Аймақ хабарлары

«Нұрлы көштің» бұрынғы көштен айырмасы қандай?

05.11.2008
Баян СӘРСЕМБИНА

Алдағы үш жылда Ақтөбе облысына 3 мыңға жуық оралман отбасылары көшіп келмекші. Бұл туралы Үкіметтің «Нұрлы көш» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жұмыс тобының Ақтөбеге келген сапарында мәлім болды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Тамара Дүйсенова оралмандарды орналастыратын облыстардың мүмкіншіліктерін қарап, саралау үшін бес жұмыс тобы құрылғандығын мәлімдеді.


Облыс әкімінің орынбасары Жеткерген Оралмағамбетов «Нұрлы көшпен» ілесе келген шеттегі ағайындар Мұғалжар, Темір, Хромтау, Қарғалы, Мәртөк аудандарына қоныстандырылады дейді. Ол үшін алдын-ала тыңғылықты даярлық керек. Үй-жайын, ер-азаматтарға жұмыс орындарын ертерек қамдамаса болмас.

Сонымен «Нұрлы көштің» әдеттегі оралмандар көшінен қаншалықты айырмасы бар?

Министрліктің мәліметіне қарағанда, 1991 жылдан бастап, 1 миллионға жуық оралман атажұртына туын тігіпті. Ал, кейбір дерек көздеріне үңілсек, келген олардың 100 мыңнан астамы кері қайтып кеткен.

Шетелден қоныс аударғандар Қазақстанда әлеуметтік қиыншылықтарға кезігеді: көбіне тұрақты табыс көзі болмайды, күнкөріс төмен. Квотасыз келсе, әр адам 100 мың теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы алады. Егерде, бір үйде 5 ересек жан болса, олардың мемлекеттен алатын көмегі 500 мың теңгеден аспайды. Ал, мұндай сомаға қаладан бір бөлмелі пәтер де ала алмайсың. Сондықтан да көшіп келгендер қала сыртындағы саяжайларды сатып алып, бірнеше отбасы болып бірігіп тұрады. Осылайша, квотаға іліккен санаулы ғана оралманды мемлекет баспанамен қамтамасыз етуге міндетті болса, қалғандарына ондай бақыт бұйыра қоймады. Сондықтан да, бір реттік берілетін жәрдемақыға саяжай сатып алып, баспана тұрғызып жатқандар қатары әлі жалғасып келеді.


Осы кезге дейін Ақтөбе облысына 6 мың оралман отбасы көшіп келді. Көпшілігі алыс аудандарға емес, Ақтөбеге таяу орналасты 1995 жылы Қарақалпақстаннан оралған Дәмегүл Өтепова отандастарының мұндағы ахуалын жақсы біледі. Оның «Оралмандарды бейімдеу орталығын» ашам деген ұсынысы қаржы жоқтығынан жүзеге аспай тұр.

«Келген бауырларымыз тағдыр тәлкегіне тап болып жатыр. Әсіресе, Ираннан 90-шы жылдары оралмандардың алғашқы легі көшіп келгенде, кейбір жергілікті адамдар тарапынан қысым көрді. Қазір, Аллаға шүкір, ондай шеттету азайып келеді. Бірақ, қайыршылық күй кешіп жүрген оралман саны азаймай тұр. Әйтеуір, өз еліне оралғасын, бала-шағасын жеткізгесін, тәуба деп отырады. Оралманның баласын қаладағы таңдаулы мектеп, таңдаулы балабақша қабылдамайды. Тіпті, саяжайда тұратындардың балаларын қала мектептері жолатқысы жоқ. Орыс тілін білмейсің деп жұмысқа алмайды. Оның үстіне, Қарақалпақстан оқу орындарының дипломдарын бұл жақтағылар менсінбейді. Құжат әзірлеу де қиынның қиыны. Жер алу үшін қажетті құжаттарды даярлайсың. Әрі қарай үнсіздік. Басқа жақтан келген ағайынға ең алдымен жер, сосын шағын несие берілсе, шаруасын жүргізіп әкетуге көп көмегі болар еді», - дейді Дәмегүл Өтепова.

Көші-қон департаментінің басшысы Кенжеғали Толықбаев 2010 жылдан бастап, Ақтөбе облысына көшіп келетін әрбір оралманға 1 миллион теңге жәрдемақы бөлінетіндігін жеткізді. Мұнымен бір кезде, еліміздің оңтүстік өңірін таңдаған әр оралман 500 мың теңге алады. Осы кезге дейін, көшіп келушілер табиғаты жайлы оңтүстік өңірлерді таңдаған болса, ендігі кезекте олар солтүстік, орталық және шекараға жақын елдімекендерге қоныстандырылады. Орталық даму аймағына кіретін жәрдемақы коэффициенті де екі есе өсті.

