Accessibility links

Жалпы, бастықты мақтау үшін, оны жақсы көру шарт емес. Мақтай-мақтай, күндердің күні, өзің-ақ жақсы көріп кетесің...

Біз жұмыс істейтін кішкентай мекемені, жалпы, ешкім біле бермейді... Біздің жұмысты еңсеріп істегенімізге, не түк бітірмегенімізге де қарап тұрған ештеңе жоқ. Бұл мекеменің ең басты және баға жетпес жалғыз құндылығы – бастығы... Өйткені, бұл кісі, шын мәнінде, көненің көзі іспетті – қырық жылдан бері орын ауыстырмаған! Отырған орнында біржола тамыр бекітіп, осынша жыл алаңсыз гүлдеп-көктеген шетін құбылыс, сирек кездесер құнды экспонат ретінде, осы қалпында музейге өткізіп жіберсе, сауап-ақ іс болар еді, амал жоқ...

Шағын ғана мекеме бастығының арда тұлғасы, адамзаттық ауқымнан алып қарағанда, көзге де іліне қоймас, бірақ өзімізге ергежейлілер еліне адасып келген Гулливердей көрінеді. Гулливерімізді, қалыптасқан дәстүрмен, алғаш жұмысқа тұрған күннен мақтап келеміз. Жалпы, бастықты мақтау үшін, оны жақсы көру шарт емес. Мақтай-мақтай, күндердің күні, өзің-ақ жақсы көріп кетесің... Әр сөзінен терең мағыналар табасың, әр түшкіргеніне бір жәрәкімалла айтуға құштар боласың... Құштарлығың сонша, келе-келе, бастықтың түшкіргенін күтіп, танауын аңдитын әдет шығарасың. Бірте-бірте, неге екені белгісіз, оны... мақтан ете бастайсың. Көрші мекеменің бастығынан бойы сәл ұзынырақ болса да – қуаныш, мініп жүрген көлігі аздап қымбаттау болса да – мерей. Ал енді, жай сәлеміңді алып, өте шықпай, жылы жүзбен бір ауыз хал-жай сұрай қалса, туған әкеңдей көрініп кетері бар... Өсти-өсти, бұл бастықтың мекемелік шағын масшабтағы теңдессіз зор тұлғасын әлемдік өреге шығарып алып, барша мақтау-мадағыңды бір соған бағыштап жатқаныңды байқамай да қаласың. Бастықтың жүріс-тұрысы, киім киісі, күлгені, ашуланғаны... Бастықтың қыз-келіншектерге әзіл айту машығы... Жиналыста қызметкерлерге әупілдеп ұрсу мәнері... Айтатын анекдоттарының бәдік те болса, мағыналы, актуальды екендігі... Осының бәрі – сөз, осының бәрі – күнделікті әңгіме тақырыбы. Ал бастық бүгін жұмысқа қандай көңіл-күйде келді – бұл енді бәріміз үшін өмірлік ең маңызды мәселе!..

"Аққала культі". Карикатура авторы - Ғалым Смағұл.

"Аққала культі". Карикатура авторы - Ғалым Смағұл.

Сөйте-сөйте, ақыры, оған әлдебір мистикалық қасиеттерді таңып тынамыз. Кейбір тым әсершіл қыз-келіншектер бұл кісінің энергетикасы сұмдық екенін, жақындап кетсе, тұла бойлары шымырлап... біртүрлі болып кететіндерін айта бастайды... Соны естігенде, бастығымыз: «Рас па?! Сезіліп тұра ма екен?» деп, әжептәуір көтеріліп қалады... Міне, осылай мақтай-мақтай, бастық та «қуып», өзіміз де лағып, шектен шыға бастағанда, кенет дағдарысқа ұшырадық. Бастыққа енді елде жоқ не мақтау айтарымызды білмей, тығырыққа тірелдік. Мадаққа дәндеп, оның араны ашыла түскен сайын, біз сарқылып барамыз... Күн сайын жаңа мадақ ойлап табу оңай ма?.. Байқаймыз, соңғы кезде мадағымызға таптаурын сөз, үйреншікті тіркес араласып кетсе, бастығымыз кіржің ете қалатын болып жүр. Бұрын көзі жайнап, жүзі нарттай жанып, бусанып, жаны кіруші еді, қазір «естіп жүрген хәләуләйім ғой» дегендей, қабағы түсіп, көзінің асты салбырап, салғырт отыруы көбейіп барады. Ойлап қарасақ, о бастағы стратегиямыз дұрыс болмаған. Мысқалдап қана жұмсайтын қат дүниені біз батпандап төгіп, рәсуә қылыппыз. Шабыттың шалқарын, сөздің шұрайлысын ә дегенде-ақ, аямай шашып, тауысып алыппыз. Ал ертең – басекеңнің... алпыс жылдық мерейтойы... Жағдайды түсініп отырсыз ғой... «Сталинге тең таппай, қиналған Жәкең жері осы» болды. Өзі зордың – «объектісі» де зор. Патшаны мақтау – ақындардың патшасындай адамға ғана жараспақ. Ал енді кішкентай мекеменің кішкентай ғана бастығын мақтауға сөз таппай, шашылып қалған біздің дарынсыз ұжымды не дейміз... Өзімізге де обал жоқ – бір-бірімізге кезек бермей, жарыса шауып едік. Басымызға не күн туды десеңші, сонша битімізді салып... Бұл шіркінге айтар мадағымыз таусылды, енді бізден, сықсаң да, тамбайды...

Оны айтасыз, баяғы, біз келгенше, зейнетке шығып кеткен мадақшылардың да классикалық туындылары төрт көзі түгел осында екен! Қай-қайсысы да, қазір айтсаң, құлаққа су жаңа боп сыңғырлағалы тұр!

Орынбасардың кең кабинетінде жиналып, басымызды ұстап, теңселіп отырмыз. Біреуіміз ұйқас іздеп, енді біреулеріміз әлі айтылмаған жарқын эпитет, тосын теңеу іздеп әуреміз... Бәріміз жабылып, бір оңды мадақ жаза алмай, жынданып кете жаздадық. Әрі-беріден соң, бір-бірімізді жағадан алып, ең болмаса, іске татыр бір жаңа сөз ойлап табуды талап етіп, керілдесе бастадық... Бәрібір жарытпадық. Шаршап, титықтап, бөлмедегі үстел-орындықтарға мағынасыз меңірейе қарап отырғанымызда, есік сарт етіп ашылып, қолтығына қысқан ауыр папкісі бар, хатшы қыз кіріп келді. Кәдімгі, бастықтың алдында отыратын, тықылдаған пысық сары қыз. Бұған не керек... Қыз үндемей-түндемей, әлгі папкіні айқара ашып, алдымызға тастай салды. Шамамен, жуан бір кітап шығатын қолжазба... Мөлдіретіп компьютерде терілген біздің бұрынғы мадақтар екен... Бастыққа арналған бар мадағымызды осы қыз басып беруші еді. Ұжым болып жабыла атсалысқан қаншама жылдық қырғын еңбек!.. Көзіміз шырадай жанды. Мына қыздың басы істейді! Жіп-шырғасын шығармай, жинай берген, жинай берген... Осы қулық қалай ойымызға келмеген?!. Құдай-ау, мынау – баға жетпес байлық қой! Маржан, ақық, алтын, гауһар кілең!.. Бастық тұрмақ, жазған өзіміз де баяғыда ұмытқан жалт-жұлт, жарқ-жұрқ асыл сөздер... Оны айтасыз, баяғы, біз келгенше, зейнетке шығып кеткен мадақшылардың да классикалық туындылары төрт көзі түгел осында екен! Қай-қайсысы да, қазір айтсаң, құлаққа су жаңа боп сыңғырлағалы тұр! «Заманымның заңғары, Алашымның ардағы!..» Бұл түк емес... «Үлгі болып әр елге, Даңқың кеткен әлемге!..» Міне, сөз, міне, мадақ! Біздің мақтаудың кейбір жойқын үлгілерін көргенде, аталмыш Жамбыл атамыздың өзі бетін басып, тұра қашқандай екен... Ура! Сол арада, пираттардың аралға тыққан көмбесінің үстінен түскендей, ес-түсімізді ұмытып, салдық келіп қолды!.. Ана мадақтан бір кесек, мына шедеврден бір үзік... Қолына пышақ тиген қасапшыдай жалаңдап, әлгі үзіктер мен кесектерден құттықтау сөздің нобайын ұжымдаса жабылып, кеңесе пішіп жатырмыз. Әп-сәтте жарқылы бет қаратпас жалынды мадақ сөздің тұтас мәтіні де дайын болды. Бір-бірімізді құттықтасып, «супер!.. супер!..» десіп, шарт-шұрт алақан соғыстырып жатқанымызда, хатшы қыз:

– Болдыңыздар ма? – деді.

– Қатып кетті! Рахмет саған! – дейміз.

– Бере тұрыңыздаршы...

Тықылдақ, пысық сары қыз мадақ қағазымызды алып, ұқыптап, папкіге салып, қолтығына қысып, есікке беттеді.

– Ойбай, қайда әкеттің?! – деп, шулап, тұра-тұра ұмтылдық.

Пәлекет қыз алпауыт қолжазбаны енді кеудесіне қыса құшақтап алып, өлмей бермес түр көрсетіп, тісін ақситты.

– Бұл былжырақтарыңызды осынша уақыт текке басып, босқа жинап жүрмін бе?! Сатып аласыздар!.. Әр сөзін санап тұрып, ақшаға сатып аласыздар!..

Күтпеген саудадан бір сәтке аңтарылып қалған біз, тағы шулап қоя бердік:

– Айналайын... береміз қанша сұрасаң да!.. Сатып аламыз!.. Бері әкел, ойбай!..

Сол арада дереу қалтамызды қағып, ақша жинап, мадақ қорын құрдық. Еңбекақы алған сайын жарна төлеп, қорымызды молайта береміз деп келістік... Бізде енді мақтау-мадақтың сарқылмас кеніші бар!.. Бұйырса, әлі талай жыл бастық та риза, біз де аман боламыз...

Айтарға мадақ таппай, қаңсып отырған сіздерге де құлаққағыс...

Ескерту: Блог авторының көзқарасы редакцияның ұстанымын білдірмейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG