Accessibility links

"Алаш қайраткерлері өз шешімдерін жүзеге асырды". Қазақ оқымыстыларының тұңғыш құрылтайы


Алаш зиялылары (1-қатарда солдан оңға): Жақабай Әтікұлы, Жұбандық Болғанбайұлы, Тұрағұл Абайұлы, Әлихан Бөкейхан, Райымжан Мәрсеков. 2-қатарда: Мұқан Жәкежанұлы (сол жақтан екінші), одан кейінгі тұрған - Көкбай Жанатайұлы. Семей, 1918 жыл. Болат Мүрсәлімнің "Алашорда" жинағынан.
Алаш зиялылары (1-қатарда солдан оңға): Жақабай Әтікұлы, Жұбандық Болғанбайұлы, Тұрағұл Абайұлы, Әлихан Бөкейхан, Райымжан Мәрсеков. 2-қатарда: Мұқан Жәкежанұлы (сол жақтан екінші), одан кейінгі тұрған - Көкбай Жанатайұлы. Семей, 1918 жыл. Болат Мүрсәлімнің "Алашорда" жинағынан.

Бір ғасыр бұрын Орынборда өткен білім саласындағы қазақ ғалымдарының тұңғыш құрылтай сиезін Азаттық радиосы 1957 жылы тағы еске салды. Бұл кезде құрылтайдан 33 жыл өтіп кеткен. Сол жиынның күн тәртібіне Әлихан Бөкейханов төтеннен енгізген мәселе қандай? Бұл жолы "Азаттық радиосына 70 жыл" хабарында осы құрылтай тақырыбын зерттеген академик Шерубай Құрманбайұлын әңгімеге тарттық.

100 жыл бұрын. Қазақ білімпаздарының тұңғыш құрылтайы
please wait

No media source currently available

0:00 0:24:27 0:00

Азаттық радиосының Түркістан басқармасы 1957 жылғы 18 маусымда "қазақ оқымыстыларының 1924 жылғы бірінші құрылтайы" жөнінде хабар әзірлеген. Бірнеше күнге созылған бұл жиынды кейде "қазақ білімпаздарының тұңғыш құрылтайы", "қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі" деп те атайды.

Осы құрылтайдың өткеніне биыл 100 жыл толмақ.

КОММУНИСТІК БАСҚЫНШЫЛАР ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ

Азаттық радиосы Түркістан басқармасы ұсынған бұл материалдың жазбаша нұсқасы Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қорында сақтаулы тұр.

Комментарии нұсқасындағы бұл хабарды әзірлеп, Азаттық радиосының эфирінен оқыған – Дәулет Тағыберлі.

"Сөйлеп тұрған Бостандық радиосы! Енді қазақ оқымыстыларының 1924 жылғы бірінші құрылтайы турасында коммунистік диктатура неге үн шығармайды?" деген мақаламызға құлақ салыңыздар", – деп басталады бұл хабар.

Бұл хабардың жазбасында өткен ғасырдың елуінші жылдары Азаттық радиосы Түркістан басқармасы Қазақ бөлімінде қалыптасқан емле сақталды.

"Сол құрылтай, саратан айының 12-інде Халық ағарту қызметкерлерінің сарайында ашылып, 18-саратанда, яғни бүгінгі күні өзінің жұмысын аяқтаған еді. Алайда бұл Құрылтай турасында қазақстандық немесе бүкіл советтік баспасөз органдарының беттерінде, сондай-ақ Қазақстан мен СССР ғылым академияларының "хабаршылары" мен "еңбектерінде" осы күнге дейін үн шығарылған емес. Бұл құрылтай мен құрылтай қарарлары турасында Қазақстан тарихына арналынған советтік әдебиет пен оқулықтар беттерінде де ешқандай деректер жоқ. Бұның себебін түсіну қиын емес. Дегені, Орынборда болған "Қазақ оқымыстыларының тұңғыш құрылтайы" коммунистік басқыншылардың емес, халқымыздың ұлттық және мәдени мүдделерін қорғауға арналып шақырылған оқымыстыларымыз бен мәдени қайраткерлеріміздің кеңесі еді", – деп түсіндіреді Азаттық радиосы эфирінен осы хабардың авторы Дәулет Тағыберлі.

