Accessibility links

Ақтөбе мен Семейдегі наразылықты емес, «арандатушыларды» айтты


Жерге байланысты наразылық. Ақтөбе, 27 сәуір 2016 жыл.

Жерге байланысты наразылық. Ақтөбе, 27 сәуір 2016 жыл.

Аймақтық және республикалық БАҚ-тың көбі жер кодексіндегі өзгерістерге қарсы Ақтөбе мен Семейде өткен митингілерді айтпауды жөн көрген.

Кеше Ақтөбе және Семей қалаларында «жер сатуға қарсы» стихиялық митингілер өтті. Ақтөбедегі тұңғыш президент саябағында өткен акцияға, кей дерекке қарағанда, 1 мыңға жуық адам қатысқан. Семейдегі жиынға ондаған адам келген. Бұл митингілер 24 сәуір күні Атырау қаласында өткен әрі кей бақылаушылар тосын құбылысқа балаған жаппай наразылық акциясының жалғасы болды.

Авторитарлық Қазақстанда саяси сипаттағы жаппай наразылық акцияларын өткізу талайдан бері сирек құбылысқа айналған, бірақ әлеуметтік желілердегі «үкімет ауыл шаруашылығына арналған жерлерді шетелдіктерге сатқалы жатыр екен» деген пікірталастар кей қала алаңдарына жүздеген адамды шығарды. Наразылық акциясы Қазақстанның аграрлық астанасы емес, мұнайлы астанасы саналатын Атырау қаласында басталды. Бірақ республикалық және жергілікті БАҚ-тар атыраулық митинг жайлы хабар таратқанымен, Ақтөбе мен Семейдегі акциялар жайлы санаулы БАҚ қана жазды.

АҚТӨБЕЛІК ГАЗЕТТЕРДІҢ КӨБІ ҮНСІЗ

Жергілікті «Диапазон» газеті – Ақтөбеде өткен митинг тақырыбына мақала арнаған аймақтағы жалғыз БАҚ. Митингтің басталғанына шамамен бір сағаттай өткенде газет сайтында жағдайды сипаттаған алғашқы материал шығып, кейін қазіргі Қазақстан үшін сирек құбылыс саналатын жаппай наразылық акциясынан түсірілген фото және видеоматериалдармен толықтырылып тұрды. Бұған қоса сол күні Diapazon.kz сайтында митингіге келген Ақтөбе қаласы әкімі Бекбол Сағынның сұхбаты шықты. Стихиялы митинг екеніне әрі қала басшылығы келіссөз жүргізу үшін әлдебір бастамашыл топ құру жөнінде наразылармен келісе алмағанына қарамастан, Сағын «ешқандай қудалауға жол бермейміз» деп мәлімдеді.

"Диапазон" сайтының Ақтөбедегі жиын жайлы хабары. 28 сәуір 2016 жыл.

"Диапазон" сайтының Ақтөбедегі жиын жайлы хабары. 28 сәуір 2016 жыл.

Ақтөбеде орыс тілінде төрт газет шығады: оның екеуі – «Эврика» мен «Диапазон» сәрсенбі күні таңертең шығады, яғни митинг жайлы хабар тарата алмас еді. Наразылық акциясы өткен күні Ақтөбе облыстық әкімдігінің «Ақтөбе жаршысы» газеті сайты президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жер кодексінің даулы мәселелеріне қатысты Қазақстан халқы ассамблеясында сөйлеген сөзінде берген түсініктемесін жариялады. Ал наразылар жиыны туралы ештеңе айтпады.

Тағы бір газет «Ақтөбе Таймс» 29 сәуір күні таңертең шығады, сондықтан басылым митингілерге қатысты жағдай туралы хабарлай ма, жоқ па – әлі белгісіз. Ақтөбедегі митинг жайлы газет редакциясымен байланысты Timeskz.kz сайтында да ешқандай ақпарат жоқ. 28 сәуір күні сайт жариялаған ең басты жаңалықтың тақырыбы – «Астанадағы проблеманы шешпесе, Назарбаев Жақсыбековті сасық көлдің жанына қоныстандырады» (орысша түпнұсқасы – «Назарбаев поселит Джаксыбекова возле вонючего накопителя, если не решит проблему в Астане»).

Timeskz.kz сайты. 28 сәуір 2016 жыл.

Timeskz.kz сайты. 28 сәуір 2016 жыл.

Ақтөбедегі ең ірі жеке меншік телеарна «РИКА ТВ» жаңалық топтамасында митинг тақырыбын қозғамады. 27 сәуір күні кешкісін шығып, медиа-холдингтің сайтында жарияланған «Факт» бағдарламасы Қазақстан президентінің Сауд Арабиясы сыртқы істер министрімен кездескені жайлы жаңалықтан басталады. Жергілікті жаңалықтар топтамасында жаңа үйден әлеуметтік пәтер алған 234 отбасы, ауыл шаруашылығы саласы жұмысшыларының жалақысы туралы есеп (сюжетте жер кодексі тақырыбы тиіп-қашып айтылды), судьялардың есеп бергені және қаланың жоғарғы сынып оқушыларына арналған «Армиядағы бір күн» акциясы жайлы сюжеттер көрсетілді.

«РИКА ТВ» телеарнасының редакторы Марина Васильеваның Азаттыққа айтуынша, «РИКА» журналистері митинг жайлы тек әлеуметтік желілерде ғана жазған, бірақ телекомпанияның «ВКонтакте» мен Facebook әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында митинг жайлы ешқандай ақпарат жоқ. Васильева «бізді ол жаққа ешкім шақырмағандықтан, митинг басында түсірілім бригадасынан ешкім барған жоқ» дейді.

– Митинг болғанын жиын аяқталып қойғанда әлеуметтік желілерде жарияланған суреттерден бір-ақ білдік. Егер митингті ұйымдасқан түрде өткізсе, картинаны шынайы көрсету үшін бізді шақырар еді. Ал өзіміздің видеомыз болмағаннан кейін оны көрсете алмадық, – дейді Марина Васильева.

Редактордың айтуынша, «митинг бір сағатқа жетпей тараған», сондықтан «РИКА ТВ» түсірілім тобы келген кезде ол жерде «ешкім қалмаған». Бірақ Васильеваның айтуынша, телекомпания ғимаратынан наразылық акциясы өткен жерге дейін «20 минутта» жетуге болады.

rikatv.kz сайтынан көрініс. 28 сәуір 2016 жыл.

rikatv.kz сайтынан көрініс. 28 сәуір 2016 жыл.

«Қазақстан» ұлттық телерадиокорпорациясының филиалы «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы жаңалықтарында митинг тақырыбын қозғамады. Телеарна сайтында кешкі жаңалықтар топтамасының (өзгелерінің де) видеолары жоқ, бірақ соңғы шыққан жаңалық – Ақтөбеде Оңтүстік Корея өкілдерімен бірлесіп телемедицинаны дамыту жайлы.

СЕМЕЙ ДЕ ҮНСІЗ

Семейдің ақпараттық сайттарынан да 27 сәуір күні қалада болған өткен митинг жайлы әлдебір материал табылмады. Семейде жаңалық сайттары аз әрі көбінің интернетте парақшалары жоқ.

Семейдің ең ірі мемлекеттік БАҚ-тары кешегі митинг жайлы хабарлаған жоқ. Біздің мақала шыққанға дейін «Қазақстан-Семей» телеарнасы сайтында шыққан соңғы жаңалықтардың бірі – автомобиль апатында бес адамның қаза тапқаны жайлы жаңалық – 27 сәуір күні сағат 15:16-да шыққан. Ал «Вести Семея» газеті сайты жариялаған соңғы жаңалық – қала әкімі Ермак Сәлімовтің азаматтарды қабылдауы туралы 26 сәуірде шыққан жаңалық.

Өзін «Семей қалалық порталы» ретінде көрсететін Semey.city сайты наразылық митингілері тақырыбын алдын ала қозғап, биліктің рұқсат етілмеген митинг өткізуге болмайды деген ескертуін көшіріп басқан. Ал митингтің өзі жайлы ешқандай хабар жоқ.

7palat.kz сайтындағы ең басты жаңалық Шәкәрім атындағы жергілікті университет студенттері мен оқытушылары дайындаған «Весенняя палитра» көрмесі жайлы материал. Сайттағы іздеу нәтижелерге сенсек, «митинг» сөзі соңғы рет 2015 жылдың қаңтарында қолданылған.

7palat.kz сайтынан көрініс. 28 сәуір 2016 жыл.

7palat.kz сайтынан көрініс. 28 сәуір 2016 жыл.

Altaynews.kz/semey/ сайты да митинг тақырыбын қозғамауды жөн санаған, есесіне өткен демалыс күндері Семей қаласында 400 көшет егілгені жайлы тыңғылықты етіп жазған.

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАҚ ӨЗГЕ ТАҚЫРЫПТАРДЫ ҚАУЗАҒАН

Елдің 10 топ-сайттың көбі митинг тақырыбын елемегенін ерекше айтқан жөн. Nur.kz порталы 28 сәуір күні таңертең сайттың басқы бетіне «Үстіне зәр шашылған полицей ісіне қатысты шулы жайттар белгілі болды» («Стали известны скандальные подробности дела облитого мочой полицейского») деген мақала жариялаған, ал Ақтөбе мен Семейдегі митингілер жайлы ештеңе жазбаған, портал редакциясы Азаттыққа комментарий беруден де бас тартты.

nur.kz сайты. 28 сәуір 2016 жыл.

nur.kz сайты. 28 сәуір 2016 жыл.

Ақтөбе мен Семейдегі митингілер жайлы Zakon.kz сайты да хабар таратқан жоқ: наразылық акциясы кезінде сайтта «ҚХА-дан сайланған депутаттар қазақстандықтарды «Мәңгілік ел» идеясы төңірегінде ұйысуға шақырды» және «Мас әйел 50 саптыаяқ сыра үшін Жайықты кесіп өтті» деген шағын мақалалар шықты. Сайттың бас редакторы Қайрат Шайхиев Азаттыққа комментарийінде «жоғарыдағы» біреу-міреуден Ақтөбе мен Семейдегі митингілер жайлы жаңалықтарды жарияламаңдар деген пәрмен түскен жоқ, бірақ Zakon.kz митингілер жайлы жаңалықтарды ресми мәлімдемесіз жариялай алмайды деді.

– Ол жақта әзірше ештеңе анықталған жоқ, сондықтан хабар таратпаймыз деп ұйғардық. Біз ресми көзқарасты ұстанамыз, сондықтан бас прокуратура немесе өзге ведомстволардан әлдебір мәлімдеме түспей, ондай ақпаратты жариялай алмаймыз. Егер кешегі оқиғаларға қатысты әлдебір мәлімдеме бүгін түссе, міндетті түрде жариялаймыз, – дейді Шайхиев Азаттыққа.

Митинг тақырыбын 365info.kz пен Tengrinews.kz веб-сайттары да айналып өтті. Бірақ Tengrinews.kz сайтында Қазақстанның жаңа тағайындалған бас прокуроры Жақып Асановтың «арандатушыларға» санкция салынады деген сөздерін келтіріп, Ақтөбе мен Семейде митингілер өткенін хабарлап өткен. Ірі ресурстардан митингтерді Informbur.kz сайты толық сипаттап жазды. Ал «Новости Қазақстан» және Forbes.kz сайттары сәл қысқалау мақалалар жариялады.«Жер дауы» митингілеріне Ratel.kz пен Vlast.kz сайттары назар аударды.

Митингілер тақырыбына елдің ең ірі телеарналары да «жолаған» жоқ. КТК телеарнасы кешкі жаңалықтар топтамасын Астана ауасындағы сасық иіске Назарбаевтың наразылығы туралы материалмен ашып, жер проблемасына қатысты наразылық митингілері жайлы ештеңе айтпады. «31 канал» сайтында да митингілер туралы ештеңе жоқ. «Хабар» және «Қазақстан» телеарналары да Ақтөбе мен Семейдегі жағдайды елемеуді жөн санаған. 28 сәуір күні 24kz телеарнасы Шығыс Қазақстан облысында мал ұрлайтын кісікиік пайда болған сияқты деген жаңалық таратты.

Алматылық журналист Гүлжан Ерғалиева Ақтөбе мен Семейдегі жағдай БАҚ үшін тағы бір «емтихан» болып еді, одан оңбай сүрінді деп біледі. Оның пікірінше, бұған «жоғарының» цензурасы мен редакциялардың өз цензурасы қосыла әсер еткен.

БАҚ редакторлары биліктің немесе қожайындарының қатаң бақылауымен жұмыс істеуге үйренген, сондықтан өздігінен шешім қабылдауға әдеттенбеген.

– БАҚ редакторлары биліктің немесе өз қожайындарының қатаң бақылауымен жұмыс істеуге үйренген, сондықтан өкінішке қарай өздігінен шешім қабылдауға әдеттенбеген. Қазақстандағы журналистиканың тәуелсіз емес әрі мүлде мешеу күйде екеніне көзіміз жетіп келеді. Еліміздегі журналистиканың тіпті мұндай қоғам үшін маңызды тақырыптардың өзін қозғамайтын ортақол журналистика екеніне бас шайқап, тағы бір өкінуден өзге шарамыз жоқ, – дейді ол.

Жаңадан тағайындалған бас прокурор Жақып Асановтың «арандатушыларға» санкция салынуы мүмкін деген ескертуі жайлы жаңалықты ақпараттық сайттардың бірі қалмай жариялады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG