Қазақстан

Биліктің бастамасы тіл мәртебесін арттыра ма?

04.09.2008

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қазақ тілін дамыту мақсатында кезекті қоғамдық қор құрылды.

Жаңадан құрылған қоғамдық қордың директоры, президент әкімшілігінің қызметкері Берік Әбдіғалиев осы оқиғаға орай Азаттық радиосына берген сұхбатында, мұндай бастаманың орта жолда қалып қоймауы үшін билік тарапынан барлық мүмкіншіліктердің қарастырылып жатқанын хабарлады: 
 
- Президент қор құру мәселесімен тікелей өзі айналысып жатқандықтан, бұл оның бақылуында болатыны анық. Бүгінгі күнге дейін мемлекеттен қаншама қаржы бөлінгеніне қарамастан тіл мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай отыр ғой?! Сондықтан, қор қазақ тілін дамытуға үлесін тигізер деген үміттеміз.
 
Оның сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бірінші Президенті қорынан жаңадан құрылған қорға 500 миллион теңге аударуға уәде еткен. Қазір қордың бағдарламасы әзірленіп, оның бағыттары екшеленуде.
 
- Қор қазақ тіліне қоғамдық қолдау көрсету мақсатында түрлі байқаулар өткізіп, зиялы қауымға қолдау жасау жолдарын қарастырып, тіл үйрету әдістемелік кітаптарын шығармақ.
 
Алайда, мұндай жұмыстардың қазақ тілінің мәртебесін арттыру үшін жеткіліксіз екенін айтады қордың қамқоршылар кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Амангелді Айталы:
 
- Ия, түрлі байқаулар өткізіп, кездесулер ұйымдастыруға болар. Ондай шараларға ешкім де қарсы да болмас. Бірақ, еліміздің алдында басқа да маңызды мәселе бар: ол – қазақ тілін мемлекеттің арнайы саясатына айналдыру. Сондықтан, мұндай қордың құрылғаны дұрыс. Тіпті бұл көптеген шаралардың ішіндегі маңыздысы да болар. Бірақ, оның да мәселені түпкілікті шешпейтіні белгілі.
 
Қоғам қайраткерінің пікірінше, егер мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылданса,  онда оның жұмысы қордың қызметінен де ауқымдырақ шықпақ. Мысалы, бұл заң БАҚ-дағы мемлекеттік тіл, мемлекеттік қызметкерлердің тілі, құқық қорғау орындарындағы, сот ісін жүргізудегі, білім берудегі мемлекеттік тіл мәселелерін қамтиды деп топшылайды Амангелді Айталы.  
 
Ал республикалық басылымдарда қазақ тілінің мәселелесін жиі көтеріп жүрген журналист Мырзан Кенжебай ел Президенті ең алдымен қазақ тіліне қатысты қазіргі заң нормаларының орындалуына көңіл бөлуі тиіс деп есептейді:
 
- Бірақ, оның орнына Президент қор құрамыз дейді. Одан қалса тіл фестивалін өткізіп, теледидардан екі-үш орысты қазақша сөйлетіп қояды. Неге одан да шетелдегідей француз, неміс тілін білмейтіндерді аула сыпырушының жұмысына да алмайтындай жағдай туғызбасқа?!
 
Мырзан Кенжебай қазақ тілін дамыту бойынша арнайы қоғамдық қордың құрылуын «бір жағы – елді алдау, екінші жағы – мазақ қылудың бір түрі» деп бағалайды.

Ол мұндай әдіс-тәсілдермен қазақ тілі дамымайды, «әрі кеткенде тіл он жыл ішінде жойылады» деп пайымдайды.

«Тіл жойылады дегеніміз – ұлт жойылады деген сөз», - дейді қазақ журналисті.

Алайда, қордың қамқоршылар кеңесінің мүшесі, жазушы Герольд Бельгер оның алғашқы отырысына қатыса алмаса да, қордың қажеттілігіне күмән келтірмейді. Жазушы бұл қордың аясында пайдалы әдебиеттер 
Қоғамдық қор құру: бұл - бір жағы елді алдау, екінші жағы -  мазақ қылу"
шығаруға болатындығына сенімді.
 
Айтқандай-ақ, бұл қор ата-жұртына оралған отандастарға жәрдем көрсетіп, шетелдердегі қазақ диаспорасын қажетті әдебиеттермен қамтамасыз ету ісін қолға алмақ. Бұл бастаманы «Түркістан» газетінің «Қоныс» қосымшасының редакторы Есенгүл Кәпқызы құптап отыр:
 
- Өйткені, қазір шетелдегі қазақтардың 90 пайызы - ақпараттық вакуумде. Олар қазақ тіліндегі басылымдарға, газет-журналдарға өте зәру. Екіншіден, Өзбекстанда, Қытайда, Монғолиядағы қазақ мектептеріне қазақ оқулықтары жетіспейді. Үшіншіден, Еуропадағы қазақтар қазақ тілін оқытатын мұғалімдерге мұқтаж екендіктерін талай айтқан.
 
Сондықтан, Есенгүл Кәпқызы Президент бастамасымен құрылған қор арқылы мемлекеттік тетіктер іске қосылса, шетелдегі қазақтарға жақсы көмек көздері ашылады деп үміттенеді.
 
Қазақ тілін дамытатын қоғамдық қор қамқоршылар кеңесіне Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Мәулен Әшімбаев, Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Әбіш Кекілбай және Герольд Бельгер сияқты жазушылар да кірген.
 
Президент Назарбаев қоғамдық қор құру бастамасын алғаш рет биылғы жылы мамыр айында көтерген еді. Сол кезде бұл қорда барлық ана тілі жанашырларының қаржысы жинақталатындығы айтылған.
 
 
Бұл форумда жариялануды қалайсыз ба?
Аты-жөні *
Мекені
E-mail
Пікір *
Пікіріңізді білдірместен бұрын Форум ережелерін оқып шығыңыз

Пікірлер 1-3 (жиыны 3)
Кімнен: Бауыржан Қайдан: Астана
17.09.2008 18:06

Ана тіліміздің дамуына, аясының кеңейінуіне кедергі келтіріп, тежеп отырған өзіміздің жоғарғыда отырған қазекеңдер. Жалқау-шенеуніктер... Алладан сол қандастарымның көкірегін аша көр деп тілеймін. Тәуелсіз ел болғанымызға бұйырса 17 жыл болады. 17 жастағы жастар түгел таза қазақша білу керек еді, ал қазір ше? Өз тілін білмейді! Тіпті соның (қазақ тілі) не керегі бар дегендей сөздер де айтып қалады... Аюға әріп үйрететін таяқ дегендй, ешкімнен қорықпай, мемлекеттік тілді біліңдер, үйреніңдер деп қатаң талап қою керек!


Кімнен: Даниял Қызырұлы Қайдан: Павлодар, Шарбақты
08.09.2008 19:31

"Су басынан тұнады". Сондықтан тіл мәселесі де басынан тұнады. Ең алдымен биліктің жоғары баспалдағында отырған азаматтар қазақ тілін қызмет барысында толық қолданса, сонда ғана істен оң нәтиже шығады. Менің ойымша мемлекеттік тілдің дамуына бірден-бір кедергі - мемлекеттік органдардағы аудармашылар. Сол үшін аудармашының жұмысын реттеу қажет. Олар қандай құжатты аударады, қайсысын аудармайды дегенді. Барлығын аудармашыға сілтеп, аудармашы еңбегі арқылы қазақ тілінің қолданылу жоспарын орындап, сол арқылы есеп беретін әдісті жалғастыра беретін болсақ таяу жылдарда тілдің айы оңынан туады деуге сену қиын. Сондай-ақ қордың алғашқы отырысына қатысқан ҚР Мәдениет және ақпарат министрі қатысқан Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Егер конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жазылса, сол мемлекеттік тілді білуге норматив қою неге конституцияға қарсы болуы керек. Ресейде екі жыл уақыт беріледі Ресей азаматтығын алу үшін орыс тілін үйренуге. Германияға барғанда да солай, Израильге келсеңіз де сондай талап бар. Оның бәрі халықаралық құқықтың талабына сәйкес келеді екен де, біз сондай талап қойған кезде ол халықаралық құқықтың талабына, адамның конституциялық құқығына қарсы болады деген меніңще, қате пікір»- айтты. Бұл өте дұрыс пікір. Кеудесінде қазақ деген жаны бар азаматтардың пікірі. Бізге де осындай талап қоятын уақыт келді.


Кімнен: Арыс Қайдан: Қазақстан
05.09.2008 10:42

Егер Елбасы қазақ тілін қолға аламын дейтін болар болса,бастаманы өзінен бастасын.Егер ол кісі көп емес, екі апта бойы айналасындағылармен таза қазақ тілінде сөйлесер болса, шенеуніктің бәрі де, халқы да таза қазақ тіліне ауысар еді!!!!!

Пікірлер 1-3 (жиыны 3)
Мәтін көлемі