Accessibility links

«Қара тізімдегі» әншілер эфирден қайта көрінбек


Тәжік әншісі Шабнами Сурайё.
Тәжік әншісі Шабнами Сурайё.

Тәжіктің эстрада жұлдыздары Шабнами Сурайё, Фарзонаи Хуршед, Манижа Давлат, Садриддини Нажмиддин сияқты бірқатар әншілер бірнеше жыл үзілістен соң мемлекеттік телеарна эфиріне алғаш шықпақ. Олар бұған қоса ресми үкіметтік шараларға да қатысады.

Жуықта Тәжікстан мәдениет министрлігі мен мемлекеттік телевизия және радиохабарлар комитеті шенеуніктері олармен кездесіп, теледидардан көрсету үшін клиптерін таныстыруға шақырған. Ол кездесуге қатысқан танымал тәжік музыканты Фарход Зикировтің сөзінше, шенеуніктер жұлдыздардан қарапайым киініп жүруді және репертуарларын қайта қарап шығуды талап еткен.

– Олар «эстрада жұлдыздары жүріс-тұрыс, мінез-құлқымен жастарға өнеге көрсетуі тиіс» деді. Шенеуніктер кей әншілерді «ана тілінде сөйлей алмайды» деп жазғырды. Кездесу соңында олар әншілерге жастар жылы құрметіне жаңа шыққан патриоттық әндер айтуға кеңес берді, – дейді Фарход Зикиров.

Тәжік музыканты Фарход Зикиров.
Тәжік музыканты Фарход Зикиров.

Тәжікстан телевизиясы қызметкерлерінің бірінің Азаттыққа хабарлауынша, бұған қоса эстрада жұлдыздарына мемлекеттік музыка ұжымдарында жұмыс істеуді ұсынған.

Шабнами Сурайё, Джонибеки Мурод, Манижа Давлат, Садриддини Нажмиддин, Фарзонаи Хуршед сияқты танымал әншілер мен музыканттарды кейінгі жылдары мемлекеттік телеарналарға шығармай қойған. Олардың телевизия саласы шенеуніктері түзген әлдебір «қара тізімге» енгізілгені айтылған. «Қара тізім» жайлы қауесет 2011 жылы Шабнами Сурайёнің Наурыз мерекесі құрметіне айтқан әнін мерекеден түсірілген телебағдарламаға енгізілмей қалған кезде тараған.

Бірақ мемлекеттік телеарна басшылары «ешқандай «қара тізім» жоқ, ал жұлдыздарды ток-шоулар мен телебағдарламаларға ерсі киімі және өте нашар әндері үшін шақырылмады» дейтін.

Шабнами Сурайё, Фарзонаи Хуршед, Манижа Давлат, Садриддини Нажмиддин бастаған бірқатар әншілер қатысатын алғашқы гала-концерт Жастар күні – 23 мамырда Душанбе қаласында өтуі тиіс. Концерт тікелей эфирде көрсетіледі деп хабарланған.

Тәжік әншісі Садриддин Наджмиддин (сол жақта) мен ауған әншісі Гизал Инояттың клипі былтыр Тәжікстанда танымал болған.
Тәжік әншісі Садриддин Наджмиддин (сол жақта) мен ауған әншісі Гизал Инояттың клипі былтыр Тәжікстанда танымал болған.

Тәжік эстрадасы жұлдыздарының танымалдығына оларды эфирден аластаудың зияны тиген жоқ. Жүздеген мың табынушылары олардың клиптерін интернетте көреді. Былтыр жазда Германияның Гамбург қаласында өткен Daf BAMA Music Awards 2016 музыкалық сыйлығын салтанатты түрде табыстау рәсімінде Тәжікстанннның төрт өкілі – Шабнами Сурайё, Джонибек Муродов, Валиджон Азизов және Мехрнигори Рустам ән айтқан. Шабнами мен Джонибек екеуі Daf BAMA Music Awards сыйлығын ертеректе алған, ал Валиджон мен Мехрнигор беделді музыкалық сыйлыққа бірінші рет номинант болды.

Әлгі кеште Шабнами Сурайё «Алтын мұра» (Golden Heritage) жүлдесін алған. Джонибек Муродов «Орталық Азияның ең үздік поп-әншісі», ал Валиджон Азизов мен Мехрнигори Рустам Тәжікстанда ең үздік әншілер деп танылған. Daf Entertainment компаниясы басшыларының мәлімдеуінше, интернеттегі танымалдығы үшін сыйлық алған жеңімпаздарды эстрада өнерін қадірлеушілер дауыс беру әдісі арқылы анықтаған.

2015 жылы Куала-Лумпурда (Малайзия) Шабнами Сурайёге парсы тілдес елдер ішіндегі ең үздік әйел әншісі деген атақ берілген.

XS
SM
MD
LG