Accessibility links

Нашар көретіндер мен зағиптардың 4 пайызы ғана жұмыс істейді


Нашар көретіндер мен зағиптардың 4 пайызы ғана жұмыс істейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:27 0:00

ВИДЕО: Нашар көретіндер мен зағиптардың 4 пайызы ғана жұмыс істейді (Видеосюжет - орыс тілінде)

Қазір Тәжікстанда зағип және көзі нашар көретін сегіз мыңға жуық адам тұрады, олардың бәрі дерлік кедейлік шегінде өмір сүріп немесе өлместің күйін кешіп отыр. Мемлекет оларға қарайласпайды, бірер жүз адам ғана өз бетімен жұмыс тапқан.

Тәжікстандық Рустам Юсуповтың әйелі, үш баласы, анасы бар. Рустамның нашар көретіні (көзінің көру деңгейі - минус 14) болмаса, бір қарағанда, бұл кәдімгі тәжік отбасы. Бұл елде мұндай диагнозбен жұмыс табу өте қиын, бірақ отағасы "менің жолым болды" дейді. Үйіне жақын маңда аудандағы көзі нашар көретін жандарға арналған жалғыз кәсіпорын бар, Рустам ол жақтан айына 100 доллар алады. Бұл ақша отбасының күнкөрісіне жетпейді, еңбек миграциясында жүрген бауыры қарайласып, ақша жіберіп тұрады.

Бірақ Рустам "Тәжікстанда тұратын өзге зағип жандар мен көзі нашар көретін жандарға қарағанда, әйтеуір жұмысым бар ғой" деп, шүкіршілік етеді.

- Жұмысымнан екі сотық жер берген, әлгі жерге бақша салумен айналысамын. Қияр, қызанақ, көк шөп түрлерін, пияз өсіріп, баптаймын. Азын-аулақ өнім сол жақтан түседі. Бір жылдай жұмыс істемей қалып, екі көлік топырақ сатып алып, кірпіш құйдым. Өзге қышлақтарда тұратын ағайындарыма барып жалданып, жұмыс істедім, - дейді ол.

Рустам жұмыс істейтін кәсіпорын темір тор шығарады. Кәсіпорын цехтарында Рустамнан бөлек, зағип және көзі нашар көретін 20 шақты адам жұмыс істейді. Бұл - Тәжікстандағы зағиптар мен нашар көретіндерге арналған санаулы өндіріс орындарының бірі. Жұмыс ауыр әрі лас, цехтар көптен бері жөнделмеген, ал құрал-жабдықтардың ауыстырылмағанына 30 жылдан асқан. Бірақ жұмысшылар "осының өзіне де тәубе" деп қуанады.

Кәсіпорынның тағы бір жұмысшысы Фазлиддин "Жұмыс қиындықсыз болмайды ғой. Шынын айтқанда, жұмысқа көндігіп, үйреніп кеттік. Қазір құдайға шүкір, тәжірибе жинап, жұмысқа төселіп алдық. Алыстан келіп жұмыс істейтін жігіттер бар, олар үшін мұнда уақытша тұруына жағдай жасап қойды" дейді.

Жұмысшылар темір тор шығаратын кәсіпорын "қазір үкіметтің тапсырысы есебінен ғана жұмыс істеп тұр, оның өзі жетіспейді" деп қынжылады. Кәсіпкерлерді ынталандырып, өнімді сататын жаңа нарық көзін табу үшін цехты толықтай жаңарту қажет. Мемлекет қарайласпаса, зағиптар қоғамы мұны өз қаражаты есебінен істей алмайды.

Кәсіпорын директоры Каххор Зарипов "Егер кәсіпорынды жөндеп, толық қуатымен іске қосылса, жұмысшы да көп болар еді. Көзі нашар көретін және зағип адамдарымыз жұмыс істеуге құлшынып отыр. Мұнда жұмыс істейтіндер қанша тапсырыс түссе де орындауға дайын. Мемлекеттен қолдау болғаны жақсы, бірақ кәсіпкерлер де керек" дейді.

Зауыттың жанында көзі нашар көретін және зағиптарға арналған шағын оқу орталығы жұмыс істейді. Ол жерде мектеп пәндерін оқытып, Брайл шрифтімен жазып, оқуға үйретеді. Орталыққа жұрт Душанбе ғана емес, көрші қышлақ, кенттерден де келіп оқиды. Бұл - зағиптар мен нашар көретін жандардың білім алуына болатын санаулы орындардың бірі.

Математика және физика пәні мұғалімі Сафарали Садриддинов "Орталықта математика, физика, орыс тілі мен әдебиеті, тәжік тілі, биология, география пәндері оқытылады. Бізде бұл пәндерден сабақ беретін мұғалімдер түгел. Үшінші сыныпқа дейін Брайл шрифтімен жазып, оқуға үйрететін үш оқытушы бар" дейді.

Қазір Тәжікстанда зағип және көзі нашар көретін сегіз мыңға жуық адам тұрады. Зағиптар қоғамына қарасты 10 кәсіпорында олардың 300-іне, яғни 4 пайызына ғана жұмыс табылған. Тағы 300-ге жуығы өздігінен жұмысқа орналасқан. Қалғандары жұмыссыз отыр.

Тәжікстан зағиптарының ұлттық бірлестік төрағасының орынбасары Жинтомир Нармуратов " 1992 жылға дейін бізде үш мыңдай адам жұмыс істеген, ал ол кезде жанарынан айырылып мүгедек болып қалған төрт мыңдай адам есепте тұратын. Қазір қоғам мүшелерінің саны екі есеге көбейді, ал жұмыс азайды" дейді.

Жұмыс пен жанары сау адамдармен тең білім алу мүмкіндігінің жоқтығы көзі нашар көретін жандар мен зағиптардың өздеріне ғана емес, жақындарының қамқорлық жасауға мәжбүр отбасыларына да ауыр тиеді. Зағиптар қоғамы дерегінше, мұндай отбасылар әдеттегі тәжік отбасыларынан әлдеқайда кедей тұрады.

«Настоящее время» бағдарламасының тілшісі Анушервон Ариповтың мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG