Accessibility links

"Парламент құзыретін де тартып алмақ". Өзбекстандағы референдумның негізгі мақсаты Мирзияев билігін ұзарту ма?


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.

Өзбекстанда конституцияға түзету енгізу жөнінде референдум өтіп жатыр. Дауыс беруге шығарылған ұсыныстар арасында мемлекет басшысы Шавкат Мирзияевтың осыған дейінгі президенттік мерзімін есептен шығарып, оған 2040 жылға дейін билікте қалуға мүмкіндік беретін норма да бар.

Ташкент бұл өзгерістерді "елді демократияландыруға арналған қадам" деп бағалайды. Лондондағы Central Asia Due Diligence талдау орталығының директоры Әлішер Ильхамов Азаттыққа сұхбатында Өзбекстан билігі Қазақстандағы билік транзиті мен Қаңтар қырғынынан қандай сабақ алғанын айтты.

БИЛІКТІҢ БАСТАМАСЫ

Азаттық: Өзбекстанда конституцияға өзгеріс енгізу жөнінде референдум өтіп жатыр. Референдумның негізгі мақсаты Шавкат Мирзияевтың билігін ұзарту деген болжам бар. Осы пікірге келісесіз бе?

Әлішер Ильхамов: Сөзсіз келісемін. Референдумның мәні – президенттің жаңа сайлауға қатысып, тағы екі мерзімге сайлануына квазиқұқықтық жағдай жасау. Басты мотив – осы, өйткені жаңа конституция қабылдауға негіз болатын басқа себеп көріп отырған жоқпын.

Өзбекстанда конституцияда кемшілік бар деген мәселе болған жоқ. Бар мәселе негізгі заңда жазылған баптардың, әсіресе адам құқықтары мен заң үстемдігі туралы нормалардың сақталмауында болып отыр. Елде қалыптасқан құқықтық тәжірибе бойынша, конституция тікелей орындалатын құжат болмады. Талқылауды қажет ететін мәселе жоқ. Салмақты өзгерістер болса, оларды конституцияға толықтыру ретінде енгізуге болар еді.

Central Asia Due Diligence талдау орталығының директоры Әлішер Ильхамов.
Central Asia Due Diligence талдау орталығының директоры Әлішер Ильхамов.

Ата заңды қайта қарау – сарапшылар мен азаматтық қоғамның емес, биліктің бастамасы. 2021 жылдың аяғында бұл ұсынысты президенттің өзі айтты. Кейін парламентте конституциялық комиссия құрылды. Былтыр маусымда сенаттың вице-спикері Садық Сафаев журналистермен сұхбаттасқан кезінде жаңа конституция президенттің осыған дейінгі екі президенттік мерзімін есептен шығаруға мүмкіндік береді деді. Бірнеше күн бұрын конституциялық комиссия да жаңа конституцияда президенттің осыған дейінгі мерзімдері есептелмейді деген қорытынды шығарды.

Азаттық: Өзбекстан депутаттары конституциялық өзгерістер демократияға көшуге мүмкіндік береді, адам құқықтары мен бостандықтары туралы нормалар үш есе артады дейді. Олардың сөзінше, енді бірінші орында адам, қоғам, содан кейін ғана мемлекет болады. Бұл туралы не ойлайсыз?

Әлішер Ильхамов: Шын мәнінде, конституцияға ұсынылып отырған өзгерістер билік бөлінісі жүйесін бұзады. Бұл неден байқалады? Парламент премьер-министр, министр, бас прокурор, мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысы сияқты мемлекеттік аппараттағы маңызды тұлғаларды тағайындау құқығынан айырылады. Қазіргі конституция бойынша, президент ұсынып, парламент бекітеді. Іс жүзінде парламент ештеңе шешпейді. Өйткені парламент биліктің айтқанынан шықпайды, онда оппозиция жоқ. Президенттің бұйрығын екі етпей орындайды. Бірақ президенттің ұсынысын парламент бекітуге тиіс деген норма қағаз жүзінде болса да бар.

