Accessibility links

Украин оппозициясы күресті жалғастыра беруге шақырды


Украина оппозициясының жетекшілері Олег Тягнибок (сол жақта), Виталий Кличко (ортада) және Арсений Яценюк (оң жақта). Киев, 25 қаңтар 2014 жыл.
Украина оппозициясының жетекшілері Олег Тягнибок (сол жақта), Виталий Кличко (ортада) және Арсений Яценюк (оң жақта). Киев, 25 қаңтар 2014 жыл.
Украина оппозициясының жетекшілері өздеріне биліктен жоғары лауазымды қызмет ұсынған президент Виктор Януковичке елде кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы талабын қайталады.

Бұл туралы сенбі күні Киевте билікке наразы жұрттың алдында сөйлеген «УДАР» оппозициялық партиясының жетекшісі Виталий Кличко мәлімдеді. Ол кеше оппозиция өкілдерімен кездесуде Янукович шерушілер қойған талаптардың көпшілігімен, соның ішінде, тұтқындалған демонстранттарды босатуға және Конституцияға жақында енгізілген өзгертулердің күшін жоюға келіскенін айтты.

«Батькивщина» партиясының жетекшісі Арсений Яценюк оппозиция жауапкершілікті мойнына алуға әзір екендігін, бірақ «Украинаға қандай билік керектігін халықтың өзі таңдайтыны» туралы мәлімдеген.

Бұған дейін президент Янукович Яценюкке үкіметті басқаруды, ал Кличкоға – премьер-министрдің орынбасары болуды ұсынған еді.

25 қаңтар күні кешке баспасөз мәслихатында Яценюк президент Януковичтің ұсынысына қатысты қазір оппозициялық үш партия келіссөздер өткізіп жатқанын хабарлады. Оппозиция биліктен үкіметтің Еуропа одағымен еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қоюын және елдегі барлық саяси тұтқындарды, солардың арасында бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенконы бостандыққа шығаруды талап ететінін мәлімдеді.

Оппозиция жетекшілерінің баспасөз мәслихатынан соң шерушілер Тәуелсіздік алаңынан жүз метрдей жерде тұрған Украин үйі ғимаратын шабуылмен басып алды. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, шабуылдың алдында бұл ғимаратта шоғырланған милиция қызметкерлері алаңдағы наразы жұртты күшппен таратуға дайындалып жатыр деген қауесет тараған.

Сенбі күні Варшаваға сапармен келген Еуропа одағының президенті Херман Ван Ромпей «Украина билігінің шерушілерге күш қолдануын» айыптаған.

Өткен жексенбіден бері Киевте шерушілер мен милиция күші арасында қатты қақтығыстар болды, тәртіпсіздіктер барысында төрт адам қаза тапты.

Президент Януковичті қолдайтын негізгі тұлғалардың бірі әрі Украинадағы ең бай адам кәсіпкер Ринат Ахметов шерушілерге күш қолдану «өрескелдік» болғаны туралы мәлімдеген.

Сенбі күні елдің бірнеше аймағында билік мекемелерін наразы жұрт басып алды. Львовте жергілікті депутаттар балама әкімшілік құру туралы шешім қабылдады. Талдаушылардың пікірінше, бұл символикалық шара болғанымен, батыс аймақтағылар осылайша орталық билікке сенімсіздік білдіріп отыр.

Президент Янукович үкіметте ауыс-түйістер жасап, тұтқындалған барлық шерушілерді босатуға және шеруді шектеу үшін жақында заңға енгізілген өзгертулердің күшін жоюға уәде еткен. Даулы заң өзгертулері билікке жаппай қарсылықты бұрынғыдан да күшейтіп, көшедегі қақтығыстарға алып келген.

Украинада үкіметке қарсы жаппай наразылықтар былтыр қарашада президент Янукович Еуропа одағымен ассоциация туралы келісімге қол қоюдан бас тартқан соң басталған еді.
XS
SM
MD
LG