КІМДЕР ҚАТЫСТЫ ЖӘНЕ НЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ?

"Құрылтайға жалғыз Қазақстандағы ғана емес, РСФСР-дің Омбы, Челябі, Саратау, Астырған және Алтай аймақтарына еріксіз қосылған қазақ өлкелеріндегі оқымыстыларымыздың өкілдері де түгел қатысқан еді. Сондай-ақ оған Түркістанның республикалары мен Башқұрт және Татар елдерінің де оқымыстылары атсалысты" , – делінген Азаттық радиосы эфирінен 1957 жылы Дәулет Тағыберлі оқыған хабарда.

Азаттық қызметкері Дәулет Тағыберлі 1957 жылғы 18 маусымда әзірлеген хабардың жазбасы. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қорынан алынды.
Азаттық қызметкері Дәулет Тағыберлі 1957 жылғы 18 маусымда әзірлеген хабардың жазбасы. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қорынан алынды.

Онда 1924 жылы Орынбордағы құрылтайда талқыланған мәселелер туралы былай делінеді:

"Құрылтайдың күн тәртібіне: ұлттық мектептер, олардың программалары, ғылыми және мәдениет мамандарын даярлау, РСФСР құрамында қалған қазақ өлкелерінің Қазақстанға қосылуы, терминология және қазақ тілі мен қазақ әдебиетін дамыту сияқты көкейтесті мәселелер қойылған еді. Бұл мәселелер туралы құрылтайға жиналған оқымыстыларымыз бен мәдениет қайраткерлеріміз маңызды қарарлар ұйғарды. Мысалы, сол қарарларда Қазақ еліндегі бастауыш мектептен бастап, жоғарғы оқу орындарына дейін, "оқымыстылар кеңесі жағынан бекітілген программалық пәндердің тек ана тілінде ғана жүргізілуі", "арнаулы орта және жоғарғы оқу жұрттарына қабылдау, сондай-ақ мемлекеттік емтихандардың ана тілінде тапсырылатындығы" көрсетілді. Орталық үкімет жағынан жүктелініп отырған орыс тілі, – деп көрсетілді ол қаулыларда, – ұлттық немесе мемлекеттік тіліміз болмағандықтан басқа шет тілдердің қатарында оқытылсын". "Қазақ тарихы және ғылым салаларындағы ғылыми зерттеу еңбектер ұлт меншігі болғандықтан, ана тілімізде жазылсын. Олардың маңыздылары авропалық тілдерге аударылсын". "Ғылыми мекемелер мен халық ағарту орындары, – партиялық немесе әкімшілік орындардың нұсқауларына емес, тек "Ғылыми Кеңес пен Ағарту министрлігіне бағынатын еркін орындар танылсын". "Қазақ тілінің ұлғаты мен терминдері басқа түрік елдерінің тіл және терминология ұлғаттарына сәйкестіре отырып түзілсін".

Алаш зиялылары (солдан оңға қарай) Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлы
Алаш зиялылары (солдан оңға қарай) Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлы

"ҚАЗІР ДЕ ӨЗЕКТІ". НЕГЕ?

Бұл жиын 1924 жылы Орынборда өтті. Бір кезде Қазақстанның астанасы болған бұл қала бүгінде Ресей иелігінде қалды. 1925 жылы осы ғылыми жиын материалдары Орынборда төте жазумен "Қазақ білімпаздарының тұңғыш Құрылтайының еңбектері" атты кітап болып шықты.

Сонда бір апта талқыланған жайлар арада бір ғасыр өткенде әлі де маңызды деп санайды тілші ғалым, доктор Шерубай Құрманбайұлы. Ол 1925 жылғы осы ғылыми жиын материалдарының жинағын кириллица нұсқасымен басып шығарған.