Жаңа конституцияда "бекіту" сөзінің орнына "мақұлдау" деген түсінік қолданылады. Парламенттен символдық мәні ғана бар құзыретінің өзін тартып алды. Үкімет қалай құрылатыны белгісіз: президент ұсынады, парламент мақұлдайды. Сонда кім бекітеді? Шешімді президент қабылдайтыны белгілі. Онда парламенттің мақұлдауы маңызды емес.

Яғни президент парламенттің құзыретін толық тартып алып отыр.

Конституциялық өзгерістер қатарында адам құқықтары саласындағы прогрессив нормалар бар. Бірақ мұның бәрі – түзетулердің негізгі мәнін жасыратын сыртқы әдемі көрініс қана.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БИЛІК ТРАНЗИТІ МЕН ҚАҢТАР ҚЫРҒЫНЫНЫҢ САБАҒЫ

Азаттық: Конституцияға ұсынылған түзетулер қабылданса, президенттің құзыреті бес жылдан жеті жылға дейін ұзарады. Мирзияев 2040 жылға дейін билікте қалуы мүмкін. Ол сонша уақыт билігін сақтап қала ала ма?

Әлішер Ильхамов: Бұл саяси дағдарысқа байланысты. Қазақстанда Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін де билігін сақтап қалғанын білеміз. Бірақ 2022 жылы қаңтардың басында болған жаппай наразылық бұрынғы президентті бар құзыретінен айырды.

Жыл өткен сайын Өзбекстан халқының наразылығы арта береді. Қазірдің өзінде елдегі жемқорлық көбіне ұнамайды. Бір күні халықтың ашу-ызасы кемеріне жетіп төгілгенде, билік ауысады. Бұл бүкілхалықтық революция немесе ішкі не сыртқы күштер өзіне қолайлы кандидатты билікке әкелу үшін пайдаланатын наразылық болуы мүмкін. Өзбекстанда жабық әрі жемқор жүйе болғандықтан, экономикалық мүдделер бірігіп, басқа топтармен билікке таласып, үкіметке қарсы әрекет етеді. Бірақ шынымен солай бола ма, болса, қашан болады? Оны білмейміз.

Азаттық: Қазақстан туралы айтып қалдыңыз. Өзбекстандағы референдумды Қазақстандағы Назарбаев билігінің әрекетімен салыстыратындар бар. Кезінде Назарбаев та құзыретін бес жылдан жеті жылға дейін ұзартып, президенттік мерзімін есептеуді қайта бастап еді. Көрші мемлекеттер Қазақстанның бұрынғы басшысының оқиғасынан сабақ алмаған ба?

Әлішер Ильхамов: Өмір бойы билікте қалғысы келетіндердің басқа амалы жоқ. Олар билігін сенімді адамына не жақын туысына ғана қалдыра алады. Түркіменстанда билік әкеден балаға өткеніне куә болдық.

Қазақстанда Назарбаев тәуекелге барып, ресми түрде отставкаға кетті (2019 жылы наурызда билігін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды – ред.), бірақ құқық қорғау органдарын бақылауда ұстап, маңызды құзыреттерін сақтап қалды. Осылай жаңа президентті уысымда ұстаймын деп ойлады. Бірақ елді шын мәнінде кім басқарып отырғаны белгісіз болғаннан шығар, аяқ астынан бейберекет жағдай басталып кетті. Назарбаев билігінен және жемқорлықтан шаршаған халықтың төзімі таусылды.

Мирзияев пен басқа да авторитар басшылар Қазақстандағы Қаңтар оқиғасынан үлкен шок алды. Олар қазір билікті бақылауынан шығарып алмау үшін барын салып жатыр. Дауыс беру процесін қадағалау, оппозицияны саяси сахнадан шеттету, сайлауға қатыстырмау, парламент пен күш құрылымдарын бақылауда ұстау сияқты дәстүрлі механизмдер бірінші президент Ислам Каримовтің тұсында да бар еді. Бұл әдістер әлі күнге қолданылады. Бірақ Мирзияев бұл амалдардың көмегімен билігін сақтап қалатынына бұрынғыдай 100 пайыз сенбейді. Сондықтан парламенттің билігін тартып алды деп ойлаймын. Қазақстанда Назарбаевқа дәстүрлі механизмдер көмектеспегенін ескеріп, билікке бақылауды күшейту үшін тағы да қадамдар жасауы мүмкін.

Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримов. Ташкент, 2016 жыл
Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримов. Ташкент, 2016 жыл

Конституцияға өзгеріс енгізу бастамасын тартымды етіп көрсету үшін заң жобасына гендерлік теңдік сияқты прогрессив нормалар қосып қойған. Жақында ғана тұрмыстағы зорлыққа қарсы заң қабылданды. Авторитар режимге зияны жоқ өзгерістерге келгенде билік жеңілдік жасауға дайын. Ал сот тәуелсіздігін қамтамасыз ету мәселесі көтерілсе, режим мұны қолдамас еді. Өйткені елде тәуелсіз сот жүйесі болса, бір күні өздері де жауапқа тартылатынын біледі.

Азаттық: Өзбекстанның кей сарапшылары биліктің династиялық жолмен мұраға берілуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Мирзияевтың қызы Саида саясатта белсенді болып жүр. Бірақ кезінде көпшілік Гүлнара Каримова мен Дариға Назарбаеваны биліктің мұрагері көргенімен, кейін екеуі де әкесінің орнын баса алмады. Түркіменстанды әкелі-балалы Бердімұхамедовтер басқарып жатыр. Мирзияев отбасында да билік осылай ауыса ма?

Әлішер Ильхамов: Саида Мирзияеваны жоғары лауазымға дайындап жатыр. Мирзияев оның Өзбекстанды және әлемді аралап, жұрт алдында жүруіне мүмкіндік бергісі келеді. Бірақ президент билігін қызына қалдырады деп ойламаймын. Өзбекстан қоғамы патриархал, онда әйелге үстелді ұрып, қол астындағыларға айқайлап, авторитаризмнің қатаң моделіне құрылған билікті сақтап қалу қиын болады. Сондықтан Саида президент болмайды.

Өзбекстан президентінің қызы Саида Мирзияева
Өзбекстан президентінің қызы Саида Мирзияева

Күйеубалалардың мүмкіндігі бар. Бірақ олар – сенімді адамдар емес. Бүгін күйеубала болып жүрген адам ертең ажырасып кетуі мүмкін. Әзірге қоғам алдында жүрген күйеубала жоқ. Саидаға имидж қалыптастырып жатыр, ал күйеубалада әзірге ондай бедел жоқ. Олар негізінен отбасын байытып, экономикалық ықпалын арттыру үшін активтерді басқаруда маңызды рөл атқарады.

Мирзияевтың өмір бойы билікте қалу ниеті бірінші кезекте өзін тығырыққа тірейді. Бір күні денсаулығы нашарласа, айналасынан билігін сеніп тапсыратын адам таба алмай қалады. Каримов сияқты елді өле-өлгенше өзі басқарады.

ҚЫСЫМ КҮШЕЙЕ МЕ?

Азаттық: Референдум ертерек өтеді деп жоспарланып еді. Бірақ жазда Нөкісте болған оқиғадан кейін кейінге қалды. Қарақалпақстандағы наразылық толқыны басылды ма? Жазда болған қантөгіс ұмытыла бастады ма?

Әлішер Ильхамов: Бұл оқиға ұмытылады деп ойламаймын. Бірақ шиеленіс азайды, өйткені билік наразылықты аяусыз басып тастады. Бұл халықтың тарихи жадында мәңгі қалады. Әсіресе қарақалпақтар қаза тапқан азаматтарын ұмытпайды. Ресми дерек бойынша, 21 адам қайтыс болды. Мәйіт қабылдаған аурухананың есебінше, кемі 77 адам мерт болған. Бұл – өте үлкен қасірет. Биліктің айналасында жаңа шиеленіс туған сәтте Қарақалпақстандағы күштер Өзбекстаннан бөлініп шығу жолындағы күресін қайта бастайды.

Азаттық: Мирзияев бұл оқиғадан сабақ алды ма? Конституцияға ұсынылған өзгерістерден билік сабақ алғаны байқала ма?

Әлішер Ильхамов: Мирзияев Қарақалпақстанның мәртебесін өзгерту туралы түзетулерді бірден алып тастап, дұрыс жасады. Бұл ашу-ызаны сәл де болса басты. Бірақ халық бұл хабарды кеш естіді. Мәселені бір күнде шешіңдер деген тапсырма болған сияқты. Сондықтан наразылық басшыларына қатаң шара қолданылды. Олай жасамаса, наразылық басылғанша бір-екі апта кетер еді. Жағдайды конституциялық өзгерістер ғана емес, наразылық басшыларына қарсы қатаң шаралар да ушықтырды.

Мирзияев бұл оқиғадан сабақ алды ма, жоқ па, оны білмеймін. Өйткені мәселенің негізгі мәні – Қарақалпақстанның мәртебесін өзгертуде емес, президент мерзімін ұзартуда еді. Билік референдумды елдегі және Қарақалпақстандағы шу басылсын деп кейінге қалдырды. Кейін қайтадан негізгі мәселеге оралып, конституцияның жарнамасы үшін адам құқықтары туралы нормалар қосып жіберді. Бәрінің саяси астарын түсінетін адамды конституциялық түзетулермен алдау қиын.

Азаттық: Батыс басылымдарына пікір жариялаған сарапшылар реформаны кешіктіру режимнің өзіне зиян дейді. Бұған не дейсіз?

Әлішер Ильхамов: Кез келген авторитар режим басшылыққа алатын екі факторды білемін. Бір жағынан, саяси легитимдік, екінші жағынан, өмір бойы билік жүргізуге талпыныс. Мирзияев осы екі фактордың ортасын ұстануға тырысып келеді. Ол екеуінің бірін ғана таңдай алмайды. Мирзияевқа қоғам мен халықаралық қауымдастық алдында жақсы болып көріну де маңызды. Сөйте тұра, конституцияны өзгертіп, парламент билігін күшпен тартып алып жатыр. Бұл әрекетін адам құқықтарына қатысты түзетулермен жылы жауып қойғысы келеді.

Конституция қабылданғаннан кейін президент осы екі фактордың арасында тепе-теңдік сақтауға тырысады. Батыспен қарым-қатынасын нығайтып, инвестиция тартуға болады. Мирзияев автократиялық саясатын өз билігіне зияны жоқ реформалармен қатар жүргізе алады.

Мирзияев үш саяси дағдарыстан өтті. Біріншісі үйлерді сүріп тастаған оқиғаға байланысты. Хорезмде біраз үй сүріліп, халық наразылық білдірді. Облыстардың бірінде наразылар жергілікті тұрғынның үйін күштеп сүрмек болған әкімнің орынбасарын өртеп жібере жаздады. Билік үрейленіп, үйлерді құлатуды біраз уақытқа тоқтатып, бірқатар жеңілдік ұсынды.

Екінші дағдарыс – Қарақалпақстан, бұл мәселе де президенттің легитимдігіне кері әсер етті.

Үшіншіден, биыл қыста халық жылусыз қалды. Газға бай Өзбекстан өз халқын жылумен қамтамасыз ете алмайтыны белгілі болды. Бұл да билікті қиын жағдайда қалдырды.

Мұндай дағдарыстар алдағы уақытта да болады. Олар президенттің легитимдігіне кері әсер етеді. Президент қысымды күшейтеді. Яғни Ислам Каримов билігінің соңғы жылдарында байқалған тренд қайталанады. Ол халықаралық қауымдастықтан оқшау болды, легитимдігі де төмен еді. Өзбекстанда дәл осы сценарий қайталануы мүмкін. Қазірдің өзінде блогерлер мен журналистерге қарсы қуғын-сүргін күшейіп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG