Accessibility links

«9-сыныпта ұзатты. Менен тіпті сұраған жоқ»


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Жалал-Абад облысында тұратын этникалық өзбектер арасында мектеп жасындағы кішкентай қыздарды ұзату дәстүрі әлі бар.

Мұнда балаларының білім алып, карьера жасағым келеді деген тілегімен санасатын ата-аналар сирек кездеседі. Белсенділер дабыл қаққанына талай жыл болса да, жергілікті билік осы әлеуметтік проблемаға дұрыс көңіл бөлмей келеді.

ОҚУ АРМАН БОЛЫП ҚАЛАДЫ

Қараша айы. Ноокен ауданының Сары-Сыя ауылында 17 жастағы Наргиздің ұзату тойы өтіп жатыр. Оның құрбылары 11-сыныпта оқиды.

Наргизге екі жыл бұрын құда түсіп қойған, сондықтан ол тіпті жоғары білім аламын деген жоспар да құрмаған. Қалыңдық пен оның туыстарымен әңгімелесудің сәті түспеді.

Ерте неке қию бұл ауыл тұрғындары үшін үйреншікті нәрсе болып кеткен. Бұл жақта қыздардың көбі мектепті бітіргеннен кейін бірден ұзатылады. Кейде тым ерте ұзатылған қыздар көп ұзамай ажырасып кетеді. Өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілген "Дильдора" тұрмысқа шыққаннан екі жылдан кейін ажырасып кеткенін айтты.

- 9-сыныпта оқып жүргенімде екі отбасы келіп маған құда түсті. Бірінші келген кісілерге әке-шешем келісімін бермей қойды, бірақ екінші отбасының ұсынысына бірден келісті. Осылайша мені 9-сыныпта ұзатып жіберді. Менің пікірімді тіпті ешкім сұраған да жоқ, - дейді қазір 19 жасқа келген бойжеткен.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

"Дильдора" өткен өмірі жайлы көз жасына булығып әрең сөйледі. Оны екі үйге зорға сыйған жасау-жиһаз да бақытты ете алмаған. Бойжеткен дәрігер болуды армандайды, бірақ ажырасқаннан кейін үйдегі бақылау тіпті күшейген.

- Қыздардың жоғары білім алып, өздігінен ақша табуға, қалауынша өмір сүруге құқығы бар деп санаймын. Ол күйеуіне тәуелді болуға міндетті емес қой. Тиген адамы оқымаған болса ше? Әйелдің қандай кінәсі бар? "Тұрмысқа шыққың келе ме?" деп қыздың өзінен неге сұрамайды? Қыздар басыбайлы күң емес қой. Мейлі, тіпті оқытпай-ақ қойсын, тіпті жастай күйеуге берсін, бірақ әке-шешесі тым болмаса "өзің қалай ойлайсың?" деп қыздың пікірін сұрауға міндетті. Болашағына қатысты шешімді оның өзі қабылдауы тиіс. Қызымыз отбасылық өмірге даяр ма, ата-енесімен тіл табыса ала ма деп ешкім ойламайды. Кішкентай қыздарды ұзатады, ал сосын олар күні бойы үй шаруасымен айналысады немесе егістікте жұмыс істейді, - дейді ол.

БИЛІККЕ ҮМІТ АРТУ

"Дильдора" дәрігер болсам деген арманы іске асатынына сенбейді. Ол президент пен парламенттен кішкентай қыздардың құқығын қорғауды сұрайды.

- Егер мен президент болсам, ер адамдарға тек 30 жастан кейін үйленуге, ал қыздарға 25 жастан кейін тұрмысқа шығуға рұқсат етер едім. Сол кезде қыздар оқу бітіріп, мамандық алар еді,- дейді ол.

Жергілікті тұрғындар қыз баланы ерте ұзатуды бақыттың белгісі санайды. Кей отбасылар қызына ерте жастан құда түсе бастаса, оны мақтаныш көреді. Киров ауылының 40 жастағы тұрғыны Махфуза Шералиева қыздардың тағдырын базардағы саудаға теңейді.

- Қыздың құны бар болып тұрған сәтті өткізіп алуға болмайды. Дер кезінде тұрмысқа беру керек, әйтпесе отырып қалады. Құда түспей қояды, сондықтан ертерек ұзатқан дұрыс. Ертерек бала-шағалы болса, кейін өзіне қолғанат болады, - дейді ол.

Үшінші әлем елдеріндегі қыз тағдыры (видео - орыс тілінде):

Өзбек қоғамында қыздарды кімге, қашан ұзатуға қатысты шешімді көбінесе әке-шешесі мен жақын туыстары қабылдайды, бұған қарсылық білдіретін қыздар сирек кездеседі. Бұл жақта қыздың 16-18 жасында тұрмысқа шығып, бала тууы заңдылық саналады. Жігіттер де жас қызға үйленгенін жетістік санайды. 20-дан асқан қыздарда кәрі қыз атану қорқынышы пайда болады.

«БҰЛ - ҮЛКЕН ПРОБЛЕМА»

«Кылым шамы» құқық қорғау ұйымы жетекшісі Азиза Абдирасулова қыздарды тым ерте ұзату проблемасымен көп жылдан бері айналысып келеді.

- Бұл - қоғам әлі күнге дейін дұрыс көңіл бөлмейтін үлкен проблема. Жергілікті билік түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс, бізге осы мәселе бойынша үнемі шағым түседі. 16 жаста ұзатылған қыздардың некесі ресми тіркелмейді, бірақ ажырасып кетсе, 3-4 баламен жалғыз қалады.Олар тіпті бұрынғы ерінен балаларға алимент төлеуді де талап ете алмайды. Мұндай жағдайға душар болған талай отбасымен сөйлестім. Өрімдей қызды тұрмысқа ұзатқаннан кейін туыстары оның кейінгі тағдырына мән бермейтіні қынжылтады. Ажырасқан ерінен алимент өндіріп алуға, балаларға құжат алуға көмектесуімізді сұрап келеді. Ал бұл заңға қайшы екені, ол үшін жауапкершілікке тарту қарастырылатыны туралы сөз болмайды. Ажырасқаннан кейін қызын қайтсе де екінші мәрте ұзатуға тырысатын отбасылар көп, - дейді ол.

Белсенділер мен құқық қорғаушылар Жалал-Абад облысында қыздарды ерте ұзатуды үлкен әлеуметтік проблема деп санайды. Жергілікті билік жоспарларында халықтың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қарастырғанымен, жағдай жыл өткен сайын ушығып барады.

Бірақ Жалал-Абад облысы басшысының әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары Ырысбек Ызабеков аймақта мұндай проблема мүлде жоқ деп мәлімдеді.

- Бізде мектеп бітірмей жатып күйеуге тию деген проблема жоқ. Бұл отбасының өзіне де байланысты нәрсе. Ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, бірақ бізде мұндай проблема жоқ, - дейді ол.

Бұған қоса, Ызабеков егер ондай проблема бар екені анықталып, БАҚ хабарласа, "тиісті шара қолданылатын болады" дейді.

Қырғызстанның отбасы кодексі 18 жастан үйленуге рұқсат етеді. Бірақ мәжбүрлі неке қылмыс саналады. Ел конституциясының 45-бабына сәйкес, әр азаматтың білім алуға құқығы бар.

Заң бұзғандар саны мен жүргізілген тексерулер жайлы облыстық құқық қорғау органдарынан дерек алу мүмкін болмады.

"МҰҒАЛІМДЕРДІҢ АҚЫЛЫН ТЫҢДАМАЙДЫ"

Ноокен аудандық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Эрмек Адылбековтің айтуынша, кейінгі жылдары мектеп жасындағы қыздар арасында неке қию оқиғалары азайған. Оның сөзінше, мұғалімдер оқушы қыздарға ақыл-кеңестерін айтады, бірақ шешімді бәрібір ата-анасы қабылдайды.

- Олар «қыз-менікі, сенің шаруаң болмасын» дегендей қабақ танытады. Құқық қорғау органдары қыздарын тым ерте ұзататын ата-аналарға шара қолданса жөн болар еді. Бәріне мұғалімдерді кінәлай беруге болмайды, - дейді ол.

Қыздарды тым ерте ұзату проблемасы Ош облысында да бар. Желтоқсаннан бастап «Прогресс Араван» үкіметтік емес ұйымы ерте некеге жол бермеу жөніндегі арнайы жобаны іске қосты.

БҰҰ-ның 2016 жылғы дерегіне қарағанда, Еуразия елдері арасында ерте қиылған неке саны жағынан Қырғызстан бесінші орында тұр.

(Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісі Санжар Эралиевтің мақаласы орыс тілінен аударылды)

XS
SM
MD
LG