«Бірақ, - дейді Кенжеғали Толықбаев, - оралмандар енді қайда тұратындарын өздері таңдамайды. Біздің ұсынған жерімізге баруы тиіс. Сол үшін де әрбір оралманның әлеуметтік құжатын әзірлеуді бастаймыз. Әр азаматтың жасы, білімі, еңбек тәжірибесі, мамандығы сарапқа салынады да, жұмысқа тұруына лайықты ауданға жіберіледі. Жастар арнайы техникалық училище мен кәсіби мектептерде оқытылады».

Осылайша, атағы зор «Нұрлы көш» арқылы мемлекет оралмандарға басқа көзбен қарайтындығын білдіріп жатыр. Астанадан хабар жеткенімен, облыстарға «Нұрлы көшке» даярлыққа бір жыл ғана мерзім берілді. Ақтөбеге келетін 3 мың отбасыны қабылдауға үш жылдық бюджеттен 1-1,2 миллиард теңге бөлінеді.

Ал, ақтөбелік оралман Дәмегүл Өтепова болса, мәселе ақшаны оңды-солды шашуда емес, жұмысты үйлестіре білуде дейді. Бүгінде елді- мекендердің мәселесі бастан асып жатыр: ауылдар құрып барады, іргелі шаруашылықтар қиратылды, жұмыссыздық өршіп тұр. Мұндай жағдайда оралманды ерекше орналастыру жоспары бәз-баяғы қалпына қайта түседі. Ауылдардың экономикалық негізі мықты болмайынша, әдемі сөйлеу жөнсіз. Қуатты шаруашылықтар қайта жанданып, ауылдың еңсесі көтерілмесе, «Нұрлы көш» те әдеттегі көп бағдарламаның бірі болып қалады дейді көпшілік пікірі.

 
 
Бұл форумда жариялануды қалайсыз ба?
Аты-жөні *
Мекені
E-mail
Пікір *
Пікіріңізді білдірместен бұрын Форум ережелерін оқып шығыңыз

Пікірлер 1-6 (жиыны 6)
Кімнен: самат Қайдан: ақтөбе
07.12.2008 08:47

битке өкпелеп тоныңды отқа жақпа қазаққа қарсылар тек жамандар ертеңді ойламайтын бар отан үшін қазақ үшін деп келгендерге рахмет қазақ мәселесі санымызға дасапамызға да байланысты келіндер санымыз көп болса осы сұрақтын бірәзә шешіледі сосфн өздерін тұрған жерді бейітті үйді барлығын суретке видеоға киноға жалпы тарих үшін із қалатын қылып естелік даыйндардар болашаққа керек жер дауы болса ол жер бір кезде кідікі екенін дәлелдеу үшін


