Келесі бағдарлама





Мультимедиа


 

Аймақ хабарлары

Теледидарды ашып қалсаң - Кулагин тұрады, радионың құлағын бұрап қалсаң тағы сол әкім

«Алтын дала» кітабында жарияланған президент Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақтан екінші) пен Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагиннің (оң жақта) суреті.

24.08.2009

Қостанайда облыс әкімі Сергей Кулагиннің жарнама мен теледидар бетінен түспейтіні жұртшылық тарапынан сынға ұшырап отыр. Облыс әкімдігінің мамандары болса мұның бәрі қалыпты жағдай дейді.

ФОТОАЛЬБОМНЫҢ ІШІ ТОЛҒАН ӘКІМНІҢ СУРЕТІ

Биылғы жылы Қостанай қаласының салынғанына 130 жыл толады. Осыған орай қала мерейтойына арналған арнаулы түрлі түсті фотоальбом жарық көрді. Альбомдағы мәтіндер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған. Жоба авторы қалалық «Қостанай» газетінің бас редакторы Владимир Баранов. 128 беттен құралған фотоальбом қала кәсіпорындарына, мейрамханалары мен көрікті жерлеріне жасалған жарнамаға ұқсағанымен, фотоальбомда облыс әкімінің суреті көптеп кездеседі.

«Қостанайполиграфия» баспаханасынан 2009 жылы шыққан «Қостанай» фотоальбомының мұқабасы.
Азаттық радиосына телефон шалған облыс тұрғыны Есімхан Батталов аталған басылым қаланың 130 жылдығына арналғанымен, осы қалада тұрып, еңбек еткен, кезінде облыстық «Ауыл», кейін «Большевиктік жол» (қазіргі «Қостанай таңы») деп аталған газетінде жұмыс жасаған Бейімбет Майлиннен бастап Сырбай Мәуленов, Ғаббас Жұмабаев, Кеңшілік Мырзабеков секілді қазақтың көрнекті ақын-жазушыларына бір жол да бұйырмағанына қатты қынжылып тұрғанын айтты.

Оның пікіріне қарағанда, фотоальбомда қала тарихына пәлендей қатысы жоқ суреттер, мәселен, «Қостанайполиграфия» секілді кәсіпорынның өмірінен бір емес, бірнеше сурет берілгенше, «Қостанай таңы» газетінің ғимараты көрсетіліп, оның мәтінінде ел тарихы қысқаша болса да қамтылуы керек еді.

Фотоальбомда ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин мен Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың ескерткіштерінің суреттері беріліпті. Олар да елеусіздеу, шағын көлемде орналасқан. Ал облыс орталығындағы Наполеон ескерткіші тұтас бір бетті алып жатыр. Оның есесіне облыс әкімі Сергей Кулагиннің ірілі-ұсақты он екі суреті жарияланған.

Аталмыш альбомның «Мәдениет және өнер» деп аталатын бөлімінде қостанайлық төрт өнер иесінің - суретші, әнші, музыкант және мүсіншінің портреттері мен шағын өмірбаяндары берілген.Қостанайлық өнерпаздар олармен ғана шектелмейтіні белгілі. Атақты айтыскер, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова және осы қалада тұрып, еңбек етіп жатқан қазақтың белгілі ақын-жазушылары, сазгерлері туралы мәліметтер мүлде жоқ.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ СУРЕТІ АЗ ЕМЕС, КУЛАГИНДІКІ ОДАН КӨП

Бұған дейін «Казинпресс» баспасынан жарық көрген Қостанай облысының 70 жылдығына арналған «Алтын дала» деп аталатын фотокітапта (көлемі 352 бет) ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың суреті жеті рет берілсе, облыс әкімі де одан кем қалмапты. «Қостанай» фотоальбомында президенттің суреті үш рет шықса, облыс әкімі президенттің өзінен төрт есе асып кетіп отыр.

Облыс орталығындағылар осындай үлгі-өнеге көрсеткенен кейін олардан аудандар мен қалалар да қалысар емес. Мәселен, жергілікті баспаханаларда басылған әрбір аудан орталықтарында шыққан аудан тарихына арналған кітаптар мен альбомдар, буклеттер міндетті түрде облыс әкімі Сергей Кулагиннің құттықтауымен ашылып, оның суретін де қоса беру дәстүрге айналды.

ӘКІМ - ЖЕРГІЛІКТІ БАСЫЛЫМДАРДЫҢ "ЖҰЛДЫЗЫ"

Облыс әкімі кейінгі уақытта теледидар бетінен түспейді. «Сергей Витальевичтің шыдамдылығына қатты қайран қаламын. Ол бір күннің ішінде облыстың үш-төрт ауданын аралап шығады» - дейді оның жанына еріп жүрген журналистердің бірі.

«Қостанай» фотоальбомындағы облыс әкімі Сергей Кулагиннің суреттерінің бірі.
Облыс әкімдігінің мамандары болса мұның бәрін қалыпты жағдай деп есептейді. Олардың айтуына қарағанда, облыс әкімінің күнделікті жұмысы, қызмет бабындағы сапары жергілікті БАҚ-да міндетті түрде көрініс табуы керек. «Оны қалай беру, суретін бірінші бетке бере ме, басқа бетке бере ме, мүлде бермей ме, ол әр басылымның өзінің шаруасы» - дейді олар.

Осы қағида бұлжымай тұр. Ақын Жарасқан Әбдірашевтің сөзімен айтар болсақ, қазіргі уақытта «теледидарды ашып қалсаң да, радионы басып қалсаң да, газеттерді қарап қалсаң да, альбомдарды парақтасаң да» алдыңнан әкім шығады.

Облыстық «Костанайские новости» және «Қостанай таңы» газеттерінде әкімнің суреті аптасына кем дегенде бір рет жарияланады. Ол нағыз «жұлдызға» айналды. Облысты алты жылдан бері басқарып келе жатқан әкімнің рейтингі облысқа еңбек сіңірген кез келген қайраткерден жүз есе артық десе де болады.

«Өзін өзі жарнамалап жүрген әкімге ай дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ қой», - дейді Қазақстан Парламентінің экс-депутаты Ысқақ Есіркепов.
Бұл форум жабық
Пікірлерді іріктеу
     
Пікірлер
Кімнен: көкшелік Қайдан: көкшетау
24.08.2009 21:36
Өзін жарнамаласа, жарнамалай берсін. Дегенмен, осы Кулагиннің заманын біздер-Көкшетаулықтар сағынатынымыз да рас. Ақмола облысындағы қазақ драма театрының ғимараты, тақтайдай жолдар сол кісінің арқасы болатын.

Кімнен: Торгайлык Қайдан: Торгайдан
25.08.2009 08:36
Секендики козбояушылык,журт жумыс истеп жатыр деп ойласын деп озин ози жарнамалап жур,Торгайга Ел жок кошип кеткен жерлеге(Аккол,Милисай,Кумкешу)бурын Кенес кезинде басталып битпей канкасы турган гимараттарды сылап сипап,укиметтин берген акшаларын,Аркалыктагы Тургайалюминстрой аркылы жанадан салган кылып кылгытып жиберди,бул мектептерде окитын бала жок,отчетка баленбай бала бар деп отирик корсетип отыр ,телевизордан Президентке мен Таргайга комек жасап отырмын деп сукыйтып отыр,Торгайга еки ай сайын итке курке салса да сонын ашылуына жетип келеди де жылт етип коринип еки ущ кун бойы кыздар акелип ан,кус,балык аулап демалады,онын бул демалысына жергиликти акимдер жергиликти касипкерлерден жылу жинайды (Премердин блогына Амангелдилик касипкер Даулет жазды)

Кімнен: Айбек Қайдан: Арқалық
25.08.2009 18:49
Торғайдан жазған кісі дұрыс айтады. Милісайдағы мектепке баратын бала саны мүлде аз. Бұл мектепке сол ауылдың барлық тұрғыны мал-мұлкімен түгел сиып кетеді. Сонда ол мектеп кімдерге арналған. Ақша жеудің амалы емес пе? Сондай мектепті мұқтажтық бар басқа мекенге салдырса, Кулагин қайда қалды. Жүз меңтеп бағдарламасы деген өтірік, кісіні алдау.Кулагинды торғайлықтар сері Серікбай деп атайды.Оның серіліктен басқа жасап жатқан жақсылығы жоқ.Мектептің туалетіне барып, дәретхананы қалай салу керек, тағы басқа завхоз шешетін мәселелер туралы ақыл айтады. Сол да әкім болып па? Және соны ұялмай телевизиядан көрсетеді.

Кімнен: Адай Қайдан: Атырау
27.08.2009 18:07
Тақтайдай жол Астанадан құрметті қонақтар, басшылар келетін көшелерде ғана шығар.Ондай показуханы қазір кез келген әкім жасап жүр.Кулагинді сағынсаңыз, өтініш жазып, Көкшетауға қайта сұрамайсыздар ма?Мүикін, Президент айтқаныңызды қабыл етер.
     
Мәтін көлемі - +