Accessibility links

Алматы перзентханасында жаңа туған нәресте жоғалды


Перзентханадағы нәрестелер. Көрнекі сурет.
Перзентханадағы нәрестелер. Көрнекі сурет.

Алматыдағы № 1 перзентханада дүниеге келген сәби үш күннен соң жоғалып кетті. Нәрестенің анасы бұған перзентхана қызметкерлерін кінәласа, олар ешқандай жауап бермей отыр. Осы перзентханада бұған дейін де бала ұрлау оқиғасы тіркелген.


33 жастағы Светлана Шашкова қарашаның 17-cі күні айы-күні жетіп ұл босанды. Салмағы 4200 грамм, бойы 56 сантиметр болып дүниеге келген ұлына Ратмир деген есім беріп үлгерді. Бірақ үш күннен кейін, қарашаның 20-сы күні перзентханадан үйіне шығуы тиіс ана сәбиін таба алмай зар еңіреп қалды.

– Сенбі күні таңертең Светлана баласын тамақтандырып, жанындағы төсегіне жатқызған. Өзінің де көзі ілініп кеткен. Сағат 9-дың кезінде оянса – ұлы орнында жоқ. Баланың қайда екендігі жайлы не дәрігерлер, не санитарлар да білмейтін болып шықты, – дейді Светлананың құрбысы Анна Шахворостова.

Оның сөзінше, қазір Светлананың денсаулығы, әсіресе психикалық тұрғыда өте нашар.

– Оның үстіне қазір перзентхана қызметкерлері оны шығармай, туыстары немесе журналистермен кездестірмей отыр. Менің білуімше, Света психологтың көмегіне жүгінген, – дейді ұлынан айырылған ананың құрбысы.


ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Алматы қаласының полициясы бұл іске қатысты Қылмыстық кодекстің 125-бабы (адам ұрлау фактісі) бойынша іс қозғады.

– Бірнеше болжам бар тергеуде. Бірақ оларды айту әлі ерте, себебі нәрестенің өміріне қауіп төнуі мүмкін, – деді Азаттық тілшісіне Алматы полициясының мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бастығы Салтанат Әзірбек.

Оның сөзінше, сәби жоғалған сәтте перзентханада 25 қызметкер жұмыс істеген. Олардың барлығынан қазіргі таңда сұрау алынып жатыр. Ал Светлана Шашкованы перзентханадан неге шығармай отырғандығы жайлы Азаттық тілшісінің сұрағына:

– Ол медициналық мекеме болғандықтан денсаулығына байланысты болуы мүмкін. Біздің оған еш қатысымыз жоқ, – деп жауап берді Салтанат Әзірбек.

Алматының №1 перзентхана басшылығынан бұл оқиғаға байланысты қандай да бір түсініктеме алу мүмкін болмады. Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен мекеме хатшысы «бұл іске қатысты ешқандай түсініктеме бермейтіндігін», ал «бас дәрігердің қазір қолы бос емес» екендігін жеткізді.


«БАР КІНӘ ПЕРЗЕНТХАНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНДЕ»

Светлана Шашкованың құрбысы Анна Шахворостованың сөзінше, ұлын жоғалтып алған ата-ана қарапайым, ешқандай «дөкейлер» емес.

– Дәл қазір не ойлайтынымызды да білмейміз. Баланы ақша талап ету үшін алды десек қисынға келмейді. 33 жастағы Светлана – кондитер фабрикасында хатшы, ал 37 жастағы күйеуі – мемлекеттік мекемеде жүргізуші болып қызмет істейді, – дейді Анна Шахворостова.

Ол баланың жоғалуына медициналық мекеме қызметкерлерін кінәлі санайды.

– Ана мен бала үшінші қабаттағы 8-палатада жатқан. Оны терезеден біреу келіп алып кетеді деуге келмейді. Палата дәліздің қақ ортасында орналасқан. Оны бөтен біреу ешкімге білдіртпей, таңертең алып кете алмайды. Сондықтан бұл бассыздыққа тек перзентхана қызметкерлері ғана айыпты, – дейді Анна Шахворостова.

Жоғалған баланың туған-туыстары ақпарат құралдары арқылы көпшіліктен көмек сұрап отыр.

– Түсінесіз бе, Ратмир әр 2-3 сағат сайын анасын емуі тиіс. Оның жағдайы қазір қандай екендігі белгісіз. Соныдқтан әр сәтіміз қымбат. Егер кім де кім қандай да бір ақпарат айта алса, міндетті түрде хабарлассыншы, – дейді Анна Шахворостова.

Айта кету керек, осыдан үш жыл бұрын дәл осы перзентханада медбике өмірге келгеніне екі-ақ күн болған қыз баланы ұрлап кеткен еді. Ол жолы сәби көп кешікпей Алматының шетіндегі үйлердің бірінен табылып, аман-есен 19 жастағы анасына қайтарылған болатын.

Ал оны ұрлаған №1 перзентхана медбикесы осылайша бала туа алмайтын туысына «жақсылық» жасамақ болған. Полиция перзентхана басшылығын емес, тек медбикеге қатысты қылмыстық іс қозғап, жауапқа тартқан еді.

Сондай-ақ, былтыр Атырау облыстық перзентханасының бұрынғы бас дәрігері «бала сатумен айналысты» деген айып бойынша 7 жылға сотталғаны туралы Азаттық радиосының хабарлағаны белгілі.
XS
SM
MD
LG