Accessibility links

Солтүстікке көшкен тұрғын «Алматыда құрылыста жүр»


Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданынан Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы Лесной ауылдық округіне қарасты Дайындық ауылына қоныс аударған Қанатбек Әуелбеков (ұлымен түскен суреті) келген жағына қайта көшіп барады. 2016 жылдың тамызы.

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданынан Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы Лесной ауылдық округіне қарасты Дайындық ауылына қоныс аударған Қанатбек Әуелбеков (ұлымен түскен суреті) келген жағына қайта көшіп барады. 2016 жылдың тамызы.

Оңтүстіктен солтүстікте қоныс аударған отбасы тұрмыс жағдайына байланысты ол жаққа тұрақтай алмағанын айтады. Теріскей өңірдегі жергілікті билік олардың субсидия қаржысын қайтаруын талап етеді.

33 жастағы Қанатбек Әуелбеков – жұмыс күшіне тапшы солтүстік өңірге оңтүстіктен маман шақыру науқаны аясында қоныс аударған азаматтардың бірі.

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында тұрып жатқан төрт балалы отбасы биыл маусым айында Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы Лесной ауылдық округіне қарасты Дайындық ауылына көшіп барған.

«ЕШКІМ КЕЛІП ЖАҒДАЙЫМЫЗДЫ БІЛМЕДІ»

«Биология пәнінің мұғалімі» деген мамандығы бойынша Дайындық ауылының мектебіне жұмысқа тұрған Қанатбек Әуелбеков ол жақта 60 мың теңге айлығымен төрт баланы асырау мүмкін болмағанын айтады.

Мұнда барлығы қымбат. Өмір сүру қиын. Бір баланы мектепке жинау үшін 40 мың теңге қажет. Ал оңтүстік өңірде 60 мың теңгеге 4 баламды мектепке жинаушы едім.

- Мұнда барлығы қымбат. Өмір сүру қиын. Бір баланы мектепке жинау үшін 40 мың теңге қажет. Ал оңтүстік өңірде 60 мың теңгеге 4 баламды мектепке жинаушы едім, – дейді Қанатбек Әуелбеков.

Ол «жағдайларыңды жасаймыз» деген уәдемен көшіріп алған жергілікті биліктің кей уәделері орындалмағанын айтады. Қанатбек Әуелбеков әу баста айтылған «жеке ісіңді ашуға несие береміз» деген уәде де сөз жүзінде қалғанына наразы.

Көп балалы отбасы солтүстікке келгенде баспананы өздері сатып алуы, не айына 10 мың теңге төлеп тұруы тиіс болғанын айтады. Қанатбек Әуелбековтің жұбайы Ұлданай Толыбаеваның сөзінше, «тұруға берген үй сыз болып, жерге жатып жүрген балалар ауырып қалған, содан кейін темір төсектің өзін әзер алған». Ол Солтүстік Қазақстанға көшіп келуге шақыра барған делегацияның «сізді балабақшаға жұмысқа орналастырамыз» деген уәделері де орындалмағанын айтады.

– Үй бергені – анау, жұмыс – анау. Төрт баламен тұру мүмкін емес қой. Ешкім келіп білген жоқ жағдайымызды. Ауылдың да әкімі келген жоқ, –дейді Ұлданай Толбаева.

Ал Қанатбек Әуелбековтің сөзінше, жалақысы дәрі-дәрмек пен азық-түлік алуға ғана жеткен. Сондықтан қарызға ақша алып күн көрген. Тамақтан тарыққандарын, қыста отынға ақша таппайтындарын ойлап уайымдағандарын айтқан отбасы екі айдан соң кері көшуге бел буған.

Қанатбек Әуелбеков отбасымен тұрған үйдің жағдайы. 2016 жылдың тамызы.

Қанатбек Әуелбеков отбасымен тұрған үйдің жағдайы. 2016 жылдың тамызы.

- Берген уәделерін орындағанда, кетпей қоныс тебер едік. Қазір Алматыға көшіп барып, сонда құрылыста жұмыс істеп жүрмін. Әйелім жұмыс іздеп жүр, – дейді Қанатбек Әуелбеков.

Әуелбековтер отбасы солтүстікке қоныс аударғандары үшін мемлекет тарапынан берілген субсидияны алған. Отағасының сөзінше, «қоныс аудару үшін біраз шығынға батқан, ал берген қаражаттары сол шығындарды жабуға да жетпеген». Қанатбек Әуелбеков «Солтүстік Қазақстандағы жергілікті билік сол қаражатты қайтаруды талап етіп жатыр» деп уайымдайды.

«ЕШКІМДІ ҚИНАП КӨШІРМЕЙДІ»

Солтүстік Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мемлекетік қызмет көрсету, оралмандармен және ішкі көшіп-қонушылармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Алма Махметова Қанатбек Әуелбековтің мемлекеттен алған қаражатын қайтаруы тиіс екенін айтады. Оның сөзінше, солтүстікке мемлекеттік бағдарлама бойынша қоныс аударған азаматтармен әлеуметтік келісім-шарт жасалған. Ол шарт бойынша қоныс аударған ауданнан жарты жылға жетпейтін, ал облыстан бес жылға жетпейтін уақыт ішінде көшіп кеткен адам мемлекет тарапынан берілген субсидияны қайтаруы керек.

Қанатбек Әуелбековтің ұйықтап жатқан балалары. Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы Лесной ауылдық округіне қарасты Дайындық ауылы, 2016 жылдың тамызы.

Қанатбек Әуелбековтің ұйықтап жатқан балалары. Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы Лесной ауылдық округіне қарасты Дайындық ауылы, 2016 жылдың тамызы.

​ - Қанатбек Әуелбеков әлеуметтік келісім-шарт жасасты, субсидияны алды. Сондықтан қаражатты қайтаруы қажет. Олар мұнда барлық жағдаймен келісіп келеді. Ешкімді қинап көшірмейді, барлығы өз еріктерімен қоныс аударып жатыр, – дейді Алма Махметова.

Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы Лесной ауылдық округінің әкімі Қайрат Бабақов Қанатбек Әуелбековтің отбасына барлық жағдай жасалғанын айтады. Оның сөзінше, «ауылда мұғалімнің жалақысына бір отбасыны асырауға болады».

Қандай жағдай жасалуы керек? Барлығы тегін болуы керек пе? Ондай болмайды. Жұмыс істеу қажет.

- Ол алған жалақысына отбасыны асырау мүмкін емес дейді. «Бизнеспен айналысамын» деген. Қандай жағдай жасалуы керек? Барлығы тегін болуы керек пе? Ондай болмайды. Жұмыс істеу қажет. Оны жұмысқа орналастырды. Балаларын да орналастырды, –дейді Қайрат Бабақов.

Солтүстік Қазақстан облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мәліметінше, ол өңірге «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 83 отбасы (362 адам) көшіп келген. Бұл бағдарлама бойынша осы облысқа 101 отбасы қоныстандырылмақ.

Қазақстан үкіметі елдің солтүстік пен шығыс өңірлеріндегі «жұмыс күшіне тапшы» аймақтарға оңтүстіктегі «жұмыс күші артық» облыстардан мамандарды шақыру науқанын бірнеше жыл бұрын бастаған. Бұл аймақтар 2013 жылы қабылданған «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы негізінде азаматтарды көшіру жоспарын жасауға кіріскен.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG