Тыңдау

Қазір әуеде

Кешкі бағдарлама

Келесі бағдарлама




Мультимедиа


 

Әлеумет

«Красный трудовик» тұрғындары қыс көзі қырауда баспанасыз қалғылары келмейді

''Красный трудовик'' ауданының тұрғындары өз құқықтарын қорғауға жиналды. Алматы, 5 желтоқсан 2008 ж.

05.12.2008
Нәйла СҰЛТАН

Алматыда «Красный трудовик» ықшамауданының тұрғындары үйлері бұзылуға тиісті деп шығарылған сот шешімдеріне қарсы. Баспаналары мен жер телімдерін заңдастыруды талап еткен олар өз наразылықтарын білдірді.

Желтоқсанның 5-і күні «Красный трудовик» ықшамауданының тұрғындары өз үйлері мен жер телімдерінің заңдастырылуын талап еткен жиын  өткізді.

 

 

 - 2007 жылдың шілде айында мен 6 мың АҚШ долларына 6 сотық жер телімін сатып алдым. Біраз ақша шығарып, үй тұрғыздым. Арада аз ғана уақыт өте салысымен мүлікті заңдастыруға құжаттарымызды ұсынып көріп едік, өтпей қалды. Үкімет бір жағдайды жасар деп сеніп отырғанымызда, Алатау ауданының әкімі келіп, біздің көзімізше 6 үйді сүріп тастады. Қаншама шығын десеңізші. Көптеген адамдарды зарлатты, - деді Жұмағали Жесекбаев. Жұмағали секілді баспаналарынан айырылып қалу қаупі төніп тұрғандар арасында көп балалы ана Өсер Алдашева да бар. Қарт ана өз үйін әне-міне бұзылып кетеді деген үреймен, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалғанын айтты:

 

- 12 бала тәрбиелеген анамын. Ауылда жағдай болмаған соң қартайған шағымда ұлымның қолына келген едім. Бала-шағасына қарап отырмын. 4 немерем бар, келінім жұмыссыз. Жағдайымыз мәз емес. Отбасымызды күні-түні неше түрлі адамдар келіп мазалайды.

 

«Красный трудовик» ықшамауданы тұрғындарымен жолығып, жағдайды көріп қайтуға келгендердің арасында «Алға» азаттық-қоғамдық бірлестігінің өкілдері де болды. Аталмыш бірлестіктің заңгері Зейінбек Бұлжанов тұрғындардың басындағы жағдайды төмендегідей баяндады:

 

- Бұл жердегі тұрғындарды кезінде бір алаяқ алдап, өтірік құжатпен жер сатып кеткен. Мұнымен құқық қорғау органдары айналысуы тиіс еді. Алайда тұрғындар өздерінің алданып қалғандықтарын қорықпай айтып, арыздануы керек. Тұрғындардың үйін заңдастыруға болады. Себебі мүлікті заңдастыру туралы қаулы шықты ғой. Негізінде мемлекеттің қадағалауындағы жерге заңсыз үй салынып, үкімет бұл баспаналарды бұзуға жіберсе, онда мемлекет оны алданды деп мойындауы керек. Сондықтан үкіметтегілер оларға өтемақы төлеп, осы нарық жағдайын ескере отырып, үй салып беруге міндетті.

 

Алатау ауданына қарасты «Красный трудовик» ықшамауданында заңсыз деп танылған 400-ден астам үй бар. Ауданда бүгінгі күні шамамен 300-ге жуық отбасы тұрады.

 

Тұрғындар қыс көзі қырауда биліктегілер өздерін далаға тастамас деген үміттерін жеткізді. Алайда кейбір адамдарға «жерді заңсыз иеленіп, құрылыс салғансыңдар» деп, олардың баспаналарын бұзу туралы шығарылған сот шешімін тұрғындар әділетсіз деп бағалайды. Заңсыз үй, жер дауынан әбден шаршап, титығы жеткен тұрғындар, өздерінің мұң-мұқтажын билік басындағылар ескеріп, паналап отырған жер телімдерін заңдастырып берсе деген тілек айтады:

 

- Үкіметтегілер осы мәселені шешеді деген үміттеміз. Осыншама халықты қаңғытып жібермейтін шығар. Шындығын айтқанда, мына халық тентіреп кетейін деп отыр. Баспаналары бұзылуға кетсе, онда қаңғыбастардың саны көбейеді. Осы уақытқа дейін әкімнен артық ешбір адамға кірген емеспіз. Бізді еш жерге кіргізбейді де, -деді тұрғын Қанат Салықжан.

 

Естеріңізге сала кететін болсақ, осы жылдың 20-шы қарашасында Шаңырақ, Өжет, Әйгерім, Ақбұлақ, Красный Трудовик және басқа да елдімекендердің тұрғындары Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоровқа жолыққан болатын. Алайда әкімнің жауабына қанағаттанбаған олар Н. Назарбаевтың атына ашық хат жазуды ұйғарған еді.

 

 

Біз осы мәселеге қатысты Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоровқа хабарласқанымызда, онымен тілдесу мүмкін болмады.

 

Жалпы көлемі 7500 гектардан асатын Алатау ауданының құрамына енетін 18 елдімекенде 170 мыңға жуық халық тұрып жатыр. Аудан территориясында заңсыз салынған деп танылған құрылыс нысандарының саны 5 мыңға жуық. Даулы жер телімдерінде отырғандардың дені әлеуметтік жағдайы төмен аймақтардан күнкөріс қамымен Алматыға қоныс аударған отбасылар.

Красный трудовик тұрғындары жазған плкаттар мен ұрандар, 5 желтоқсан, 2008

Красный трудовиктің тұрғыны Жұмағұл Жесекбаев. Алматы, 5 желтоқсан, 2008
Бұл форум жабық
Пікірлерді іріктеу
     
Пікірлер
Кімнен: Жасарал Қуанышәлин Қайдан: Алматы
07.12.2008 18:48
Материалда мен басқаратын ұйымға қатысты қателер кеткен. Біріншіден, оның дұрыс атауы, репортажда көрсетілгендей, "Алға" азаттық-қоғамдық бірлестігі емес, "Алға, Азаттық!" қоғамдық бірлестігі. Екіншіден, оның заңгерінің есімі Зейінбек емес, Жиенбек.
Сол күні Батырхан Дәрімбет марқұмның туған күніне орай өткен шараларға қатысуыма байланысты менің өзім аталмыш жиынға қатыса алмағандықтан, оған "Алға, Азаттық!"-тың ұйымдастыру жұмыстары бойынша маманы Келешек Балмұханбет пен заңгері Жиенбек Бұлжанов (жоғарғы суретте солдан оңға қарай 1-ші және 2-ші тұрғандар) барған еді. Олар жиналыс тақырыбына орай өз ой-пікірлерін айтумен қатар, желтоқсанның 28-і күні менің президентке жолдаған ашық хатымды көпшілікке оқып берген болатын.
Алатау ауданындағы қазіргі жалпы хал-ахуал былайғы жұртшылыққа да мәлім болуы үшін осы жерде сол хаттың толық мәтінін жария етсек, артық болмас деп ойлаймын.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Алматы қаласында жаңадан құрылған Алатау ауданының елді мекендері, атап айтқанда, Шаңырақ, Әйгерім, Ақбұлақ, Трудовик, Ұлжан, Құрылысшы, Қарасу және т.б. «проблемалы» ықшамаудандар тұрғындарынан «Алға, Азаттық!» қоғамдық бірлестігіне көптеп арыздар түсіп жатыр. Ол арыздарда жұртшылық өздерінің сол қоныстарда алғашқылары 2001 жылдан, соңғылары 2006 жылдан бастап өз күштерімен үй салып алып тұрып жатқандықтарын баяндай келе, мемлекет осы уақытқа дейін олардың қолындағы жергілікті акимат тарапынан берілген (сатылған) жерлеріне тиісті құжаттарды рәсімдеп бермеуі салдарынан ешбір сайлауға қатыса алмай, қарапайым конституциялық құқықтарын пайдалану мүмкіндігінен айырылғандықтарын былай қойғанда, неше жылдан бері су, электр жарығынсыз өте ауыр жағдайда өмір кешіп жатқандықтарын қынжыла айтады. Бармаған мекеме, қақпаған есіктері қалмағандықтан, өздеріне менің көмектесуімді сұрайды.
Алатау ауданының тұрғындарымен кездесулер барысында көзім жеткен ащы шындық – олардың негізі көп балалы жанұялар екендігі және әлеуметтік тұрғыда өте ауыр, адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатқандығы. Алайда, «Алматы қаласы, Алатау ауданы аумағындағы заңдастырылмаған жер телімдері мен құрылыстарға инвентаризация жүргізу және заңдастыру мүмкіндіктерін қарастыру мақсатында» 2008 жылдың 23-қазанында құрылған Бірлескен жұмысшы тобы өз жұмысын аяқтамай жатып, тұрғындардың үйлерін «заңсыз салынған» деген желеумен ысыру жөнінде сот тарапынан таратылып жатқан хабарламаларды өз көзіммен көрдім. Әсіресе қазір, тура қыс түсер алдында, орын алып отырған мұндай жағдай Алатау ауданының тұрғындарын қатты назаландырып, алаңдату үстінде.
Республика Конституциясының 25-бабының 2-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттің міндеті екендігін басшылыққа ала отырып, сізден Алатау ауданы тұрғындарының шиеленісіп тұрған саяси-әлеуметтік мәселелерін ұзаққа созбай, түбегейлі және әділетті шешу мақсатында арнайы мемлекеттік комиссия құрып, тұрғындар мен мемлекеттік билік арасында әлеуметтік қарама-қайшылық туу, соның ішінде атышулы Бақай, Шаңырақ қасіреттерінің қайталану қаупінің алдын алу үшін шұғыл түрде осы іске Өзіңіздің тікелей араласуыңызды сұраймын.
Ауылдар «өліп», шаруашылықтары тоқырап, жұмыс орындары жабылып қалғандықтан, бір тілім нан тауып, бала-шағаларын асырау үшін Алматы қаласының маңына келіп қоныстанған, мемлекет назарынан тыс қалып, өз баспаналарын өз шама-шарқыларына қарай салып алып, күндерін көріп жатқан халықты бұлай қорлаудың ақыры орны толмас өкінішке айналып жүрмесе екен деген ниетпен жазылған осы хатыммен бірге тұрғындар хаттарының көшірмелерін де қоса жолдап отырмын.
Құрметпен,
«Алға, Азаттық!»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ж. Қуанышәлин
     
Мәтін көлемі - +