Accessibility links

Сотталушы тергеу кезінде азапталғанын айтады


Адвокат Ермек Сыздықов (сол жақта) айыпталушы Руслан Темірболатовпен сот залында сөйлесіп отыр. Астана, 13 маусым 2014 жыл.

Адвокат Ермек Сыздықов (сол жақта) айыпталушы Руслан Темірболатовпен сот залында сөйлесіп отыр. Астана, 13 маусым 2014 жыл.

Астана тұрғыны, сотталушы Руслан Темірболатов «полицейлер көлік ұрлағаныңды мойында деп ұрып-соқты» деп шағымданады. Азаптау туралы іс бір ай бұрын қозғалған. Ал көлік ұрлауға қатысты іс сотта қарала бастады.

Бұрын сотталған 30 жастағы Руслан Темірболатовты полицейлер «автокөлік ұрлады» деген күдікпен биыл қаңтардың 13-і күні ұстаған. Полицейлердің болжамынша, былтыр желтоқсан айында Руслан Темірболатов пен бұрын сотталған Мейрам Рақымжанов (бұл іс бойынша ол да айыпталушы деп танылған) және Марат есімді белгісіз адам үшеуі үш автокөлік ұрлаған.

Темірболатов тағылған айыпты мойындамайды әрі «бұл қылмыстарға қатысым жоқ» дейді. Қамауға дейін ол техникалық қызмет көрсету станциясында автоэлектрик болып істеген. Ол «адам тонағаным үшін үш жылға еркіндігімді шектеу туралы былтырғы үкімнен кейін түзелуге тырысып жүргенмін» дейді.

ҚАҢТАРДАҒЫ ҚАМАУДАН КЕЙІН

Русланның туыстары «ол бұрын сотталғандықтан ғана полицейлердің күдігіне ілінді» деп есептейді. Сотталушының ағасы Абдулла Темірболаттың айтуынша, Русланды «автокөлік ұрлады» деген айыппен қаңтарда қамауға алған соң азаптаған.

- Оны сол кезде ұрып-соқты. Әлгі үш көлікті ұрлағанын мойындауға мәжбүрледі. Қаңтарда ұсталған кезде оған аудандық ішкі істер бөлімінде тіпті бізге телефон Абдолла Темірболат. Астана, 13 маусым 2014 жыл.

Абдолла Темірболат. Астана, 13 маусым 2014 жыл.

соғуға мұрша бермей, ұрып-соққан. Оның қамалғанын кездейсоқ білдік, - дейді Абдулла Темірболат.

Адвокат Ермек Сыздықовтың айтуынша, полицейлер ашылмаған қылмыстарды оның клиентінің мойнына «ілгісі» келген. Ал қылмыстық істе куәгерлердің түсініктемесі де, оның клиентінің кінәсін дәлелдейтін айғақтар да жоқ.

Маусымның 13-і күні көлік ұрлауға қатысты іс бойынша Алматы аудандық 2-сотында басталған сот процесіне дейін Руслан Темірболатов Азаттық тілшісіне полицейлер қылмысты мәжбүрлеп мойындатқанын айтты.

- Әкелген соң бірден ұра бастады, қабырғамнан ұрды. Әбден ұрып болды да, мені тастап кетіп қалды. Кейін келіп, қолыма кісен салды, таң атқанша сонда болдым, - дейді Руслан Темірболатов.

Судья Гүлжаһан Ұбашеваның төрағалығымен сот басталып кетіп, сотталушы бұдан әрі ештеңе айтып үлгермеді. Ал судья Азаттық тілшісіне «бұдан былай сот басталмай тұрып сотталушылармен сөйлеспеңіз» деген ескерту жасады.

ІСКЕ ПРОКУРАТУРА АРАЛАСТЫ

Бірақ полиция басшылығы азаптау туралы шағымды қабылдамаған. Қарамағындағы қызметкерлерінің әрекетінен қылмыс құрамын таппаған басшылық іс қозғаудан бас тартқан соң шағым прокуратураға жеткен. Мамырдың 15-і күні Астана прокуратурасы азаптауға қатысты шағым бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Биыл қаңтардың 14-і күні - Руслан Темірболатовты қамауға алғаннан кейінгі екінші күні - өткізілген сот-медициналық сараптамаға сәйкес, оның денесінен «кеудесінде қатты затпен ұрған соққыдан қалған қанталаған ізі» түрінде дене Адвокат Ермек Сыздықов. Астана, 13 маусым 2014 жыл.

Адвокат Ермек Сыздықов. Астана, 13 маусым 2014 жыл.

жарақаты анықталған. Сот-медициналық сарапшы арқасының ауыратынын айтқан Темірболатовтың денсаулығына «жеңіл зақым келгені» туралы ұйғарым жасаған.

Бұл іс бойынша тағы бір айыпталушы әрі сотталушы Мейрам Рақымжановтың әйелі «менің күйеуімді де ұрып-соққан» деп мәлімдейді. Бірақ оның прокуратураны «Азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғатуға тырысқан әрекетінен ештеңе шықпаған.

- Жолдасымды Алматы аудандық ішкі істер бөлімінде көргенімде қатты ұрып тастағанын байқадым. Басының оң жағы, құлақ тұсы, қолы, жамбасы тұтас көкпеңбек болып кеткен. Бүкіл кеудесі көгерген, - дейді Клавдия Рақымжанова.

Әйел «меніңше, күйеуімнің сот-медициналық сараптама қорытындысымен танысуыма да, оның қоғамдық қорғаушысы болуыма да рұқсат бермей қойғаны сондықтан» дейді. Қазір Рақымжановтың мүддесін мемлекеттік адвокат қорғайды, ол Азаттық тілшісіне «іске енді ғана кірістім, азаптау туралы ештеңе білмеймін» деді.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары түрмелердегі азаптау практикасы үшін және азаптауға қатысты шағымдардың көбінің дұрыс тексерілмеуіне байланысты Қазақстанды жиі сынайды. Ал ел билігі «жағдайды түзету үшін тиісті шара қолданып жатырмыз» деп мәлімдейді. Өткен аптада Қазақстанға келген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Парламенттік ассамблеясының (ПАСЕ) демократия, адам құқықтары және гуманитарлық мәселелер комитеті төрайымы Изабель Сантос түрмелердегі тұтқындардың жағдайына қатысты алаңдаушылық білдірген.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG