Accessibility links

Шетел грантын алушыларды салық төлеуге міндеттеді


Салық қызметі тексергеннен кейін Алматыдағы үкіметтік емес «Либерти» мен «Халықаралық құқықтық бастама» ұйымдарына миллиондаған айыппұл салды. Шетел гранттары есебінен жұмыс істейтін құқық қорғаушыларды корпоративті табыс салығын төлеуге міндеттеген.

Алматылық «Либерти» және «Халықаралық құқықтық бастама» ұйымдары мен астаналық «Қадыр-Қасиет» ұйымдарын Астана тұрғыны шағымы негізінде тексерген. Ол қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кіріс комитетіне жолдаған шағымында Nur.kz сайтынан «Қазақстандағы белсенділерді даярлауға шетелдік қорлар қанша ақша жұмсайды» деген мақаланы оқып, жоғарыда аталған ҮЕҰ-лардың жұмысы «қоғамның ең басты құндылығы – тұрақтылықты шайқалтуға бағытталған шығар» деген болжам жасаған. Ол әлгі ұйымдардың қызметін, қандай салық төлейтінін және кімге есеп беретінін тексеруді сұраған.

Құқық қорғаушы ұйымдарға айыппұл салынды
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:07 0:00
Жүктеп алу

Алматы қаласы мемлекеттік кіріс департаменті «Либерти» және «Халықаралық құқықтық бастама» ұйымдарының жұмысын тексеруге бес ай бұрын кіріскен болатын. Тексеру былтырғы желтоқсанның аяғында біткен. Тексеруден кейін «Либерти» ұйымына – 2,5 миллион теңге, ал «Халықаралық құқықтық бастама» ұйымына 1,3 миллион теңге айыппұл мен корпоративті табыс салығын салған. Астанадағы «Қадыр-Қасиет» ұйымын тексеру әлі аяқталмаған.

Айыппұл салынған құқық қорғаушылар оны «ұйымымызды жоюды көздеген саяси тапсырыс» деп атайды.

«ГРАНТ ЕКЕНІН МОЙЫНДАМАЙ ҚОЙДЫ»

«Либерти» ұйымы жетекшісі Ғалым Ағелеуов айыппұлға қатысты сотқа шағымданбақ. Оның айтуынша, ұйымның мемлекетке 2,5 миллион теңге төлейтін мүмкіндігі жоқ. Оның сөзінше, былтырға дейін билік олардың халықаралық құрылымдардан алған қаржысын грант деп санаған, бірақ бұл жолы өзге талап қойған.

Азаматтық белсенді Ғалым Ағелеуов тренинг өткізіп тұр.
Азаматтық белсенді Ғалым Ағелеуов тренинг өткізіп тұр.

- Біз Еурокомиссиядан алған грантты корпоративті табыс салығын төлеуде жеңілдік берілген әрі 2009 жылы түзілген халықаралық және мемлекеттік гранттар тізіміне кіретін грант ретінде қабылдамай қойды. Грантты Еурокомиссиядан аламыз әрі оларға бүкіл құжатты, Еурокомиссияның Қазақстандағы елшісінің хатын да, келісім-шарттың өзін де, Еурокомиссия куәландырған бүкіл құжатты да көрсеттік, бірақ салық органы оны Еурокомиссия бөлген грант екенін растайтын құжат ретінде қабылдаудан бас тартты. Бұл – мүлде сандырақ қой, - дейді Ғалым Ағелеуов.

«Либерти» өкілдерінің айтуынша, қор әлгі грантқа құқық қорғаушылар, журналистер мен азаматтық белсенділерге арналған тренингтер өткізіп, Қазақстанда кемсітушілікке жол бермеу туралы заң қабылдау идеясын насихаттау шараларын жүргізген.

- Әлгі іс-шараларда біз дискриминация деген не, оның тікелей, жанама түрлері, оны қалай түзетуге болатынын, Еуропа елдері мен АҚШ заңдарында, кез келген дені дұрыс заңда қандай шаралар қолданылатынын айтып түсіндіреміз; халықтың осал топтары бүкіл қоғаммен тең болуы үшін, заңмен қорғалуы үшін оларға мүмкіндіктер беру жағын талқылаймыз. Мұндай заңды Еуропаның барлық елдері қабылдаған, - дейді Ғалым Ағелеуов.

Өз мүддесін сотта қорғауға «Халықаралық құқықтық бастама» ұйымы да дайындалып жатыр. Ұйым жетекшісі Айна Шорманбаеваның сөзінше, салық органы қызметкерлері ұйым донорлары – шетел елшіліктері ел үкіметі бекіткен тізімге кірмейді деп тапқан, ал бұрын билік тарапынан бұл мәселеге қатысты ешқандай сұрақ болмаған.

«Халықаралық құқықтық бастама» ұйымының жетекшісі Айна Шорманбаева.
«Халықаралық құқықтық бастама» ұйымының жетекшісі Айна Шорманбаева.

- Олар бес ай тексеріп, салық кодексіндегі «грант» деген түсінікті бұрмалаудан өзге амал таба алмады. Олар біз алған гранттардың грант екенін мүлде мойындамайды, бізді коммерциялық фирма ретінде табыс тауып отыр, сондықтан корпоративті табысқа салынатын салық төлеуге тиіс деп ойлайды, - дейді Айна Шорманбаева.

ТРЕНИНГТЕР ӨТКІЗУ

«Халықаралық құқықтық бастама» ұйымы адам құқығын қорғау және адам құқығына қатысты қазақ тілінде тренингтер өткізумен айналысады.

- Жұртқа адам құқығы деген не, оның тарихы, біздің тарихымызбен байланысы туралы, олардың адамның ар-намысына негізделгенін айтамыз. Бұған қоса, біз заңдарға енгізілген адам құқығын бұзатын түзетулерді бақылап отырамыз, оларға талай қарсы болғанбыз, - дейді Айна Шорманбаева.

Былтыр «Халықаралық құқықтық бастама» ұйымы өзі және қызметкерлері жайлы деректерді үкіметтік емес ұйымдар туралы заң ережелеріне сәйкес беруге қатысты сотқа шағымдануға тырысқан болатын. Қазақстанда тіркелген ҮЕҰ-лар мәдениет және спорт министрлігіне наурыздың 31-іне дейін есеп өткізуі тиіс. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары, БҰҰ мен ЕҚЫҰ 2015 жылы қабылданған ережелерді сынап, «бұл - Қазақстан үкіметінің демократиялық реформалар жүргізу жайлы уәделерін бұзуы» деп атаған.

«Қадыр-Қасиет» ұйымының жетекшісі Анар Ибраева.
«Қадыр-Қасиет» ұйымының жетекшісі Анар Ибраева.

«Қадыр-Қасиет» ұйымының жетекшісі Анар Ибраеваның айтуынша, салық қызметінің ҮЕҰ-ларды олар бес жыл жұмыс істегеннен кейін тексеруге өкілеті бар. Бірақ ол бұл жолы салық қызметі дәл халықаралық гранттар есебінен жұмыс істейтін құқық қорғаушыларға шүйлікті дейді.

- Үш ұйымға ортақ нәрсе – үшеуі де құқық қорғаушылар мен белсенділердің құқығын қорғаумен айналысады. Сондықтан, әлгі бап бойынша жүргізілген тексеру кезінде көбінесе белсенділерге қатысты көп сұрады. Белсенділерді қайдан табасыздар, қалай жинайсыздар деп сұрады, - дейді Анар Ибраева.

САЛЫҚ ҚҰПИЯСЫ

Алматы қалалық мемлекеттік кіріс департаменті Азаттықтың ресми сауалына «Либерти» және «Халықаралық құқықтық бастама» ұйымдарын тексеру туралы ақпарат беру «мүмкін емес» деп жауап берді. Салық қызметі мұның себебін «Салық және бюджетке төленетін өзге міндетті төлемдер туралы» кодекстің 557-бабында жазылған салық құпиясына сілтейді.

Алматы қалалық мемлекеттік кіріс департаменті жолдаған хатта «Осы баптың 2-тармағына сәйкес, салық органдары салық төлеуші (салық агенті) туралы салық құпиясы саналатын деректерді өзге тұлғаға салық төлеушінің жазбаша рұқсатынсыз бере алмайды» делінген.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG