Accessibility links

Cодырдың жүрегін баласының видеосы да жібіте алмады


«Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы қатарында соғысып жүр делінген Парвиз Саидрахмонов.

«Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы қатарында соғысып жүр делінген Парвиз Саидрахмонов.

«Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы қатарында соғысып жүрген Тәжікстан тумасы елінде қалған әрі әкесін сағынып жүрген кішкентай қызы түскен видеоны көргенімен, «жиһад жолынан» таймайтынын мәлімдеді.

Душанбеде тұратын төрт жасар Сумая әкесін отбасы альбомындағы фотосуреттерден ғана таниды. Екі жыл бұрын Ресейге жұмыс іздеп кеткен әкесі Парвиз Саидрахмонов болжам бойынша қазір Иракта соғысып жүр. Ол «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымына қосылып, есімін Әбу Довуд деп өзгерткен әрі әлеуметтік желілерде ұйымның үгіт-насихат роликтерін таратқан. Кей видеоларда «Әбу Довуд» – Парвиз Саидрахмонов қаһарланып сөйлеп, агрессиялық сипаттағы үндеулер жолдайды.

Әкесін сағынған Сумая бөтен ер адамдардың келбетінен әкесіне ұқсайтын белгілерді іздейтін. Бір күні теледидардан сырт келбеті әкесіне қатты ұқсайтын әнші Шахриёр Давлаттың клипін көріп қалған кішкентай қыз қуанып, әжесіне «әкемді үйге әкел» деп қиғылық салған.

Әнші Шахриёр Давлат (сол жақта) және Парвиз Саидрахмонов .

Әнші Шахриёр Давлат (сол жақта) және Парвиз Саидрахмонов .

Екі апта бұрын Шахриёр Давлат Сумаяның тәтесінің шақыруымен Саидрахмоновтар отбасына барған. Кішкентай қыз оны әкем деп ойлап қалған. Баламен біраз отырып сөйлескеннен кейін Шахриёр Давлат «Құдайақы, не жыларымды, не қоярымды білмей қалдым. Ол мені көп ойлайды екен, сондықтан оны өзіммен бірге алып кеткім келеді» дейді.

Әншімен кездескеннен кейін Сумая: «Шахриёр – менің әкем. Оны қатты жақсы көремін. Ол енді маған ән айтып береді. Әкем ешқайда кетпей, бізбен бірге тұрсын» дейді.

Сумая мен әжесі түскен видеороликті қыздың туған әкесі Парвиз Саидрахмонов та көрген. Отбасына алты айдан бері хабарласпаған Саидрахмонов видеосюжетті «арандату» деп атап, видео үндеу жариялаған. Маусымның 24-і күні «Әбу Довуд» Азаттықтың Тәжік қызметі сайтында видеокомментарий қалдырып, кейін оны YouTube желісінде жариялаған.

Парвиз Саидрахмонов: «Егер менің жоғалып кеткенім жайлы хабар таратып, шешем мен балам түскен видеоны жариялау арқылы мені жиһад жолынан тайдырамыз деп ойласаңдар, қатты қателесесіңдер. Бізді тіпті «кескілеп тастасаңдар» да ақырына дейін барамыз» деп мәлімдейді.

Тәжікстан билігі дерегінше, елдің 1 мыңнан астам азаматы Сирия мен Иракқа кетіп, экстремистік топтарға қосылған.

Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласы.

XS
SM
MD
LG