Accessibility links

Орталық Азияда құрғақшылықтың беті қайтпай тұр


Аштан өлген жылқы өлексесі. Маңғыстау облысы Ақшымырау ауылы, 15 шілде 2021 жыл.
Аштан өлген жылқы өлексесі. Маңғыстау облысы Ақшымырау ауылы, 15 шілде 2021 жыл.

Орталық Азия елдерінде күн қатты ысып, ауа температурасы көптеген жылдың рекордын жаңартты. Биыл өңірде жаңбыр жаумаған, су деңгейі де төмендеп кеткен. Қуаңшылық кесірінен экономикалық проблема туындады. Өңірдегі құрғақшылық зардабы шаруалар мен малшыларға ғана емес, қарапайым адамдарға да тиіп жатыр. Халық орашолақ әрекеттерге жауаптыларды, проблеманың шешілмеуіне кінәлілерді іздеп әлек.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Қатты қуаңшылық ең алдымен шаруалар мен малшыларға ауыр тиеді. Маңғыстау облысында тұратын қоғам белсендісі Жәнібек Қожық Азаттық радиосына ауыл ақсақалдарының биылғыдай қуаңшылықты өмірі көрмегенін айтты. Ол қуаңшылық келе жатқаны көктемде белгілі болғанын айтып, дер кезінде шара қабылдамаған шенеуніктерді кінәлады.

Маңғыстауда шөлді жер көп. Дегенмен, мал шаруашылығына жарамды жерлер де бар. Сондықтан ауылдардың шығыны қой, сиыр, жылқы санымен өлшенеді. Бірақ қанша мал қырылғанын ешкім нақты айта алмайды.

Қазақстанның көп бөлігінде мал жайылымға шыға алмай, жем-шөп күрт қымбаттады. Маусымда "малшылар жылқыларына картон қағазын беріп жатыр" деген ақпарат шықты.

Жәнібек Қожық жұрт малына беру үшін Ақтаудан картон қағазын тасығанын, бірақ қазір "картон да жетіспей жатқанын" айтады.

Қазақстан үкіметі жағдайдың күрделі екенін кеш мойындады. Бірақ Қазақстанның басқа облыстарынан шөп әкеліп, оны тиімді бағамен сату шарасын қабылдады. 26 шілдеде ауыл шаруашылығы министрлігі жем-шөп экспортына алты айға тыйым салды.

Маңғыстау облысын қуаңшылық қысып, жұрт малға "картон беріп жатыр"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:48 0:00

ҚЫРҒЫЗСТАНДА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

Қырғызстанда алғаш болып Шу ауылының шаруалары дабыл қақты. Олардың еккен егіні өсіп шыққанымен, су жетіспей, қурай бастаған.

Қырғызстанның лауазымды тұлғалары су жетіспеушілігіне жөндеу жұмыстарын қажет ететін, бірақ қазіргі заманға бейімделмеген, совет кезінде салынған каналдар мен жер суару жүйесін кінәлады.

Күн ыстықта субұрқақта ойнап жүрген балалар. Бішкек. Архив суреті.
Күн ыстықта субұрқақта ойнап жүрген балалар. Бішкек. Архив суреті.

Маусымда Қырғызстан ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Нұрлан Шеріпов Шудағы жер суару жүйесі совет кезінде мемлекеттік фермалар үшін салынғанын, онда көбіне жиі суаруды қажет етпейтін дәнді дақылдар өсірілгенін айтты.

"Бүгінде жекеменшік фермерлер мол суды қажет ететін жүгері мен басқа да дақылдарды өсіреді", дейді ол.

Билік дереу әрекет ете алмағанықтан, Шудағы кей фермерлер түнде каналдардан шаруашылығына су тартып алған. Бұл егісі қурап қалған басқа шаруалардың ашуын туғызған.

Ақыр соңында билік түндегі суаруды тоқтату үшін арықтардың басына адам қойды.

Шудағы фермерлер Ош пен Бішкек арасындағы жолды жауып, биліктен су проблемасын шешіп беруді сұрады.

Жергілікті билік каналдар мен су қоймаларын жөндеп, ауылдарда жаңа құдық қазып беретінін айтты.

ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ СУ ЖАНЖАЛЫ

Өзбекстанның Наманған облысындағы Давлатабад және Турақорған аудандарының фермерлері суға таласып жатыр. Сондай жанжалдардың бірінде басы жараланған бір фермер қаза тапты.

Ангор ауданындағы Сурхондария ауылынан бірнеше шақырым жерде шаруалар жергілікті кластерлік фермамен тартысып жатыр.

Навшахар ауылындағы жекеменшік фермерлер судың көбін кластерлік ферма алып алатынын айтып, жергілікті шенеуніктер суды әділетсіз бөлген дейді.

Азаттықтың Өзбек қызметі Озодлиқ жекеменшік және мемлекеттік фермалар арасындағы дау шілдеде басталған деп жазды. Қазір істі сот қарап жатыр. Ауданда күн сайын екі тарап жанжалдасып, бірнеше рет полиция шақырған.

Озодлиқ мұндай қақтығыс Өзбекстанның басқа ауданындағы шаруалар арасында да болып тұратынын хабарлады.

ҚАЛАЛАРДА ДА СУ ТАПШЫ

Шаруалар мен малшылар су тапшылығын бәрінен бұрын сезінеді. Бірақ Тәжікстанда қуаңшылықтың не екенін қала халқы енді білгендей.

Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди Тәжікстандағы ең үлкен қалалардың бірі Кулябта тұратындар су проблемасына тап болғанын хабарлады. Олар пластик бөтелкелермен қоғамдық каналдардан су алып, пәтеріне тасуға мәжбүр.

Куляб тұрғыны екі шелек су ұстап барады.
Куляб тұрғыны екі шелек су ұстап барады.

Шохин ауданында тұратын Талаб Иброхимов "78 жастамын, күніне екі бөтелке су тасимын. Бұл менің жұмысыма айналып кетті" дейді.

12 шілдеге қараған түні Алматыға жақын жердегі Бесағаш қаласында тұратын жүзге жуық адам үйінде судың өшіп қалғанына қарсы шығып, негізгі жолды жапты. Мұндай проблема Орал қаласында да болды.

Түркіменстанда жазда күннің ыстық болуы қалыпты жағдай. Бірақ елде ауа температурасы 50 градусқа дейін жеткен. 7 шілдеде Лебап ауылында күн 55 градус ыстық болған.

Лебап қаласында тұратындар көрші елдімекендерден су әкеліп, 20 литрін 5 манатқа (1,4 доллар) сатады, деп хабарлайды Азаттықтың Түркімен қызметі. Бұл соншалық көп қаражат та емес, бірақ жуынуға, киім жууға келгенде біршама салмақ салады.

Электр энергиясының көп бөлігін су электр стансасынан алатын Қырғызстанда лауазымды тұлғалар жұрттың электр энергиясының өшуіне дайындалуын ескертіп жатыр. Бұл шешім негізінен су қоймасындағы су көлемінің азайып, Тоқтоғұл су қоймасын жөндеу жұмыстарына байланысты қабылданған.

Су жетіспеушілігі кесірінен азық-түлік те қымбаттап жатыр. Ауыл шаруышылығы дақылдарының қурап, мал санының азайып жатқанын ескерсек, келер жылы да баға өсуі мүмкін.

Орталық Азия елдері тағамдарға сәбізді көп қосады. Қазақстанда бір килограмм сәбіз бағасы 700 пайызға өскен. Орталық Азияның басқа төрт елінде де осындай жағдай байқалады.

Күндердің күнінде қуаңшылық аяқталағанымен, су проблемасы бәрібір жойылмайды. Климаттың өзгеруінен күн ысып, мұндай қиындық болашақта да болады.

1990 жылдары Орталық Азияда 8 миллион адам болса, бүгінде 75 миллион адам бар. Қазіргі өсім сақталса, 2030 жылы 80 миллионға жетуі мүмкін.

Орталық Азия елдерінің шенеуніктері су тапшылығын шешу үшін құдық қазуға уәде берді. Маңғыстауда мұнай ұңғымаларын бұрғылауды тоқтатып, сол құрылғыларды су қазуға пайдалануды сұрап жатқандар бар. Бұл ұсыныс Орталық Азиядағы ең маңызды байлықтың не екенін еске салып тұрғандай.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG