Accessibility links

Тәжаяқовтың сотында үзіліс жарияланды


Солдан оңға: Азамат Тәжаяқов, Диас Қадырбаев және Джохар Царнаев. (Диас Қадырбаевтың "ВКонтакте" желісіндегі парақшасынан алынған сурет).
Солдан оңға: Азамат Тәжаяқов, Диас Қадырбаев және Джохар Царнаев. (Диас Қадырбаевтың "ВКонтакте" желісіндегі парақшасынан алынған сурет).

Бостон марафоны кезіндегі терактілерді тексеруге кедергі келтірді деп айыпталған қазақстандық студент Азамат Тәжаяқовтың ісіне байланысты Бостон сотындағы жарыссөздің екінші күні алқа соттардың шешімі шықпай аяқталды деп хабарлайды Boston Globe және Boston.com басылымдары.

Судья Дуглас Вудлок сот тыңдауы 21 шілдеге дейін үзіліс алатынын мәлімдеді. Тәжаяқовқа қатысты кезекті сот отырысы осы жұмада өтуі тиіс еді. Судья бұл күні басқа шаруалардан қолы тимейтінін айтқан. Сот үзілісіне 12 алқа соттың бірінің денсаулық жағдайы да әсер еткен.

АҚШ-та Азамат Тәжаяқовпен бірге тағы бір қазақстандық Диас Қадырбаев та Бостон марафоны кезіндегі терактілерді тексеруге кедергі келтіріп, айғақтарды жойды деп айтыпталып отыр. Тергеу мәліметінше, ол екеуі жарылыстан соң бірнеше күннен кейін Бостондағы терактіні ұйымдастырды деп айыпталып жатқан Джохар Царнаевтың пиротехника салынған рюкзагы мен ноутбугінен құтылған.

20 жастағы Джохар мен оның 26 жастағы ағасы Тамерлан Царнаевтар қолдан жасалған екі жарылғышты Бостон марафоны аяқталар маңға құрып қойған. Жарылыстан кейін үш күннен соң олар қаладан қашпақ болып, полициямен атыста Тамерлан оққа ұшқан. Джохар қазір қамауда отыр. Прокурорлар оған өлім жазасын сұрамақ.

2013 жылы 15 сәуірде Бостон марафонының мәресінде үш адамның өмірін қиып, 260-тай адамды жарақаттаған жарылыстар болған еді.

XS
SM
MD
LG