Accessibility links

EXPO-2017 кезінде Астанаға кей адамдарды жолатпау жайы не болмақ?


EXPO-2017 көрмесіне арналған мүсіндер.

EXPO-2017 көрмесіне арналған мүсіндер.

Халықаралық көрме өтер тұста сотталған және тұрақты мекен-жайы жоқ адамдарды Астанаға кіргізбеудің қандай заңға сүйенері белгісіз.

Қарақшылық жасағаны үшін бес жыл түрмеге отырып шыққан Геннадий EXPO-2017 халықаралық көрмесі кезінде өзі сияқты сотты болған адамдарды Астанаға жолатпау жайлы ұсынысқа ренжулі.

- Мен де мұндай шараны көргім, оған қатысқым келеді. Маған тыйым салса, құқығым бұзылғаны. Бұған дейін сотталғаным ештеңені де білдірмейді. Мен де адаммын, азаматпын, - дейді ол.

ТЫЙЫМ

Өткен аптада Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин Астана маңындағы түзеу мекемелерінен ауыр айып бойынша белгіленген жазасын өтеп шығатын азаматтарды "бұл қалаға келуден тартынуға" шақырған. Ол мұны көрме кезіндегі қауіпсіздік мәселесін сараптайтын эксперттік топқа ұсыныс ретінде жасаған. Қала билігі 2017 жылдың қаңтарынан бастап Астанаға түрмеден босап шыққан 380 адам келеді деп болжам жасап отыр.

Құрамында жергілікті билік, бас прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті және ішкі істер министрлігі өкілдері бар топқа көрме кезінде Астанадағы тұрақты мекен-жайы жоқ азаматтардың санын шектеу шараларын іске асыру да ұсынылған.

EXPO-2017 көрмесі құрылысы. Астана, 31 қазан 2016 жыл.

EXPO-2017 көрмесі құрылысы. Астана, 31 қазан 2016 жыл.

Азаттық Астана әкімдігіне "Мұндай ұсыныстың заңдық негізі қандай болмақ?" деген ресми сауалын жолдағанымен, оған жауап ала алмады.

Бұл сұрақ бас прокуратураға да жолданған еді. Бас прокуратураның 2-департаменті бастығы К.Игембаевтың атынан келген ресми жауапта "сотталғандар мен тұрақты мекен-жайы жоқтар мәселесі сарапшы топ отырысында қаралатыны" ғана жазылды. Ол отырыстың қашан және қайда өтетіні айтылмаған.

Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко Астана әкімшілігінің ұсынысы көші-қон заңының, қалада тіркелу ережелері мен ішкі істер министрлігінің жекелеген бұйрықтары аясында шешілетінін айтады.

Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко. Астана, 3 қараша 2016 жыл.

Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко. Астана, 3 қараша 2016 жыл.

- Адам түрмеден шықса, әкімшілік бақылауда болмаса, ешқандай тыйым жоқ. Егер енді ғана шығып, әкімшілік бақылау аясында жүрсе, онда жүріс-тұрысы шектеледі.Бұған байланысты белгілі заң нормалары бар. Мұнда ешкім ешқандай жаңа нәрсе ойлап табудың таппайды, - деген бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко өткен аптада.

МЕМЛЕКЕТТІҢ МІНДЕТІ ЖӘНЕ АДАМ ҚҰҚЫҒЫ

Мәжіліс депутаты Павел Казанцев Астана билігінінің EXPO-2017 көрмесі кезінде қалаға кей адамдарды жолатпау бастамасын қолдайтынын айтады.

- Халықаралық дәрежедегі қауіпсіздік мәселесі - мемлекеттің қасиетті міндеті. Мемлекет құқықтық жүйенің тұрақтылығына төнген қауіпті мейлінше азайтуы үшін белгілі бір шараларды іске асыруы керек. Бұл EXPO-2017-ге ғана байланысты емес. Азиаданы өткізсек те, тура сонда шектеу шаралары болады, - дейді Павел Казанцев.

Бірақ Павел Казанцевтің әріптесі, мәжіліс депутаты болған Евгений Козлов мұндай шектеу жасаумен келіспейді.

Әлдебір шектеу жасағысы келсе, онда әлдекім жұмысын атқарғысы келмейді деген сөз.

- Әлдебір шектеу жасағысы келсе, онда әлдекім жұмысын атқарғысы келмейді деген сөз. Қауіпсіздік құқық қорғау орындары қамтамасыз етуі керек. Олар қалада кім жүрсе де, міндеттерін атқаруы керек. Бұл қанша адамның [түрмеден] босап шығатынына да байланысты болмауы керек. Егер олардың осы қалада тұруға құқығы болса, онда осында тұра алады, - дейді депутат Евгений Козлов.

Астанада «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы EXPO-2017 халықаралық көрмесі 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында өтеді. Бұл көрме кезінде қалаға 100-ден астам елден 2 миллионнан астам турист келеді деген болжам бар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG