Accessibility links

Air Algerie ұшағының сынықтары табылды


Air Algerie компаниясының Париждегі офисі. 24 шілде 2014 жыл.
Air Algerie компаниясының Париждегі офисі. 24 шілде 2014 жыл.

Алжирдегі Air Algerie компаниясының 24 шілдеде апатқа ұшыраған ұшағының сынықтары Мали аумағынан табылды деп хабарлады Мали республикалық телеарнасы.

Ақпаратты Франция билігі де растады. Ұшақтағы 110-нан астам жолаушының арасында Франция азаматтары да болған. Олардың кейбірі Буркина-Фасодан Алжирге келіп, келесі рейспен Францияға аттануы керек еді.

Қазір Франция апат орнын тексеруге арнайы жасақ жіберді. Апат орнында Мали, Нигер, Алжир, Буркина-Фасоның құтқарушылары жұмыс жасап жатыр. Бүгін апат аймағына Мали президенті Ибрагим Бубакар Кейта арнайы келмек.

Әзірге апаттың неден болғаны белгісіз. Апатқа байланысты Буркина-Фасода қаралы күн жарияланды.

"Макдоннелл Дуглас" жолаушылар ұшағы Буркина-Фасодан Алжирге ұшып бара жатқанда апатқа ұшыраған еді. Ұшақ Малидің солтүстігіне келгенде диспетчер басқа ұшақпен соғылып қалмас үшін оған бағытын өзгертуді ескерткен. Одан кейін экипаждан хабар болмай, "Макдоннелл Дуглас" радарға көрінбей кеткен.

XS
SM
MD
LG