Accessibility links

Прокуратура жиынында жер митингілерінің себептері айтылды


Заңсыз деген жер телімінде салынып жатқан жер үй. Астана маңы, Қоянды ауылы, 20 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Заңсыз деген жер телімінде салынып жатқан жер үй. Астана маңы, Қоянды ауылы, 20 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Астана маңында 300-ге жуық «проблемалық жер телімдері» бар. Солардың бірінің иесі Зифа Жакеева «сатып алған жері заңсыз болып шығады деп ойламағанын» айтады. Ал Бас прокуратура жиынында «жер митингілері себебі – үй салатын 10 сотық жер мәселесі болғаны» айтылды.

«БІРІГІП ШУ КӨТЕРГЕННЕН КЕЙІН ҒАНА СОТ ТОҚТАДЫ»

Зифа Жакеева сот табалдырығын тоздырған күндерін әлі ұмытпайды. Осыдан бірнеше ай бұрын оның отбасы сатып алған жерінен айрылып қала жаздаған.

"Заңсыз" жер телімдері мәселесін билік қайтіп шешпек?
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:08 0:00
Жүктеп алу

Зифа Жакеева ата-анасы, екі сіңілі және бауыры бар отбасымен 2015 жылы «Астанаға көшкен». Ол «Астананың түбіндегі Қосшы кентінде үй салуға 10 сотық жерді 27 мың долларға сатып алғанын» айтады. Бірақ үйін тұрғызған соң көп ұзамай сатып алған жері «заңсыз алынғанын» шенеуніктер мәлім еткен. Зифа Жакеева бір жылдан бері соттасып, зәрезап болғанын айтады.

- Өзіміз секілді проблемалық жер иелерімен бірігіп, БАҚ арқылы шу көтергеннен кейін ғана бізге байланысты соттар тоқтатылды. Қазір жерді заңдастыру жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ өте баяу, - дейді Жакеева.

Зифа Жакееваның Қосшы кентіндегі жеріне салған үйі.
Зифа Жакееваның Қосшы кентіндегі жеріне салған үйі.

Астана маңында Зифа Жакеева сынды проблемалық жер учаскесі бар 300-ге тарта тұрғын бар. Қазақстан Бас прокуратурасы дерегі бойынша, Қосшы кентінде тұрғындарға заңсыз жер сатқаны үшін 24 лауазымды тұлғаның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Олардың 15-і қамауда отыр.

«ЖЕРДІ СПУТНИКТЕН БАҚЫЛАЙТЫН БОЛАМЫЗ»

Астана маңында заңсыз сатылған 300-ге жуық жер телімі бар екені жөніндегі дерек қарашаның 3-і күні Бас прокуратура коллегиясының Астанада өткен отырысында айтылды. Жиында бас прокуратура ішкі істер министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш сапары» ұлттық компаниясы өкілдері мен депутаттарға жер басып алумен күрестің бір жылдық жоспарын таныстырды.

Ол жоспарда прокуратура мұндай заңсыз басып алу немесе сатудың алдын алу үшін қылмыстық жауапкершілік пен жергілікті билік жауапкершілігін күшейту сияқты шараларды ұсынды.

Прокурорлар дерегінше, енді үйлердің «заңды не заңсыз жерде салынып жатқаны спутниктік бақылау қызметі арқылы анықталмақ». Бұл қызметті ұсынып отырған «Қазақстан Ғарыш сапары» ұлттық компаниясы өкілдерінің айтуынша, көлемі бір метрге дейінгі заттарды ғарыштан анық көрсететін спутник деректерін «Жер кадастры» жүйесінің мәліметтерімен салғастыру арқылы басып алынған жер учаскелерін анықтауға болады. Жер басып алуға қарсы мұндай амал бір жылдың ішінде жолға қойылмақ.

Бас прокурор орынбасары Андрей Кравченко. Астана, 3 қараша 2016 жыл.
Бас прокурор орынбасары Андрей Кравченко. Астана, 3 қараша 2016 жыл.

Қазақстанның бас прокуроры орынбасары Андрей Кравченконың айтуынша,басып алынған жерлерді мемлекетке қайтару оңай шаруа емес.

- Әкімдіктер кеш қозғалады. Басып алынған жерлерге ондап-жүздеп үй тұрғызылғанда барып «оянады». Нәтижесінде әскери қимылға парапар қарсылыққа тап болады. Үйді сүру кезінде баррикадалар жасалып, әйелдер мен балалар техника алдына қаз-қатар тұрып алады. Өздерін өртейміз деп қорқытады. Кейінгі төрт жыл ішінде осындай 40-қа жуық наразылық шарасы өтті, - дейді Андрей Кравченко.

БИЛІК ЖОСПАРЫНА БАСҚАША КӨЗҚАРАС

Биылғы жер дауын басу үшін құрылған Жер комиссиясы жұмысына қатысқан сенатор Қуаныш Айтаханов прокурорлар таныстырған жер басып алумен күрес жоспарын сынап, күресті басқаша жүргізу керек екенін ескертті. Сенатор дерегіне қарағанда, «қазір жер учаскесін алуға 1 миллион 400 мың адам кезекте тұр». Оның сөзінше, прокуратураның «жазалау және жауапкершікті күшейту жоспарынан нәтиже шықпайды».

- Жер басып алумен күресу керек. Бірақ оны болдырмау үшін кезектің әділ жүретініне, үш-төрт жылда жерін алып, үй сала алатынына жұрттың көзін жеткізу керек. Мәселе сонда ғана шешіледі. Мәселе жазалаумен, жауапкершілікті күшейтумен шешілмейді, - дейді Қуаныш Айтаханов.

Астана іргесіндегі Қоянды ауылы тұрғындары жерлері мен баспаналарының сүрілуіне наразылықтарын айтып тұр. Қоянды, 27 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Астана іргесіндегі Қоянды ауылы тұрғындары жерлері мен баспаналарының сүрілуіне наразылықтарын айтып тұр. Қоянды, 27 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда кез келген азамат 10 сотық жер алуға құқылы. Бірақ ол жер тұрмыстық инфроқұрылым жүргізілген жағдайда беріледі. Сенатор пікірінше, «бұл біржақты талап жерге деген кезекті көбейтіп отыр, ірі қалалардан алыс аймақтарға толық инфрақұрылымның қажеті шамалы».

«10 СОТЫҚ ЖЕР ТУРАЛЫ БӨЛЕК ЗАҢ КЕРЕК»

Ал прокурор Ержан Тұрмағамбетовтың айтуынша, биыл көктем-жаз айларында Қазақстанның бірқатар қалаларында жер мәселесін көтерген митингілер осы «10 сотық жер алу қиындығынан» басталған. Жер реформасына қарсы болған халық толқуларының нәтижесінде «Жер кодексінің» даулы баптарына мароторий жарияланған болатын.

- Батыс Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары, Семей қаласында болдым. Өңір халқының биліктен сұрайтыны- осы 10 сотық жер. «Неге 25 жылда осы мәселе шешілмеді? Неге бұл мәселеде ашықтық жоқ? Бізде [жер алуға] үміт жоқ. Қараңғыда жүрген сияқтымыз» дейді жұрт, - дейді Ержан Тұрмағамбетов.

Сенатор Қуаныш Айтаханов бас прокуратура жиынында сөйлеп отыр. Астана, 3 қараша 2016 жыл.
Сенатор Қуаныш Айтаханов бас прокуратура жиынында сөйлеп отыр. Астана, 3 қараша 2016 жыл.

Сенатор Қуаныш Айтаханов прокуратура жиынын «үй салуға бөлінетін жер» туралы бөлек заң шығару қажеттігі туындағанын» айтып түйіндеді. Ал Астана маңынан сатып алған жерін заңдастыру кезегін күтіп жүрген Астана тұрғыны Зифа Жакеева:

- Алда-жалда құзырлы мекемелерге шақырып қала ма деп жер мен үйдің құжаттарын өзіммен бірге алып жүретін болдым. Әбден шаршадық, - дейді.

Оқи отырыңыз: Әкім жер сұраған тұрғындарды «сабырлы болуға» шақырып қайтарды

Ресми дерек бойынша, кейінгі 15 жылда Қазақстанда 12 мыңнан астам жер телімі басып алынған. 2003-2007 жылдары әрбір үшінші жер басып алу оқиғасы Алматы қаласында болған. Қазір Ақмола облысында 133 гектар, Астана маңында 58 гектар жер заңсыз басып алынған деген ресми мәлімет бар. Ал Қосшы ауылының бұрынғы әкімінің үстінен жемқорлық баптары бойынша қылмыстық іс қозғалғаны бұған дейін хабарланған еді.

XS
SM
MD
LG