Accessibility links

Қазақстан Қордайда «Еуропаның қақпасы» болып тұр


Паспорт тексерту кезегі. Қазақ-қырғыз шекарасындағы "Қордай" бекеті. 23 қыркүйек 2017 жыл.
Паспорт тексерту кезегі. Қазақ-қырғыз шекарасындағы "Қордай" бекеті. 23 қыркүйек 2017 жыл.

Қазақ-қырғыз шекарасындағы «Қордай» тексеру-өткізу бекетінен күн сайын 25 мыңға жуық адам, екі мыңдай көлік өтеді. «Шекараның» тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында барған Азаттық тілшісі Қордай асуында қырғызстандық еңбек мигранттарымен танысқан еді.

Таныстық Қырғызстанның ондаған азаматын Мәскеуге апара жатқан автобус сынып қалып, жолаушылар жол бойындағы дәмхананы уақытша паналап отырған жерде басталды. Ресейдегі «еңбек мигранттарының» өмірі жайлы аздаған мағлұмат алуға автобустың сынып қалуы мүмкіндік берді.

БІШКЕКТЕН АЛМАТЫҒА ДЕЙІН...

Алматыдан Бішкекке жету оңай. «Сайран» автовокзалына барып, бір жарым мың теңгеге шағын автобусқа билет сатып алсаң болды. Автовокзал территориясында таксистер де тұрады. Олар жеңіл көлігіндегі бір орынға әдетте екі есе қымбат баға сұрайды.

Жөні түзулеу көрінген шағын автобусқа билет сатып алған Азаттық тілшісі өзге жолаушылармен бірге салонның толғанын күтті. Ақыры бір сағаттан кейін соңғы жолаушылар да орындарына жайғасып, микроавтобус жолға шықты.

Сағат кешкі жеті болып қалған болатын. Қаладан шыға беріс жолдағы «Алтын Орда» көтерме базары тұсындағы кептеліс әдеттегідей діңкені құртты. Бірақ жарты сағаттан кейін базардағы жұмысы біткен саудагерлер, ұбап-шұбаған автобустар мен үйіне тезірек жетуге асыққан қала шетінде тұратын адамдардың легі сейіліп, тақтайдай түзу даңғыл жол басталды. Жол қазақ-қырғыз шекарасындағы Қордай асуындағы негізгі тексеру-өткізу бекетіне барып тіреледі. Қаладан шыға бере жолаушылардың көбі ұйқыға кетті. Ымырт үйіріліп, терезеден ештеңе көрінбей барады.

Алматыдан Бішкекке Қордай асуы арқылы баратын жол.
Алматыдан Бішкекке Қордай асуы арқылы баратын жол.

Алматыдан шекараға дейін жеңіл көлікпен үш сағаттай жол, бірақ кей жүргізушілер екі сағатта жетіп барады. Бір қызығы, алматылықтар көрші елді «қырғыз бауырлар» деп жақын тартады. Іргелес көршілестік, тіл мен мәдени туыстық Қырғызстанды алматылықтарға көршіден де жақын етіп жіберген. Мысалы, әулеттің той-томалағынан да қалмайтын, қайғы-қасірет немесе өзге ауыртпалығына да ортақтасатын немере бауыр сияқты болып кеткен.

ӨЗБЕКСТАНДЫҚ «КҮЛБИКЕ»

Кешкі мезгіл болғандыкі ме әлде Қырғызстанның Ыстықкөліндегі курорттық маусым аяқталып қалғандыкі ме - әйтеуір бір қабатты аласа ғимаратта орналасқан тексеру-өткізу бекетіндегі жұрт қарасы аз болды. Құжат тексеретін терезелердің алдында бірнеше кезекте тізіліп адамдар тұр. Бірнеше шекарашы кезектің тәртіп сақтауын қадағалап, терезе алдындағы жолақтан аттап кеткендерге ескерту жасап тұр.

Тексеруден өтіп жатқандардың кейбірінде проблемалар туындап, орысша әрең сөйлеп, бірдеңені қолдарын сермеп түсіндіріп жатыр. Әлгі кісілер Тәжікстан азаматтары екені төлқұжаттарынан аңғарылады. Тәжіктердің Қырғызстанға не үшін бара жатқанын тілші арғы жаққа өткенде бір-ақ түсінді.

Қырғызстанмен шекарадағы "Қордай" кеден бекеті. Қордай кенті, 23 қыркүйек 2017 жыл.
Қырғызстанмен шекарадағы "Қордай" кеден бекеті. Қордай кенті, 23 қыркүйек 2017 жыл.

