Accessibility links

Гитлер жайлы жазған журналға сот жүріп жатыр


"Жұлдыздар отбасы - Аңыз адам" журналы бас редакторы Жарылқап Қалыбай. Алматы, 11 мамыр 2014 жыл.
"Жұлдыздар отбасы - Аңыз адам" журналы бас редакторы Жарылқап Қалыбай. Алматы, 11 мамыр 2014 жыл.
Бүгін Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында Гитлер туралы мақалалар жарияланған "Жұлдыздар отбасы - Аңыз адам" журналының үстінен бір топ адамның түсірген шағымы қаралды.

Сотқа қатысқан Азаттық тілшісінің хабарлауынша, өздерін "Ұлы Отан соғысы ардагеріміз" деп сипаттаған он адам "Жұлдыздар отбасы - Аңыз адам" журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбайдың үстінен сотқа шағым түсірген. Арызданушылар журнал Адольф Гитлерді "жақсы жағынан сипаттап, фашизмді насихаттады" деп санайды. Арыз иелері Жарылқап Қалыбайдың соғыс ардагерлері алдында жариялы түрде кешірім сұрауын және әр шағымданушының пайдасына одан 5 миллион теңгеден жиыны 50 миллион теңге төлеуін талап етіп отыр.

Даулы істі Алмалы аудандық соты судьясы Әсет Боранбаев қарады. Сотқа шағымданушылар жағынан өзін ардагерлер өкілімін деп таныстырған Нұртас Ахметов қатысты. Судья сотта Жарылқап Қалыбайдан өзінің кінәсіз екендігін дәлелдейтін айғақтарын көрсетуін сұраған. Бірақ Қалыбай ондай айғақтарды көрсетпейтінін айтып, әуелі өзінің кінәлі екенін дәлелдейтін айғақтарды шағымданушы тараптың көрсеткенін қалайтынын айтқан. Бұдан соң судья екі жаққа да өз пікірлерін дәлелдейтін айғақтарын көрсетуді міндеттеп, сот тарқады. Келесі сот отырысы маусымның 18-іне белгіленді.

"Жұлдыздар отбасы - Аңыз адам" журналының адвокаты Адайбек Бейімбетов бұл іске сот аяқталған соң ғана түсініктеме беретінін айтты.

Шағымданушылардың өкілі Нұртас Ахметов Азаттық тілшісіне «соғысқа қатысқан алматылық ардагерлердің атынан сотқа шағым беріп жатырмын» дегеннен өзге ештеңе айтпады. Ол сот отырысынан кейін өзін күтіп тұрған БАҚ өкілдеріне жолықпай кетті.

Қазақ тілінде шығатын, 25 мың данамен тарайтын "Жұлдыздар отбасы - Аңыз адам" журналы сәуір айындағы санында нацистер көсемі Адольф Гитлер туралы қарама-қайшы мақалалар жариялаған соң дауға қалған еді.
XS
SM
MD
LG