Accessibility links

Оразақтың кей тұрғыны «үй бөлудегі әділетсіздікті» айтады


Ақмола облысы Целиноград ауданы Оразақ ауылының тұрғыны Гүлнәр Ахметова. 8 қаңтар 2016 жыл.

Ақмола облысы Целиноград ауданы Оразақ ауылының тұрғыны Гүлнәр Ахметова. 8 қаңтар 2016 жыл.

Оразақтың оншақты тұрғыны селден құлаған үйлерінің есесіне сол ауылда жаңадан салып берген баспанадан бас тартқан. Жергілікті билік «тұрғындар жаңа үйді алмаса, басқа амалға көшетіндерін» айтады.

Астана қаласынан 70 шақырым жердегі ауылдың – Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Оразақтың тұрғыны Гүлнәр Ахметова былтырғы селден құлаған үйіне өтемақы ретінде салынған баспанаға кірмей қойған. Ол қазір Астанадан 30 шақырым жердегі Ақмол ауылында 40 мың теңгеге пәтер жалдап тұрып жатқанын айтады.

– Оразақты су басқанда жергілікті әкімдер ауылда жиналыс өткізіп, «Ақмолға көшкісі келетіндерге үй беріледі» деді. Біз тізімге жазылдық. Бірақ соңында Ақмолдан Оразақ тұрғындарына берілген 27 пәтер әділ бөлінбеді. Ал Оразақтағы бізге ал деген баспана сапасыз – оны қалай аламыз? – дейді Гүлнәр Ахметова.

«27 ПӘТЕРДІҢ ЖЕТЕУІН ӘДІЛЕТСІЗ БӨЛДІ»

Оразақ ауылының тұрғындары Астанаға жүрдек автобус қатынайтын Ақмолдағы орталық жылу жүйесіне қосылған, ыстық және суық суы іштегі 27 пәтер таласына бұған дейін билік партиясын да араластырған. «Пәтер дұрыс бөлінбеді» деген белсенді топ былтыр қараша айында «Нұр Отан» партиясының қабылдау бөліміне барып, мәжіліс депутаты Ерсұлтан Бектұрғановқа шағымданған.

Белсенді топтың мүшесі Төлеубай Жанғалиевтің сөзінше, «депутат ауылға келіп, жиналыс өткізіп, тұрғындар сөзін тыңдап кеткенімен, ешқандай іс істемеген».

Ақмола облысы Целиноград ауданы Оразақ ауылының тұрғыны Төлеубай Жанғалиев. 8 қаңтар 2016 жыл.

Ақмола облысы Целиноград ауданы Оразақ ауылының тұрғыны Төлеубай Жанғалиев. 8 қаңтар 2016 жыл.

– Жиналыста біз Ақмолдағы 27 пәтердің жетеуі заңсыз бөлінгенін айтып дәлелдедік. Кейін жауап болмаған соң «Нұр Отанның» қабылдауына қайта бардым. Барсам, «біз оларға өтінішті қарастырыңыздар» деп өтініш қана айта аламыз» дейді. Одан шығып аудан әкімінің орынбасарына барсам, «бөлінген тізім өзгермейтінін» айтты. Сонда, ақ-қараны дұрыс тексермесе, партия бізге не керек? – дейді ол.

«Ақмолдағы 27 пәтердің жетеуі әділетсіз бөлінді» деген белсенділер келіссөзден пайда болмаса «сотқа жүгінетіндерін» де айтады.

Наразы топтың шағымын тыңдап, Оразақ ауылына арнайы барып жиналыс өткізді деген депутат Ерсұлтан Бектұрғановтың пікірін білмекке бірнеше мәрте жұмыс телефонына хабарласқанымызбен, оның көмекшісі «депутаттың уақыты жоғын» айтып тілдестірмей қойды.

«АСТАНАҒА ЖАҚЫН АҚМОЛҒА ТҰРҒЫЛАРЫ КЕЛЕДІ»

Ақмола облысы Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Берікжан Әбутәліповтің сөзінше, Оразақ ауылының оншақты тұрғыны сол ауылда жаңадан салынған үйлерге кірмей жүр.

Ақмола облысы Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Берікжан Әбутәліпов. 8 қаңтар 2016 жыл.

Ақмола облысы Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Берікжан Әбутәліпов. 8 қаңтар 2016 жыл.

– Былтыр сел басқан сәтте Оразақта – 200-ден астам үй, Жаңажол ауылында – 14 үй, Ақмол ауылында 4 үй құлап қалды. Тезірек үй салу үшін қолымыздағы дайын жоба бойынша Ақмолдан 45 пәтерлік көп қабатты үй салдық. Содан артылған 27 пәтерді Оразақтың тұрғындарына бөлуді жөн көрдік. Бірақ 27 пәтерге 92 өтініш түсіп, тұрғындар арасында түсініспеушілік болып жатыр, – дейді Берікжан Әбутәліпов.

Оның сөзінше, «Оразақта жаңадан салынға үйлер сапалы, ауыз су ішке кіргізілген, есік алдына қора салынған, көшеге тас төселіп, жарық тартылған, құрылыс компаниялары үйдің сапасына екі жыл кепілдік береді».

– Осындай дайын үйге кірмей жүрген наразы топтың мақсаты – Оразақта емес, Астанаға жақынырақ Ақмол ауылында тұру, – дейді Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Берікжан Әбутәліпов.

Билік өкілі мәжіліс депутаты Ерсұлтан Бектұрғановтың тексеруінен кейін пәтер бөлісу ісінде ештеңе өзгермегенін айтады. Оның сөзінше, пәтерлерді бөліске салған арнайы комиссия облыс әкімінің шешімімен құрылған. Комиссия құрамына тоғыз адам (мәслихаттың үш депутаты және аудандағы алты мемлекеттік қызметкер) кірген.

Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Оразақ ауылын су басқан кез. 29 сәуір 2015 жыл

Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Оразақ ауылын су басқан кез. 29 сәуір 2015 жыл

– Комиссия мүшелері Оразақ ауылының тұрғындарын танымайды. Сондықтан пәтерлер құжаттардың түгелдігіне қарай берілді. «Кім бірінші жазылды» дегендей кезек реті болған жоқ. Облыс әкімі қарт не мүгедек адамдарға басымдылық таныту қажет екенін айтқан, сол бойынша берілді,–дейді Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Берікжан Әбутәліпов.

Ол наразы тұрғындар Оразақтағы салынғаннан бері бос тұрған үйлерді алмайтын болса, «басқа амалдарға көшіп, ол пәтерлерді бұрыннан кезекте тұрғандарға үлестіретіндерін» айтады. Жергілікті билік өкілінің сөзінше, былтырғы селден кейін мемлекет есебінен салынған, құны 8 миллион теңгеден артық бұл үйлердің 188-іне тұрғындар кіріп алған.

2015 жылы сәуірдің 28-і күні Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Оразақ ауылын су басып қалып, 200-дей үй бүлініп, жүздеген адам эвакуацияланған. Бұл ауылда 1 мың 845 адам тұрады. Тасқын салдарынанауылдағы 367 үйдің 30-дан астамы құлап, біразы бүлінген.

XS
SM
MD
LG