Accessibility links

Ресей одақтастары украин тауарларын шектеуге құлықсыз


Дүкендегі украиналық кондитер өнімі. Көрнекі сурет

Дүкендегі украиналық кондитер өнімі. Көрнекі сурет

Ресейдің украин тауарларына баж салығын салу ұсынысына Қазақстан мен Беларусьтің қарсы шыққаны хабарланды. Сарапшылар Мәскеу Киевпен арадағы жанжалға Астана мен Минскіні араластырмақ дейді.

Маусымның 23-і күні Сочиде өткен Еуразия экономикалық кеңесінің отырысында Ресей Қазақстан мен Беларуське Украинадан келетін тауарларға баж салығын салуды ұсынған. Еуразия экономикалық кеңесінің беларусьтік өкілі Сергей Румас жергілікті tut.by ақпарат агенттігіне:

«Ресей Федерациясы Еуразия экономика комиссиясының кеңесіне Украина Еуропа Одағымен серіктестік келісімінің экономикалық бөлігін бекітуді жоспарлағандықтан украин тауарларына бірлесе баж салығын салуды ұсынды. Беларусь тарабы Ресейдің ұсынысына қарсы шықты. Украинаның ол келісімге әлі қол қоймағанын, мұндай салық салу Кеден Одағы елдерінің экономикасына қандай қауіп төндіретіні сарапталмағанын уәж етті. Бұл мәселеге қатысты Беларусьті Қазақстан да қолдап шықты. Бұл шешімді шұғыл түрде қабылдауға негіз жоқ. Ресей Бірыңғай экономикалық кеңістік құжаттарына сай Украина тауарларына баж салығын жеке өзі енгізуге құқылы» деп мәлімдеген.

Азаттықтың ЕУРАЗИЯ ОДАҒЫ парақшасын оқыңыз

Еуразия экономикалық комиссиясының баспасөз қызметі Азаттық радиосына берген жауабында кеңесте Украина тауарларына баж салығын салу мәселесі көтерілгенін растады.

«Негізгі отырыс алдындағы брифингте бұл мәселе (Украинадан келетін тауарларға баж салығын салу – ред.) көтерілді. Үш ел бұл мәселеге байланысты өз пікірлерін білдірді. Украина Еуразия экономикалық одағының мүшесі емес. Сондықтан Қазақстан мен Беларусь Украинаға қатысты өз жеке саясаттарын ұстануына болады» деді баспасөз қызметінің өкілі Азаттыққа.

Ресей, Қазақстан мен Беларусь президенттері ЕАЭО құру туралы келісімді бекітіп тұр. Астана, 29 мамыр 2014 жыл

Ресей, Қазақстан мен Беларусь президенттері ЕАЭО құру туралы келісімді бекітіп тұр. Астана, 29 мамыр 2014 жыл

Қазақстандық сарапшылар әзірге жергілікті БАҚ-та кең жариялана қоймаған бұл ақпаратқа қатысты Азаттыққа пікір білдірді. Саясаткер Дос Көшімнің пайымдауынша, Ресей Украинаға саяси соққы жасау үшін ЕАЭО-дағы екі серігі – Қазақстан мен Беларусьті құрал ретінде пайдаланғысы келеді.

«Ресей ЕАЭО-ны саяси мәселелерге де пайдаланғысы келеді. Украина мен Ресей арасында қазір экономикалық мәселе жоқ, саяси мәселе ушығып тұр. Ресей Украинаға экономикалық қысым көрсеткісі келіп, оған Қазақстан мен Беларусьті пайдаланғысы келді. Дәл осындай мәселелер алдағы уақытта Ресей тарапынан тағы да қайталануы мүмкін. Мұны саясатта «қара технология» дейді. Қазақстан мен Ресей Украина мәселесіне терең қарап, бұл мәселеге қайта аяқ баспайтындай болуы керек. Қазақстан Ресеймен және Украинамен арадағы байланысын тең дәрәжеде сақтағаны жөн. Себебі Украина – Қазақстанның саяси-экономикалық әріптесі» дейді саясаткер.

Еуразия экономикалық одағына қарасты ұйымдар мен мекемелер туралы мақаламызды да оқи отырыңыз.

Ал экономист Оразалы Сәбден Ресейдің украин тауарларына баж салығын енгізу туралы ұсынысын «Мәскеудің Қазақстан нарығына араласуға кезекті талпынысы» деп сипаттады. Ол «Қазақстан өз нарығын Ресейдің ықпалынан қорғауы керек» деп санайды.

Экономист сарапшы Жәнібек Нұрхалықов Қазақстанның Ресей мен Украина арасындағы саяси жанжалға араласпай бейтарап қалуын жөн көреді.

Оразалы Сәбден, экономист.

Оразалы Сәбден, экономист.

«Егер Қазақстан Украинадан келетін тауарларға баж салығын салатын болса, бұл Қазақстан экономикасына кері әсерін тигізіп, импорт-экспорт балансына әсер етеді. Және екі ел арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынасқа кесірі тиеді. Сондықтан Қазақстанның Ресей ұсынысынан бас тартуын дұрыс шешім деп бағалаймын» деді сарапшы.

Қазақстан статистика агенттігінің дерегінше, 2013 жылы Қазақстан мен Украина арасындағы тауар айналымы 4 миллиард 300 миллион доллар болған. Оның ішінде Қазақстан 2 миллиард доллардың тауарын экспорттап, 2 миллиард 300 миллион доллардың тауарын импорттаған. Қазақстанның жалпы тауар айналымындағы Украинаның үлесі - 3,3 пайыз.

Қазақстан Украинаға темір, марганец, хром, асбест, мұнай сияқты минералды ресурстарды, мұнай өнімдерін, минералды тыңайтқыштар және басқа заттар экспорттайды. Ал Украинадан көбіне қант, ет, сүт және кондитерлік өнімдерді, цемент, лак-бояу материалдарын, құбыр, құрал-жабдық, трактор сияқты өнеркәсіп тауарларын импорттайды.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG