Accessibility links

Діни радикализмді сөз еткендер «молдаларды зауытқа жұмсауды да» айтты


Ақтөбеде 5 маусымда қарулы шабуыл жасаған адамдар түсіп қалған видеожазбадан көрініс. (Көрнекі сурет)

Ақтөбеде 5 маусымда қарулы шабуыл жасаған адамдар түсіп қалған видеожазбадан көрініс. (Көрнекі сурет)

Кей сарапшылар «имамдардың халықпен жұмыс істемеуі кесірінен радикализм өршіп барады» дейді. Мамандар «дін күресі көшеде емес, интернетте жүріп жатқанын» айтады.

Ақтөбеде 5 маусымда болған, ел президенті Назарбаев «дәстүрлі емес салафизм діни ағымы жолын ұстанушылар тобының террористік шабуылы» деп сипаттаған оқиғадан соң діни радикализм жайы қызу талқылана бастады. Билік пен ҚМДБ өкілдері және саясаттанушылар бұл мәселені шешу жайына келгенде әртүрлі пікірде.​

«ДІНИ МАМАНДАРҒА ЖҰМЫС ЖОҚ, ИМАМДАРҒА АЙЛЫҚ ЖОҚ»

Саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) өкілдері діни радикализммен күресу үшін халыққа – мектепке, зауытқа, ауруханаға барып жұмыс істеуі керек» деп біледі.

– Молдалар неге бізге тән емес ағымдарға қарсы шықпайды? Бұл туралы неге саясаткерлер мен саясаттанушылар ғана айтады? Әлде бір жерде атып кетеді деп қорқасыздар ма? – деді ол маусымның 10-ы күні «Эксперт клубының» Астанада өткен пікірталасында.

«Эксперт клубының» пікірталасына қатысып отырған азаматтар. Астана, 10 маусым 2016 жыл.

«Эксперт клубының» пікірталасына қатысып отырған азаматтар. Астана, 10 маусым 2016 жыл.

Бірақ Нұрлан Ерімбетовтің пікірімен мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы, мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының басшысы Айдар Әбуов келіспейді.

– Қазақстанда таза дінді іздеген адам оңай табады. Өздерінің уағызын тыңдамағандарды қуып жүру діни басқарманың жұмысы емес, – дейді Айдар Әбуов.

Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты дін комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин бұл пікірді қолдайды. Ол «имамдардың мектепке, мемлекеттік орындарға барып уағыз жүргізуі – зайырлы мемлекетке қайшы әрекет» деп біледі.

Елдегі «дәстүрлі исламды – исламның Әбу Ханифа мазхабын насихаттайтын бірегей және біртұтас ислами ұйым» ретінде биліктің тіркеуінен өткен ҚМДБ төрағасының орынбасары, «Әзірет сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай Ораз да Нұрлан Ерімбетовтің сөзімен келіспейді.

Серікбай Ораздың айтуынша, «діни басқарма өкілдері экстремизм және терроризммен көзге көрінбейтін күресті идеологиялық алаңда, мемлекеттік құрылымдар араласа алмайтын жерлерде жүргізіп жатыр». Бірақ ол ҚМДБ мақұлдаған бағытты түсіндіруі керек мамандардың көбіне жұмыс тауып бере алмай отырғандарын айтып қынжылады.

– Жоғарғы оқу бітірген маманға «ауылға барып имам бол» десек, айлықпен қамтамасыз ете алмаймыз. Сондықтан, «Нұр Мүбәрак» университетін бітірген 600-ден астам исламтанушының 250-ден астамы басқа жұмыс істеп жүр. Біз оларды өзімізге тарта алмаймыз. Қазақстандағы 3600 діни маманның 2 мыңына 70-80 мың теңгелік айлық тауып бере алмай отырмыз. Елдегі 2500 мешіттің 500-іне ғана пітір-садақа ретінде жеткілікті ақша түседі, – дейді ол.

ҚМДБ төрағасының орынбасары Серікбай Ораз. Астана, 10 маусым 2016 жыл.

ҚМДБ төрағасының орынбасары Серікбай Ораз. Астана, 10 маусым 2016 жыл.

ҚМДБ төрағасының орынбасары «күнделікті намаз оқып жүрген жамағаттың 30 пайызға жуығы – басқа ағым өкілдері» деген дерек айтады.

– Оларға салафит яки басқа ағымда болғаны үшін «мешіттен шығып кет» деуге қақымыз жоқ. Олар имамдарға құрметпен қарап, уағызымызды тыңдаған сияқты болып отырады. Бірақ олар негізгі идеологиялық күшті, негізгі бағытты интернет арқылы басқа да бір сырттағы шейхтар немесе теологтардан алады, – дейді ҚМДБ төрағасының орынбасары Серікбай Ораз.

Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты дін комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин «осы күнге дейін жоғарғы оқу орындарында діни экстремизмге қарсы үгіт-науқан жүргізетін маман дайындалмағанын» мойындайды.

Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин. Астана, 10 маусым 2016 жыл.

Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин. Астана, 10 маусым 2016 жыл.

– Сондықтан бұл салада имамдарға біліктілігін, білімін, әлеуетін, оның ішінде діни экстремизмге қарсы үгіт жүргізу методикасын жасасып, көмектесу» керек. Ақтөбедегі жағдай қоғамға серпіліс берді. Бұрын қоғамдық ұйымдар, зиялы қауым немқұрайлылық танытып, «Не болар екен?» деп сырттай қарап отыратын. Қазір иммунитет пайда болды, соны пайдаланып қалуымыз керек, – дейді ол.

«САЛАФИЗМГЕ ТЕРЕҢ СЕНЕТІНДЕР – 15 МЫҢДАЙ АДАМ»

Дін комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин «дәстүрлі емес діни ағымдар өкілдері елде айтарлықтай көп» деп біледі.

– Дәстүрлі емес діни ағымдарға, оның ішінде салафизмге тереңнен сенетіндер саны – шамамен 15 мыңдай адам. Соңғы екі жылда мұндай адамдар саны қысқарды. Бірақ бұл айсбергтің жоғарғы бөлігі ғана. Олар айтарлықтай көп, идеяларын тығып жүреді. Идеясынан бас тартқандармен де жұмыс жүргізіп жатырмыз, – дейді дін комитетінің төрағасы.

Ал мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы, мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының басшысы Айдар Әбуов басқаша дерек айтады.

Мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы Айдар Әбуов. Астана, 10 маусым 2016 жыл.

Мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы Айдар Әбуов. Астана, 10 маусым 2016 жыл.

– Астана әкімдігі тапсырмасымен жүргізілген әлеуметтік сауалнама бойынша, қазір Қазақстанда салафиттік сайттарда 80 мың адам отырады. Оның 15 мыңы – Астанада. Бұл «олардың бәрі белсенді» деген сөз емес. Олардың ішінде тек қызығушылық танытқаны немесе енжар қатысушылар бар, – дейді Айдар Әбуов.

Оның айтуынша, «бұл ілімнің бастапқы сатысын ұстанып жүргендер жоғарғы сатыда өздерін не күтіп тұрғанын білмейді».

Интернет кеңістігінде «дәстүрлі емес исламды» насихаттаушылардың белсенді екенін мәдениет және спорт министрлігінің дін істері комитетіне қарасты дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы да айтады.

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы. Астана, 10 маусым 2016 жыл.

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы. Астана, 10 маусым 2016 жыл.

– ҚМДБ мен дін комитетінің ресурстарын қоса есептегенде, елде ресми билік қолдайтын дәстүрлі дінге арналған 50 шақты сайт бар. Бірақ сырт елдерде ашылған, елдегі дәстүрлі діни пайымға қарсы үгіт жүргізетін 3 мыңнан астам сайт Қазақстанда жұмыс істеп тұр, – дейді ол.

Дін істері комитеті дерегінше, Қазақстанда 2015 жылдан бері интернетте заңға қайшы 22 мың 237 діни материалға шектеу қойылған, 21 мың материал өшірілген, 1 мың 205 материал сот шешімімен бұғатталған.

Қазақстанда соңғы кездері болған қантөгістің бірі – Ақтөбеде 5 маусымда жасалған қарулы шабуылдарды ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев дінмен байланыстырып: «Мұның дәстүрлі емес салафизм діни ағымы жолын ұстанушылар тобының террористік шабуылы екенін біз қазір біліп отырмыз» деп мәлімдеген.

Ақтөбедегі шабуылдардан төрт бейбіт тұрғын мен үш әскери қызметкер қаза тапқан. Бұл оқиғадан соң басталған терроризмге қарсы арнайы операция кезінде, ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегінше, 9 күдікті ұсталып, 18-інің көзі жойылған. Арнайы операция 12 маусымда аяқталған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG