береді, – деп түсіндірді Әділбек Ботабеков.

Оқытушылардың шағымын «бастамашыл әрекетімді түсінбейді» деп ұғындырған ректор «оларға саусағының ұшын да тигізбейтінін» айтады.

Ректор студенттердің оқу ақысының өсімі жайын да түсіндірді. Оның айтуынша, «өсім мәселесін кей студенттер оқу ақысын дер кезінде төлемегендіктен көтерген, әрі ол – басқа оқу орындарында бар мәселе».

Мен студенттерге оқу ақысын 10 айға бөліп төлеуге мүмкіндік бердім.

– Мен студенттерге оқу ақысын 10 айға бөліп төлеуге мүмкіндік бердім. Бірақ оларға жақсылық жасағанда жауапкершілік болуы керегін, уақытысында төлемегендердің 0,1 пайыз пеня төлейтінін ескерттім. Ол айына 200 теңге ғана, – дейді ректор.

Әділбек Ботабеков Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «студенттерге тосын сый жасап, олардың өсімдерін кешіргенін» мәлімдеді.

Ректор университетке видео бақылау құралдарын орнатқаны да мұғалімдер тарапынан қарсылыққа тап болғанын айтады. Оқу орны басшысы камера орнатқызуын «студенттердің шпаргалкасыз таза білім алуына қол жеткізуге тырысқаным» деп түсіндірді.

– Блогыма студенттер жазады: «Мен үнемі сабаққа қатысып келемін, бірақ 4 алдым. Ал анау сабаққа мүлде келмейді, көшіріп беріп 5 алды» деп. Мен бұндай жайтқа ректор ретінде қандай реакция жасауым керек? Ол көшірген студент ертең қандай маман болып шығады? – дейді Әділбек Ботабеков.

Университет ректоры өзіне қатысты жазылған шағымдарды «таза арандатушылық» деп сипаттайды. Ол бұл оқиғаны «нәтижесі алдағы наурызда белгілі болатын ректор сайлауы қорытындысын өз пайдасына шығарып алуға тырысып, абыройымды түсіруге ұмтылып жатқан әлдебір қарсыластарымның әрекеті болуы мүмкін» деп жориды.

Ректор мен оқытушылар арасында дау туған бұл оқу орны 1976 жылы Қазақ политехникалық институтының жалпытехникалық факультеті ретінде ашылған. 1993 жылы - институтқа, 1996 жылы мемлекеттік университетке айналған. Қазір университетте әлеуметтік-гуманитарлық дайындық, мұнай және газ, педагогика, көлік және құрылыс, экономика және құқық факультеттері бар. Оқу орнында 350-ден астам ұстаз (олардың 16-сы - ғылым докторы, 169-ы - ғылым кандидаты) дәріс оқиды.

58 жастағы Әділбек Ботабеков бұл университетке 2013 жылы ректор болып тағайындалған.

XS
SM
MD
LG