Accessibility links

Оңтүстікте жеті ауылдың әкімдері пара беріп жатқанда ұсталғаны хабарланды. Жергілікті билік «бұл оқиғаны интернеттен енді ғана білген», ал білгендері рұқсатсыз пікір айта алмайды.

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданындағы жеті ауылдың әкімдері «парамен ұсталғанын» мемлекеттік қызмет істері министрлігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы хабарлады.

Бюро дерегінше, ол аудандағы Жаңажол, Атакент, Мырзакент, Еңбекші, Жамбыл, Иіржар және Қалыбекова ауылдық округтерінің «мемлекет қаржысын талан-таражға салған» әкімдері «қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін осы бюро департаменті мамандарына жалпы сомасы 4 миллион 90 мың теңге пара беру кезінде ұсталған».

Лауазымды тұлғалар мектепке дейінгі мекеме басшыларымен бірігіп, тәрбиеленушілердің жалған тізімін жасаған.

«Лауазымды тұлғалар мектепке дейінгі мекеме басшыларымен бірігіп, тәрбиеленушілердің жалған тізімін жасаған. Бір баланы бірнеше балабақша тәрбиеленушілерінің тізіміне енгізіп, бала санын қолдан көбейткен. Осылайша жұмсалатын шығын көлемін өсірген» дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы.

Мекеме дерегінше, жоғарыда айтылған ауыл әкімдері мектепке дейінгі жекеменшік ұйымдармен бірлесіп, «Балапан» және «Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» мемлекет қазынасынан бөлінген 100 миллион теңгеден астам қаражатты талан-таражға салған».

Бюро мәліметінше, мәселен, күдікке ілінген әкімдердің бірі есепшісімен және жауапкершілігі шектеулі серіктестердің бірінің басшысымен келісіп, бюджеттің 39,8 миллион теңгесін жымқырған.

Ұсталған азаматтар қазір Мақтарал аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша қамау изоляторында отыр, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

«ЕШТЕҢЕ БІЛМЕЙМІЗ»

Азаттық тілшісі мәселенің мән-жайын білмекке Мақтарал ауданының әкімдігіне хабарласқан еді. Бірақ аудан әкімі Ғалым Исмаилов «Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысының рұқсатынсыз қандай да бір пікір айтуға болмайтынын» мәлімдеді.

Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Нұрлыбек Жеңісбекке хабарласқанымызда, ол бұл оқиғаға қатысты өзі комментарий бермегенімен,Мақтарал ауданы әкімінің пікір айтуына қарсы болмады. Бірақ аудан әкімі Ғалым Исмайлов қайта хабарласқан кезімізде «жиналысқа кіруіне байланысты» телефон тұтқасын алмады.

«Мектепке дейінгі ұйымдармен бірлесіп ақша жеген» әкімдерге қатысты хабардың жай-жапсарын Мақтарал аудандық білім бөлімінен де сұрастырдық.

Жеті әкімнің қатар ұсталуы ашық күнде жай түскенмен бірдей жайт болды.

– Жеті әкімнің қатар ұсталуы ашық күнде жай түскенмен бірдей жайт болды. Ақпаратты өзіміз де интернеттен оқып білдік, – дейді аудандық білім бөлімінің аты-жөнін жарияламауды өтінген қызметкері.

«Пара беріп жатқанда ұсталды» деп сипатталған әкімдердің әріптестерінің көбімен тілдесу мүмкін болмады. Тек өзін «Атакент ауылдық округі әкімінің көмекшісімін» деп таныстырған Марат Еркенов қана Азаттық тілшісімен сөйлесті.

Нақты не болып жатқанын білмейміз. [Әкім] Кеше таңертең жұмысқа келген. Одан кейін көрмедік.

– Біз нақты не болып жатқанын білмейміз. [Әкім] Кеше таңертең жұмысқа келген. Одан кейін көрмедік. Басқа ешқандай ақпаратты білмеймін, – дейді Марат Еркенов.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы мәліметінше, биылғы алты айда пара алу және бюджет қаржысын жымқыру оқиғалары көп ашылған. Мекеме сотқа жолданған қылмыстық істер де бұрынғыдан екі есе артқанын айтады. Бюро жарты жылда «жемқорлардың» жиыны 13 миллиард теңгелік мүліктерін (оның ішінде 700 көлікті, 170 жылжымайтын мүлікті, 30-дей жер телімін және 4 миллиард теңгедей ақшаны) арестке алғанын мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG