Accessibility links

«Атаңа нәлет бәлшебек нан береді бір ширек»


Қазақстанның кино, фотоқұжаттар және дыбыс жазбаларының орталық мемлекеттік архивінен табылған, 1932 жылы түсірілген қазақ босқындарының суреті.
Қазақстанның кино, фотоқұжаттар және дыбыс жазбаларының орталық мемлекеттік архивінен табылған, 1932 жылы түсірілген қазақ босқындарының суреті.

31 мамыр – Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Совет үкіметі орнаған соң қысым мен ашаршылық кесірінен шетелге кеткен қазақтардың ұрпақтары да ол заманды ұмытпаған.

Иранда тұратын этникалық қазақ Мұса Уәли арғы аталары 1930-жылдары совет билігі кесірінен Қазақстанның Маңғыстау өңірінен қоныс аударғанын айтады.

- Аталарымыз ең бірінші дін жағынан қатты қысым көріпті. Одан кейін аштыққа ұшыраған. Біз әкелеріміздің әңгімесін естіп өстік. «Айналайын Николай нан беретін бірталай, Атаңа нәлет бәлшебек нан береді бір ширек» деген өлеңдер айтатын еді, – дейді ол.

Мұса Уәлидің сөзінше, қазір Иранда тұратын 5 мыңға жуық қазақ – 80 жылдай уақыт бұрын ауа көшкен сол елдің ұрпақтары.

- Бірақ енді ол әңгімелерді айтатын кісілердің көзі азайып кетті. Ескі тарихты білетін екі-үш адам ғана қалды. Бүгінде Иранда ол қазақтардың үшінші буыны өмір сүріп жатыр, – дейді ол.

«АТАМ ӘКЕМДІ ЖОЛДА ТАСТАП КЕТПЕК БОЛҒАН»

Ата-бабаларының отандарынан кетуіне қандай себептер әсер еткенін Данияда тұратын қазақ Акбар Аюби де әлеуметтік желідегі парақшасында сипаттап жазған. Ол 1987 жылы 80 жасында Иранда қайтыс болған әжесінің естелігін айтады.

«Қармақшыдан көш аудармас бұрын əжем орман ішінде тығылып жатқан атама екі ай бойы түн ішінде ел жатып қалған соң тамақ апарып берген. Атам Бұхарадан оқып шыққан молда болған, сол үшін қызылдар іздеп келген, орман ішінде тығылып аман-сау қалған. Күнкөріс қиын болған соң атам ең сенімді туыстарын және достарын алып бір түнде жансауғалап көшіп кетуге мәжбүр болған» дейді даниялық қазақ.

1931-1932 жылдары Қазақстанда түсірілген, әке-шешесі тастап кеткен баланың фотосы. (Көрнекі сурет)
1931-1932 жылдары Қазақстанда түсірілген, әке-шешесі тастап кеткен баланың фотосы. (Көрнекі сурет)

Акбар Аюби аталарының жер ауып бара жатқанда көрген қиындықтарының дәлелі ретінде әжесінің мынандай бір естелігін келтірген: «Бірде əкем мазаланып жылай берген соң атам əкемнің етегіне құм салып тастап кетпекші болған. Бірақ əжем «мен де баламмен қаламын» деген соң атам тастаймын деген райынан қайтқан».

«ҮЛКЕНДЕРДІҢ ІШІНДЕ ҮРЕЙ ӘЛІ БАР»

Ал Германияның Кельн қаласында тұратын қазақ Шұғайып Ерол Азаттық тілшісіне қайын атасының совет үкіметі кесірінен қоныс аударған оқиғасын баяндап берді.

Үлкен апамыз түн ішінде масақ теріп балаларды асырағанын айтып отыратын.

- Қайын атамның арғы әкелері Қазақстанның Зайсан өңіріндегі ауқатты кісілер болған екен. Коммунистер билік басына келіп, малынан айыра бастаған. Қайын атамның әкесін ұстап, ол кісі хабарсыз кетіпті. Сосын шешесі екі баласын алып Қытайға өтіп кеткен. Кейін Қытай үкіметінен қысым көріп, Иран, Пәкістан арқылы Түркияға келді. Үлкен апамыз түн ішінде масақ теріп балаларды асырағанын айтып отыратын, – дейді ол.

Қытайға ауып, одан әрі Түркияға өтіп кеткен қазақтардың бірінің ұрпағы – түркиялық актер Баһадүр Хаким. Оның сөзінше, аталарының Қытайдан да әрі кетуіне Іле, Тарбағатай және Алтай аймақтарында 1944-1945 жылы болған «Үш аймақ көтерілісі» әсер еткен.

Бірақ осы жайлы іздестіріп, фильм түсіру мақсатында ақсақалдардан дерек жинаған кезімде олардың өткенін ашық айтудан жасқанатынын байқадым. Іштерінде үрей әлі бар.

- Неге екенін білмеймін, біздің [Түркиядағы қазақтар арасындағы] үлкен кісілер өткен тарихты көп қозғай бергісі келмейді. Мысалы, атам Такман батыр туралы деректер Ресей КГБ-сы архивінде, Қытайдың мұрағатында да бар. Бірақ осы жайлы іздестіріп, фильм түсіру мақсатында ақсақалдардан дерек жинаған кезімде олардың өткенін ашық айтудан жасқанатынын байқадым. Іштерінде үрей әлі бар, – дейді Баһадүр Хаким.

Қазақстанда совет билігі орнаған соң ұжымдастыру мен кәмпеске салдарынан халық аштыққа ұшырап, ресми есеп бойынша бір жарым миллион адам көз жұмған, 600 мыңға жуық адам көрші елдерге көшкен. Ал 1930 жылдардағы репрессия кезінде 100 мыңнан астам адам сотталып, олардың 25 мыңы ату жазасына кесілген. Қазақстан 1997 жылдан бері жыл сайын 31 мамыр күні совет үкіметі тұсында саяси қуғын-сүргін құрбаны болған азаматтарын еске алады.

XS
SM
MD
LG