Кімнен: Жасарал Қуанышәлин Қайдан: Алматы
23.11.2008 22:08

Мен Алматыға осы бүгін кешке Астанадан оралдым. Зәуреш Батталова басқаратын "Политон" пікірталас клубында оралмандар мәселесі бойынша өткен 4 күндік жиыннан. Сонда осы "Нұрлы көш"-тің ішіндегі бір үлкен шикілік қатты сынға алынды. Ол, атап айтқанда, кезінде Қазақстаннан кетіп қалған қазақ емес миллиондаған "отандастарды" ("соотечественники") кері қайтару жоспары. "Нұрлы көшке" сәйкес, ондайлардың кері қайтуына арнайы қаржы бөлінеді, оларға азаматтық беріледі, үй бөлінеді. Басқаша айтқанда, мына "Нұрлы көшке" сайсақ, сырттағы қазақтарды елге қайтару ісі, шамасы, толық жүзеге асып, келгендері түгел орналастырылып болып, енді еліміздің халқы 20 миллионға жеткенше (Назарбаевтың жоспарына орай) Қазақстанды, патша және кеңес кезіндегідей, әлгіндейлермен «толтыру» ғана қалса керек.
Отаршылдық кезінде қазаққа жасалған жан түршігерлік зұлматтар салдарынан қазақтың жартысынан астамы аштан қырылып, тірі қалғандарының жартысы жан сауғалап, жан-жаққа тарыдай шашылып кеткені белгілі. Олардың елге қайта алмай, жат жерде күні бүгінге дейін тентіреп жүргендері бар (қазақ диаспорасы), көрші мемлекеттер - Қытай, Ресей, Өзбекстан құрамына кіріп кетіп, Қазақстан шекарасын жағалай орналасқан ата-баба қоныстарымызда тұрып жатқандары бар (қазақ ирридентасы), шеттегі қазақстардың жиынтық саны қазір 4,5-5,0 миллионға жетіп жығылады.
Олай болса, "Нұрлы көш"-тің бұрынғы көштен басты айырмашылығы - оның көздеп отырған жоғарыдағы саясатында. Дәлірек айтсақ, бұл - қандастарымызды елге қайтаруға саналы түрде кедергі келтіретін, сол қандастарымыздың есесінен және есебінен жасалатын, тағы да еліміздегі қазақтың үлес салмағын өсірмей, керісінше, мейілінше тежеуге, тіпті, төмендетуге бағышталған ашықтан-ашық қазаққа қарсы саясат! Керек десеңіз, сатқындық саясат!
Осы тұрғыдан алғанда бұл қазақ үшін "Нұрлы көш" емес, "Сорлы көш»-тің нағыз өзі болады! Сондықтан баршамыз қазірден бастап оның "Соотечественники" бөлігіне қарсы жатпай-тұрмай дабыл қағып, оған шешімді түрде қарсы тұруға міндеттіміз! Әйтпесе, тағы да ұтыламыз! Тағы да кім көрінгенге жем боламыз! Енді-енді есімізді жиып, етек-жеңімізді қымтай бастағанда, тағы да Қазақ мемлекеттілігіне, оның ұлттық қауіпсіздігіне, жер тұтастығына алапат қауіп төнеді!!!


Кімнен: Сәлем Менің Қазағым Қайдан: қытай
12.11.2008 18:02


Шетелде жүргенде сен қазақ деп қатты сөйлесе шамданатынбыз,ал мен қытай болам десең жоқ сен қазақсың дейді,енді міне қазақстанға шетелден барған қазақтар арманына жетті себебі мен қазақпын десең жоқ сен қытайсың дейды,арманымызға жеттік рәқымет!


Кімнен: Нұржігіт Қайдан: Астана
07.11.2008 18:45

Шеттегі қандастарымыздың елге оралу кезеңін "Нұрлы көш" деп атай бастаған ба? Менде бір ұсыныс бар. Түбі қазақстандағы барлық елдімекендердің атауы нұрдан басталатын болады. Мәселен Нұр-Астана, Нұр-Алматы, Нұр-Тараз, Нұр-Қарағанды. Былайша жаман емес. Болашақта барлық атаулар нұрдан басталатын болса, бұл жұмысты қазірден бастап жүзеге асыру керек деп ойлаймын. Нұр-дәретхана, Нұр-дәріхана Нұр-тазик, Нұр-тузик деген секілді атаулар сорлы қазақ үшін артық болмайды. Ақыры басқа біреулердің немесе билік басындағы ат төбеліндей адамдардың басына шығып, ойына келгендерін істеп жатқанына көніп жатса, бұған да көнеді.


Кімнен: Қаракерей
06.11.2008 18:38

Демегүлдікі шындық.ҚР да елбасынан тартып жақсы сөз айту оңай .Ал оның атқарылуынан ұмытлуы тіпті оңай ...Бердібектен үміт бар .қане көрейік .


Кімнен: Гүлнар
06.11.2008 09:44

Жақсы бастама екен. Алайда, "Нұрлы көштен" бұрын келіп, сандалып жүргендерге қандай жақсылық бар екен? Өйткені, олар ерте келіп, әлі де өз орнын таппай сандалып жүр емес пе?! Мұнда келіп жергілікті халықтың "орламан", "өзбек", "қытай", ауған", т.б. деп бөлектеуі аздай, енді "бұрын келген", "кейін келген оралмандар" болып қазақ сорлы тағы быт-шыты шығып, бөлінетін болды-ау. Мың өліп, мың тірілген, қайран, қазағым-ай!!! Шыда, шыда, шыдай түс! "Сабыр түбі сары алтын " деген. Түбінде Қазақстанды Қазақстан ететін осы оралмандар болады әлі. Отанын шын сүйеитін, Отаны үшін жан беретін де осы намысы мықты оралмандар екені шындық екені де рас...

Пікірлер 1-6 (жиыны 6)
Мәтін көлемі