Қырғызстан шекарашыларының тексеруінен де өтіп, сыртқа шыққан тілші кіре берісте тұрған аласа бойлы бір кісіні көзі шалды. Қолында жүгі жоқ, жападан жалғыз тұр екен. «Мұнда неғып тұрсыз, тексеруден өтпейсіз бе?» деген сұраққа ол түн ортасы ауғанын күтіп тұрғанын айтты. Әлгі «Күлбикеміз» Өзбекстан азаматы болып шықты. Алматыда жол бойындағы кафелердің бірінде жұмыс істейтін ол тандыр-нан пісіреді екен, Қазақстанның көші-қон заңына сәйкес, қайта тіркеуден өту үшін ай сайын ел аумағынан шығуға мәжбүр. Ең жақын ел болғандықтан, өз елі емес Қырғызстанға барған тиімді екен. Ол төлқұжатыма елден шыққаным мен кіргенімді растайтын белгі бір күнде соғылмауы тиіс, оны шекарашылар тексереді, сондықтан күнтізбеде жаңа тәуліктің басталғанын күтіп тұрмын деді. Әйтпесе шекарашылар оның сөзінше, бұл жағын азғана ақшаға реттеуге болатынын емеурінмен білдіріп, миды «шұқиды». Тілші оған сәттілік тілеп, жолға шықты.

Адамдардың қырғызша сөйлегені және маңдайшалардағы «қазақша» жазулардағы орфографиялық қателерден көз сүрінетіні болмаса, шекараның арғы бетінде көріністің еш айырмасы жоқ - сол адамдар, сол үйлер.

МИГРАНТАРДЫ ПАНАЛАТҚАН КАФЕНІҢ МЕЙІРІМДІ ҚОЖАЙЫНЫ

Ымырт жабылып, жаңбыр себелей бастады, тілші жолдың арғы бетіндегі терезесінен жарық көрінген, маңдайшасында «Шашлық» деген жазуы бар үйге беттеді. Жанына барып, тапсырыс бергенге қуанғанын жасыра алмаған зерігіп отырған кәуап пісіруші тілшіні «кафеге кіріңіз» деп шақырды.

Үйдің іші әр жастағы ер адамдарға лық толы екен. Араларында өрімдей жастары да, орта жастағы кекселері де, мосқал тартқандары да бар. Отырғандардың ішінде үш бойжеткен болды. Ешкім тамақ ішіп отырған жоқ, біреулері тілшіні көріп ысырылып орын берді. Тілші оларға рахметін айтып, отыра алмай далаға қайта шықты.

Шашлық пісіріп тұрған кісі шағын кафенің қожайыны екен. Іште отырғандарды ол "Ресейге жұмыс іздеп бара жатқандар" деп түсіндірді. Бірнеше сағат бұрын оларға біреу телефон соғып, «автобустарың сынып қалды, бірақ оны жөндеп жатыр, әйтеуір бір келеді, күтіңдер» деп хабарлаған көрінеді. Жаңбырдың астында тұрғанын көріп жаны ашыған шашлық пісіруші дәмхананы баяғыда жабуы тиіс болса да оларды ішке кіргізген.

Оның тілшінің келгеніне балаша қуанатын жөні бар екен – жұпыны кәуапханасындағы қонақтар арасында жалғыз адам болса да шашлыққа тапсырыс берді, енді оның жасаған игі ісінің моральдық та, ақшалай да қайтарымы болған сияқты.

Біраздан кейін автобус та келді, сыртқы түріне қарап біздің жолдарда ондаған жыл жүргенін байқауға болады. Жұрт кәуапханадан шығып, жаңбырдың астымен автобус салонына барып отырды, бірақ салонның жартысы ғана толды. Қалған бос орындар мына топқа Қазақстан территориясында қосылуы тиіс тәжіктерге арналғаны кейінірек белгілі болды.

Автобуста отырғандардың көбінің көңіл-күйі көтеріңкі. Автобустың сынып қалғанына реніштерін сапар алдындағы жайлы көңіл-күй жуып-шайып кеткен сияқты. Олар фотоға түсуден сыпайы түрде бас тартқанымен, тілші сұрақтарына жауап беруге келісті. Бірақ екі жас жігіт әуелі «ақсақалымыз осы кісі» деп әзілдеп, бір кісіні көрсетті.

Әлгі кісінің аты Жұрабай екен. Жігіттер оны «ақсақал» дегенімен, қартайып тұрған жоқ, 50-ден енді ғана асқаны көрініп тұр. Автобустың ішінде жылынып, орындықта жайланып отырған ол әйелі, балаларымен күн көріс қамымен Ресейге "10 жыл бұрын барғанбыз" деді. Қырғызстанда үйі қалғандықтан, оның өзі қайта оралған, ал әйелі, балалары Мәскеуде қалған, олар сол жақта тұрады екен.

- Олар сол жақта жұмыс істейді. Бала-шағамды көріп, бірер ай жандарында болайын деп бара жатырмын. Сосын кері қайтамын, өйткені үйім Қырғызстанда, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

«Мәскеуде қырғыздарды кемсітпей ме?» деген сұраққа ол «Мәскеудің халқы өте мәдениетті, адамгершілік пен адамға деген құрметті бірінші орынға қояды» деп жауап берді. Оның сөзінше, Қырғызстанда мұндай дүниелер әлі дамымаған, бірақ "түбі бәрі болады". Бұған қоса, оның айтуынша, Қырғызстанда көп отбасы екі бөлек тұрады, өйткені отбасы мүшелерінің біреуі Ресейде жұмыс істеп, отбасын асыраушыға айналады.

«Ақсақалдың» арт жағындағы орында отырған екі бойжеткен де сөйлесуге келісті. Мәдина мен Мухабаттың айтуынша, Мәскеуде біреуі сатушы, екіншісі даяшы болып жұмыс істейді. Мухабат есімді жас арудың өңі жұқа келген, жайнаған көздері үлкен, шығыс сұлуларына аса көп ұқсамайды, шаш қою үлгісі де бөлек көрінді. Екеуінің сөзінше, Қырғызстанда да жұмыс табуға болады, бірақ жалақы мүлде мардымсыз. Мухабаттың айтуынша, кафеде алатын 30 мың рубль жалақысына шайлығы қосылады - Мәскеу жұрты шайлық беруге жомарт. Бәрін қосқанда көп-көрім сома шығады, ал Қырғызстанда онда ақша таппас едім дейді. Бойжеткен тапқан ақшасының көбін үйіне, әке-шешесіне жібереді екен.

Қырғыз кедені маңында автобусқа отырып жатқан Қырғызстан азаматтары. Бұл көлік оларды Мәскеуге жеткізеді.23 қыркүйек 2017 жыл.
Қырғыз кедені маңында автобусқа отырып жатқан Қырғызстан азаматтары. Бұл көлік оларды Мәскеуге жеткізеді.23 қыркүйек 2017 жыл.

Жолаушылардың көңіл-күйі көтеріңкі, сондықтан болар сол күні автобуста тілшімен әңгімелескендердің көбі "Мәскеу өзімізге жайлы қала, ксенофобия мен ұлттық кемсітушілік мүлде жоқ" дейді. Жолаушылардың мұндай көңіл-күйі Ресейде кейде ұлтшыл екенін жасырмай мәлімдейтіндердің көзқарасынан тым алшақ. Ертеректе Азаттық тілшісі Орталық Азиядан барып, Ресейде жүрген еңбек мигранттарымен әңгімелескенде олардың елден жырақтағы өмірлерін тым жақсы бағалайтынын байқаған болатын.

Санкт-Петербургтегі Еуропа унверситеті профессоры, тарихшы, антрополог ғалым, көші-қон процестері жөніндегі маман Сергей Абашин ксенофобия көбінесе БАҚ немесе интернетте я әлдебір арнайы саяси іс-шараларда байқалады деп түсіндіреді.

- Мигранттардың көбі мұндай қиындықтарға ұшырамайды. Күнделікті өмірде ондай ксенофобия аз. Адамдар бір-біріне үйренісіп, жылы қабақ танытқан кісімен араласуға тырысады, жанжал туғызатын оқиғалардан аулақ жүреді, - дейді ол Азаттыққа.

Тілші жолаушыларға сәттілік тілеп автобустан түсті. Көп ұзамай автобус жүріп кетті. Шашлық пісіруші үйіне аяңдады. Қараңғы дала мүлгіп тұр. Жауын қаңылтыр шатырды тоқтаусыз тырсылдап тұр. Жолдың екінші бетіне шыға бере «Бішкек, Бішкек» деген әлсіз дауыс естілді. Жеке меншік көлігімен кісі таситындар әдетте жолаушыларды осылай жинайды.

XS
SM
MD
LG