Accessibility links

Жаңаөзенде ұсталған Ресей журналистері босатылды


Жаңаөзенде алаңда тұрған жұмысшылар. 16 желтоқсан, 2011 жыл.
Жаңаөзенде алаңда тұрған жұмысшылар. 16 желтоқсан, 2011 жыл.
18 желтоқсан күні Жаңаөзенде ұсталған «Лента.ру» және ИД «Коммерсантъ» журналистері босатылды деп хабарлаған «Лента.ру» сайтының тілшісі Илья Азар.

Онымен бірге қалалық ішкі істер бөліміне «Коммерсанттың» тілшісі Владимир Соловьев пен фототілшісі Василий Шапошников те жеткізілген екен.
Илья Азардың сөзіне қарағанда, журналистер қазір Жаңаөзеннен шығарылған, олар Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласына кетіп бара жатыр.

Журналистердің хабарлауынша, қалаға кіре берісте оларды автомат асынған жасақтар тоқтатып, себебін түсіндірместен қалалық Ішкі істер бөліміне алып барған. Сол арада ұсталғандар екі сағаттан астам бақылауда болған. Журналистердің жеке заттарын, оның ішінде фото және видео аппараттарын тәркілеген.

«Лента. Ру» сайты тілшісінің Қазақстанға редакцияның арнайы тапсырмасымен барғанын жазады.

Қазақстанның батысындағы 16-17 желтоқсандағы оқиғалар барысында 12 адам опат болып, бірнеше ондаған кісі түрлі жарақаттармен ауруханаларға түсті.
XS
SM
MD
LG