Ғалым Шерубай Құрманбайұлы
Ғалым Шерубай Құрманбайұлы

– Қазақ білімпаздарының тұңғыш құрылтайы алдымен бүгінгі қазақ ғылымының, қазақ тілінің, қазақ тілінің түрлі салаларының дамуының ғылыми тұрғыдан мәселе ретінде көтеруімен маңызды. Өйткені осы сиезде қазақ әліпбиінің, қазақ терминологиясының мәселелері, мектеп оқулықтары, оқу бағдарламалары сияқты өзекті күн тақырыптары талқыланды. Ұмытпасам, жиынның соңғы күні Әлихан Бөкейханов қазақ есімдерін жазу үшін басқалардың үлгісін, яғни -ов, -ев қосып жазуды тоқтатып, қазақы нұсқамен, мәселен, "Абай Құнанбайұлы" деген үлгімен жазайық деп ұсыныс жасайды. Бұл ұсыныс қабылданып, сиездің қаулысына енді, – дейді Шерубай Құрманбайұлы Азаттыққа.

Айтуынша, ғылым тілін дамыту мәселесі, қазақи терминдерді жасаудың ғылыми принциптері туралы алғаш осы сиезде талқыланды. Және бұл қазір де өзекті болып отыр.

– Сонда қазақтың ғылыми терминдерін жасау керектігі айтылды. Болмаса, басқа да түркі тілдерінен алу жайы сөз болды. Ал тіпті тиісті сөздер табылмай жатса, кең тараған Еуропа халықтарының тілдерінен енген сөздерді өз тілімізге икемдеп, пайдаланып, ғылыми терминологияны дамыту принциптері алғаш осы сиезде бекітілді. Соның нәтижесінде Әлихан Бөкейханов "Астрономия" оқулығын жазып, осы саладағы терминдерді жасады; Ахмет Байтұрсынов тіл мен әдебиетке байланысты терминдерді жасады; Жұмахан Күдерин ботаникаға байланысты 300-400 термин жасап оқулығына енгізді; Мағжан Жұмабаев педагогика терминдерін, Жүсіпбек Аймауытов психология саласы терминдерін жасады. Сол сияқты Қошке Кемеңгерұлы, Міржақып Дулатұлы және Елдес Омаров өздері еңбек еткен салалары бойынша жұмыс жасап, қазақтың ғылыми терминологиясының негізін қалады. 1924 жылғы сиезде бекітілген принциптер бойынша жұмыс істегендіктен қазақтың төл оқулықтары қазақ балаларына түсінікті болып шықты. Бұл оқулықтар Алаш қайраткерлері қуғындалғанға дейін қолданылды. Тіпті қазірге дейін көптеген салада қолданып жүрген тірек терминдерді зиялыларымыз сол аралықта қолданысқа енгізіп үлгерді. Сол сөздер аз уақыт ішінде халық санасына орнығып, сіңіп үлгерді. Сол уақыттың тұрғысынан қарағанда бұл үлкен жетістік еді, – дейді профессор Шерубай Құрманбайұлы.

1-қатарда солдан оңға қарай: Халел Ғаббасов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов. 2-қатарда: Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан, Абдолла Байтасов.
1-қатарда солдан оңға қарай: Халел Ғаббасов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов. 2-қатарда: Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан, Абдолла Байтасов.

"ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ДАМЫТУ"

Шерубай Құрманбайұлының пайымдауынша, бұл құрылтай қазақ тілінің ғылым тілі ретінде және дербес ұлттың тілі ретінде қалыптасуының негізін салған, даму бағдарын көрсеткен жиын болды.

– Бұл мәселе бүгін де өзекті. Сиезде көтерілген мәселелер, яғни қазақ тілінде білім беретін мектеп, қазақ тілінің мәселелері бүгін де толық өз шешімін тапты деп айта алмаймыз. Сондықтан олардың айтқан ойларының ішінде әлі де ғылыми құндылығын жоймаған пікірлер бар. Егер шынтуайтына келгенде, сол 1924 жылғы ұстанымдарды бүгін де қолдансақ, қазақ тілі ұтпаса, ұтылмайды. Өйткені бұл әлі ескірген жоқ. Мәселен, осы жиында оқыту бағдарламалары, әдістемелері арнайы қарастырылды. Сондықтан да жоғарыда айтқан ұстанымдарды негізге ала отырып, пайдаланып, оның керек жерлерін жетілдіріп, заман талабына сай дамыту маңызды, – дейді тілші ғалым.

"БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ МОБИЛИЗАЦИЯ"

Шерубай Құрманбайұлы Қазақ білімпаздарының тұңғыш құрылтайында қабылданған шешімдер бойынша зиялылардың жанкешті жұмыс жасағанын айтады.

Әлихан Бөкейханов. Павлодар, 1908 жыл. Омбы тарихи-өлкетану музейіндегі сурет. Көшірмесін берген - Сұлтанхан Аққұлы
Әлихан Бөкейханов. Павлодар, 1908 жыл. Омбы тарихи-өлкетану музейіндегі сурет. Көшірмесін берген - Сұлтанхан Аққұлы

– Олар аз уақытта жұмылып, білім саласында мобилизация жасап, өте көп жұмыс істеді. Сол заманда қазақ баласы үшін қазақ тілінде жазылған оқулық тапшы болғандықтан, оқымыстыларымыз бұл іске жаппай жұмылып, тіпті өздерінің салаларына қатысты емес оқулықтар жазуға мәжбүр болды. Себебі мамандар жеткіліксіз еді. Мысалы, Әлихан Бөкейханов өз мамандығы ормантанушы болғанына қарамастан, астрономия жайында оқулық жазды. Жүсіпбек Аймауытовтың психология пәніне арналған оқулық жазуына тура келді. Заман үрдісі соны талап етті. Олар мұның бәрін қазақ мектептерін құру үшін негізгі база екенін түсінгендіктен, батыл қадамдар жасады, – дейді Шерубай Құрманбайұлы.

ЕСІМ-СОЙДЫҢ ҰЛТТЫҚ ҮЛГІДЕ ЖАЗЫЛУЫ

Қазақ білімпаздарының тұңғыш құрылтайы туралы Азаттық радиосының 1957 жылғы 18 маусымдағы хабарында аталмаған бір мәселе бар. Осы жиында Әлихан Бөкейханов аты-жөнді бірізділікпен жазуды ұсынады. Академик Шерубай Құрманбайұлы бұл мәселені кейін Алаш қайраткерлері іс жүзіне асырғанын айтады.

Алғаш 1925 жылы төте жазумен шыққан "Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі" кітабының кириллицада жарық көрген нұсқасы
Алғаш 1925 жылы төте жазумен шыққан "Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі" кітабының кириллицада жарық көрген нұсқасы

– Сиездің күн тәртібіне қойылған мәселелер талқыланып болған соң Әлихан Бөкейханов бір ұсыныс жасайды. Ол қазақ фамилиясының соңына -ов, -ев, -ова, -ева қосатын әдеттен арылып, оны ұлттық үлгіде жазу мәселесін көтереді. Осылайша Әлихан Бөкейхановтың ұсынысы қаулыға кіреді. Алаш қайраткерлері қандай келісім, шешімге келсе, соның бәрін жүзеге асырды деуге болады. Мысалы, Әлихан Бөкейханов осы ұсынысынан кейін, 1924 жылдан соң шыққан оқулықтардың барлығында зиялыларымыздың аты-жөні ұлттық үлгіде жазылды. Бұл, аталмыш сиезде қабылданған қаулыларды қайраткерлердің өздері бастап жүзеге асырғанын көрсетеді, – дейді Шерубай Құрманбайұлы.

"Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизодында бір ғасыр бұрын Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының тұңғыш құрылтайы туралы шолу жасалды. Азаттықтың осы алқалы жиын жөнінде 1957 жылы әзірлеген хабары және тілші ғалым Шерубай Құрманбайұлымен болған сұхбаттың толық нұсқасын Азаттық подкасының бүгінгі эпизодынан тыңдай аласыз.

Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG